ОРЫНБОРДА ҚАРАКӨЗ АРУЛАР ҰРЛАНУДА

ОРЫНБОРДА ҚАРАКӨЗ АРУЛАР ҰРЛАНУДА

ОРЫНБОРДА ҚАРАКӨЗ АРУЛАР ҰРЛАНУДА
ашық дереккөзі

Бүгiндегi Ресейдiң ең бiр iргелi аймағының бiрi – Орынбор уәләяты бiр замандарда қазақ халқының атамекенi, яғни, ту тiккен ордасы едi. Осы аймақтағы Астрахань (Хажы Тархан), Орск (Жаманқала) түп-түгел бiздiң ата-бабамыздың қонысы болған десең, оны бiр де бiр көзi қарақты кiсi жоқ дей алмайды. Сол қасиеттi атақоныстан айрылғанда:

«…Едiлдiң бойы қанды қиян

Жайықтың бойы майлы қиян,

Адыра қалған үш қиян», – деп Мұрат Мөңкеұлы күңiренткен.

«Жалпылдаған жас тайлақ,

Жардай атан болған жер.

Жатып қалған бiр тоқты,

Жайылып мың қой болған жер», – деп Қазтуған,

«Әттең, дүние қайтейiн,

Сарыарқаның даласы-ай.

Ашалы тоғай ағашы-ай,

Шер шемендей қайнайды-ау,

Көкiректiң санасы-ай.

Санасыз болып барасың,

Сары қазақтың баласы-ай», – деп Есенгелдi Ақпан жырау да зар жырын төккен ұлан-ғайыр аймақ осы. Қазақтар бұрын Сарыарқа деп мына шетi Атырау, мына жағы Ақтөбе, Орал, Орынбор аймағын, қысқасы Ресеймен шекаралас осы ұлан-ғайыр өлкенi айтқан. Күнi бүгiнге шейiн көбiмiз баяғы Ресей саясатының ыңғайымен жазылған тарихтың шырмауынан шыға алмауымыздың кесiрiнен әдiл бағасын ала-алмай жүрген Әбiлқайыр ханның артында бұл өлке туралы «Едiл мен Жайықтан айрылса, қазақ ел болмай қалады, бәрiнен айрылады» деген ескерту сөзi қалған. Солай бола тұра…

Иә, солай бола тұра Қазақстан Ресеймен шекараны белгiлеп жатқанда бұл ықылым заманнан берi қазақтың атамекенi едi ғой деген сыңар ауыз сөз айтылған жоқ. Мүмкiн бұл да бiздiң басшылардың «Өспейтiн жiгiт өнбейтiн дауды даулайды», «Өспейтiн бала иткөсiк қазады» деген, өткендi қозғап қайтемiз деген көрегендiк саясаты шығар. Ол да дұрыс дейiк. Бiрақ сол атамекенiнде жат елдiң – Ресейдiң құзырында қалып қойған бауырларымыздың бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгi қандай? Олардың тiл, дiн, ата-баба салт-дәстүрi, ұлттық мәдениетi, өнерi, жазу-сызуы сияқты ең басты ұлттық ерекшелiктерi қаз-қалпында сақталып отыр ма? Оларға арналып Ресейде қазақ мектептерi, қазақ балабақшалары ашылған ба?

Жоқ болса, неге олай? Бұның бәрi бүгiнде тұлабойына орасан зор күш-қуат толып, Астанасының сұлулығына бүкiл әлем қала көрмегендей қайран қалып, әншiлерi мен бишiлерi, спортшылары Еуропа мен Американың аузын аштырып келiп жатқан алып Қазақстанның басты мәселесiнiң бiрi болуы керек едi. Өйткенi бiз өз жерiмiзде кейде 130, кейде 140 ұлттың басын бiрiктiрiп, бәрiн бiр әке, бiр шешеден туғандай күтiп-баптап отырған және қой аузынан шөп алмайтын бейбiтшiлдiгiмiздi алты әлемге үлгi-өнеге етiп отырған елмiз. Бiз бұл үлгi-өнегенi ең әуелi көршi Ресейге үйретуiмiз керек. Өйткенi Ресейде бәрi керiсiнше! Ресейдiң қазақтар шоғырланған бiр де бiр облысында бiр де бiр қазақ мектебi жоқ. Бұған сәл кейiнiрек тоқталамыз.

Ең сұмдығы мынау. Жақында Орынбор облысында шығатын, «Бәйтерек» деген атауы қазақша, негiзiнен орыстiлдi газеттен «На востоке Оренбуржья без вести пропадают казашки» деген мақалаға көзiм түстi. Авторлары Онгар Муканов, Мереке Ульманов деген азаматтар («Бәйтерек». Культурно-просветительская газета Оренбургской области. 2011, ноябрь, №21). Ресейдiң жоғары оқу орындарында оқып жатқан талай-талай қазақ қыз-жiгiттерiнiң соққыға жығылғаны, өлтiрiлгенi туралы баспасөзден талай-талай оқығанымыз бар. Тiптi осыдан бiрер жыл бұрын Санкт-Петербургтiң көшесiнде қазақша сөйлесiп бара жатқаны үшiн қос қазақ қызының бiрi өлтiрiлiп, екiншiсi өлiм аузынан қалғанын да бiлемiз. Осы уақиғалардың бiр де бiрi үшiн бiр де бiр қылмыскердiң жазаланғанын да естiген емеспiз.

Ал Қазақстан басшылығы, яки Сыртқы iстер уәзрияты (министрлiгi) мұндайда Ресейге наразылық нотасын жолдап, уақиғаның мән-жайын түсiндiруiн және қылмыскерлердiң қатаң жазаға тартылуын талап етiп, ресми мәлiмдеме жасауға мiндеттi. Ол мәлiмдеме баспасөз бетiнде жарияланып, теледидардан хабарлануы керек. Оның бiр де бiрi жасалған жоқ. Қазақстан жағы мұндайда ылғи бұғып қалумен келедi.

Ендi мiне… Орынбор облысында қазақ қыздары iз-түзсiз жоғалып кететiн «кесел» шықты. Аталмыш газеттiң берген бiр мәлiметiне қарағанда, 2009 жылдың бiрнеше айында 15 пен 30 жас арасындағы 29 әйел жыныстыларға iздеу салынған. Оған осы уәләяттың құқық қорғаушыларының берген жауабы: «Олардың қайда екенi туралы ұзақ уақыт еш фактiнiң болмауы бұл азаматшаларға қылмысты iстер жасалған деу­ге келiңкiрейдi»,– деп түйiнделедi. Газеттен тағы бiр үзiндi: «Бүгiнге дейiн жоғалып кеткен 23 әйелдiң iз-түзi жоқ. Олардың 10-ы Орынбордың күншығыс бетiнде жүрiп жоғалған. Полициядан түскен мағлұматтарға қарасақ, облыстың шығыс аудандарында негiзiнен жас қазақ қыздары жоғалып кетуде.

Осы өткен жазда Новоорск ауданының Бадамша ауылынан 22 жасар Айжан Үркiмбаева ұшты-күйлi жоқ болып кеткен. Ол Жаманқаладан (Орскiден) Новоорскiге келе жатқан. Домбарова ауылынан Гүлбарам деген ендi ғана мектеп бiтiрген қыз баладан үш жылдан берi хабар жоқ.

Биылғы қыркүйектiң басында Новоорск ауданындағы Тасбұлақ ауылының 20 жасар тұрғыны Гөзел Қалтаева Орск қаласына барып ғайып болды. Гөзел өткен жазда осы қаладағы 21-лицейдi тәмамдаған, ендi қыркүйектiң орта тұсында Новотройцкiдегi банкке кассир болып жұмысқа ораналасқалы жүр едi. Сол күнi ол Орскiдегi құрбысының туған күнiн тойлауға қатысыпты. Туған апасы Махаббат Қалтаева, ол маршруттық таксимен үйге қайтқалы жатқанын айтып хабарласқан едi, сосын телефон үзiлiп кеттi дейдi. Гөзелдiң бiрге болған құрбылары бұл туралы ешнәрсе айта алмайды, ал полициядағылар тексерудемiз, iздеудемiз дегеннен әрi аса алмауда». Ендi бiреулердiң айтуынша, қыздарды көршiлес Қазақстанға секс-күң ретiнде сатумен айналысатын банда ұйымы бар-мыс. Олай дейiн десек, егер ол қазақ қыздары Қазақстанда жүрiп мына тұрған Орынбордағы ата-анасына, тума-туыстарына сонша уақыттан берi бiр хабар бере алмауы еш мүмкiн емес. Дұрысы, оларды азиялық қыздарды таңсық көретiн ресейлiктерге, еуропалықтарға сатады деу­ге келiңкiрейдi. Немесе қазiр Ресейде не көп, «Россия только для русских» деп шулатып жүргендер көп, олардың бұл қыздарды не iстегенiн бiр Жаратқанның өзi бiледi. Ресейде жүрген өзге ұлт өкiлдерiн ұрып-соғып, өлтiрiп кеткендердiң ұсталғандарының өзi ақталып, еш жазаға тартылмай құтылып кететiнiн баспасөзден талай оқығанбыз да, естiгенбiз де. Ендеше, ұшты-күйлi жоғалып кеткен қазақ қыздарының ешбiрiнiң табылмауы үлкен күдiк тудырады. Тiптi Орынбор уәлаятының прокуроры Игорь Ткачевтiң өзi бұл бағыттағы жұмыстар өте баяу, тиiмсiз жүргiзiлiп жатқанын айтады. Ол: «Iшкi iстер органдарының жоғалған қыздарды iздестiру бойынша жүргiзуге тиiстi жұмыстары өте төмен деңгейде, – деп батыра айтады. – Көп жағдайда iздестiру шаралары қылмыстың бастауын iздестiруден басталады да, аяғы сұйылып кетедi. Құқық қорғау қызметкерлерi хабарсыз кеткендердi iздеудi табандылықпен, аяғына шейiн жүргiзбейдi», – дейдi ол.

Осындайда еске түседi, бұдан бiраз жыл бұрын Өскеменде түнде мас болып келе жатқан екi орысты бiреулер соққыға жығып кетедi. Соны естiп қалған Мәскеудiң мэрi Лужков дереу Қазақстанның Елбасы Н.Назарбаевқа наразылық мәлiмдеме жасағаны есiмiзде. Өткен жылы Қазақстанда тұратын бiр-екi орыс бiресе зейнетақымыз өте аз, бiресе тұрмысым нашар дей келiп, бүйте берсеңдер Мәскеуге, Путинге айтамын деп теледидардан, баспасөз бетiнен қоқан-лоққы жасағанын көрдiк. Бұлар Қазақстан азаматтары. Сөйте тұра, Мәскеудi айтып айбат шегуi өздерi отын оттап, суын iшiп отырған Қазақстанға айбат шегуi. Ал бұл ненi бiлдiредi? Осының өзi Қазақстанның Ресейден азаттық алғанына күмән келтiру емес пе? Мiне, осының бәрi ойланатұғын жәйт. Ең алдымен Қазақстан басшылары ойланатын нәрсе. Басымызды көтерейiк, ұлт болып бiз де бiр сiлкiнейiк деген ниет жоқ қазақтарда. Айтатыны «Елiмiзде тыныштық!» Ал ол ел тек қазақтiкi емес, жан-жақтан келгендердiң бәрiне ортақ, «Казахстан – наш общий дом» деген ұранның неге күн сайын қайталанып жатқанымен де жұмысы жоқ.

Иә, Ресейде қазақ мектебi дерлiктей мектеп те жоқ. Қазақстан халқының 9 миллионнан астамы қазақ, ал орыс мектептерi қазақ мектептерiнен көп. Телеарналардың көбi Ресейге сатылған. Оларда қазақ тiлiнде там-тұмдап берiлетiн хабарлар жұрт күндiз жұмыста жүргенде, жұмыс аяғында немесе түн ортасы ауғанда берiледi. Ал Ресейдiң қазақтар көп тұратын аймақтарының өзiнде бiрде-бiр телеарна бiр минут та қазақша хабар бермейдi. Орынбордағы «Возрождение» деп аталатын уәләяттық немiс қоғамының төрағасы Леонид Райзих былай дейдi: «Бiздiң ұйымда ресейлiк немiстерге көмек көрсетiп отыратын федералдық мақсаткерлiк бағдарлама бар. Ал Германия бiзге берiлуге тиiстi ең бiрiншi көмек – немiс тiлiн өркендету деп есептейдi. Тiл мәселесi әрқашанда бiрiншi орында. Бiз тiлге нелiктен мұншалықты зор маңыз беремiз. Өйткенi тiл – ұлттың бас­ты ерекшелiгi!». Бiр өкiнiштiсi, Ресейден азаттық алғанының 20 жылдығын тойлап өткен Қазақстан шетелдегi қандастарына осылай жанашырлық жасамақ түгiл, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң өз елiндегi жағдайын көзiмiз көрiп отыр. Ресейде iз-түзсiз жоғалып кетiп жатқан қаракөз қыздарымызды жоқтамақ түгiл, бiресе «Оралмандар елiмiзге ешнәрсе берген жоқ», – деп, өз етегiмiздi өзiмiз ашып отырысымызды қазақтың жауынан басқа ешкiм құптай қоймас!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

29.12.2011