НОҒАЙБАЕВТЫ НЕГЕ ҰМЫТТЫҚ?

НОҒАЙБАЕВТЫ НЕГЕ ҰМЫТТЫҚ?

НОҒАЙБАЕВТЫ НЕГЕ ҰМЫТТЫҚ?
ашық дереккөзі
382

Гүлзина БЕКТАСОВА

Тағы бiр жыл артта қалып барады. Жаңа ұлу жылының табалдырығын аттайтын да күн алыс емес. Биылғы жыл ел үшiн айтулы күндерге толы жыл болды. Биыл қазақ үшiн ерекше мейрам – Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығын атап өттiк. Сонымен бiрге, биылғы жыл – сахна саңлақтарының да жылы. Биыл Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында Зәмзәгүл Шәрiпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Салиха Қожақова сияқты сахна шеберлерiнiң мерейтойлары атап өтiлдi. Театр саңлақтарының арасындағы шоқтығы биігі, өнерде өзіндік дара жолы бар Ыдырыс Ноғайбаев туралы толғамау мүмкін емес. «Тау баласы тауға қарап өседі» демей ме? Нар тұлғалы Ыдырыс Ноғайбаевтың кесек бейнесін көрген сайын біз оны өнердің биік шыңына балағымыз келеді. «САХНАҒА КҮН КӨТЕРІП ШЫҒАТЫН» Күз айларының бірінде көрермен Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында қазақтың дарынды ұлы, сахна саңлағы Ыдырыс Ноғайбаевтың 80 жылдығын атап өтті. Ыдырыс Ноғайбаевтың есімі көрерменнің есінде мәңгі қалды. Ыдырыс Ноғайбаевтың театрдағы рөлдері бір төбе болса, кинодағы рөлдері бір төбе. Театрдағы рөлдері туралы біз актердің достары мен сахналас әріптестері шерткен естеліктерден ғана естіп білдік. Өйткені сахнадағы ойын кино сияқты таспаға жазылып қалмайды. Ыдырыс Ноғайбаев сомдаған рөлдердің ешқайсысы да сақталмаған екен. Театрдағы Ноғайбаев сомдаған кейіпкерлердің көбінің тарихи таспаға жазылып алынып қалмағаны өкінтеді бізді. Ол кісінің жалғыз рөлін ғана көріппін. Бала кезімде теледидардан «Еңлік-Кебек» пьесасы бойынша түсірілген телеспектакльді көргенім бар-ды. Сол спектакльде Ыдырыс аға Есеннің рөлін сомдаған болатын. Кесек тұлғалы актердің Есен батыр бейнесін сомдағандағы келбеті әлі күнге жадымда. Тіпті алып денесінен бөлек, даусының өзі батырларша зор болатын. Есен болып, Еңлікке сөз айтқандағы бейнесі әлі күнге көз алдымда. «Еңлікжан» дейтін еді Есен батыр. Бүгінгі актерлерше майысып, үздіккен жоқ. Кесек тұлғаның ашық дауысы оның батырға лайық екендігін айқын да, анық дәлелдеген еді. Көрнекті актер, сахна шебері Сәбит Оразбаев өнердегі ағасы жөнінде былай тебіренген екен: «Өзiнiң мiнезi, сөз саптасы тiптi бөлек болатын. Аз сөйлейтiн, тұңғиық, тұйық адам едi. Театр¬да «Еңлiк-Кебекте» Есен батырды ойнады. Нұрмұхан Кебек батырды ойнады. Екеуi сахнаға шығып, найзаласқан кезде көрерменнiң делебесiн қоздырып, едендi ойып жiбере жаздайтын. Екеуi де алпауыт. Найзалары сарт-сұрт, жарқ-жұрқ еткенде айызың қанып отырасың. Есен батыр күнде Еңлiктiң жүретiн жерiне келiп, жолын торып жүредi. Еңлiк бiрде болса, бiрде болмайды. Келген күнде онымен дұрыстап сөйлесе де алмайды. Сөзi түйеден түскендей, нағыз батырдың сөзi. Мiнезi де сондай, арсың-гүрсiң. Осы кезде Жапал (қойшы бала) бiр орамалды басына тағып алады да, тастың аржағында тұрып бұған бұлғайды. Батыр аңғал дегендей, оны Еңлiк екен деп ойлап қалады. «Айналайын, Еңлiкжан, Еңлiкжан-ау» деп жүгiрiп барғанда, тастың екiншi басына қарай жүгiрiп кетедi. «Еңлiкжан, ойнайсың ғой, ә. Ойна, айналайын, ойна» деп сол жаққа қарай жүгiредi. Аңқау дау¬ыс, пәк көңiл… Жапал бала ұстатпай, тастың тағы да басқа бұрышына қарай жүгiредi. Есен–Ыдырыс ентiгiп қуып жүр. Тiлi шығып кеткен. Кәдiмгiдей-ақ ынтызар көңiлмен, үлкен құштарлықпен қуып жүр. Жетуге, тезiрек құшуға құмар… Бiр кезде қолы да жеттi-ау… Бас салып құшақтап, «Еңлiкжан» деп бетiн ашып жiбергенде әлгi арманы – ер бала, алба-жұлба киiнген қойшы бала болып шыға келедi. Итерiп кеп жiбередi. Тас-талқан болып ашуланып, тастың үстiне барып отырады. «Ой, сен неғып жүрсiң?», – деп сұрайды. Жапал асып-сасып: «Қой бағып жүрмiн», – дейдi. Осы жерде менiң айтайын деп отырғаным, Есболған–Жапал жауап қайтара алмай қалды. Ана кiсiнiң сұсы басып, тiлiн байлап тастады. Өзiнiң мiнезi сияқты, қолы да ауыр болатын. Мен де ол кiсiмен сахна серiктесi болдым ғой. Ол Қарабайды, мен Жантықты ойнадым. «О, Жантығым, менiң түсiмдi жорышы», – деп иығыма зiлдей қолын қойғанында, иығымды сындырып жiбере жаздайтын. Жапал орнынан тұра алмай, сөзiн айта алмай қалды. Спектакль бiткесiн Есболған маған мұңын шақты: «Мына кiсi адамды өлтiредi, – дедi. – Итерiп жiбергенде демала алмай қалдым. Сөзiм түгiлi, өзiмнiң қайда қалғанымды, не болғанын бiлмедiм». Сөйтiп мұңын айтып тұрғанында Ыдырыс ағам келiп қалды. «Ей, не деп тұрсың, ей. Өзiң еркек екен десем, еркек емес екенсiң ғой», – деп желкесiнен қысып қалғанда, Есболған ойбайлап отыра қалды. «Мынауыңның өзi түкке тұрмайтын адам екен ғой», – деп iшек-сiлесi қатып кетiп қалды». ТАРЛАН СОМДАҒАН ТЕЛЕСПЕКТАКЛЬДЕР ҚАЙДА? 1986 жылы Әзірбайжан Мәмбетов М.Әуезовтің «Абайы» бойынша телеспектакль түсіреді. Бірақ ол спектакльдің қайда екендігін ешкім білмейді. Егер ұлттық арнаның телеқорында болса, ол телеспектакльдің көрсетілмеуі мүмкін емес. Ыдырыс Ноғайбаев қолтаңбасы қалған «Аласталған Алитет», «Бұл Шұғылада болған», «Ботагөз», «Өмір соқпақтары», «Асу», «Алғашқы ұстаз», «Қилы кезең», «Қан мен тер», «Нан дәмі», «Жаушы», «Қала қалқаны», «Толқындар жағада өледі» сияқты кинофильмдер қазір қайда? Біз Ыдырыс Ноғайбаев қатысқан телеспектакльдерді де, киноларды да көре алмай жүрміз. Неге? Ол батыр тұлғалы, ерекше актер болғанын сахналас достары жиі айтады. Нар тұлғалы актер кіл сардарлардың рөлін сомдады. Батыр ұлдың батырлардың рөлін сомдамасына да болмас еді. Кесек бейнесімен қазақтың батырларының ерекше болмысын жасағаны үшін көрермен Ноғайбаевты қадір тұтты. Ноғайбаевтың ешкімге ұқсамайтын бекзат болмысы қазақ сахнасында ерекше із қалдырды.Ол туралы сахнадағы әріптестерінің айтар сыры да, жазар естелігі де аз емес. Ыдырыс Ноғайбаев туралы жазылған «Тұғыры биік тұлға» атты естелік-кітапты парақтап көргенде көзіміз жетті. Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев сахна саңлағы туралы былай деп сыр шерткен екен: «Расын айтсақ, Ноғайбаев кейіпкерлері сүйсінтеді, ызаландырады, аятады, бірақ жирентпейді. Өйткені Ноғайбаев ойнаған оңбағанның өзінің обалы бардай көрінеді. Актердің өз бойындағы имандылық, аңғалдық, ақпейілділік бала аюдың қорбаңындай, қолапайсыз сүйкімділіқ ол ойнаған қай кейіпкерге де көрермен тарапынан жақсы ықылас, жанашырлық шақырмай қоймайды. Қашан да сахнаға күн көтеріп келе жатқандай жадырай кіретін Ноғайбаев жасаған бейнелердің ірі болмауы, ұнамды болмауы еш мүмкін еместей. Ол актердің кескін-келбетінің, тұлға-тұрпатының ірілігінен емес, жан дүниесінің ауқымынан, адамдық сүйкімінің молдығынан…». Ал сахнадағы әріптесі Торғын Тасыбекова Ыдырыс ағасының сахнада рөлге ынта-шынтасымен беріліп кететінін қызыға әңгімелеген еді. «Сахнада батырлардың рөлін сомдайтын Ыдырыс ағамен әріптес болу бақытына ие болғаным үшін өзімді бақытты сезінем. Ыдырыс аға өз образдарына беріліп кететіні соншалық, шындап кірісіп кететін. Ол кісінің батырларша күресетін сәттерінде жақындамауға тырысып, сахнада қашып жүретін едік»,– деп жымияды Торғын апай. Бір кездері Ыдырыс аға Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер Анасында» көрнекті актриса Сәбира Майқановамен әріптес болды. Ол туралы Сәбира апай өз естелігінде былай толғаған екен. «Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Анасында» ол – Сыбанқұл, мен Толғанай рөлін жасадым. Соғысқа аттанып бара жатқан Сыбанқұлдың менімен: «Толған…» деп қимай қоштасатын сәті бар. Ыдырыстың даусының дәп бір өмірдегідей шынайы шығатыны сондай – ет-жүрегім езіліп кете жаздайтын. Ыдырыс жасаған пау¬за (кідіріс) қашан да өзін-өзі ақтаушы еді», – дейді сахна саңлағы Сәбира Майқанова. Жуырда ғана сексен жылдық мерейтойын атап өткен Зәмзәгүл апаның өнердегі әріптесі туралы: «Ыдырыс – Отелло, мен – Дездемона. Екі көзі қып-қызыл болып оттай жанып, жақындап келе жатқанда зәрем ұшып, орнымнан атып тұрып кете жаздайтынмын» дегені бар-ды. Әрі қорқыныш, әрі әріптестің өнеріне тәнті болу! Ыдырыс ағаның өнердегі рөлдерінің шынайылығына тәнті болмаған жан жоқ шығар. ҚОС ТАЛАНТТЫ ТАБЫСТЫРҒАН ҚҰДІРЕТТІ ӨНЕР Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың спектакльдеріне мен сол кісі үшін баратын едім. Оның үні бізге бала кезден жақсы таныс болды. Кинодағы балалардың дауысын айнытпай салатын Фарида Шәріпова біз үшін балалықтың, даналықтың да белгісі еді. Ешкімге ұқсамайтын дауысы бар актрисаның рөлдерінен бұрын, дубляждағы үніне ғашық едік. Фарида апаның бұрын сомдаған рөлдерінің көбін көре алмасақ та, Әшірәлі Кенжеевпен бірге ойнайтын «Ғашықсыз ғасыр» спектаклі еді. Біз бұл спектакльге Фарида Шәріпованы көру үшін баратынбыз. Фарида апаның сахнадағы бекзат болмысына тәнтіміз. Оның өзгермеген дауысы бізді еліктіріп әкететін. Біз актрисаның үнінен сотқар Қожаның, желаяқ Гуляның бейнесін көретінбіз. Талантты актрисаның Ыдырыс Ноғайбаевтай мықты дарынмен жұп болуы да ерекше еді. Ыдырыс ағамен бас қосқан сәттері туралы ұлы актриса: «Отеллоның «Она меня за муку полюбила, я ее за состраданье» дейтін сөзі бар. Бізді қиыншылық қосқан шығар. Бір-бірімізге оң-солымызды танып қалған, өмірдің ащы-тұщысын татып көрген кезімізде жолықтық. Студент шағымызда театрдан шықпайтынбыз, орын жоқ болса, баспалдаққа отырып ойын көретінбіз. Бұл – Ыдырыстардың нағыз герой болып жүрген кезі. «Фархад — Шырындағы» Фархад еді, қыран көзді, қыр мұрынды, бұйра шашты, апай төс, кең маңдай сахна сұлтанына ғашық болмау мүмкін емес-ті. Романтикалық стильде қойылған тамаша спектакль болатын, Хадиша Бөкеева Мехменебануды, Шолпан Жандарбекова Шырынды мүсіндесе, Нұрмұхан Жантөрин мен Ыдырыс Ноғайбаев Фархадты сомдады. Даусы қандай еді! «Е-е-й, Теміртау!» деген кезде бүкіл театр жаңғырып кететін. «Сүйіспеншілік – екі адамның бір-біріне қарауы емес, бір бағытта қарауы» дейді ғой. Біздің жан-дүниемізді шығармашылық дәнекерлеп тастады. Театрға келгенімде Ш.Айтматовтың «Жәмиласын» берді. Мен Жәмила, ол Данияр… Бізді қосқан сол спектакль» деген екен. Фарида апайды сахна сұлтанына ғашық еткен Ыдырыс ағаның апайтөс, кең маңдай, нар тұлғасы болса, Ыдырыс ағаны Фарида апайға ғашық еткен дарынды актрисаның сұлу келбеті мен ешкімге ұқсамайтын дара болмысы шығар. Актрисаның табиғат сыйлаған ерекше үніне де ғашық болуы ғажап емес. БЕКЗАТ БОЛМЫС, ЕРЕКШЕ ДАРЫН ИЕСІН ЖИІ ЕСКЕ АЛАМЫЗ БА? Көрнекті актер Ыдырыс Ноғайбаев 1931 жылы 15 ма¬мыр¬да Алматы облысы, Іле ауданы, Талғар қаласында дүниеге келді. Ол жай¬лы актердің жары Фарида апай өз естелігінде былай деген екен: «Ыдырыс Шилікемер деген селода туған. Небәрі бір жасында әкесі қайтып, шешесі қара жұмыс іздеп Алматы төңірегіне келген. Оның балалық шағы Казачья деген кішкентай көшенің бойында өтті (қазір Жетісу көшесі). Сол мыжырайған кішкентай үй әлі күнге дейін бар» дейді. Болашақ сахна шебері жастайынан қиындықты көп көріп өсті. Ол кісі анасын өте жақсы көрген екен. Жесірлік пен жетімдіктің қасіретін бірге тартқандықтан ба, әйтеуір анасын қатты құрмет тұтатын. Фарида апамен алғаш шаңырақ көтерген кезде, Ыдырыс аға жарын әуелі анасының қабірінің басына алып барады. Әрбір мереке сайын, әрбір гастрольдік сапарлардың алдында анасының қабірінің басына барып, қоштасып қайтады екен. Бала кездегі көрген қиындықтар мен тауқыметтер Ноғайбаевты ерте жетілдірді. Талантты жанның дарыны тасада қалуы мүмкін емес еді. Содан болар, он бес жасында 1946 жылы Алматы көркемөнер училищесіне оқуға түседі. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезде, елуінші жылдардың басында білім алу үшін бір топ қазақ жастары Мәскеуге аттанды. Олар Мәскеудің А.Луначарский атындағы театр өнері институтында И.Раевский мен Н.Плотниковтың көркемдік жетекшілігінде оқыды. Олардың арасында Ыдырыс Ноғайбаев та бар еді. Ы.Ноғайбаев оқы¬ған бұл топ бітіретін жылы, яғни 1954 жылы М.Горькийдің «Егорь Булычев және басқалар» және «Тоғышарлар» пьесасын сахналайды. Аталмыш спектакльде болашақ өнер иесі Егорь Булычев пен Тетерев секілді басты кейіпкерлерді сомдаған еді. Ішкі әлемі күрделі қайшылықтармен өрілген спектакльдің басты кейіпкерлерін сомдау кез келген актерге оңай тимесі анық. Жас дарын екі кейіпкерді де ынта-шынтасымен ойнап, өзінің дарынын көрсете білді. Рөлдерді сомдаған актердің келісті келбеті мен ашық қоңыр үні көрермендерді де ерекше баурап алса керек. Осылайша, келешек өнер иесі сахнадағы алғашқы баспалдақтарын Мәскеудегі Луначарский атындағы театр институтының сахнасынан бастаған еді. БАТЫРЛАРДЫҢ РӨЛІН СОМДАҒАН БАТЫР Ыдырыс ағаның театрдағы рөлдері бір бөлек болса, оның кино жанрына қосқан рөлдері бір төбе еді. Оның кино атты белеске ұмтылуының басы «Ботагөзден» басталған болатын. «Ботагөз» фильміндегі Амантайдың рөлі Ыдырыс Ноғайбаевты кино атты әлемге жетелеп алып кетті. Кино өнерінде Ыдырыс Ноғайбаев қазақтың мықты режиссерлері Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев сияқты талантты режиссерлермен тізе қосып, жұмыс істеді. Шәкен ағасы театрдағы «Асауға тұсау» спектакліндегі Отелло ролін өзінен кейін Ыдырыс Ноғайбаевқа берсе, қазақ киносында да Ыдырыстай дарын иесіне қамқорлық таныта білді. Ол кісіні Сәбит Оразбаев: «Шәкен Аймановтың сахнадағы серіктесі» деп тегін атамаса керек-ті. Белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев өнердегі ағалары Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай Қожабеков туралы өз сұхбатында сыр шерткен еді. Сол жолы Нұржұман аға Ыдырыс ағасының өмірден озған сәтінде қасында бірге болғанын айтып берген. «Ыдырыс аға өмiрден өтерден он бес күн бұрын менi алып шықты көлiгiмен. Қаскелең жақты бiрге аралап қайттық. Ауырып жүр екен ғой. Ауырғанда, iсiк омыртқадан миға шауып бара жатқан кезi екен. Екеумiз бiрге жүрiп, кинодағы кездердi айтып, ананы-мынаны айтып, әңгiмелестiк. Содан кейiн мен Мәскеуге кетiп қалдым. Мәскеуге кеткеннен кейiн, көп ұзамай Ыдырыс аға қайтыс болды. Сөйтсем, ағамның өзi сезiп жүрiптi. Соңғы рет болса да, бой жазғаны екен. Жерлеуiне ғана үлгердiм» деген еді.1955 жылдан басталған кино өнеріндегі жол «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Біз осында тұ¬рамыз» (1956), «Мазасыз көктем» (1956), «Ботагөз» (1957), «Өмір соқ¬пақтары» (1965), «Шыңдағы шы¬нар» (1965), «Қилы кезең» (1966), «Менің арманым» (1966), «Қан мен тер» (1976), «Қыз Жібек» (1970), «Нан¬ның дәмі» (1979), «Жаушы» (1980), Қырғызфильм туын¬дысы «Асу» (1965) мен «Толқындар жа¬ғада өледі» (1986), «Қала қалқаны», «Теңізде жүргендер үшін» т.б. кинофильмдерде жалғасын тапты. Ол кино саласында жиырмадан астам рөлдерде ойнаған екен. Оның кейіпкерлері қарапайым шаруа, жұмысшы, колхоз басшысы, қоғамдық қайраткер, тарихи батыр болып келді. Көрнекті актердің, сахна саңлағының кино атты әлемде жасаған туындылары қазақ-қырғыз киносының алтын қорына енген қымбат мұраларымыз деп қабылдағанымыз абзал. САХНА САҢЛАҒЫН ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚҰРМЕТТЕП ЖҮРМІЗ? Ол туралы Бағыбек Құндақбаев: «Амплуа дегенді білмей кеткен актер» деп баға берген екен. Қазақ мұндайда «ноқтаға басы сыймаған» дейді. Қандай қалыпқа құйса да, қандай рөльді ойнаса да, шеберлігі басым түсіп жататын, қандай батырды сомдаса да, сол батырдан кем түспейтін дара актер, болмыс-бітімі ерекше жанның өмірден тым ерте, бар-жоғы 58 жаста кеткені ғана өкінішті. Тым аз ғұмыр кешпегенде, Ыдырыс Ноғайбаевтың сомдайтын рөлдері де көп болар ма еді. Жоғарыда айтып өткендей, ағаның артында тым құрығанда телеспектакльдері де сақталып қалмады. Ол ойнаған батырлардың ізі де жоқ бүгінде. Сонда біз, бүгінгі көрермен Ыдырыс Ноғайбаев бейнесін қайдан іздейміз, қайдан көреміз? Сұлтан Қожықов түсірген «Қыз Жібектегі» Қаршығаның рөлімен ғана еске аламыз біз оны. Одан бөлек, «Қан мен тердегі» бейнесі бар. Актер сомдаған қалған бейнелер қайда? 130-ға жуық рөл. Аз ба, көп пе? Ендеше қайда сол мұралар?Актердің жары Фарида Шәріпова көзі тірісінде сүйген жары тұрған үйге мұражай жасалмағанын айтып қамыққан екен. Қазір бар ма мұражай? Сексен жылдығы қарсаңында актердің суреттері безендірілген фото-альбомы жарық көргенін білеміз. Одан бөлек, батырлардың ролін сомдаған батыр актерге қандай сый көрсете алдық. «Қазақтың маңдайына біткен сақа актердің іздеушісі, жоқтаушысы табылмағаны жаныма батады. «Менің ерім сондай еді» деп мен ешкімнің табалдырығын тоздыра алмаймын. Мен айтсам, Ыдырыстың әріптесі, өнерінің құдіретін сезінген сахналасы ретінде ғана айта аламын. Қалада Ы.Ноғайбаевтың есіміне бір мектеп берілсе, шағын музейін жасасақ деген арманым бар», – деген екен Фарида Шәріпова өзінің сұхбаттарының бірінде. Ыдырыс Ноғайбаев атындағы көше қайда? Естуімізше, бірінші Алматы мен екінші Алматының ортасындағы шағын көшелердің біріне есімі берілген екен. Оны бүгінгі көрермен біле ме? 130-ға жуық рөлдері бар дарынды актердің өнерге, қазақ киносына қосқан өлшеусіз еңбегі неге ескерілмей қалды? Біз Ыдырыс Ноғайбаевтай дара дарынды, тамаша талант иесін неге ұмыттық? Неге ұмытып кете береміз? Бұл бір Ыдырыс Ноғайбаевқа қана қатысты жайт па екен? Біз өнер иелерін қаншалықты құрмет тұта аламыз?
22.12.2011

Серіктес жаңалықтары