262
АСТАНАДА САЛТАНАТ ҚҰРҒАН АЙТЫС
АСТАНАДА САЛТАНАТ ҚҰРҒАН АЙТЫС
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қомақты жүлде тағайындады
Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын ұлықтаған Астанадағы аламан айтысты құлағының құрышы қанған көпшiлiк көпке дейiн айта-айта жүретiн болар. Ұлттық айтыс өнерiнiң шежiресi үшiн де, көмейiнен жыр саулаған төкпе ақындар үшiн осынау шабытты күндердiң орны бөлек. Елордадағы Конгрес-холлда желтоқсан айының 2-4 аралығында өткен Республикалық айтысқа өзiмiздiң арқалы ақындармен бiрге ар жағы Қытайдан, бер жағы Моңғолия, көршi Қырғыз елi мен Өзбекстанды қосқанда 41 ақын қатысты. Бұл айтыста Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз, белгiлi айтыс ақыны Жәмиға Дәулетқызы Бас жүлденi қанжығасына байлап, 3 миллион теңге көлемiндегi арнайы сыйақыға ие болды.Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын ұлықтаған Астанадағы аламан айтысты құлағының құрышы қанған көпшiлiк көпке дейiн айта-айта жүретiн болар. Ұлттық айтыс өнерiнiң шежiресi үшiн де, көмейiнен жыр саулаған төкпе ақындар үшiн осынау шабытты күндердiң орны бөлек. Елордадағы Конгрес-холлда желтоқсан айының 2-4 аралығында өткен Республикалық айтысқа өзiмiздiң арқалы ақындармен бiрге ар жағы Қытайдан, бер жағы Моңғолия, көршi Қырғыз елi мен Өзбекстанды қосқанда 41 ақын қатысты. Бұл айтыста Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз, белгiлi айтыс ақыны Жәмиға Дәулетқызы Бас жүлденi қанжығасына байлап, 3 миллион теңге көлемiндегi арнайы сыйақыға ие болды.
Үш күн бойы Елорданы думанға бөлеген айтысқа «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік жасап, қомақты жүлде қорын тағайындады. Осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» қоры ел экономикасына қарайласатыны жайлы қалам тербеп келсек, ендігі жерде қордың әлеуметтік-жауапкершілікті ұйым ретінде қоғамда ерекше маңызы бар мәдени шараны ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Осының жарқын айғағы – Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған аламан айтыс. Сонымен осы айтысты көре алмай қалған көпшілікке оның жай-жапсарын қысқа қорыта баяндағанда, төмендегідей болды. Айтыстың ашылу салтанатында айтыстың жүргізушісі, ақын Жүрсін Ерман: – Қазақ жұртының тарихы азаттық жолындағы күрестерге толы болды. Бабаларымыздың арманы орындалып, Қазақстан көк байрағын желбіретіп, әлемдегі ең айтулы мемлекеттердің қатарына қосылғалы да, міне 20 жыл толып отыр. Ақындар айтысының осы мереке қарсаңында ұйымдастырылуы тегін емес. Өйткені сонау ақтабан шұбырынды, оның арғы-бергі жағындағы өткен уақыттардың бәрінде азаттықты, тәуелсіздікті ақындардай жырлаған, ақындардай аңсаған ешкім болған емес, – деді. Қасиетті Тәуелсіздікті, азаттықты, егемендікті аңсаған да, көксеген де, оны сұлу сөзбен суреттеп, кестелі оймен безендірген де – ең алдымен ақындар, десе, Жүрсін Ерман ақиқаттан алыстағаны емес. Расында, осы өлең додасына еліміздің әр өңірінен «Сен тұр, мен атайын» ақындар жиылып, үш күн бойы Астананың төрінде тәуелсіздігімізді ұлықтады. Ақындар айтпай қалды дейтін жәйт қалмады. Басқа да көкейкесті мәселелер жыр болып төгілді Бас тақырып – Тәуелсіздігіміздің торқалы тойынан бастап, қазақтың көбеюіне дейін қамтылған айтыста аға мен інінің, қыз бен жігіттің, жезде мен балдыздың әдемі бір қазақы қалжыңдары мен қағытпалары да болды. Ата-бабамыздың жөн-жоралғысын да осы айтыстан көрдік. Қытайдың ресми органдары төрт ақынымызға бас қылып, Шыңжаң автономиясы мәдениет министрінің орынбасары Ма Ин Шың және ҚХР Мәдениет министрлігінің Өнер басқармасының бастығы Зо Ин Шаң деген азаматтарын жіберген екен. Олар да үш күн бойы тапжылмай айтысты тыңдады. Сөйткен қытайлық делегация басшыларына да Қырғызстаннан келген арнайы өкілге Мырзатай Жолдасбеков ризашылығын білдіріп, шапан жауып қайтарды. Мұның сыртында Қытайда омыраудағы нәрестесін тастап, осынау ұлы тойдың айтысына келген Гүлсінай ақын мен кішкене баласын Астанаға ертіп келген алматылық Сара Тоқтамысованы да құр қол қайтармай, балаларына «тай» мінгізді. Жоғарыда атап өткендей, бұл айтыстың бір ерекшелігі – көрші елдерден де қандас бауырластар қатысып, айтыстың еларалық сипат алғаны мен басымдықтың жастарға берілгені болды. Айтыстағы Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Дәулеткерей Кәпұлы, Аманжол Әлтаев, Серікзат Дүйсенғазин секілді елге танымал тарланбоздардың жөні бір бөлек болса, бұл жолы Әлібек Серғали, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров сияқты жалындаған жас перілер бәйге көрігін қыздырып, ел-жұртты риза етті. Мұны еліміздегі туған тілін төрге оздырған Тәуелсіздіктің бірден-бір көрінісі, күн өткен сайын өз мұратына жетіп келе жатқан ана тіліміздің мәуелі жемісі деуге болады. Ал ақындарымыздың өлеңі мен өресін сарапқа салған қазылар алқасының құрамында Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов, Асанәлі Әшімов, Өмірзақ Айтбаев, Фариза Оңғарсынова, Бекболат Тілеухан, Несіпбек Айтұлы сияқты өнер қайраткерлері және айтыс жанашырлары болды. Қазылар алқасының шешімімен Бас бәйгені (3 миллион теңге) Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз Жәмиға Дәулетқызы жеңіп алды. Бірінші орынды (1,5 миллион теңге) Ақмола облысынан сайысқа түскен жас қыран Әлібек Серғали иеленді. Ал екі ІІ орынды (1 миллион теңгеден) қызылордалық Мұхтар Ниязов пен астаналық Еркебұлан Қайназаров қанжығасына байласа, үш ІІІ орын (500 000 теңгеден) Қырғыз Республикасынан қатысқан Аалы Туткучев пен Алматы және Астана айтыскерлері Сара Тоқтамысова мен Айнұр Тұрсынбаеваға бұйырды. Қазылар алқасының шешімімен халық та келіскен сыңайлы. Әрине, өзге де айтыскер ақындар кәдесіз қалған жоқ. Айтқандай, бұл айтыстың жүлде қоры үшінші күні аяқастынан ұлғайды. Айтыстың бұрыннан танымал жанашыры Нұртай Сабильянов 1 миллион теңге, ал «Алтын қыран» компаниялар тобының бас директоры Исламбек Салжанов «айтысқа шашуым» деп 3 миллион теңге қосқан. Сарыарқада салтанат құрып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тағзым еткен ерекше айтыстың тек жүлде қоры 10 миллион теңгеден асып жығылатынын ескерсек, айтулы мәдени шарадағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының да салмағы көрінеді. Дегенмен, «Самұрық-Қазына» ел экономикасына ғана емес, әдет-ғұрпымызға сай мәдени шараны қазіргі заманда одан әрі дамытуға және ел арасындағы бірлігімізді нығайтуға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқанын айту ләзім.
Айнаш ЕСАЛИ