ЕЛДІҢ БІРЛІГІ МЕН ТҰТАСТЫҒЫ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙМЫЗ
ЕЛДІҢ БІРЛІГІ МЕН ТҰТАСТЫҒЫ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙМЫЗ
>«Барлығымыз ел бірлігі мен мемлекет тұтастығы үшін қызмет етуге тиіспіз». «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев осыған үндейді. Еліміздің бірлігі мен мемлекетіміздің тұтастығы бәріміз үшін ең маңыздысы. Өйткені елдің тұтастығынан қымбат ешнәрсе жоқ. Қазақ ежелден-ақ бірлік пен татулықтың бастауы – ынтымақта екенін қадап айтқан.
19 желтоқсан күні Астанада өткен жиында ақжолдықтар «Ұлы дала», «Ұлт тағдыры» қозғалысы басшыларымен, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамдық бірлестігімен, «Болашақ» жастар бірлестігі бастаған бір топ ұйым басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесуде партия Төрағасы Азат Перуашев: «Барлығымыз да ел бірлігі мен мемлекет тұтастығына, біздің туған халқымыздың әлеуметтік, рухани дамуына, игілігіне қызмет етуге тиіспіз. Бүгінгі сіздермен кездесу «Ақ жол» партиясы мен ұлттық-патриоттық күштер арасындағы ынтымақтастықтың, қарым-қатынастың заңды жалғасы. Бұдан әрі сіздер мен біздер осы бағыттағы іс-шараларды бірлесіп іске асырамыз деп ойлаймын» деген ойын жеткізді.Сондай-ақ, аталмыш жиында Алашорда қайраткерлеріне байланысты сауалдар да туындаған болатын. Алаштықтар туралы нақты ақпараттар әлі күнге дұрыс айтылып жүрген жоқ. Алаш қайраткерлері туралы тарихи шындық ашылды ма, жоқ па? Бұл мәселе де бүгінде күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Алаш қайраткерлерінің есімдерін қайта жаңғырту, қазақтың басынан өткен зұлматты жылдардың ащы шындығын айтуда, қуғын-сүргін мәселелерінде біржақтылық танытпау қажеттілігі де жиі сөз болып жүр. Осыған орай, Партия Төрағасы Азат Перуашев «Алаш Орда» қайраткерлері ХХ ғасырдың басында-ақ ұлттық бірлікті, экономикалық даму мен либералды-демократиялық құндылықтарды бірінші орынға қойды. Олардың ұлттық дәстүр мен еуропалық, әлемдік өркениетті ұштастырып, білімді, мәдениетті, озық ел қалыптастыру идеясы бүгінгі «Ақ Жол» партиясының мақсат-міндетімен үндесіп жатқандығын қадап айтты.
Жиын кезінде «Ұлы дала» қозғалысының төрағасы Айдос Сарым, «Ұлт тағдыры» ұйымының төрағасы Дос Көшім және «Әділет» тарихи ағартушылық бірлестігінің төрағасы Бейбіт Қойшыбаев аталмыш жиында өз ойларын ортаға салды.
Жиыннан соң Қазақстан мемлекеті мен қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтап жүрген ұйым өкілдері мен тұлғалар бірлесіп, «Ақ жол» партиясына «Қазақ халқының аманатын» тапсырды. Осыған орай Айдос Сарым: «Ұлы дала» қозғалысы, «Ұлт тағдыры» және «Әділет» тарихи-ағартушылық сияқты бірнеше ұйымдардың бірлесіп жасаған қазақтың мүддесінен туындаған аманаттарымыз бар. Яғни алдағы Парламентте іске асырыла алатын, нақты орындалатын іс-жоспарымызды «Қазақ халқының аманаты» деп атап отырмыз. Осы мақсатта арнайы құжат дайындаған едік. Біз бұл құжатты бірнеше партияға ұсынып отырмыз. Бұл құжатқа орай «Ақ жол» партиясы кездесу ұйымдастырып, сол кездесуде осы құжаттың көңілдеріне қонатынын айтып, өздеріне міндеттеме алып отыр. Бұл құжатта ұлттық жаңғыру мәселесі, алдағы парламент мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты заң қабылдау, ономастика мәселесі туралы заң қабылдау керектігі туралы бірнеше келелі мәселелер қозғалған. Әзірге партиялардың ішінен алғашқысы болып, «Ақ Жол» партиясы қолдап отыр», – дейді.
Сондай-ақ, осы аптада елімізді дүр сілкіндірген оқиғаның бірі – Жаңаөзенде көтерілген мәселеге байланысты. Осы жағдайға орай Мемлекеттік комиссияның құрылғаны да белгілі. «Ақ жол» партиясы Жаңаөзендегі оқиғаларды тексеру бойынша құрылған комиссияның құрамына өз өкілдерін қосуға дайын екенін білдірді.
Осы жиында «Ұлы дала» қозғалысының төрағасы Айдос Сарым Өмірзақ Шүкеевтің жетекшілігімен Жаңаөзендегі оқиғаларды тексеруші Мемлекеттік комиссияның құрамына қоғам өкілдерін қосуды ұсынып отыр. Бұл Комиссияның жұмысының ашықтығын қамтамасыз етпек.
Аталмыш комиссияны құру кезінде мемлекет басшысының «…ақпараттың мейлінше ашықтығын қамтамасыз етуді, қорытындысы туралы халыққа хабарлауды, қажет болған жағдайда тәуелсіз сарапшыларды қатыстыруды» талап еткендігін «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев атап өтті. Сондықтан партия Төрағасы белгіленген тәртіп бойынша Комиссияның жұмысына қатысу үшін өздерінің өкілдерін жіберуге дайын екендіктерін де білдірді.
Сол күні партия өз мәлімдемелерін жасады. Аталмыш мәлімдемеде: «Партия осы оқиғаға орай атқарушы органдардың іс-әрекетіне баға беруді қоса алғанда, оған тиісті дәрежеде құқықтық және саяси баға бере отырып, әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізуін талап етеміз» деп ашық көрсетілген.
Өйткені ел болған жағдайлардан және оның шынайы себептерінен хабардар болуға тиіс. Оны кімдердің ұйымдастырғаны жөнінде де ақпараттар берілсе, тіпті олар Қазақстаннан тыс жерлерде жүрсе де, қоғам олар туралы толық ақпарат алуға тиіс дейді ақжолдықтар.
Осы жағдайға байланысты «Ақ жол¬дық¬тардың» пікіріне жүгінсек, ҚДП-ның беделді мүшелері қатарынан тәуелсіз сарапшыларды тарту Мемлекеттік комиссияның жұмысының қоғам үшін шынайылығын және ашықтығын қамтамасыз етпек.