ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҮРКIМЕНСТАНДА ТОЙЛАНДЫ

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҮРКIМЕНСТАНДА ТОЙЛАНДЫ

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҮРКIМЕНСТАНДА ТОЙЛАНДЫ
ашық дереккөзі
396

Қазiр осыдан 20 жыл бұрын қазақ халқының маңдайына бұйырған Тәуелсiздiктi тек Қазақстан жұрты ғана емес, алыс-жақын мемлекеттер де тойлауда. Шама-шарқынша рухани қолдау көрсетiп, құттықтау бiлдiруде. Жақында Қазақстанның Түркiменстандағы Елшiлiгi Ашхабадтың «Президент» мейманханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өткiздi.

Қабылдауға Түркiменстан мем­ле­кеттік органдарының, осы елде тіркелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, журналистер, қазақ диаспорасы өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Түркi­менс­тандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асхат Оразбай еліміздің тәуелсіздік жылдары өмірдің барлық салаларында қол жеткізген қомақты жетістіктері туралы айта келе, Қазақстанның реформалар барысы мен экономикалық даму қарқыны бойынша алдыңғы шепке шығып, ТМД елдері арасында нарықтық экономикалы ел дәрежесі мен инвестициялық сынып рейтингіне көтерілген тұңғыш ел болғанын атап көрсетті. Сондай-ақ ол бүгінде ел үкіметінің экономиканың экспорттаушы секторларында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейтін Қазақстанның жеделдетілген индус­три­алдық-инновациялық даму бағ­дар­ламасын белсенді іске асырып отырғанына тоқталды. «Еліміздің көпғасырлық достық байланыстарына, өзара құрметтеу және ізгі көршілестік қағидаттарына негізделген қазақстан-түрікмен екіжақты қатынастары бүгінде жаңа сипат алып отыр. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы дәйекті қарқынмен дамып, өзара тауар айналымының көлемі үстіміздегі жылы былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге артты», – деді Қазақстан Республикасының Түркiменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асхат Оразбай мырза.

Қабылдауда сөз алған Түркiменстан Меджлисінің Төрайымы Ақджа Нұрбердыева Түркiменстан Президенті Г.Бердімұхамедовтың Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтау сөзін жеткізді. Түркiмен парламентінің басшысы тіл, дін және мәдениет бірлігіне негізделген екі халық арасындағы достық қатынастардың мыңжылдық тарихы бүгінде екі мемлекет арасындағы ізгікөршілестік және өзара тиімді қатынастарды барлық салаларда нығайтуға негіз болып отырғанын да ұмытқан жоқ.

«Қазақстан мен Түркiменстан халықаралық және аймақтық ұйымдар, әсіресе БҰҰ шеңберінде белсенді ынтымақтастық орнатты. Біздің елдеріміз «Түркiменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» трансазиялық газқұбыры мен жуырда қолданысқа енгізілетін «Солтүстік-Оңтүстік» трансұлттық теміржол магистралі сияқты ірі бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыра отырып, өзара көмек пен екіжақты қатынастардың серпінділігін паш етуде», – деді Түркiменстан Меджлисінің Төрайымы А.Нұрбердыева.

Салтанатты кеште түрікмен өнер қайраткерлері қазақтың халық әндері мен танымал дәстүрлі шығармаларын нақышына келтіре орындап, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту шарасына жиналған қонақтарға қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды. Одан соң Қазақстанның бүгінгі жаңалыққа толы жетістіктері туралы бейнефильм көрсетіліп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған фотокөрме тамашаланды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары