КЕҢЕСТІК ИМПЕРИЯДАН КЕЙІНГІ 20 ЖЫЛ

КЕҢЕСТІК ИМПЕРИЯДАН КЕЙІНГІ 20 ЖЫЛ

КЕҢЕСТІК ИМПЕРИЯДАН КЕЙІНГІ 20 ЖЫЛ
ашық дереккөзі

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Қазақстанның елордасы – 2012 жылғы Тәуелсiз елдер достастығының мәдени астанасы болмақшы. Екi күнге созылған Достастықтың бейресми басқосуында бiрауыздан осы мәселенi қолдаған ТМД басшылары келешекте президенттiк және парламенттiк сайлаулардағы, ТМД шеңберiнде өткiзiлетiн жалпыұлттық референдумдардағы бақылаушылар рөлiн арттыру, байланыс және ақпараттандыру саласындағы өзара әрекеттестiк, көптарапты экономикалық ынтымақтастықты жетiлдiру және дамыту, адамдардың ауқаты мен өмiр сүру деңгейiн, әлеуметтiк ахуалын нығайтуға ден қоймақ.

Кремльде Тәуелсіз елдер достасты¬ғының 20 жылдығына орай бейресми саммит өткізілді. Достастық құрамындағы 11 мемлекет – Қазақстан, Армения, Әзірбайжан, Белоруссия, Қырғызстан, Молдавия, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан мен Украина өкілдері түгел қатысқан бұл басқосудың ерекшелігі сол, жиырма жылда атқарылған шара сарапқа салынып, келешекке жасалынған жоспар талқыланды. Посткеңестік кеңістіктегі бірлік пен ынтымақтастыққа көзделген ұйымның саммиттегі күн тәртібіне шығарған мәселелері – президенттік және парламенттік сайлаулардағы, ТМД шеңберінде өткізілетін жалпыұлттық референдумдардағы бақылаушылар рөлін арттыру, 2012 жылы байланыс және ақпараттандыру саласындағы өзара әрекеттестік, көптарапты экономикалық ынтымақтастықты жетілдіру және дамыту, адамдардың ауқаты мен өмір сүру деңгейін, әлеуметтік ахуалын нығайту т.б. 2009 жылы – энергетика саласындағы бірлік, 2010 жылы – ғылым мен инновация, 211 жылы азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға арналған болатын.Саммит қорытындысында Астана мен Мары қалаларын 2012 жылы мәдени астана ретінде бекіту туралы шешімге қол қойды. Кремльдегі жиында қатысушылар саммитті «ресми» не «бейресми» атау жайлы да пікір таластырды. Өз кезегінде ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Біз бұдан 20 жыл бұрын Алматыда ТМД-ны құру туралы келісімге қол қойдық. Достастық біздің елдеріміздің нығаюына мүмкіндіктер берді. ТМД қажет. Біз оған қолдау көрсетіп, жетілдіре түсуіміз керек. Біз 2020 жылға дейінгі ТМД-ны дамыту Тұжырымдамасын қабылдауымыз қажет. Еркін сауда аймағы туралы шарт өте маңызды. Келесі жылдың тақырыбы ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастыққа арналатын болады. Гуманитарлық саладағы қатынастардың қарқынды дамуын жалғастыру, жастардың кездесулерін, зиялық қауым мен мәдениет өкілдерінің кездесулерін өткізіп тұру маңызды. Біз ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бұл байланыстарды үзіп алмауға тиіспіз. ТМД-дан ЕурАзЭҚ, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтан – Бірыңғай экономикалық кеңістік пайда болды. Міне, біз үшін ТМД-ның мәні осындай» деп атап көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Тәжікстанға төрағалығы үшін алғыс айтып, 2012 жылы ТМД тізгінін қолға алатын Түркіменстан басшысына табыс тіледі. Отырыстың қорытындысы бойынша ТМД-ның құрылғанына 20 жыл толуына орай мәлімдеме қабылданды. Кездесу барысында екіжақты қатынастарды тереңдеудің және кеңейтудің өзекті мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевті Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі туралы келіссөздердің табысты аяқталуымен және Мемлекеттік Дума депутаттары сайлауының өтуімен құттықтады: «Жоғары деңгейдегі біздің кездесуіміз өте табысты өтуде. Ресей мен Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі ықпалдастықты біріктірудің локомотиві болып табылады. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде біз алғаш рет өзара тиімді тауар айналымын 20 миллиард долларға жақындаттық. Сонымен қатар, Охот теңізінде адамдардың қайтыс болуына байланысты көңіл айтқым келеді. Мен Сізге және Ресейге амандық, тыныштық, осындай күрделі уақытта бейбітшілік тілеймін». Ал Ресей президенті Қазақ әріптесіне: «Біз Сізбен бірге бүгін біздің Жоғары Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың «үштігі» форматында және ЕурАзЭҚ форматында бірқатар маңызды мемлекетаралық шараларды өткіздік. Біздің екіжақты қатынастарымыз өте жақсы дамып келе жатқанын атап өткім келеді», – деді.

1991 жылы құрылған ТМД сол кезде КСРО-ның күйреуі салдарынан туындаған бірқатар проблеманы шешуге мұрындық болды. Оның үстіне, кеңестік империя «шекпенінен» шыққан жас тәуелсіз мемлекеттер саяси, геосаяси, экономикалық, әлеуметтік тағы басқа да түрлі проблемалармен бетпе бет келген еді. Қиындықтардың ТМД шеңберінде шешілуі посткеңестік кеңістіктегі тепе-теңдікті сақтауға сеп болды. ТМД елдерінде тұратын сана¬луан халықтың ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени байланыстардың өзегін сақтауда да Достастықтың маңызы зор. Жиырма жыл ішінде талай рет өзгертуге ұшырап, талай рет сын тезіне салынған бұл құрылымның тағдыры қиындыққа толы. Осының нәтижесінде өзара тиімділікті қамтамасыз ететін түрлі форматтағы және түрлі деңгейдегі жаңа бір заманауи ұйым қалыптасты. 1994 жылы ТМД Біріккен Ұлттар ұйымындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды. Уақыт өте келе халықаралық деңгейдегі түрлі ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қоя бастады. Мысалы оның ішінде Еуропалық экономикалық комиссиямен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен т.б. арадағы келісім де бар. Бүгінде Достастық құрамында саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени т.б. салада әрекет ететін 70-ке жуық біріккен салалық орган жұмыс істеуде.

22.12.2011