391
МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ҰЛТШЫЛДЫҚ ИДЕЯСЫ
МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ҰЛТШЫЛДЫҚ ИДЕЯСЫ
Қазақстан тәуелсiздiк тарихындағы маңызы зор тұлғалардың бiрi — Мұстафа Шоқай екенi ақиқат. Мiне, осыған орай Қазақстанның тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай жақында Алматыда Шығыстану институтында “Мұстафа Шоқайдың ғылыми мұрасы және қазiргi заман” атты халықаралық ғылыми практикалық конференция болып өттi. Бұл – Мұстафа Шоқайға арналып халықаралық дәрежеде өткiзiлген тұңғыш ғылыми конференция.
Халықаралық жиналысқа көптеген ғалымдар қатысты. Олардың арасында Ш.Уәлиханов тарих және этнология институтының директоры, профессор Ханкелді Әбжанов, Мемлекеттік тарих институтының директоры, профессор Бүркіт Аяған, академик профессор Көшім Есмағамбетов, профессор Гүлжаухар Көкебаева, түрік ғалымдары доцент Айхан Пала, доцент Сефа Хекимоғлы және басқа да ғалымдар қатысты. Конференцияны ашу сөзінде Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы тұлғаларды білмейінше бұрынғы дәуірлердің бір де бірін танып білуге болмайды” деген сөзін атап өтіп, Мұстафа Шоқайдың Шығыстану институты академик Көшім Есмағамбетовтің басшылығымен Шоқайдың бүкіл еңбектерінің 13 томдығын баспаға дайындап жатқанын жеткізді. әл-Фараби мемлекеттік университетінің профессоры Гүлжаухар Көкебаева өзінің Польша және Германия архивтерінде жұмыс істегенін айта келіп, оларда Мұстафа Шоқайдың нацистермен бірге істескен сатқын екенін айғақтайтын бір де бір құжат болмағанын, керісінше оның нацистерге қарсы болғанын көрсететін көптеген деректердің бар екенін баса көрсетті. Мемлекеттік тарих институтының директоры, профессор Бүркіт Аяған ресейлік тарихшылар әлі де болса Шоқайға сатқын ретінде баға беріп келгенін айтып өтті. Тіпті олар нацистік армия қатарында қызмет істеген Власовты, ақ гвардияшы Деникин іспетті қолбасшыларды орыс патриоты деп ақтауда, бірақ Түркістан легионында болғандарды сатқын ретінде аяусыз сынауда екен. Бұған қарағанда, ресейлік тарихшылар Шоқай туралы зерттеулердегі соңғы жылдарда қазақ ғалымдарының қол жеткізген жетістіктерінен хабарсыз көрінеді. Бұның басты себебі Ресей ғалымдарының қазақ тілін білмеуінде жатса керек. Сондықтан қазақ тіліндегі Шоқай туралы маңызды зерттеулерді орыс, ағылшын, неміс және француз тілдеріне аударып отыру қажет сияқты. Осы орайда маңызды бір қадам біздің 2002 жылы түрік, 2004 жылы қазақ тілінде шыққан «Мұстафа Шоқайдың өмірі, шығармашылығы және күресі» атты еңбегіміз француз парламентінің демеуімен француз тіліне аударылып жатқандығында болып отыр. Жақын арада Парижде баспадан жарық көрмек. Бұл кітап және басқа да қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектері орыс тіліне де аударылғанда бәлкім Шоқайдың сатқын емес екенін білсе де, білмеген болып отырған ресейлік әріптестерімізге жауап болар еді. Ал енді осыдан дәл 70 жыл бұрын, атап айтқанда 1941 жылы 27 желтоқсан күні дүниеден өткен Шоқайдың мұрасы, идеялары бүгінгі Қазақстанға не береді деген сұраққа келейік. Міне, осы тұрғыдан алғанда біз неге Мұстафа Шоқайдың эмиграцияда жүрген кезінде тәуелсіз ұлттық қазақ мемлекеті туралы айтқан пікірлерін талдамаймыз. Оның пікірлерін бүгінгі Қазақстанның егемендігін нығайту барысындағы іс-шараларға пайдаланбаймыз. Негізінде, мұны пайдаланғандар жоқ емес. Әсіресе Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы ақпан айындағы жолдауында Шоқайдың кезінде айтып кеткен “біртұтас Түркістан идеясын” одан әрі дамытып “Орталық Азия одағын” ұсынған еді. Шоқай идеологиялық қысым шектеулер болмаған еркін ортада Кеңес Одағының қол астындағы Қазақстан, тіпті бүкіл Түркістан үшін тәуелсіздікке қалай қол жететіні, тәуелсіз болғанда қалай өмір сүре алатындығы жөнінде ойланып-толғанып баға жетпес, құнды идеялар қалдырып кеткен. Егер бүкіл Алаш қайраткерлері, атап айтқанда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мағжан Жұмабай сынды ұлы тұлғаларымыз да сол кезде Еуропаға шыққанда не болар еді? Олар бізге тәуелсіздік жөнінде қандай ойлар тастап кетер еді? Бір Мұстафа Шоқайдың өзі шетелде, Еуропалық ғылыми ортада, көрнекті саяси тұлғалардың арасында жүріп Қазақстан және бүкіл Орталық Азия халықтарының жарқын болашағы үшін “біртұтас Түркістан идеясын” және олардың тіл, дін, діл және тарихы үшін үлкен ойлар мен пікірлер тастап кетті. Бұлардың барлығы оның қомақты еңбегі «Яш Түркістан» журналының 1929 – 1939 жылдары арасында жарияланған 117-санында орын алуда. Сондықтан біз «Яш Түркістан» журналындағы тек Шоқайдың жазғандарын ғана емес, бүкіл жазылғандарды қазақ тіліне аударып басуға тиіспіз. Өйткені Шоқайдың “Яш Түркістан” журналы – Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы күрестің туы болып табылады. Журналдың мақсатын алғашқы санында атап көрсеткен Шоқай мұның Түркістанның тәуелсіздігі мен халқының өзін-өзі басқару құқығына қол жеткізуі жолындағы күрес екендігін айтады. Ал бұл күрестің негізін саясат, мәдениет және тіл салаларындағы жұмыстар құрайды. Шоқайдың пікірі бойынша ең алдымен түркі әлемінде мәдениет пен тіл бірлігін қамтамасыз ету қажет. Түркі мәдениетін барлық түркі халықтарының ортақ мәдениеті деп ұғынған жөн. Түркі халықтары бір-бірінің сөйлегенін және жазғанын ешқандай аудармашысыз түсінуі керек. Стамбулда шыққан газет Самарқанда да оқылуға тиіс. Осылайша, түркі халықтары арасындағы бірлік пен туыстық сезімдері күшейе бермек. Осындай бірлік-береке қамтамасыз етілгеннен кейін басқа халықтармен тәуелсіздік мәселесінде одақтасуды жақтайды. Шоқай мұны Түркістанның тәуелсіздігі үшін қажет деп санайды. Міне, осындай құнды ойлар «Яш Түркістан» беттерінде көп кездеседі. Бұл – егемендікті нығайту, баянды ету, мәңгілік ету жөніндегі бүкіл саясат шаралардың жиынтығының атауы. Геосаясаттың атынан да аңғарылғанындай үш тұғыры бар. Біріншісі экосаясат, яғни экономикалық саясат, екіншісі геосаясат, географиямызды, қазақша айтқанда жағрапиямызды, елдің территориясының тұтастығын сақтау және елдің аймақтық орналасуына қарай саясат жүргізу, яғни геополитика. Үшіншісі этносаясат, ол қазақ халқының этномәдениетін, өзге халықтарды кемсітпестен қалпына келтіру саясаты. Бір ел осы үш салада мықты болмайынша егемендігін сақтай алмас демекпін. Қазақстан алдынғы екі саясатта әлемді таң қалдырарлық үлкен табыстарға жетті. Енді егемендігіміздің баянды болуы үшін этносаясатта үлкен табысқа жетуіміз қажет. Өйткені әлемдік күшке ие елдердің этномәдениеттік проблемалары жоқ. Мәселен Ресейде орыс тілін білмеген орыс, Америкада ағылшын тілін білмеген америкалық, Кытайда қытай тілін білмеген қытай бар ма деген сұраққа жоқ деп жауап аласыз. Біздің ойымызша, Қазақтың этносаясаты Қазақстанда қазақ тілін білмеген қазақ бар ма деген сұраққа жоқ деп жауап алынғанда табысқа жеткен болады. Геосаясатта егемендіктің кепілінің жастар екені даусыз. Шоқайдың Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы күресі үшін зор үміт артқан “Яш Түркістан”, яғни “Жас Түркістан” журналының аты кездейсоқ қойылған ат емес, қайта саналы түрде жасалған таңдау еді. Мұның өзі, Шоқайдың Түркістанның тәуелсіздік күресінде жастарға деген сенімінен туындаған еді. Бұл сенімін Шоқай бір сөйлеммен былай деп ортаға салады: “Біз тәуелсіз Түркістанымыз үшін қажетті барлық нәрсені жас ұрпақтан күтеміз.” Сол секілді тәуелсіз Қазақстан үшін қажетті барлық нәрсені жас ұрпақтан күтуге болады. Оларды осы орайда ұлттық сананы қалыптастыру үшін Шоқай сынды тәуелсіздікке бүкіл саналы ғұмырын арнаған тарихи тұлғаларымыздың еңбектері және идеяларымен таныстыруымыз қажет.
22.12.2011
Әбдiуақап ҚАРА,
Мимар Синан Университетiнiң профессоры,
Шоқайтанушы