«ДАЛА МЕН ҚАЛАНЫҢ» АРНАУЛЫ ҚОСЫМШАСЫ
«ДАЛА МЕН ҚАЛАНЫҢ» АРНАУЛЫ ҚОСЫМШАСЫ
Тәуелсiздiктiң 20 жылдық мерекесiне арнап «Дала мен Қала» газетi «Мәңгiлiк ел» атты арнайы қосымша шығарды. 24 беттен тұратын мерекелiк нөмер Тәуелсiздiк жылдарындағы айтулы оқиғаларды, жеткен жетiстiктерiмiз бен алған асуларымызды қорыта отырып, босағасы берiк, iргесi бүтiн ел болуымыздың қыры мен сырын қаузаған екен.
Әрине, 20 жыл – бүгінгі жетістіктердің ұйытқысы ғана емес, болашақ бағындырар белестеріміздің баспалдағы. Біз Тәуелсіздік жылдары саяси тұрғыдан шыт жаңа елге айналдық. Айтуға оңай болғанымен, бұл жетістікке жету оңай соқпағаны анық. Мемлекеттік құрылымның жасақталуы, құқықтық-азаматтық қоғам құру, сыртқы-ішкі ахуалды ретке келтіру, шекараны бекіту, тұралаған әлеуметтік салаларды қалпына келтіру, ұланғайыр даланың байлығын ел игілігіне оңтайлы жарату, жұмыс күшін толықтыру, ең бастысы өз Отанында азшылыққа айналудың аз алдында тұрған ұлтымыздың түтінін түзу ұшыру үшін тура да әділ жол табу, қарға тамырлы қазақтың санын молайту…
«Президенттік институты» атты мақалада тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Сейдін осы өткелек жылдарды Президенттік басқару жүйесінің ел дамуына айрықша қажет болғандығын айта отырып, өткен күндердегі өзгерістерге шолу жасаса, «Нұрлы көш» атты мақалада миллионнан артық шеттегі қандастарымыз елге оралып, өсіп-өркендеп, еліміздің шаңырағын бірге көтеріскені жайлы толғамды ой айтады. Ал «Рух тәуелсіздігі» атты ой-толғамдар топтамасында елімізге белгілі тұлғалар Тәуелсіздіктің мәні мен қадірі жөнінде ақжарма пікірлерін ортаға салса, тарихшы-ғалым Тілеу Көлбаев «Қазақстан шекарасы қалай анықталды?» деген зерттеу мақаласында бүгінгі территориямыздың бекітілу барысына үңілген. Бұдан әрі «Астана – елдің жаңа байтағы», «Самұрық», «Тірі теңіз», «Бодандықтың бодауы» секілді мақалалар қосымшаның жүгін арттыра түскен.
Қай жағынан алсақ та қаузар тақырып көп. «Мәңгілік ел» осы тақырыптардың басын біріктіре білгендігімен де ұтымды шыққан.