ЖЕЛТОҚСАНДА ШЫҢДАЛҒАНБЫЗ

ЖЕЛТОҚСАНДА ШЫҢДАЛҒАНБЫЗ

ЖЕЛТОҚСАНДА ШЫҢДАЛҒАНБЫЗ
ашық дереккөзі
210

Өздеріңіз білесіздер, кеңес өкіметі дейтін өрмекшінің торындай жан жағын шырмауықша шырмап, Орта Азия мен Таяу Шығыс елдерінің біраз бөлігін байлап-матап ұстап, өз дегенін асырғысы келген зұлмат империя жетпіс жылдан астам билік құрды. Бірақ түптің түбінде сол қанды қол қызыл империя көп ұзамай құрдымға біржола келмеске кетті. Оған қуанбаған халық жоқ шығар, сірә? Сонау 1986 жылдың қақаған аязында суыққа тоңбай, Кеңес Одағының қабырғасын сетінеткен талай қаракөздермен бірге иық тірестіріп, табан аудармай, өз демократиялық көзқарастарымызды батыл түрде таныта білдік. Шыны керек, уақыт алыстаған сайын желтоқсан оқиғасының жаңғырығы жақыннан естiлiп келедi. Бiрақ әсiресе тәуелсiздiк жылдарында мектепке барған ұрпақ желтоқсанды Ұлт азаттығы жолында болған көтерiлiс емес, билiкке қарсы бағытталған оқиға ретiнде оқып, танып келді. Және бұл үшiн жастар кiнәлі емес. Өйткенi оқулық бетiне түскен ел тарихының сол кезеңi осылай баяндалады. Бұл Желтоқсан көтерiлiсiне деген түбегейлi көзқарастың қалыптаспауынан, көтеріліске саяси-құқықтық баға берiлмегендiктен туындап отыр.

Президентiмiздiң желтоқсаншыларды ақтау туралы 1991 жылдың 12 желтоқсанындағы жарлығы бойынша, бiз, желтоқсан оқиғасына қатысушылар толықтай ақталғанбыз. Бiрақ бiз неден ақталғанбыз? Соның ара-жiгiн ажыратып алайық. Жалпы, желтоқсан оқиғасының саяси-құқықтық бағасы дегеннiң өзi осыдан шығады. Мынаны түсiнiп алуымыз керек, сол кезде алаңға шыққан жастардың әрекетi дұрыс па едi, әлде желтоқсаншыларды аяусыз басып-жаншыған, кейiннен ит қосып қудалаған мемлекеттiк жүйенiң жасағаны әдiлеттi ме едi? Осы екi тараптың iс-әрекетiне баға берiлуi тиiс. Осылай болғанда ғана желтоқсан оқиғасының саяси және құқықтық бағасы толықтай анықталады. Бұл мәселемен бiздiң елдiң Парламентi айналысуы керек.

Бiр түсiнбейтiнiм, бiзде қазiр желтоқсан оқиғасына нақты баға берiлмеуiн Президенттен, Үкiметтен көретiн топтар бар. Мiне, қараңыз, Президент аталған жарлығында тайға таңба басқандай көрсетiп берiп отыр. Бiрiншi бөлiмiнде «Қазақстандағы 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында болған оқиғаға қатысып, қылмыстық, әкiмшiлiк және тәртiптiк жазаға тартылғандар ақталсын» деп көрсетiлсе, үшiншi бөлiмiнде осы оқиға кезiнде жастарды жаппай жазалауға қатысқан әскерилердi марапаттаған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң жарлығының күшiн жою туралы нақты айтылған. Ендеше олардың «Бiздi ақтамады…» деп өкпе айтуы орынсыз. Ал Парламент Президенттiң осы жарлығын негiзге ала отырып, тиiстi заңнамалық құжаттар әзiрлеуi керек.

Шыны керек, тағдырдың айдауымен адамның басы не көрмейді. Содан да шығар, қазекем «адамның басы – Алланың добы» деп түйетін. Жә, оған да уәж табылар. Қазақ қандай кәсіп болмасын оны ұршықша үйіріп, көзін табуға барын салып тырысады. Ондайды біз жанкештілік дейміз. Жанкештілік дегеннен шығады, қазақ жастарының 1986 жылғы ызғарлы желтоқсандағы ерлігін бір есептен жанкештілік деуге де негіз бар. Енді жанкештілік емей немене, қазақ халқының тағдырын шешуге араласатын адамды орыстан сайлаған Горбачевтiң шешіміне саналы да салиқалы түрде қарсылық көрсеткен желтоқсандықтардың әрекеті айтуға тұрарлық ерлік. Желтоқсан десе, ойыма екі есім оралады. Осы жолда ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағанбетов ағамнан үйренгенім көп болды. Және өзі бұл өмірде болмағанмен құлағымда жаңғырып тұратын ақыл-кеңестерін аямаған қамқоршы ағам Аманжол Нәлібаевтың орны бөлек. Ол кісінің негізгі мамандығы заңгер болатын. Бір де бір ісін асығыс жасап, артынан бармақ тістеп көрген емес. Өте салмақты кісі еді. Қандай жұмыс бастаса да, соны аяғына дейін бітіретіндігі маған сабақ болды.Қоғамда мынандай да пiкiр бары жасырын емес: «Бiр кездерi жастарды басып-жаншуға, қудалауға қатысты iстерге қолын былғаған азаматтар әлi де билiкте отыр. Олар желтоқсан шындығының айтылуына мүдделi емес…» дегендей. Тiптi, олай болған күннiң өзiнде ел емеспiз бе, ұлтымыздың басына нәубет болып төнген қасiрет туралы ұрпақ санасына жетерлiктей, Желтоқсанның рухы жаңғыратындай шараларды жасауымыз керек. Желтоқсанды ұлықтау мектептерде бұрынғы сценариймен ашық сабақтар өткiзу, Қайрат пен Ләззатты солдаттардың алдына салып айдатып қоятын көрiнiстер көрсетумен бiтпеуi керек. Неге елге белгiлi кәсiпкер жiгiттер бiрiгiп, қаржы жұмсап, үлкен шараларды өткiзуге ынталы емес? Ол үшiн Президент жарлық шығарып немесе Үкiмет қаулы қабылдауы тиiс пе?

Бұл ретте желтоқсан оқиғасының үш күнінде де алаңға барып, өз ойымды бейбіт түрде білдіргенім үшін бес жылға сотталған ғашығы – мені сонау Ресейдің қияндағы Чита қаласына іздеп барып қосылған жан жарым — Роза Арипова өскелең ұрпаққа шын мәнінде өнеге деп білемін.

Иә, желтоқсан оқиғасы менің жап-жас өмірімді мүлдем күтпеген әрі күрделі соқпаққа бұрып жіберіп, бұла тағдырымды ылаңға түсіріп, тәлкекке ұшыратқанымен, шүкір, мұқалта алмады. Ең бастысы – түбі әділеттіліктің салтанат құратындығына деген сенімімді жоғалтуға күші жетпеді, кемел келешекке деген үмітімді ұрлай алмады. Бұл жолда сол кездегі сүйген қызым, бүгінде аяулы жарым Розаның соншалықты қиындықтар мен көптеген кедергілерге қарамастан, қасымнан табылып, қазақ қыздарына тән қайсарлық танытып, кіршіксіз махаббатқа деген адалдығы мені сол бір тар жол, тайғақ кешуден адастырмай алып шықты десем, ешқандайда артық айтпаған болар едім. 1986 жылы ойымызда ештеңе жоқ, өзіммен бір курста оқитын сүйген қызым Роза Ариповамен отау құрмақ болып уағдаласып, әке-шешем келін түсіру қамымен дайындалып жатқан еді. Алайда Желтоқсан аласапыраны – «байтал түгіл, бас қайғы» деген жағдай бұл ойымызды кейінге шегергенімен, одан бас тартқыза алмады. Роза мені Читадағы түрмеге іздеп келіп, екеуміз сол жерде некемізді қидық.

Қазақ қыздарының шын ерлігі, оның ішінде қазақ қызының ерлігі жайында айтар әңгіме, әрине алдағы күндердің еншісінде ғой. Бірақ Розаның артымнан із суытпай іздегені, Ресейдің ну орманды жеріне тайсалмай келгені мені жігерлендірді десем артық айтқаным емес.

Әлбетте, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің бүгінгі 25 жылдығында жадымызда мақтанышпен сақталатын әрі қазіргі жас ұрпақ үлгі тұтатын тағылым аз емес. Соның бірі – Желтоқсан шырғалаңында жазықсыз сотқа тартылып, отқа түсіп, итжеккенге айдалған сүйіктілерінің артынан іздеп барып, түрменің кермек дәмін бірге татысып, некелерін тар қапаста қиған қазақ қыздарының асқақ рухы. Мұндай жайттардың басқа елдердің тарихында кездескенін білеміз. Дегенмен Ресей декабристерінің әйелдері ит тұмсығы өтпес, сұры сұсты, табиғаты суық Сібірдегі ерлерінің артынан барып, ауыртпалығын бөліскені – бөлек әңгіме. Себебі ғашық жігіті әділетсіздіктің салдарынан сотталып кетіп, әрі-сәрі күй кешкен, он екіде бір гүлі ашылмаған қазақ қыздарының тағдыры тіптен басқа. Бұл жердегі таңдау да өте қиын соққаны анық. Сүйген жігітіне деген іңкәрліктен бұрын махаббат пен ғадауат, адалдық пен арамдық, ұят пен намыс қатар шарпысып, қиын түйін шешілген іспетті. Таңдау қателес¬тірмепті. Күні кеше ешкімнің сөзіне қарамастан, тек өздерінің ақылына жүгінген аруларды бүгінде қалай мақтасақ та жарасады.

22.12.2011

Расылхан Құдайбергенов,

«Азамат-құрылыс» компаниясының президентi

Серіктес жаңалықтары