ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛЫП КЕЛЕДІ

ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛЫП КЕЛЕДІ

ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛЫП КЕЛЕДІ
ашық дереккөзі
202

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Қазақ елi Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығын ерекше салтанатты түрде атап өтiп жатқан. Жұрт мәз-мейрам болысып, жастардың кеудесiнде патриоттық рух асқақтаған ұлық мереке кезiнде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан суыт хабар келдi.

16 желтоқсан күнi Жаңаөзен қаласының алаңына жиналған тұрғындардың шырқы бұзылды. Мерекелiк шараға дайындалған алаңның астан-кестеңi шықты. Кейбiр ақпараттарға сүйенсек, Жаңаөзен қаласындағы тәртiпсiздiкке 800-дей адам қатысқан. Бұл туралы Астанада шұғыл түрде өткiзiлген брифинг барысында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкiлi Нұрдәулет Сүйiндiков: «Сол мезетте алаңда басқыншылық күйдегi 800-ге жақын адам болған. Ал қоғамдық тәртiп небары қарусыз 120 полиция қызметкерлерiмен қамтамасыз етiлген. Қару тек олардың командирiнде ғана болған», – дедi.

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің мәлімдеуінше, бұл ретте бұзақылық топтың тарапынан құқық бұзушылық әрекеттер мен арандатушылықтың нақты белгілері болғанымен, полиция тарапынан қандай да бір мәжбүрлеу шаралары қолданылмаған. «Дегенмен жағдай бақылауға алынғанына қарамастан 11 сағат 40 минутта бұзақылардың ішінен біреуі полиция қызметкерлерін ескермей, олардың қоғамдық тәртіпті сақтау туралы заңды талаптарын да елеместен қоршаудың жанында мерекелік сияпаттар үшін азық-түлікпен тұрған УАЗ көлігін белгісіз затпен соққан. Қоршауды бұзып өткен бұзақылар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, жаңа жыл шыршасын төңкеріп, мерекеге орай қойылған киіз үйлер мен сахнаны бұзып, полиция автобусын өртеп жіберген. Осылайша туындаған жаппай тәртіпсіздікті бастаушылар тұрғындарды ұрып-соққан және алаңның жанындағы автокөліктерді қиратқан», – деді. Ресми мәліметтерге қарағанда, 17 полиция қызметкері түрлі дене жарақатын алса, 15 адам қапияда көз жұмып, 100-деген адам әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Ал желтоқсанның 18-і күні Маңғыстау облысындағы Шетпе елді мекенінде бір топ арандатушылар Маңғышлақ-Ақтөбе пойызының алдын жауып, жүк пойызының тепловозын жағып жіберген.

Осы оқиғаға байланысты Елбасы Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы тұр¬ғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16-тар¬мақшасына, Қазақстан Республикасы «Төтенше жағдай туралы» Заңының 4,5,6-баптарына сәйкес қаулы қабылдады. «Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізілсін: 1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін; 2) Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жүріп-тұру еркіндігі, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігі шектелсін; 3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін, т.б.» деп, қайтыс болғандардың отбасына, жақын туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Қаңтардың 5-іне дейін комменданттық сағат енгізілді.

Елбасының тапсырмасымен Жаңаөзендегі жағдайды реттеп, шешу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқаратын комиссия қазір оқиға орнына жетіп, тиісті шара қолдану әрекеттерін бастап кетті. Комиссия төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің мәлімдеуінше, қаланы толықтай қалпына келтіру үшін 2 млрд. теңгеге жуық қаржы қажет. Соған байланысты Үкімет отырысында 1млрд. 200 млн. теңге шамасында қаражат бөлу туралы қаулы бекітілді. Бұл ақша алдымен шаһарды ретке келтіру, жанар-жағармай сатып алу және көлік шығындарына жұмсалмақ. Қазіргі кезде тұрғындарды алдымен азық-түлік тауарларымен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған. Тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрі мен «ҚазАгро» 570 миллион теңге бөлген.

Комиссия тәртіпсіздік жасағандардың бас-аяғы 41 нысанды бүлдіргендерін анықтапты. «Бүлінген нысандарды қайта қалпына келтіру бағытында алдын ала зерттеу жүргізілді. Зардап шеккен нысандардың ішінде әкімдіктің 5 объектісі бар, біз алдын ала есептеулер жасадық, оларды қалпына келтіруге шамамен 770 миллион теңге қажет болады. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның 3 нысанын қайта қалпына келтіру үшін 1 миллиард теңгеден артық қаржы кетпек. 29 коммерциялық объектіге, банктер ғимараттарына 250 миллионнан аса, сондай-ақ 2 тұрғын үйге – 3 миллион теңгеден артық қаражат керек. Тұтастай алғанда, комиссияның алдын ала есебі бойынша шығын сомасы 1,9 миллиард теңгеден асады, – деді Ө.Шөкеев.

Ал Үкіметте өткен селекторлық отырыс¬та Премьер-министр Кәрім Мәсімов қара жамылған жанұяларға көңіл айтып, бұл отбасыларға көмек көрсетілетінін жеткізе келе, комиссия алдына нақты міндеттер қойды әрі қабылданған бұл шешімдердің дер кезінде орындалуын қадағалауды жүктеді. ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов: «Қазір Үкіметтің ең бірінші міндеті – тәртіпсіздіктің салдарынан орын алған әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық проблемаларды тез арада шешу үшін қажетті жағдайлар жасау. Біз не істеуіміз керек? Ең алдымен, қаланың күнделікті өмірін қалпына келтіру, бүлінген нысандарды жөндеп, іске қосу, біз көпшілік тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің, дәрі-дәрмектің тапшылығын болдырмауымыз керек», – деді.

Арнайы Үкіметтік комиссия төрағасы Өмірзақ Шөкеев Ақтауда Қаражанбас кәсіпорнының мұнайшыларымен кездесіп, жұмысшылардың талап-тілектерін тыңдады. Қаражанбас мұнай компаниясы жұмысынан босап қалған мұнайшылардың кәсіпорын басшыларына айтатын өкпесі көп. Бірі демалыс кезінде негізсіз жұмыстан шығарылдым десе, енді бірі әкімшіліктің қырына іліктім дейді. Олар жұмысшы жалақысы 250-400 мың теңгеге дейін болды деген ақпаратқа мүлде келіспейді. Қолдарында сала құлаш есеп-қисап бөлімінен алынған анықтаманы комиссия мүшелерінің қолына ұстатты. «Бәріміздің қолымыздағы құжатымызда ондай алып бара жатқан айлық мөлшері жазылмаған. Оны арнайы тексеру керек», – деді ереуілшілер өкілі. Өмірзақ Шөкеев ереуілші топтың бұл талабы есепке алынатындығын мәлімдеп, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына жалақының сәйкестігін тексеруге тапсырма берді. Сонымен қоса, комиссия төрағасы елімізегі 20-дан астам кәсіпорнында бос жұмыс орыны барлығын айтты. Ал егер наразы топ бұл талапқа көнбесе, Маңғыстаудағы мұнай компанияларына қызмет көрсететін кәсіпорындардан жалақысы жоғары жұмыс ұсынылатындығын алға тартты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясына осы ереуілшілер тобынан жұмысқа орналастыру туралы арыздарын қабылдай беруді тапсырды.

Бүлік күндері әлдебіреулер мұнайшы¬лар¬ды жұмысқа шықпау жөнінде арандат¬қан көрінеді. Өмірзақ Естайұлы бүгінде «Өзен¬мұнайгаздың» жұмысы қалпына кел¬тірілгендігін, жұмысшылардың 80 пайыздан астамы өз қызметіне кіріскендігін айтты.

Ал Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың айтуынша, бүгінде тәртіпсіздікке жауапты ретінде 8 адам тұтқындалған және 19 адам ұсталған. Барлығы 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

22.12.2011

Серіктес жаңалықтары