БАСАЛҚАМЫЗ БАР БОЛСА...

БАСАЛҚАМЫЗ БАР БОЛСА...

БАСАЛҚАМЫЗ БАР БОЛСА...
ашық дереккөзі
241

Кеше Алматыдағы резиденциясында Елбасы Президенттiк және Мемлекеттiк стипендияны табыс еттi. Жыл сайынғы дәстүрлi үрдiске айналған Президент стипендиясы мәдениет, бiлiм және әлеуметтiк бағдарламаларды қолдау қоры желiсi бойынша жүзеге асырылған. 2005 жылдан берi дәстүрлi түрде берiлiп келе жатқан Мемлекеттiк стипендия Қазақстанның құрметтi атақтары мен мемлекеттiк марапаттарына ие болған елiмiзге белгiлi өнер мен мәдениет қайраткерлерiне берiлсе, елiмiздiң мәдениетiн көркейтуге және дамытуға үлес қосып жүрген дарынды жастарымызды мемлекеттiк қолдау мақсатында берiлiп келедi.

Стипендияны тапсыру рәсімінде Мемлекет басшысы: «Тілді дамытудың жаңа кезеңі басталғанын көздеріңізбен көріп, қолдарыңызбен ұстап отырсыздар. Бұл бағыт өте дұрыс. Айрылып қала жаздаған тіліміз бен дініміз қайтып келе жатыр. Осының бәрі қуанышты жағдай. Тәуелсіздіктің 20 жылдығының табысы болып саналады. Тіктеп келгенде, осы істеп жатқан жұмыстарымыздың бәрі Қазақстан болашағы үшін. Сондықтан біз Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетуге атсалысуымыз керек. Сіздер қоғамдағы ауызбіршілікке, татулық пен тыныштыққа тірек болатын азаматтарсыздар», – деді.

Зиялы қауым өкілдері әрқашан да ұлттың ұйытқысы, халықтың қаймағы екені белгілі. Елдің көшін бастайтын азаматтар елдің тілеуі де, тірегі де болатыны рас. Халық зиялысына қарап, бой түзейді, ой түзейді. Алдында тіреу болатын зиялысының сөзі түзу болса, ел де азбайды. Осыған орай: «Бұқараға жол көрсетіп, елдің алдында жүрулеріңіз керек. Барлық жағдайда жұрт алдымен зиялы қауымның пікіріне құлақ түреді. Сондықтан зиялы қауымға рух бірлігіне ұйытқы болу, ұйыстыру ісінде зор жауапкершілік жүктеледі», – деді өз сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы.

Рухы берік, тынысы ояу, мәдениеті жоғары, әдебиеті мен өнері мықты елдің төрт құбыласы тең болатынын да тілге тиек етті Елбасы. ҚР Президенті бүгінде елімізде білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласына айрықша көңіл бөліп отырғанын айтады. Мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, арнайы бағдарламалар да қабылданып келеді. Елімізде көптеген жаңа театрлар, кітапханалар мен мәдениет үйлері де ашылуда. Мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің жемісі екені баршаға аян.

Стипендия иегерлерінің арасында шығармашылығымен еліміздің мәдениеті мен өнеріне үлес қосып жатқан дарынды жастарымыз да жоқ емес. Дарынды жастарға мемлекеттің қолдауы өте қажет. Ол туралы Елбасы өз сөзінде: «Бүгін стипендия алғандардың қатарында жастар да бар. Біз шығармашыл жастарды рухани қолдап, қамқорлық жасап келеміз. Араларымызда абыздық жасқа жеткен ақсақалдар да бар. Қазақта «Басалқамыз бар болса, жанған отқа күймейсің» деген аталы сөз бар», – деген ойын жеткізді.

Биылғы стипендияға ие болғандардың саны – 100 адам. Олардың қатарында Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Шерхан Мұртаза сияқты елге танымал қайраткерлеріміз де бар. Ал жас стипендияттардың қатарына Нүркен Әшіров, Әмір Дүйсенғалиев, Тайыр Гатауов, Данияр Саламат, Дәулеткерей Кәпұлы сияқты дарындарымыз енген.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары