БІРЛІКТІ ЕЛ – ІРІ ІСТЕР

БІРЛІКТІ ЕЛ – ІРІ ІСТЕР

БІРЛІКТІ ЕЛ – ІРІ ІСТЕР
ашық дереккөзі
144

Қазақстандықтар үшiн басты ұғым бiрлiк болып қала бермек. «Бiрлiк түбi – тiрлiк» деп қазақ тегiн айтпаған. Өткен жылы қазақтың бiрлiгiне бүлiк салғысы келген әрекеттер болса да, ұзақ жылдар бойы ұйытқы болып келген татулық, бейбiтсүйгiштiк, тұрақтылық ұрандарының өзектiлiгiн жоққа шығару оңай емес.

Қоян жылын қазақ елі тәп-тәуір әлеу­меттік-экономикалық көрсет­кіштермен түйіндеді. Түрлі министрліктер берген ресми ақпарат осы тұжырымға дәйек болуға лайық.

Астанада былтыр ашылған «Мәңгілік ел» атты триумфалды аркасы қазақ халқының ХХІ ғасыр басындағы ерлігі мен жетістігінің көрінісіндей белгіге айналды.

Әлемде экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны басталады деген қауіп былтырдан бері айтылып келеді. Еуропалық елдер экономикалық қиындықтардан, жұмыссыздық пен қарыздың көптігінен дағдарып, ал экономикалық қиындықтар саяси-әлеуметтік кикілжіңдердің туындауына себеп болуда.

Грекия, Испания, Италия, Португалия мемлекеттері дефолт алдында тұр. Тіпті азулы АҚШ-тың өзі әлеуметтік түйткілдермен бетпе-бет түйісіп қалды.

Әлемдік экономикалық дағдарыс тұ­сында мемлекеттің елдегі тұрақтылық пен бақуаттылық сақталуы үшін қам-қарекет жасауы, салиқалы саясат жүргізуі маңызды.

Ресми ақпаратқа жүгінсек, елдің ЖІӨ былтыр 7 пайыздан асқан, яғни жан басына шаққандағы табыс 11 000 АҚШ долларына жуықтады. Бұған дейін жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 000 АҚШ доллары болады деп болжанған еді.

Бұдан бөлек, өндірістің барлық салаларында өнім шығару көлемінің арт­қаны байқалады. Әсіресе, ауыл шаруа­шылығы үшін өткен жыл өте сәтті болды: Қазақстанда 30 миллион тоннадай ре­кордты көрсеткіштегі астық жиналды. Ауылшаруашылық өнеркәсібіндегі өнім көлемі 25,5 пайызға артты. Соның дәле­ліндей, соңғы төрт жылда Қазақстан әлем бойынша ұн экспортынан алда келеді.

Мемлекеттің жинақтық халықаралық қоры 75 миллиард долларға жетті. Қазіргі таңдағы Ұлттық қор активтері 7 трлн. 857 млрд. теңгеден асты. АҚШ долларына шыққанда, 44 миллиардқа жуық. Былтыр Ұлттық қорға 3,5 трлн. теңгедей қаржы түскен.

Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі әділдік көбіне мемлекеттік органдарға деген халық сенімінің кепілі. Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж топтарға берілетін жәрдемақы, төлемақыларды экономикалық дағдарыс тұсында да қысқартпай, керісінше, үнемі өсіріп келеді.

2017 жылға қарай елдегі базалық зейнетақы мен атаулы әлеуметтік көмек өмір сүру деңгейінің ең төменгі мөлшерінің 60 пайызын құрайтын болады.

Кейінгі жылдары мемлекет еңбекке жарамды әрі адал еңбек етуге ынталы азаматтарға айрықша көмек қолын созып отыр.

Нәпақа іздеп ауылдардан қалаларға ағылған азаматтар мемлекет қамқорлығына зәру. Осы азаматтарға «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасы аясында қолдау көр­сету керек» деді Елбасы. «Біз қаласақ та, қаламасақ та, ауылдан қалаға көші-қон үздіксіз жүріп жатыр. Бұл одан әрі жалғаса береді. Оларың дені – ешқандай мамандығы жоқ жастар. Біздің міндетіміз барлық жерлерде, барлық қалаларда, аймақтарда, облыстарда, аймақтарда осы адамдардың жағдайын жасап, оларды баспанамен қамтамасыз етіп, осы бағдарлама аясында оқытып, кәсіп үйретіп, жұмысқа тұрғызу».

«Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы елдегі жұмыссыздық деңгейін азайту үшін қолға алынды. Жұмыссыз қалған азаматтардың жаңа кәсіп игеріп, жұмысқа тұруына мемлекет кепіл болады. Ауылдан қалаға көшіп келген азаматтардың оқуын, оқу кезіндегі баспанасының ақысы мемлекет есебінен төленіп, оқуын бітірген азаматтар алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.

Жұмыссыздықты азайту бағытындағы мемлекеттің шаралары нәтижесінде елдегі жұмыссыздық деңгейі соңғы жылдары 7 пайыздан 5,4 пайызға дейін азайды.

Мемлекет жас отбасыларды, жас мамандарды қолдауға ұдайы көңіл бөліп келеді. Талапты жастардың Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаға қатысуына мүмкіндік бар.

Қарулы күштер, полиция және басқа құқық қорғау органдарында қызмет ететін жас отбасы иелерін баспанамен қамтамасыз етуді мемлекет тікелей өз мойнына алады.

Осы күнге дейін елімізде 19 миллион шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Жарты миллиондай қазақстандық жаңа баспанаға ие болды. Былтыр құрылысы тоқтап қалған 389 нысан мемлекет қаржысына салынып, 53 мың үлескер үйлі болды.

Ал мемлекеттік Тұрғын үй бағдарламасы одан әрі жалғасуда. Алдағы бес жылда рес­публикада кемінде 24 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады.

Мемлекет жергілікті әкімшіліктердің жас отбасыларға арнап үй салуын қадағаламақ. Азаматтар тұрғын үй жинақ қоры арқылы белгілі бір уақыт ішінде ақша жинап, сол қаржыға мемлекет баспана тұрғызып беруге міндетті болады. Ал әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға үй жөндеуге және құрылыс салуға қажетті қаржылай көмек көрсетілмек.

Сапалы білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру, әділ әлеуметтік қорғау жүйесін жасау, жастарға қамқорлық көрсетіп, тұрғын үй саласында кешенді іс-шаралар жүргізу – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттары болып саналады.

Денсаулық сақтау саласында «Саламатты Қазақстан» атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Былтыр басталған бағдарлама 2015 жылға дейінгі аралықты қамтиды.

Қазақстанның алдағы бес жылға ар­нал­ған Ұлттық іс-шаралар жоспарында қазақстандықтардың бақуатты тұрмыс құруы үшін қажетті мәселелер түгел қамтылған. Мысалы 2017 жылға қарай елде жаңадан 3000-дай балабақша мен балаларға дамыту орталықтары ашылып, 400-дей жаңа мектептер салынады. Сондай-ақ Үкіметте халықаралық деңгейдегі кәсіби колледждер желісінің жобасы да бекітілген.

Алдағы бес жылда орта мектептердің 90 пайызынан астамы интернетке қосылып, 60 пайызына жуығында электронды оқыту жүйесі енгізілмек. Сол кезде мектеп мұғалімдерінің жалақысы 30-100 пайызға дейін үстемеленді.

Ал денсаулық сақтау саласы 300-дей жаңа дәрігерлік амбулатория мен 50 шақты емхана, фельдшерлік-акушерлік пункттермен толығады. Әр облыс аймағындағы жедел жәрдем жүйесі әуе көлігімен қамтамасыз етіледі. Осындай шаралардың нәтижесінде 2017 жылға қарай Қазақстанда ана мен бала өлімі 1,5 есе азаяды деп болжанып отыр.

2017 жылға қарай барлық қалалар 90 пайыз орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіліп, 30 000-нан астам коммуналды жүйе күрделі жөндеуден өткізіледі.

«Біздің қуатымыз – бірлікте. Біз берік бірлігіміз бен бекем тірлігіміз арқылы ұланғайыр жетістікке қол жеткіздік. Алдағы уақытта да иық тіресе жүріп, биік белестерді бірге бағындыра беретінімізге сенемін. Біздің бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын» деді Елбасы «Нұр Отан» партиясының XIV съезінде сөйлеген сөзінде.

Бірлікті елдің тірлігі де ірі болатынын ұмытпайық.

Темiрбек АСАН

Серіктес жаңалықтары