ҚЫЗ ТӘРБИЕСI – ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕ

ҚЫЗ ТӘРБИЕСI – ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕ

ҚЫЗ ТӘРБИЕСI – ҚОҒАМДЫҚ МӘСЕЛЕ
ашық дереккөзі
387

Дамыған мемлекеттермен елiмiздiң терезесiн теңестiретiн үлкен фактор – бiлiм мен ғылым десек, осы сала қызметкерлерiнiң еңбегi аз болмаса керек. Сондықтан да қазақ қыздарының парасат ордасы – Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетi филология факультетiнiң деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу iсiндегi елеулi қызметi үшiн «Ыбырай Алтынсарин» медалiнiң иегерi, «Жоғары оқу орнының үздiк оқытушысы– 2010» мемлекеттiк грантының иегерi Айгүл САТБЕКОВА ханымды бiлiм, ұлттық тәрбие мәселесi жайлы әңгiмеге тартқан едiк.

– Айгүл Амантайқызы, жетпiс жылға таяу терең тарихы бар Қыздар педагогикалық университетiнiң тәлiм-тәрбие мәселесi, бағыт-бағдары қандай деңгейде?

– Иә, бiздiң университеттiң тарихы тереңде жатыр. Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жастарды бiлiм-ғылыммен сусындатып жүрген талай марғасқалар осы оқу орнының шәкiрттерi. Атам қазақ қыз баланың тәлiм-тәрбиесiне ерекше ден қойған. Сыйлаған, қастерлеген, еркелеткен. Перзентiнiң алды қыз болса жақсы ырымға балап, қуанған. «Қыз аз күнгi қонақ» деп бар дәмдiсiн соның аузына салып, бар жақсысын кигiзген. Алысты жақын етер, жатты жекжат етер, ел мен елдi таныстырып, табыс­ты­ратын дәнекер деп төрден орын берiп мәпелеген. Ананың ақ сүтi, әкенiң адал күшi баянды болуы үшiн көркiне ақылы сай, iзеттi де инабатты, өнерлi де өрелi болуына зор мән берген. Қыздарын әдептiлiктiң ауылынан аттатпай, ұят, намыс дейтiн арда қасиеттердi жүрегiне ұялатып, болмысына сiңiруге тер төккен.

Ұлттық тәрбиенiң негiзi ба­ла­ға ананың ақ сүтiмен, ана тi­лi­нiң балқаймағы — бесiк жырымен берiлетiнiн ескерсек, бұл адам­зат­тың мәңгiлiк тақырыбы дер едiм. Ол қоғамның, заманның бағыт-бағдарымен, тыныс-тiршiлiгiмен бiрге жүретiн негiзгi ұстанымдардың бiрi де бiрегейi. Сондықтан от басы ошақ қасындағы ата-анасының осындай тәрбиесiн қыздарымыз бiздiң оқу орнымызда жалғастырады. Өседi, есейедi, бойжетедi. Қыз­дар­дың тәрбиелi болуы бүкiл қоғамның өмiрiне ықпал етедi. Ол ана атанып бала тәрбиесiмен қоса қоғамдық жұмыстарға да араласады. Айналасындағы болып жатқан өзгерiс-жаңалықтарға ана көзiмен қарайды. Қазақ халқы ұрпақ тәр­биесiне, әсiресе қыз баланың тәр­биесiне әу бастан ерекше көңiл бөл­генi де сондықтан. Ол – перзент қана емес, ол – болашақ жар, келiн, ардақты ана, ақылман әже. Аңыз әңгiмелердегi Қарашаш анамыздың, Қыз Жiбек, Баян сұлулардың әдеби бейнелерi тек сұлулықтың ғана ны­шаны емес, ақылды жардың, тап­қырлық пен қайраттылықтың ар­қа­сын­да тағдырдың қилы талқысынан жол тауып, өзiнiң ер-азаматтарына адал серiк бола бiлген. Әрине, қыз бiткеннiң бәрi олардай болуы да шарт емес шығар. Дегенмен ұлттық әдептiлiктi, сұлулықты, мi­нез­­дiлiктi бойларына сақтай отырып, рухани өсуi, бiлiммен бiрге қазақи ұлттық тәрбиенi де қатар алып жүруi үшiн педагогтардың еңбегi өл­шеусiз. Оның iшiнде халықтық пе­дагогиканың орны ерекше. Осы ретте, бiздiң университетте ғана «Қазақ аруы» бағдарламасы бойынша 90 сағат көлемiнде арнайы курс өтедi. Мұндағы мақсат – жан-жақты бiлiмдар, сыр-сымбатын сақтай бiлетiн, өзiн сұлу да көркем ұстауға үйренген, ұлттық өнердi дәрiптейтiн, шебер де шешен сөйлеп, ұлттық ас­пап­та ойнай бiлетiн, iскерлiк қарым-қа­тынас әдебiн игерген, бүгiнгi заманауи техника тiлiн бiлетiн, компьютердi еркiн меңгерген, қазiргi сәндiк киiм үлгiлерiн талғаммен үйлестiре алатын тәрiздi сан өнердi тал бойына тоғыстыра бiлген бойжеткен тәрбиелеу. Оның болашақ маман ғана емес, жар, инабатты келiн, абзал ана, кемеңгер әже болуына көмектесу, бағыт-бағдар беру. Бұл ретте жүргiзiлiп жатқан жұмыстардың нәтижелерi де жаман емес. Өнердегi, бiлiмдегi, спорттағы та­быстарымызбен мақтана аламыз.

– Студенттердiң бос уақыттары қа­лай ұйымдастырылады?

– Сабақтан тыс уақытта театр, музей сияқты мәдени орындарға барып, түр­лi кездесулер өткiзуге, сондай-ақ көркемөнерпаздар үйiрмелерi мен спортқа атсалысу белсендiлiгiн үнемi қадағалап отырамыз. Университетте Жастар iсi жөнiндегi комитет, Студенттiк кәсiподақ ұйымы, Жас­тар парламентi, жатақханалардағы студенттiк кеңестер, «Парасат» пiкiр-сайыс клубы, студенттердiң Кiшi ғылым академиясы, шахмат клубы, М.Мақатаев атындағы әдеби бiрлестiктер жұмыс iстеп тұр. Сонымен қатар, бiздiң факультет 2004 жылдан берi Алматы жоғары оқу орындарының студенттерi мен жастары арасында «Мұқағали оқуларын» ұйымдастырып келедi. Жыл сайын дәстүрлi түрде 9 ақпанда ақынның туған күнiне орай ескерткiшiнiң басында өтетiн бұл шараға көптеген талантты өнерпаз жастар қатысады. «Бүгiн менiң туған күнiм…» деп аталатын бұл шараның басты мақсаты да сол, республикамыздың жоғары оқу орындарында оқитын студент жастарды ақиық ақынның әдеби мұрасымен жан-жақты терең таныстыру, ақынның шығармаларын оқып-бiлу, насихаттау. Университеттiң Жастар iсi жөнiндегi комитетi басқа оқу орындарындағы құрбы-құрдастарымен тығыз байланыс жасай отырып, бiрлесе кездесулер өткiзедi. Дәстүрлi «Қыздар университетi шақырады» атты жаңа жылдық ән-думан кешi осындай қоғамдық жұмыстардың нәтижесi.

– Университет ұйымдас­ты­ра­тын «Ы.Алтынсарин –2012» атты рес­пуб­ли­к­алық пәндiк олимпиада жайлы да те­реңiрек айтып өтсеңiз?

– Бiздiң университет елiмiздiң мек­теп бiтiрушiлерi арасында қа­зақ халқының тұңғыш ағартушы-пе­дагогы Ы.Алтынсариннiң 170 жыл­ды­ғына арналған республикалық пән­дiк олимпиадасын өткiзiп келедi. Ол об­лыстық бiлiм басқармалары мен ау­дандық бiлiм бөлiмдерi, Алматы қаласының Бiлiм басқармасымен бiрлесе отырып, Алматы қаласы мен облысында (Талдықорған қ.), Оңтүстiк Қазақстан облысында ( Шымкент және Түркiстан), Қызылорда, Тараз, Семей, Өскемен, Арқалық қалаларында ақпан айы­ның 22 жұлдызында өткiзiледi. Олимпиадаға мектеп, гимназия, лицей тәрiздi бiлiм мекемелерiнiң 11-сынып оқушылары қатыса алады. Ол I тур бойынша 2 кезеңде – Олимпиаданы аймақтарда өткiзу мен жеңiмпаздар мен жүлдегерлердi анықтау, яғни салтанатты марапаттау рәсiмi бойынша өтедi. – Республикалық олимпиада қан­дай пәндердi қамтыды?

– Биология, география, физика, дүниежүзi тарихы, қазақ тiлi мен әдебиетi, орыс тiлi мен әде­бие­тi, ағылшын тiлi сияқты жалпы бiлiмдiк пәндерден өткiзiледi. Ал мақсаты – елiмiзде қабiлеттi, дарынды оқушыларды анықтап iрiктеу, оларға қолдау көрсету, мектеп оқушыларының ғылыми жұмысқа деген қызығушылығын ояту, ұлт­тық бiлiмдi дамыту, мамандық таң­дауға көмектесу, университет фа­куль­тет­те­рiне оқуға шақыру.

Олимпиадаға қатысу үшiн оқу­шы­лар сайтқа тiркелiп (www.kaz­mem­kpu.kz), сонымен қатар мектеп ди­ректоры аудандық бiлiм бөлiмiне үс­тiмiздегi жылдың 12 ақпанына дейiн сұраныстарын жiберуi керек. – Жүлдегерлерге қандай жеңiл­дiк­тер қарастырылған ?

– Белгiлi бiр пән бойынша I орын ал­ған жеңiмпаздар толық оқу курсына университет ректорының грантымен марапатталады. II орын алған жүлдегерлер оқуға 50 пайыздық жеңiлдiк, жатақханаға бiрiншi кезекте орналасу, ары қарай үздiк оқыған жағ­дайда босаған грант орындарына бiрiншi кезекте ауысуға құқылы. Ал III орын алған жеңiмпаздар I курстағы оқуға 30 пайыз жеңiлдiк, жатақханаға бiрiншi кезекте орналасу, университетте үздiк оқыған жағдайда босаған грант орындарына бiрiншi кезекте ауысуға құқылы, IV және V орын алғандар (яғни 100 баллдың 80 балын алғандар) I курстағы оқу ақысынан 20 пайыз жеңiлдiктi пайдалана алады.

– Өзiңiз де осы оқу орнының тү­легi екенсiз. Сол кезбен бүгiнгi күн­нiң айырмашылығы жайлы не айтар едiңiз?

– Иә, 1989 жылы, осыдан 23 жыл бұрын филология фа­куль­тетiн бiтiрдiм. Әрине, оқу-әдiстемелiк жағынан өзгешелiктер баршылық. Айталық, ақпараттық технологиялардың дамуы, Интернеттi, интерактивтi тақтаны, электрондық оқулықтарды пайдалану, Болон үдерiсiнiң талаптарына сай кредиттiк оқыту жүйесi, дамыта оқыту технологиясы, қашықтықтан оқыту сияқты жаңаша тәсiлдер қазiргi заман жетiстiктерi. Елiмiздi Азия барысына айналдырып, әлемнiң бәсекелес 50 елiнiң қатарына енгiзетiн ұлы күш, бұл – бүгiнгi жастар. Олардың мой­нында үлкендердiң үкiлi үмiтi жүктелiп, Отанымыздың зор сенiмi бар. Себебi бiлiм мен ғылымды ұш­тас­тыратын терең ойлы, бiлiктi жас­тар Тәуелсiз елiмiздiң нұрлы бо­ла­ша­ғына жол ашпақ.

Мен ұстаздар отбасынан шықтым. Әкем Амантай мен анам Зылиха 1969 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң филология факультетiн үздiк бiтiргелi, бүкiл саналы ғұмырларын ұстаздық қызметке арнап келедi. Осындай отбасынан шыққан соң мен де осы бiр қиындығы мен қызығы, мақтауы мен марапаттауы қатар жүретiн ұстаздық жолды таңдадым.

Ұлы Абайдың «Тегiнде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мiнез деген нәрселерiмен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектiң бәрi бекер» деп артындағы ұрпағына ұлы өсиет тастап кеткен. Атамыздан асырып айта аламыз демеймiз.

19.01.2012

Әңгiмелескен

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары