Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ: ХАЛЫҚ ТАҒДЫРЫМЕН ОЙНАУҒА БОЛМАЙДЫ...

Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ: ХАЛЫҚ ТАҒДЫРЫМЕН ОЙНАУҒА БОЛМАЙДЫ...

Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ: ХАЛЫҚ ТАҒДЫРЫМЕН ОЙНАУҒА БОЛМАЙДЫ...
ашық дереккөзі

«Сафуан Шаймерденов – сарабдал жазушы. Сөз өнерiндегi шеберлiк құпиясы тiлде жататынын мұқият ескередi. Константин Федин «Нағыз шебер шеберленген сайын қинала түседi» деп тегiн айтпаған. Бұл ретте Сафуанның оңай жазбауы, қиын жазуы, қинала жазуы – шын суреткерге тән сипат. Сафуан – мәдениеттi жазушы. Не нәрсенi әдемiлiктен iздейдi. Қай шығармасын алсақ та күн шуағы секiлдi жылы, нәзiк лиризм толқып, төгiлiп тұрады. Бұл оның сыршыл суреткер екенiн танытады. Ал интеллект әдеби шығармаға ауа­дай қажет.» Бұлай деген Зейнолла Қабдолов. Кейде бiр тұлғаны тану үшiн келесi бiр дараның ол туралы айтқан пiкiрiне сүйенетiнiмiз бар. Дегенмен ұшқыр қалам иесiнiң бар болмысы өзi жазған шығарманың өн бойында менмұндалап тұратыны рас. Тiл тазалығына айрықша көңiл бөлген жазушы бiр кездерi баспасөз беттерiнде жарық көрген мақалалардағы қателiктердi өз дәптерiне тiзiп, оның дұрыс үлгiсiн жазып жүрген екен. Ал күнделiктер оның өзi, өмiрi, ортасы… «Қазақ тiлi ертең өлетiн болса, онда мен бүгiн өлуге тиiспiн» деген ұранды ұстанып өткен Сафекеңнiң күнделiгiнiң сарғыш парақтарында терең ойлар ұя салған. Бұл жазбалар бұрын еш жерде жарық көрмеген.

  15 ақпан, 1982 жыл СIРIҢКЕ  

Бiреулер оттық, ендi бiреулер сiрiңке дейдi. Әңгiме онда емес, әңгiме дефицитте. Бiздiң бүгiнгi күнiмiзде мың түрлi жетпейтiн, жетiспейтiн дүниелер бар. Сол жетiспейтiндерге бiреумiздiң қолымыз жетiп, бiреумiздiң қолымыз жетпей жүретiнi бар. Қолы жеткендердiң iшiнде батып кеткендерi бар шығар. Ал қолы жетпегендердiң өлiп қалды дегенiн де естiген жоқпын. Бұл – ақиқат. Ал ендiгi қызық: сiрiңке дефицит болды. Сонда бiздiң күнiмiз не болар едi? Әңгiме мiне, осында.

  * * *  

Анда-мында оқырмандармен кездескенде кез келгеннiң кез келген жазушыға қояр сауалы:

– Бақыттылық деген не? Кез-келген жазушының қайтарар жауабы – жалпыға белгiлi стандарт: мұратыңа жетсең, елiңдi сүйсең, отбасыңда татулық болса, т.т. Менiң ұғымымда бақыттылық – өзгенiң өзiңнен үлкенiрек, ойлырақ, тереңi­рек екенiн түсiне бiлуiңде, сол артық­шылықты мойындай бiлуiңде. Әркiм осыны түсiне бiлсе, дүниеде түк қиындық болмайтынына мен кепiлдiк бере алам… Р.S. Мұхтар Әуезов өзiнен бұрын­ғыларды әманда мақтап отыратын едi. Оның бақыты мүмкiн осы қасиетiнде шығар?..
* * *
6 мамыр, 1988 жыл

Университетте Бағдатпен бiрге бiр бөлмеде Петропавлдың бiр қызы тұрды. Өте сұлу едi. Бiрақ денесi тым қолапайсыз. Содан ба, ер балалардың бiр де бiрi маңайына жоламайтын. Сол қыз поездың астына түсiп өлдi. Соның алдында қасындағы қыздарға поездың астына түсiп өлгiсi келетiнiн айтып жүрген. Оған ешкiм мән бермеген. Бiр күнi ол былай деген:

– Кеше поездың астына түсейiн деп вокзалға барып, тұрып-тұрып қайтып келдiм. Себебi iш көйлегiм таза болмады… Француз революциясының көсемi Маратты өлтiрген қыз Клотильданың қалтасынан ине мен бiр сабақ жiп шыққан ғой. – Бұл неге керек болды? – деп сұрағанда, ол былай деген: – Менi ұстағанда жұрт ұрады. Сүйретедi. Көйлегiм жыртылса, соны жамамақ едiм. Өлiмге басын тiккен әйелдер тән ұяты туралы қалай-қалай ойланған?!.
* * *
  22 мамыр, 1987 жыл

Қарсановтың өлеңдерi басылмайды. Қашан келсе де (журналға) өзiне қайтарылады. Бiр күнi ол бiр өлең әкелдi. Iзтай оқыды да «ана жерi анадай, мына жерi мынадай екен» деп өзiне қайтарды.

Бұл өлеңде осынша кемшiлiк, мiн болса, журналдарыңа неге жария етесiңдер? – деп Қарсанов Iзтайға дүрсе қоя бердi. Бақсақ, ол өз өлеңдерi басылмайтын болған соң, қайтер екен деп Тайырдың журналда шыққан бiр өлеңiн алып келген екен. Iзтай оны аңғармаған. (Өзi қолынан өткiзсе де…)
* * *
 

15 маусым, 1987 жыл

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҚЫРҒЫН БОЛСА ДА, АЖАЛДЫ ӨЛЕДI 1961 жыл. Қазақ әдебиетiнiң Түркiмен­стандағы он күндiгi. Аман Кекiловтiң үйiнде қонақта болдық. Аманның туған қарындасы (атын ұмыттым) отыздар шамасындағы келiн­шек. Соған 17-18-дегi бiр жiгiт «мамалап» жүрдi. Бiз таң қалыстық. Сөйтсек бұл хикая былай екен: 1948 жылы Ашхабад түгел қирады ғой. 150 000 адам өлген. Жер сiлкiнердiң кешiнде Аманның жақсы көретiн ақын досының мына бес жасар баласы үйге жатпай қойған. «Қасқыр жеп қояды» деп қорқытса да болмаған. Аула iшiндегi беседкаға жатқан. Ал ана ақын дос басқа төрт баласы, әйелiмен үйге қонған да, опат болған. Аға досының аман қалған баласын 15-17-лердегi Аманның қарындасы бауырына салған. Керемет емес пе?!
* * *
 

4 қазан, 1987 жыл

МАХАББАТ ҚҰРБАНЫ Семейден Қарауылға баратын жол үстiнде Еңлiк пен Кебек өлтiрiлдi деген жерде 1950-60 жылдары қойылған белгi бар. Сол қара мола басына: «Фео­дализм заманының құрбаны Ең­лiк пен Кебек өлтiрiлген жер» – деп жазылған. Қандай надандық! Сол секiлдi құрбандықтар қазiр де болып тұрады. Оны сонда не, – «Социализм заманының құрбаны» демекпiз бе?! Жоқ. Еңлiк пен Кебек – фео­дализм заманының құрбаны емес, махаббаттың құрбаны. Адалдық, тазалық, пәктiктiң құрбаны. Сол үшiн де халық жүрегiнде аялап құрметтейдi. Ұмытпайды… 13 қараша, 1987 жыл
ҚЫЗ ҚАРАҒАЙ
 

Жоламан Тұрсынбековтiң осы атты әнi бар. Сөзiн жазған – Мақсұтжан Әубәкiров. Ән де, сөз де керемет. Бұл ән Ғабит Мүсiреповке арналған. Ғабиттың туған ауылы – Жаңа жолдан үш километр жерде қарағай орманның iшiнде дара өсiп тұрған жалғыз шырша бар. Көп жасаған ауыл адамдары: «Бiздiң бала кезiмiзде осы шырша осылай жалғыз тұратын едi»,– дейдi. Неге жалғыз? Нелiктен өсiп-өнiп кетпедi? Қасына барсаң, шашылып жатқан шырша жаңғақтары. Қай жылы, қашан түстi? Бiле алмайсың. Өйткенi ол жаңғақтар шiрiмейдi. Қап-қатты, тастай қалпы. Менiң ойымша, бұл жаңғақтар шiрiмек түгiл, жыл өткен сайын тасқа айнала беретiн секiлдi. Себебi? Себебi – бұлар тұл жаңғақтар. Будандасар төңiрегiнде басқа жынысты тұқым жоқ. Сонда бұл шыршаның тұқымы қайдан келген? Оны бiр адам дәп басып айта алмайды. Осы сұрақтан өрбiр басқа бiр сауал бар. Осы ауданда ауданнан ғана емес облыстан, облыстан ғана емес, бүкiл исi қазақ деген халықтан оза туған екi өнер иесi бар: ол – Сәбит Мұқанов. Ол – Ғабит Мүсiрепов. Халқымыздың осы даралары бұл жерде қалай туған? Шешiлмес жұмбақ. Бiрақ көңiлге медеу тұтарлығы – олар қыз қарағай емес. Артында iзбасарлары бар. Бүгiн болмаса да ертең туады ол дарындар.

* * *
30 маусым, 1988 жыл

1951-52 жылы дәрiгерлердi ұстаған хабарды мен Мүсiреповтiң үйiнде отырып естiдiм. Сонда Ғұсный жеңгей бiр күрсiнiп алды да:

– 37 жыл қайта басталды десейшi. Тағы да жаппай жазалау науқаны өтетiн болды ғой, – дедi. Мен келiспеген секiлдiмiн. Бiрақ таласқан жоқпын. Үй иесi ләм деп аузын ашқан жоқ. Қазiргi әдебиетте 30-жылдар туралы жазылған кiтаптарда бiлгiш, заманға қанағаттанбайтын, Сталиннiң кемшiлiктерiн айтатын «геройлар» жүредi. Сондай шығармаларды оқығанда күлкiң келiп отырады. Өйткенi иландырмайды. Сендiрмейдi. Бiрақ өмiрiне, заманға риза емес адамдардың болмағандығынан емес. Себебi жаза бiлмеймiз. Айта бiлмеймiз. Бiз бiлгiрлiк керек жерде жәй бiлгiш болып қала беремiз. 14 шiлде, 1988 жыл 1939 жылы «Жұмбақ жалау» шыққанда қолдан қолға тигiзбей оқыған едiк. Роман әсерi адам айтар емес. Сөйтiп лепiрiп жүрген кезде бiр «мықты» сыншының кiтаптың тас-талқанын шығарған сыны шықты. (Қалиев пе екен? Әлде Қысамединов? Болмаса басқа бiреу?!.) Кейiн 1945 жылы Сәбең үйiнде отырып сол мақаланың авторы жөнiнде сұраймын ғой: – Ол кiм өзi? Үндемей кеттi ғой? Неге жазбайды? Сәбең жауабы келте болды: – Ә, жеткен жерi сол болған шығар…
* * *
 

1957 жылы октябрь айында Әб­дiлдә, Хамит, Қалижан төртеумiз Москва түбiндегi «Старая бухтада…» болдық. Күн батып бара жат­қанда тату болайық деп батып бара жатқан күн атымен анттастық. Содан кейiн менiң бөлмеме келдiк. Сөздi үлкенiмiз Әбдiлдә алды да Қасымды мақтады. Хамит сарт етiп ашуланды. Төбелесерге жақындап барып тарастық.

* * *
 

Аманжолдың Қ. «Октябрь» колхозында (Солтүстiк Қазақстан, Преснов ауданы) бастық кезiнде аса iрi кер аты болды. Сол атпен қасқыр қуатын едi. Бiр жолы мен де аңға шықтым. Сол жолы кер ат шауып келе жатып iнге алдыңғы аяғын тығып алып, жiлiншiгi үзiлiп кеттi. Қары аман. Бiрақ ұшып кеткен. Омақаса құлаған жануар жалма-жан үш аяқтап қарғып тұрды да кiсiнеп жiбердi. Не мән бар?

* * *
  29 желтоқсан, 1993 жыл

Трагедияның ең жаманы, ең қиыны, ең сұмдығы – (трагедия болған соң мұндай теңеулердiң, анықтауыштардың қайсысы болсын дұрыс емес), сонда да трагедияның ең жаманы – өзiң туралы өз пiкiрiңнiң өзгелердiң пiкiрiнен жоғары тұрғандығы.

5 қараша, 1994 жылы Өткен жолы Олжас Сүлейменов туралы екi жерде пiкiр айттым. Бiрiншiсi – Әкiм екеумiздiң «Олжас, саған не болды?» атты газетте жарияланған хатымыз. Екiншiсi – он шақты жазушы қол қойған хат. Екеуi де Олжастың «Орыс мемлекетiне қосылайық, Конфедерация құрайық. Орыс тiлiн мемлекет тiлi етейiк» дейтiн ұсыныстарына қарсылық. Осы орайда баз бiреулер: Бұрын Олжасты жақсы көрушi едiң ғой. 1986 жылғы Жазушылар съезiнде Олжасты қорғап сөйлеп, Одаққа хатшы болып қайта сайлануына көмектеспеп пе едiң?! Ендi неге қарсы шығып жүрсiң? – деп сұрайды. Оларға жауап ретiнде Аристотель сөзiн келтiрсем де болады: «Платон, ты мой друг, но истина дороже тебя!». Олжасты жақсы көремiн, бiрақ қазақ халқы одан әлдеқайда қымбат. Халық тағдырымен ойнауға болмайды.
ТЕРIСҚАҚПАЙЛАР
 

Бiз әдебиетке келген елуiншi жылдарда қай жазушы болмасын Ана тiлiмiздi қызғанышпен өбектеп, дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуды басты мұратым деп танитын секiлдi едi. Бiлмеген сөздердi, көңiлге күдiк туғызатын сөз тiркестерiн, сөйлем айшықтарын кiшiсi үлкенiнен ғана емес, төселген, тәжiрибесi мол үлкендерiнiң өзi намыстанбай-ақ, көкбақай кiшiлерiнен де сұрап, бiлiсiп жататын. Бұл күнде заман өзгердi. Ана тiлiмiзге деген құрмет азайып кеттi. Жауапсыздық белең алды. Өзiм бiлем дейтiн көрсоқырлық жайлап барады. Оны бiз күнделiктi баспасөзден айқын көрiп жүрмiз. Мына Терiсқақпайлар тiлдегi сол пәтуасыздық тасқынына қарманған тал құрлы тосқауыл болар ма екен деген жәй «далбасадан» туған дүниелер. Әйтпесе ешкiмде де ұзыннан өш, қысқадан кегiмiз жоқ. Оқырман қауым «е, бәсе!» десе, өзiм оқитын газеттерден iлiктiрген әбестiктердi осылай Терiсқақпайыма тiркеп отыратын боламын.

«Жұлдыз» журналынан оқығаным туралы» атты мақаладан мынандай жолдарды кездестiрдiм: «Қазақстанда Бiрiншi сен болуға лайықсың» деп, Мәскеудегi Орталық Комитет ерекше емексiткен ол Бiрiншiнiң ең жанды жерiнен – интернационализм мәселесiнен келiп соғады. Мұны жазып отырған кiсi қазақ тiлiнiң майталманы, жазушы. Ал осы сөйлемдегi жанды жер деген не? Жанды жер – адамның қай жерi? Әрине, орысша айтсаң – слабое место немесе больное место. Не болмаса, Ахиллесова пята. Ал қазақша айтар болсақ – әлсiз жерiне соқты. Жанына тидi. Ауырған жерiн басты дер едiк. Тек жанды жерi емес. Қазақта «жанды жер» деп адамның ғауретiн айтады. Әрине, мақаланың иесi жанды жердiң ғаурет екенiн бiледi. Бiрақ бiле тұра осылай әдейi жазып отыр деуден мүлде аулақпын. Ауруханада мазасызданып жатқан жазушы «жанды жердiң» не екенiнiң байыбына бармай, баспасөз бетiнде оңды-солды сойқақтатып жүрген парықсыз бiлгiштердiң ауанында кеткен бе деп ойлаймын. Аузы дуалы адамдардың айтқаны, әсiресе жария жазғаны тез тарайды. Талас туа қалған жерлерде бәз бiреулер өз дегенiне көндiру үшiн, «мiне, жазушы ағамыз былай деп отырған жоқ па?!» деп шыға келуi де ғажап емес. Сондай сәтте таласып көр. Осыдан бiрер жыл бұрын тiл бiледi деген бiр ақсақалымыздың теледидар алдында жаңылыс айтып қалған мақалы баспасөз бетiнде қанша түзетiлсе де, күнi бүгiнге дейiн сол қате қалпында айтылып келедi. Жуырда дүниеден өтiп кеткен ол ақсақал ең әуелi: «Үйдегi нарықты базардағы баға бұзады», – дедi. Осыдан кейiн дуалы ауыздан шыққан қателiктiң өзiн жас журналистер қағып алсын да кетсiн. Мен бұл жөнiнде «Алматы ақшамына» «Нарық үйде емес, базарда» деп мақала жаздым. Ақсақал, обалы нешiк, өз қателiгiн мойындады. Сонда ол мақалдың дұрысы: «Үйдегi көңiлдi базардағы нарық бұзады». Осымен әңгiме бiттi деп есептеймiз ғой. Асықпаңыз. Осы жуырда ғана, анықтап айтсақ, 1994 жылы 28 қазан күнгi «Қазақ әдебиетi» газетiнде «Жауапсыздық па, әлде сауатсыздық па?» деген мақала басылды. Мақаланың тоқ етерi – мақал-мәтелдердi өзгертпей, өңiн айналдырмай, түзу айта бiлу, жаза бiлу. Авторы кiм дейсiз ғой? Авторы – тiл ғылымының маманы Әсет Болғанбайұлы. Қазақ тiлiнiң тазалығы жөнiнде бiр кiсiдей тер төгiп жүрген осы ғалымыңыз былай деп жазады: «Үйдегi бағаны базардағы нарық бұзар» дегендi бiреулер «Үйдегi нарықты түздегi базар бұзар» не болмаса «үйдегi нарықты базардағы баға бұзар» деп қате қолданғанын бiлемiз». Асылы, бiреудi үйреткiң келедi екен, ең алдымен не нәрсеге үйретiп отырғаныңды өзiң жете бiлiп алуың керек емес пе?! Газетте басылған мақаладағы сөзiмдi қайталап айтамын: үйде баға да, нарық та болмайды. Олардың бәрi де базарда. Үйiңде көңiлiң ғана бар. Ананы ана теңгеге алсам, мынаны мына теңгеге сатсам деген iшкi есебiң, болжамың ғана бар. Сондықтан да зерделi халық: «Үйдегi көңiлдi базардағы нарық бұзады» деп айтқан. Ауруханада ауырып жатып, жаңсақ айтып қалған жазушының «жанды жерi» жоғарыда келтiрiлген мақалдың кебiн кимес, бұдан былай қолданылса, тек ғаурет деген өз мағынасында ғана қолданылар деген сенiмдемiн.
* * *
 

«Халық кеңесi», 19 тамыз, 1994 жыл. Қуандық Үмбетов. Мақала аты – «Дәнiкеннен құныққан жаман». «Халқымызда «дәнiкеннен құныққан жаман» деген мақал бар едi», – дептi автор. Халық мақалын дұрыс зерделемеген iнiмiз қапы айтып отыр. Дұрысы – «Құныққаннан дәнiккен жаман». Себебi дәнiкпеген адам құнықпайды. Құнығудың бастауы – дәнiгуде. Содан сақ бол деп ескертiп отыр халық. Мақалдың астарлы мағынасы осында. Әйтпесе құнығудың жаман екенiн кiм бiлмейдi дейсiң?!

* * *
 

«Түркiстан» газетiнiң 1994 жыл, 16 қараша күнгi санынан «Көң қатса қалыбына» атты шағын хабарды оқыдым. Сонда қалай, көңнiң қалыбы қату ма? Олай десек, қыс түспейтiн, жер қатпайтын жылы жақтағы көңнiң қалыбы не болмақ? Жаңсақ қолданылған сөз тiркесi. Дұрысы – көң құрысса, қалпына барады. Әрине, сулап жiбiтсең, көңнiң құрыс-тұрысы жазылып, жұмсарады. Ал ылғалдан айырар болсаң, қайта құрысады, қалпына барады. Былайша айтқанда, тексiздi қанша баптап күтсең де, тексiздiгiне саяды. Мақалдың астары осында.

* * *
 

«Халық кеңесi» 17 тамыз, 1994 жыл. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi баспасөз орталығының инспекторы, iшкi қызмет лейтенанты Елеусiз Пардабаев «Қылмыс хикметтерi» деген айдармен берiлген жетi фактысының бәрiнде де «пәлен жылы туған» деген дұрыс ұғымды бұрмалап, «туылған» деп берiптi: «… еш жерде жұмыс iстемейтiн Өтегенов, Сариев, Ахметов деген бұзақылар 1975 жылы туылған Момышевты ауыр соққыға жықты…», «… туылған… туылған» – осы секiлдi туылған болып кете бередi. Өте жаңсақ қолданылған сөз. Қалыптасқан әдеби тiлдегi норма – туған. Туылу – анасының жатырынан өзi шыққан секiлдi терiс әсер тудыратынын есте сақтауымыз керек. «туғанда дүние есiгiн ашады өлең» демей ме Абай?! «Туылғанда» деп айтпаған ғой данамыз. Ендеше, Абай – бiзге үлгi.

* * *
 

«Халық кеңесi» 23 тамыз, 1994 жыл. Осы газеттiң меншiктi тiлшiсi Ғабдул-Ғазиз Есембаевтың «Айуанның ақ балтасы» деген мақаласында: «Өз қолымен жер жастандырған бес адамның мүрдесiнен аттап өтiп…» деген жолдарды кездестiрдiм. Мүрде деген не? Мүрде – өлген адамның зираты. Басқаша айтсақ, мола. Сол моланың басына орнатылған бейiтi. Қазақта өлiп қал дегендi бiлдiретiн «мүрдем кет!» дейтiн қарғыс бар. Олай болса, бес адамның мүрдесiнен қалай аттап өтпек? Дұрысы – өз қолымен жер жастандырған бес адамның мәйiтiнен аттап өтiп…

***
 

«Ана тiлi» 11 тамыз, 1994 жыл. Қамзабекұлы дегеннiң «Алтынның сынығындай» деген мақаласында мынандай сөйлемдi кездестiрдiм: «Егер бас­падан шыққан әр кiтап ой-санамыздың iлгерiлеуiне, жоғалтқанымыздың толығуына (?) мысқалдай үлес қосса, онда жазушының, жинаушы-құрастырушының, баспагердiң еңбегi еш, тұзы сор болмағаны». Қатардағы қарапайым, осы бiр жәй сөйлемде «тұз» бен «сорды» соншама қабаттастырудың не керегi болды екен? Тұз бен сор еңбегi еш болғанда ғана айтылады. Еңбегi еш, тұзы сор болмағаны деу мүлде келiсiмсiз. Дұрысы – … жазушының, жинаушы-құрастырушының, баспагердiң еңбегiнiң жанғаны.

Дайындаған
Жанар ӘБСАДЫҚ
29.12.2011