«МЕН СЫЙҒА ТАРТҚАН ОРАМАЛ»

«МЕН СЫЙҒА ТАРТҚАН ОРАМАЛ»

«МЕН СЫЙҒА ТАРТҚАН ОРАМАЛ»
ашық дереккөзі
556

«Мен сыйға тартқан орамал» атты әсерлi әнiмен талай тыңдарманның жүрегiне жол салған әншi, композитор, ақын Роза Әлқожаның өнер әлемiнде жүргенiне – биыл он жыл. Осыған орай, 18 желтоқсанда Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» атты шығармашылық кешi өтедi.

Роза Әлқожа – арулардың жүрегінде жатқан сезімді бүлк еткізген әнші десек, әсте артық айтпаспыз. «Мен сыйға тартқан орамал», «Сен кінәлісің», «Жанымнан жырақтамашы», Еркін Нұржановпен бірігіп орындайтын «Жанымның бөлшегісің» атты лирикаға толы әндері тыңдарманын бей-жай қалдырмағаны анық. Оның жүрек түкпірінен шыққан сырлы сөз, әсем әуені елімізге танымал өнер адамдарының орындауында халыққа танылып жүр. 18 желтоқсанда шымылдығын ашатын Розаның ән кешінде айтыскер ақын Ақмара Ілеубаева, Еркін Нұржанов, Таңат Мамырханұлы, Гүлмира Сарина, Баян Нұрмышева, Өмірқұл Айниязов сияқты әншілер өнер көрсетеді. Әсерлі кешті жас айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов және журналист Әсел Ергешқызы жүргізеді.

Айта кету керек, елдің ерке қызы, көп балалы ана Роза Әлқожаның ән кеші ешбір демеушіліксіз өтеді. Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын «Мына өмір ғажап қандай» атты алғашқы шығармашылық кешін өткізген әншінің ендігі халыққа тартуы мүлдем өзгеше болмақ. Шығармашылық кешіне қызу дайындыққа кіріскен Роза «Балапандарым», «Асыл жарым», «Ауылды аңсау» сияқты бірқатар жаңа ән жаздыруда. Сондай-ақ, кеште «Ән салшы, Роза» атты жаңа ән шырқалады. Бұл ән – халық әртісі Роза Рымбаеваға арналмақ. Халық әнші, композитор Роза Әлқожаны көбірек таныр. Алайда өнердің бар болмысын бойына сіңірген Розаның ақындық қыры да поэзияға құштар қауымға белгілі. Роза мен айтыскер ақын Ақмарал Ілеубаеваның өнердегі ортақ туындысы Розаның орындауындағы «Сен кінәлісің» әні ғана емес, қос ақынның сырлы өлеңі смс арқылы да өрілген. Розаның есеп беру кешінде қазақтың қара сөзіне құмар жандар қос құрбының сыры мен мұңы қатар өрілген өлең жолдарынан сусындайды. Сонымен қатар, «Мен сыйға тартқан орамал» кешіне келген әнсүйер қауымды өзге де тосын сыйлар күтеді.

08.12.2011

Жанерке ЖҰМАНАЗАР

Серіктес жаңалықтары