ТАРИХЫ ТЕРЕҢ БІЛІМ ОРДАСЫ
ТАРИХЫ ТЕРЕҢ БІЛІМ ОРДАСЫ
Биыл Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы №59 жалпы білім беретін мектепке 75 жыл толып отыр. Аталмыш оқу ордасының ардагер ұстаздары мен әр түрлі жылдардағы түлектері жиналған мерейтойда мектеп ұжымы оқу ордасының тарихи шежіресін болашақ жеткіншектерге естелік етіп қалдыруды жөн санапты.
Тарихы терең, тағылымды білім ордасы әртүрлі жылдарда мыңдаған түлектерді ұшырған. Қазіргі таңда олар қоғамның кез келген саласында еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар. Олардың қатарында: белгілі композитор Ибрагим Нүсіпбаев, генерал-майор Сәт Тоқпақбаев, белгілі ғалым, Теміржол институтының құрметті профессоры Алтайбек Оразбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Орашева, белгілі журналист Құрманғали Ашанов сынды танымал тұлғалар да бар. Қазіргі таңда мектеп заманмен бірге жаңарып, заманауи білім беру ордасына айналып үлгерген. Оның бірден-бір дәлелі, мектеп оқушылары әрдайым түрлі аудандық, қалалық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып, өз жеңістерімен мектеп даңқын асқақтатып жүргені. Мектеп оқушылары арасында білім, өнер, спорт салаларында бәйгеден оза шапқан жүйріктер көп. Ол жөнінде мектеп директоры Бақытгүл Әбішова: «Біздің мектептің оқушылары республикалық «Махамбет оқулары», «Абай оқулары», «Ақ бота», «Кенгуру», «Алтын жабағы» байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болса, мектеп ұстаздарының көпшілігі жыл сайын өтетін «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздары атанып жүр. Ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ізденістерінің арқасында 2010 жылы «Ең үздік мектеп – 2010 байқауының жеңімпазы атандық», – дейді. Мерейтойға жиналған қалың қауымның ішінен белгілі композитор, педагог, актриса Рабиға Ибрагимқызы мектеп тарихына көз жүгірте отырып: «Жарты ғасырдан астам уақытта аталмыш оқу орнының ұжымы талай жетістіктерге жеткен. Тарихы сонау 20-ғасырдан бастау алатын бұл оқу ордасы Алматы қаласының ең үздік, алдыңғы қатарлы мектептерінің бірі саналды. Әкем марқұм осы мектепті оқып-бітіріп, кейіннен осы мектептің орта сыныптарына музыка пәнінен сабақ берді. Талай тарланбоз тұлғаларды өсірген тарихы терең білім ордасының түлегі болғанымды әрдайым мақтан тұтамын», – дейді. Сондай-ақ, кештің соңы мектеп тарихына арналған кітаптың тұсауы кесіліп, оқушылардың дайындаған концертіне ұласты.