АНГУС ЖЕҢЕ МЕ, АТАКӘСІП ЖЕҢЕ МЕ?

АНГУС ЖЕҢЕ МЕ, АТАКӘСІП ЖЕҢЕ МЕ?

АНГУС ЖЕҢЕ МЕ, АТАКӘСІП ЖЕҢЕ МЕ?
ашық дереккөзі
303

Қазір жылқы далада. Қар теуіп жүр. Былтырғы аста-төк астықтың алынбай қалған біраз бөлігінің арқасында жылқы қоңды, семіз. Қысқасы, сырттай алып қарастырғанда өлкеде, жалпы елде ет тапшылығына себеп болатын жағдай жоқ тәрізді.

Дей тұрғанмен, елде соңғы кездері ет құнының жылдам шарықтап бара жатқандығы байқалады. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченконың бастамасымен Көкшетау қаласында баға қатаң қадағаланатын коммуналдық базар ашылғанына екі ай болды. Күні кешегіге дейін ондағы жылқы етінің құны 1150, ал сиыр еті 950 теңге тұратын. Әрі ондағы бағаны әкімшілік қадағалап отыратын. Өткен аптада саудагерлердің бағаны бұрмалау фактісі анықталды. Яғни бір келі жылқы етінің бағасы 1500 теңгеге дейін шарықтаған. Осыны естіген облыс әкімі коммуналды базарды аралап шықты. Адамнан қулық артылған ба, әкімнің келетінін естіген саудагерлер бағаны бұрынғы қалпына қайта келтірген. Ал әкім кеткен соң қайта көтерген. Өйткені аренда құны орталық базардағыдан әлдеқайда төмен коммуналдық базардан айрылуға тиын санаған саудагерлердің құлқы жоқ. Бағаны көтергендер арзан коммуналдық базардан қуылады. Ақиқат жағдай мынау: іс жүзінде тұрғындарды арзан етпен қамтамасыз ету мақсатында құрылған Көкшетаудағы коммуналдық базардағы баға бұрынғысынан көп көтеріліп отыр. Соңғы тәуліктерде ет бағасының кө­те­рілуіне айтарлықтай, шынында да, осындай бақайесеп себепкер ме, әлде оның басқа себебі бар ма? Жалпы, елдегі мал шаруашылығының жағдайы қалай? Соңғы кездегі ет бағасының күрт көтерілуі біздің алдымыздан осындай сауалдар шығарып отыр. Өткен жылдың соңғы айындағы есепке сәйкес республика бойынша 6 029 084 ірі қара, 1 624 325 жылқы, 16 410 270 қой, 175 851 түйе қысқы күтімге қойылыпты. Бір қарағанда елде мал басының тапшылығы жоқ. Жалпы, ел басшылығы өткен жылдың соңынан бастап ет мәселесіне жете көңіл бөле бастады. Себебі соңғы деректерге сәйкес 1 тонна еттің бағасы 1 тонна бидайдан төрт есе қымбат болып отыр. Оның үстіне Президент Үкіметке мал шаруашылығын дамыту, сондай-ақ 2016 жылға қарай жыл сайын 60 мың тонна етті сыртқы саудаға шығару туралы стратегиялық міндет жүктеді. Яғни қазақстандық ет өнімдеріне, соған сәйкес ауыл шаруашылығына жете көңіл бөлініп, сұраным артпақ. Оның үстіне Кеден одағының құрылуына байланыс­ты қазақстандық мал өнімдерінің тұтыну рыногы да өсіп отыр. Атап айтқанда кеден одағындағы әріптестеріміз Ресей мен Беларусьтiң 200 миллионнан астам тұрғынын сапалы етпен қамтамасыз ету Қазақстанның мойнында. Ендігі мәселе қазақ ауылының өзіне жүктелген осы міндетті абыроймен атқарып, жағдайын түзей білуінде. Өткен айдың 11 айында республикада 800 мың тонна ет өндіріліпті. Оның 118,9 мың тоннасы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің, 82,4 мың тоннасы шаруа қожалықтарының, 598 мың тоннасы қосалқы шаруашылықтарының үлесінде. ДӘСТҮРЛІ МАЛ БАҒУ ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ БЕРДІ Соңғы кезде қазақ үкіметі мал басын асылдандыру жұмыстарын реформалай бас­та­ды. Атап айтқанда, Австралия, Ресей, Канада, Чехия сияқты мемлекеттерден асыл тұқымды ірі қара мал әкелу қолға алынды. Бүгінге дейін республика бойынша шет елден 13 мың 500 бас асыл тұқымды қара мал әкелінген. Оның 1900-і сүтті сиыр, 1700-ы етті-сүтті бағыттағы мал. Сондай-ақ таза ет беретін элиталы қара мал саны 10000-ға жуықтап отыр. Қазір сиыр етін өндіру өте тиімді кәсіп болып саналады. Оның үстіне бізде 180 млн. гектарлық ұлан-ғайыр жайылым бар. Қазаққа мал бағу кәсібі таңсық емес, кадр да жетеді. Оған қосар тағы бір жайт қазақстандық сиыр етін тұтыну рыногын кедендік одақпен шектелмеуі де ғажап емес. Өйткені соңғы жылдары көрші Қытай елінде де сиыр етінің сұранымы айқын өсуде. Сондықтан қазіргі таңда Қазақстан үшін ет индустриясын дамыту маңызды. Басқаша айтқанда, етті малдың басын қолда бар малдың 60 пайызына дейін жеткізу керек. Былтырдан бастап Қазақстанның аграрлық секторы осы бағытта нақты шаралар белгілеп отыр. Батыстың етті малының алды Ақтөбе, Ақмола облыстарына жеткізіле бастады. Рас, Ақтөбе облысы Президент белгілеген қос стратегиялық «азық-түлік белдеуіне» жатпайды. Алайда батыс өңірдегі өнеркәсіптің, соған сәйкес адам санының күрт өсімін естен шығармауға тиіспіз. Ал Ақмола облысы жоғарыда атап көрсетілген маңызды «азық-түлік белдеуінің» нақ өзі. Қазір мұнда көпсалалы етті мал тұқымын өсіретін кешендер салынуда. Таяуда ғана осы облысқа Австралиядан өнімділігі жоғары 407 бас Ангус тұқымды ірі қара жеткізілді. Бұл Қазақстанға Австралия­дан жеткізіліп отырған ірі қараның алғашқы тобы. Ангустың 7-8 айлық бұзауларының салмағы қазірдің өзінде 200-250 келі тартады. Қазақстан жағы аталмыш жобаның құнын үш миллиард теңге деп бағалауда. Бұл орайда, қаржылық тұрғыдағы қисынды әрекеттер де жеткілікті. Мәселен Президенттің өз нұсқауымен құрылған «Аграрлы несие корпорациясы» Ангус қашарларын өсіруді қолға алған бір ғана шаруашылыққа 12 жылға 2 миллиард теңге несие берді. Жақында Ақкөл ауданындағы осы шаруашылыққа тағы да 570 қашар мен 50 бұқа жеткізілмек. Жалпы, таяудағы бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасына әлемнің әртүрлі мемлекетінен 72 мың асыл тұқымды мал әкелу жоспарлануда. Елдегі аса ірі мегаполис Алматы мен халық саны күн санап өсіп келе жатқан Астана қалаларын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесімен айналысатын «Алтай Азия» дистрибьютерлік орталығының бастығы, профессор Қабыл Исабековтің айтуынша, елдегі іргелі қалалармен қоса, Кедендік одақтағы әріптестерімізді де ет өнімдерімен қамтамасыз етудің алғышарттары қазірдің өзінде қарастырылып жатқан көрінеді. Алдымен фермер шаруашылықтарынан малдың өнімділігін арттыру талап етілмек. Қазір орталықта жаңа типтегі еті мол жүз бас малға арналған орталық жасаудың үлгісі құрылды. Бұрынғыдай санға емес, сапаға көңіл бөлінеді деген сөз. Қазір шаруашылықтардағы бір бастан алынатын ет мөлшері 120-130 келі шамасында. Алдағы уақытта Қазақстанда бұл көрсеткіш 220 келіге жеткізілмек. Мал тұқымын асылдандыру саласына келсек, жыл сайын бұрынғы аналықтардың 30 пайыздайы етке өткізіледі. Басқаша айтқанда, мал тұқымы жаппай асылдандырылып, әр жүз сиырдан алынатын бұзау басы 85-ке жеткізіледі. Әлбетте мал шаруашылығының консервативті деп есептелінетін байырғы тәсілдерінен аса ұзай қоймағаны ел үшін шетелдік тәжірибенің маңызы үлкен. Таяуда ғана Қазақстанға АҚШ-тан келген мал өнімдері жөніндегі белгілі сарапшы Дэн Ларсон Көкшенің бір шаруашылығында болып, мал тұқымын асылдандыруға байланысты кеңес берді. Сондай-ақ белгілі маманның қазақ малшыларының мал бағу мен өсірудегі дәстүрлі тәсілдерін көріп, ризалық танытқандығы өтірік емес. Яғни дәстүрлі қазақ малшылығының жаңа талаптарға әзір екендігі де күмәнсіз. АРҚАНЫ АНГУС БАСЫП БАРАДЫ Бұл – әңгіменің бір жағы. Қазақстандағы жалпы мал басының ішінде шетелден әкелінетін асыл тұқымды түліктің үлес салмағы жыл санап өсуде. 2000 жылы елдегі асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы 3,02 пайыз, 2011 жылдың басында 6,2 пайыз болған. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім 9,4 пайызға жетті. Қазір Көкше даласына қиырдағы Австралиядан Ангус тұқымды асыл түлік көптеп әкелінуде. Кез келген шаруаға байланыс­ты қаңқу сөздің де бірге жүретіні белгілі. Басқаша айтқанда «Арқаны Ангус басып барады… ». Оның үстіне Арқаға Ангустың өзі ғана келмей, бір топ шетелдік маманды ерте келген сыңайы және бар. Зеренді ауданындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы шаруа қожалығына әкелінген осындай малға «Бас кеңесші» деген лауазыммен шетелдік бір маман ере келіпті!.. Жергілікті билік осы маманға аудармашы болу үшін тағы бір адам жалдапты. Шетелдік маманның «қазаққа мал бағу тәсілін үйрететін данышпан кеңесін» қазақ малшыларына Абай тілінде осы аудармашы тәржімелеп береді екен. Айта берсек Арқадағы Ангустың әңгі­месі көп. Арқа жайылымдарына Ангусын аңыратып жайып жіберген кейбір пысық кәсіпкерлер сайын даланың біраз жайылымын шарбақтап бөліп алуды да бастап кетті. Өткен жылы дәл осы аудандағы Қарабұлақ ауылының тұрғындары ежелгі жайылымдарын Ангустан қорғап, біраз дау-дамай тудырды. Кейбіреулерінің айтуынша «Ангустың байырғы бәлендей күтім қажет етпейтін қазақтың ақ бас сиырынан еш артықшылығы жоқ тәрізді ме-ау…». Себебі жалпы шығын мен өнім қайтарымын шотқа салып есептегенде ақ бас сиырдың берері Ангустан әсте кем емес, деген пікірлер де айтылуда. Дей тұрғанмен «Арқадағы Ангус қозғалысының» әзірге тоқтар түрі жоқ. Шетелдік қымбат мал үсті-үстіне келіп жатыр. Шамасы, біздің үкімет асыл тұқымды мал өсіруге біржақты ден қойған шетелдік тәжірибеге арқа сүйейтін тәрізді. Нақтырақ сараптар болсақ, әлемде ет саудасынан алдына бір де бір елді салмайтын Бразилиядағы асыл тұқымды малдың үлес салмағы 75, Аргентинада 72, Канадада 67, АҚШ-та 77 пайыз көрінеді. Одан асыл тұқымды мал санын 50-60 пайызға жеткізген Еуропа елдері де қалысар емес. Қазіргі қазақ үкіметі таяудағы жыдары Дүниежүзілік сауда ұйымына еніп, әлемдік ет нарығына араласуды межелеп отыр. Білетіндердің айтуынша, Арқаға Ангустың әкелінуінің бір себебі сонда деседі. Кеден одағы өз алдына, Қазақстан 2012 жылдың соңына қарай Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруді жоспарлап отыр. Мұны таяу­да экономикалық интеграция жөніндегі министр Жанар Айтжанова ресми түрде мәлімдеп те қойды. Соңғы деректерге қарағанда қазір осы ұйымға мүше 150-ден астам елдің барлығымен тауар нарығына енудің екі жақты келісімдері жасалынып та қойылған. Етті мол өндіретін Аргентина мен мұнайлы Сауд Арабиясы ғана осы мазмұндағы Қазақстанмен жүргізер келісімді бір-екі айға шегеріп отыр. Яғни Дүниежүзілік сау­да ұйымына қосылудың алғышарттары толық жасалынды деген сөз. Сөйтіп аграрлық салаға басымдық бере бастаған қазақ елі де планетарлық деңгейдегі сауда ісіне араласпақ. Ал дәл осы планетарлық деңгейден алып қарастырсақ, 2020 жылға қарай әлем халқының етке сұранымы 60 миллион тоннаға дейін жетпек. «Қазақ қашан ет береді?» деп жұтынып отырған кедендік одағыңыз – анау. Бір ғана кеден одағын алып қарастырсақ, ондағы «ет жейтін ауыздың» мөлшері әріптес елдердегі ішкі жалпы өнімнің 1,8 триллион долларлық мөлшерін айтсақ та жетіп жатыр. Осы 1,8 триллионның артында екі жүз миллиондай адам тұр. Тек Ресейдің өзі ғана мұхиттың ар жағынан бір жылда 1,7 миллион тонна ет сатып алатын. Қазір осы сұранымның дені қазақ малының есебінен жабу жағы қарастырылуда. ТҮЙІН Қорыта келгенде айтпағымыз, біз жоғарыда келтірген мысалдарға қарағанда, дәстүрлі малшаруашылығы бар, бұл орайда ешкімнен ақыл-кеңес те, көмек те сұрамайтын қазақ елі биылғы жылға дейін ата кәсіпте айтарлықтай табыстарға жетіпті. Оған біз келтірген мысалдар дәлел.Рас, мал тұқымын асылдандыру керек. Бірақ табиғаты субконтиненталды өңірде қандай мал баққан тиімді? Әрі қай елдің малының еті құнарлы, экологиялық тұрғыда таза? Әзірге Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлігінің құзырлы басшылары да дәл осы мәселенің анық-қанығын айырып алмаған сияқты. Арқа жайылымдарын австралиялық Ангустар басып барады! Ал олар қазақ даласын жерсініп, өсім мен өнім бере ме? Ол жағы да белгісіз. Ет өндірісіне байланысты жоғарыда келтірілген деректерге қарағанда, Ангуссыз да жоғары көрсеткіштерге жетуге болады. Оған әсте күмән болуға тиісті де емес. Қазір Арқада «Ангус жеңе ме, атакәсіп жеңе ме?» деген сауалдың шеті қылтия бас­тады. Шынында да байырғы дәстүрі бар қазақ малшаруашылығына австралиялық Ангус пен аймүйіз ақбас сиырдың қайсысы пайдалы екен?
19.01.2012
Өмiрзақ МҰҚАЙ

Серіктес жаңалықтары