ЖУРНАЛИСТЕР ЕЛБАСЫДАН АРАША СҰРАДЫ

ЖУРНАЛИСТЕР ЕЛБАСЫДАН АРАША СҰРАДЫ

ЖУРНАЛИСТЕР ЕЛБАСЫДАН АРАША СҰРАДЫ
ашық дереккөзі
473

Журналист мамандығы – қауiптi мамандық. Қара басының емес, қара халықтың қамын күйттейтiн журналист ағайынның өзiне де араша керек кейде. Қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етудi мiндетiм деп бiлетiн оларды бiреу жақтырса, бiреу жақтырмайды. Ашық әрi жария түрде ақпарат беруде кежегесi керi тартатын кейбiреулер журналистерге қоқан-лоққы көрсетуге де кетары емес. Осы аптада Қазақстан Президентiне ашық хат жолдаған бiр топ әрiптестер жеке бастары мен туған-туыстарына қауiп төнгенiн айтып, Елбасыдан араша сұрады.

Еліміздегі тәуелсіз телепор­талдар­дың бірі – «Stan.kz» редакциясы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атына ашық хат жолдады. «Өзінің кәсіби міндетін орындау барысында, «Stan.kz» түсіру тобы 2011 жылы 16 желтоқсанда қазақстандықтарды ғана емес, әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндірген Жаңааөзендегі қайғылы оқиғаның куәсі болды. Бейбіт халыққа оқ ату – жалпы адамзатқа қастандық деп білетін халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар Жаңаөзен оқиғасының себептерін шынайы зерттеу керектігін алға тартты. 2011 жылдың 23 желтоқсанында Жаңаөзенге барған сапарыңызда Сіз тиісті органдарға қаладағы қайғылы оқиғаны ашық әрі әділетті зерттеуді тапсырдыңыз. Бұған қоса, Сіз халыққа БАҚ өкілдерінің шынайы және жан-жақты ақпаратты жеткізу керектігін де айтып өттіңіз. Бірақ төтенше жағ­дай орнаған Жаңаөзенде журналистерге қазіргідей қысым көрсетіліп жатқан шақта, қайғылы оқиғаны дербес зерттеуге мүмкіндік берілмей тұр» делінген ашық хатта. 2011 жылдың 26 қазанында Ақтауда жүрген «Stan.kz» бейнепорталының түсіру тобына шабуыл жасалды. Журналист Өркен Бисенов пен оператор Асан Амиловқа резеңке тапаншамен бірнеше рет оқ атылып, техникалық құралдарын тартып әкетті. 25 желтоқсанда «Stan.kz» бейнепорталының журналисі Жұлдыз Төлеу Ақтауда Маңғыстау облыстық прокуратурасына шақырылып, әрі қарай Жаңаөзенге жіберіліп, ондағы бас прокуратура өкілдері тарапынан екі сағат бойы тергеуге алынды. 2012 жылдың 10 қаңтарында «Stan.kz» бейнепорталының журналисі Шернияз Шағатай, операторы Бауыржан Ыдырысов және режиссер Мұрат Белгібаев Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен шақырту алып, үш сағат бойы тергеуге алынды» делінген.Әріптестеріміз: «Біз редакциямыздың тек қана Жаңаөзен оқиғасы болған күні емес, ондағы ахуал туралы жеті ай бойы ақпарат беріп келе жатқанын, ерекше ескертіп айтқымыз келеді. Себебі күштік құрылымдар біздің журналис­терге: «Неге 16 желтоқсан күні Жаңаөзенде болдыңдар?» деген сұрақты жиі қояды» дей келе, Елбасынан қоғамды ақпаратпен қамтамасыз етуге, өздерінің кәсіби міндеттерін қалтқысыз атқаруға жасалатын кедергілерді жоюға, кейбір құқық қорғау органдары тарапынан «Stan.kz» журналистеріне көрсетілетін қысымдарды тоқтатуға, еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарында тер төгіп жүрген журналистердің жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты өтініш айтып, араша сұрайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары