МЕНIҢ ГЕНЕРАЛЫМ
МЕНIҢ ГЕНЕРАЛЫМ
Бекен НҰРАХМЕТОВ
Бекен Төлеужанұлы Нұрахметов – «Семей» кеден бекетi бастығының орынбасары, кеден қызметiнiң полковнигi. «Қорқаулар түнде жортады» атты детектив жанрындағы кiтаптың және «Кеден iсi бойынша сұрақтар мен жауаптар» атты оқулықтың авторы, Қазақстан Журналистер одағы С.Бердiқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты. Бiз төменде автордың елiмiз алғаш тәуелсiздiк алған жылдардағы Қытаймен шекарадағы тарихи жоңғар қақпасында орын тепкен «Достық» кеденiнiң қалыптасуы, ондағы өзiнiң ұстазы мен әрiптестерi жөнiнде жазған естелiк-толғанысын жариялап отырмыз.
Мына соқпағы көп тірлікте алдыңда не тосып тұрғанын, тарам-тарам тағдыр жолдарының қайсысы қайда апаратынын білмейсің, әрине. Жаратқан Алла өз несібесін бұйыртқан сол жолдардың бірімен жүріп келе жатып, алып-ұшқан көңілің арнасына сыймай, қуанатын да, су сепкендей басылып, мұңаятын да кездерің жиі болады. Осындай кездерде ғана жан-жағыңа сын көзбен қарайсың, өткен өмір жолдарыңа көз жібересің, әртүрлі тағдырлармен ұшырасқан сәттеріңді қуана да, қинала да еске аласың. Кіммен жолдас болдың, қандай адамдармен қызмет істедің, кімдердің шарапаты тиді, кімнен ұстаздық тәрбие көрдің, сондай-ақ кімнің кесапатына ұшырадың, солардың бәрін толғана отырып, ой елегінен өткізесің. Осындай толғаныс үстінде өз өміріңде өшпес із қалдырған адамдардың орны әрдайым жүрек түкпірінен ерекше орын алып, жаныңа шуақ шашып тұрады. Осы орайда осыдан 16 жылдан аса уақыт бұрын кеден саласына келгендегі алғашқы ұстазым, «Дружба» кеден бекетінің және «Достық» кеденінің бірінші бастығы Иван Алексеевич Красуленконың есімін, одан үйренген тағылымдарымды ешқашан жадымнан сызып тастай алмаймын.
1992 жылдың наурыз айында Дружба стансасына алғаш келіп, пойыздан түскенде өз көзіме өзім сенбедім. Тура соғыстан кейінгі қираған қалашық сияқты. Шатырсыз, есік-терезесіз, иесіз қалған екі қабатты ескі үйлердің қаңыраған қаңқасын айтпағанның өзінде, қираған вокзалдың төрттен бір бөлігі ғана қалған екен. Сол вокзалдың қирамай қалған бір бұрышынан кеден бекетіне деп екі қызметтік бөлме бөлініпті. Алғаш келгенде қайда тап болдым деп жүрексінгенім де рас. Кеден бекеті бастығының жұпыны ғана жабдықталған кабинетіне кірдім. Орта бойлы, қияқ мұртты орыс жігіті орнынан тұрып, жылы амандасты. Орнынан тұрып амандасқанына және жымиған жылы жүзіне қарағанда қарапайым әрі мәдениетті адам екенін аңғару қиын емес еді. Менің осы кеден бекетіне жұмысқа орналасуым жөніндегі бұйрықпен танысқан соң (ол кезде «Талдықорған» кеденіне бағынатын) әңгімені өзі бастады. «Міне, жұмысты енді бастап жатырмыз. Кереметтей көп жұмыс жоқ. Тұратын үй жағынан да проблемалар көп. Енді бір жарты айдың ішінде біздерге екі бөлмелі бір үй бергелі жатыр. Сонда сыйысып тұрарсыңдар. Сондықтан да Алматыда бітпей қалған жұмыстарың болса бітіріп, асықпай бір-ақ кел», – деді. Жаңа танысқан бастығымның мына сөзі көңілімдегі ойымды дөп басқандай болды. Себебі қолымда кеден бекетіне орналасқандығым жөнінде бұйрығым болса да, осында жұмысқа қалсам ба, қалмасам ба деген екі ойлы жағдайда отырған едім. Асықпай кел деген сөзі менің әлі де болса ойланып-толғануыма мол мұрсат бергендей болды.
Алматыға қайтып келіп, көп ойландым. Сол кездегі кеден комитетінің төрағасы, генерал-лейтенант Нұрлан Тілемісовтiң қабылдауында болдым. Ол кісіге өз ойымды ашық айтып, ақыл сұрадым. Нұрлан Хайдоллаұлы өте жылы қабылдап, «Дружбаға » барғым келмеген жағдайда жақында кеден комитетінде қоғамдық байланыс бөлімі ашылатынын, соған бастық болып келуімді ұсынды. Және де сөз арасында Қазақстандағы қай кеденге орналасам десем де қолынан келген көмегін аямайтынын, Қазақстан үшін кеденнің мүлде жаңа сала екенін, сондай-ақ жұмысты нольден, жаңадан бастаған адамның нағыз кәсіпкер маман болып шығатынын басып айтты да: «Егер жұмысты жақсы әрі таза істесең – өзім өсірем, ал егер менің атыма кір келтіріп, жаман істесең – өзім өшірем», – деді. Осылайша, мен ол кісінің ағалық ақылын тыңдай отырып, «Дружба» кеден бекетінде қызметті қатардағы инспектор болып бастауға бел байладым.
Кеден бекетінің сол кездегі штаттық құрамы небары он ғана адамнан тұратын. Ал тиісті материалдық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу жағдайы тым мүшкіл еді. Компьютер мен ксерокстiң, факсимильді байланыстың, қызметтік көліктің жоқтығын айтпағанда, кеденшілердің үстінде қызметтік киім де жоқ болды. Жігіттер жұмысқа күнделікті азаматтық үлгідегі киіммен келе беретін. Кеден бекетінің бар байлығы – іс қағаздарын басатын ескірген жалғыз механикалық машинка бар еді. Ал шаң басқан ол машинкамен жұмыс істеуді менен басқа бір адам білмейді екен. Бірде бастығым менің машинканы зырғытып еркін басып отырғанымды көрді де, қатты қуанды. Арқамнан қағып тұрып: «Енді біздің қатарымызға қолынан іс келетін, қағазбен жұмыс істей алатын адам келді деп есептеймін», – деді. Мен оның сенім арта сөйлеген сол сөзіне марқайып қалдым. Редакцияда құқық бөлімі және хат бөлімінің меңгерушісі болып істеген тәжірибем бар, кеден бекетінің кеңсесіндегі біраз кемшіліктерді жоюға атсалыстым, тиісті кіріс, шығыс журналдарын нақтылы жолға қойдық, тиісті номенклатураны дұрыстадық. Әсіресе жұмыста компьютер мен ксерокстiң жоқтығы бәрінен де маған өте ауыр тиді. Жоғарыдан күнделікті ағылып келіп жатқан үкімет қаулылары, кеден комитетінің нұсқаулары, ережелері, бұйрықтары және ағымдағы құжаттар бір-бір данадан ғана келетін болғандықтан, олардың кейде жоғалып кететін кездері де жиі болатын. Бір күні Иван Алексеевич кабинетіне шақырып алып: «Мына жоғарыдан келіп жатқан құжаттарды машинкаға бірнеше дана етіп басып, жігіттерге үлестіріп беріп отыр. Оқысын, үйренсін. Шамаң келгенше өзің соларға сабақ өткіз», – деп тапсырды. Жұмыс барысында түнімен ұйықтамай машинка басқан күндерім де көп болды. Одан мен ширамасам, зиян көрген жоқпын. Кейбір құжаттарды машинкаға бірнеше мәрте басып отырып, мазмұнын жаттап та алатынмын. Бұл жағдайлар шын мәнінде жұмысты жетік меңгеруге, кәсіпқой кеденші ретінде қалыптасуға үлкен септігін тигізді. Содан кейін арада небәрі 3 айдан аса ғана уақыт өткенде бастығым мені кабинетіне шақырды. Әңгімені бірден: «Жақында біздің «Дружба» кеден бекеті «Достық» кедені болып қайта құрылады. Саған үлкен сенім артып отырмын, жүк бөлімінің бастығы болып барасың ба?» – деді. Мен бірден тәжірибемнің аздығын айтып, бұл ұсыныстан бас тарттым.
Арада көп уақыт өте қойған жоқ. Кеден басшысының тапсыруымен уақытша жолаушылар бөлімінің бастығы міндетін атқаруыма тура келді. Әлі есімде. Бір күні халықаралық «Жібек жолы» пойызын кезекті кедендік тексеруден өткізіп жатқан едік. Иван Алексеевич рациямен тексеру жұмыстары біткен соң бөлімнің жігіттерін ешқайда жібермей, бәрін кабинетке жинап әкелуімді тапсырды. Бәріміз жиналған соң: «Ал, жігіттер, бүгін кімнің қандай іске қабілеті бар және ниеттері қандай екенін тексергім келіп отыр. Бәрің де колдарыңдағы дипломаттарыңды стол үстіне қойып, ашыңдар»,– деді. Мұндай оқиғаның боларын білмеген кейбіреулер сасып қалды. Үш-төрт дипломаттың ішінен кедендік тексеру кезінде пендешілікпен алған темекі тұтатқыш, қаламсап, сыйлық бұйымдар сияқты ұсақ-түйек заттар шықты. Әріптестерім үшін мен де қатты қысылдым. Бұл келеңсіз жайды көрген кезде қатты ашуланған Иван Алексеевич: «Сендер отпен ойнап жүрсіңдер және тым ұсақталып кеткен екенсіңдер. Сендердің тағдырларыңа қазір-ақ балта шаба салуыма болады. Бірақ бұл жолы кешірдім. Енді кім де кім пойызға дипломат алып шыққанын көрсем және мынандай жағдайлар қайталанатын болса, маған өкпелемеңдер. Мына заттарды кешірім сұрап, иелеріне қайтып беріңдер»,– деді. Көп ұзамай Иван Алексеевич әлгі дипломаттарынан ұятты заттар шыққан төрт жігітті жауапкершілігі төмен, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен байланысы жоқ бөлімдерге ауыстырып жіберді. Иә, шалыс баспайтын тұяқ жоқ. Егер де шаш ал десе, бас алатын басқа біреу болғанда жігіттерді қатаң жазалап, жұмыстан шығарар ма еді, кім білсін? Ертеңгі күні олардың тағдыры не болатын еді? Иван Алексеевичтің басқарушылық тәжірибесі негізінен адамды жазалау емес, сол жазаны болдырмаудың алдын алу және тәрбиелеу болатын. Осы орайда ұлы Абайдың: «Егер мен закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген даналық сөзі еріксіз еске оралады.
Көп ұзамай «Дружба» кеден бекеті «Достық» кедені болып қайта құрылған кезде бірнеше жаңа бөлімдер ашылып, кеденнің штат кестесі 135 адамға дейін жетті, жаңадан тағайындаулар басталды. Ал енді кеден басшысы И.А. Красуленконың сол кездегі ұжымның алдына шығып: «Бөлім бастығы және бас инспектор кызметтеріне өзіммен бірге кеден өмірінің ыстық-суығына шыдап, тәжірибе жинақтаған, кеденнің іргетасын өзіммен бірге қаласқан жігіттерден ғана тағайындаймын. Жоғарыдан телефон шалдырып немесе жұмысқа жаңадан келе салып, бастық боламын деп дәметпеңдер» деген ескерту сөзі әлі күнге дейін құлағымда. Ол осылайша айтқан сөзінде тұрып, барлық бөлім бастықтарын кеден саласында аз да болса тәжірибе жинаған, қолынан іс келетін адамдардан тағайындады. Кеден бекетінің алғашқы іргетасын қалаған он шақты жігіттердің бәрі бір-бір бөлімнің немесе ауысым бастығы болып тағайындалды. Мені жаңадан ашылған автокөлік өткелі бөлімінің (Қазіргі «Алакөл» кеден бекеті) бастығы етіп тағайындады. Қазір ойлап қарасам, Иван Алексеевичтің кадрларға деген сенімі мен тәрбиесінің негізі өзін-өзі ақтады деп айтуға болады. Өкінішке қарай, сайдың тасындай, «сен ат, мен тұрайын» дейтін сол жігіттердің біразы бақи дүниенің есігін тым ерте ашты, ал біразы қазіргі уақытта кеден саласында әлі күнге дейін абыройымен қызмет атқарып жүр. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, шәкірттерінің алды кеден басқармасы, кеден және кеден бекеттері бастығы қызметтеріне дейін көтерілді. Атап айтсақ, Иван Алексеевичтің орынбасары болған Шеризат Қалауов кейіннен Жамбыл облыстық кеден басқармасының, «Байқоңыр» және «Қорғас» кедендерінің бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Ержан Нұғыманов марқұм «Достық» және «Бақты» кедендерінің бастығы болды. Талғат Абдрахманов пен Нұрлан Баймолдинов Алматы қалалық кедендік бақылау департаментінде басқарма бастықтары, Ергасыл Идришев бас маман болып қызмет істейді. Ал Әлихан Өмірбеков пен Баймұрат Қабдолданов әлі күнге дейін сол «Достық» кеденінде екі бөлімнің бастығы, Алмас Боқаев пен Бауыржан Төлегенов бас маман болып абыроймен қызмет етуде. Осы әріптестерім сияқты мен де қатардағы инспектордан кеден бастығына дейінгі жолдан өттім.
Қазақ халқында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деген мақал бар. Иван Алексеевичпен 3 жылдан аса бірге қызмет істегенде байқағаным, оның бойындағы мәдениеттілік пен мейірімділік, кішіпейілділік, айтқан сөзінде тұратын азаматтық тәрізді қасиеттері оны ерекше тұлғаландырып тұратын. Әсіресе, оның өз міндетіне деген жауапкершілігі, жеке басының адалдығы мен тазалығы және қарапайымдылығы бізді қайран қалдыратын. Кеден бастығы болып қызмет істеп жүрсе де, тіпті оның жекеменшік көлігі де болмады және тым қарапайым киінетін. Ол жақсы жұмыс істеп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген кеденшілерге тиісті бір ай еңбек демалысына қосымша өз атынан бір апта демалыс күндерін қосып беретін. Әрине, мұндай жауапкершілікті кез-келген басшы өз мойнына ала бермейді. Бұған қоса жанұя жағдайымен сұранған жігіттердің бетін қайтармайтын. Жұмыс барысында бөлім бастықтарының сөзіне құлақ асып, олардың өз еркімен шешім қабылдап, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін. Сонымен қатар жұмыс барысында кемшілік жіберген қызметкерлерге көптің көзінше дауыс көтере ұрсып, ар-намысына тиетін ауыр сөздер айтуды, сондай-ақ өсек жинап, біреудің соңына түсіп алуды білмейтін. Қарамағындағы кызметкерлердің отбасы, жанұя жағдайына дейін үнемі назарда ұстап, қолдан келген көмегін аямауға тырысатын. Және де басшы бола тұрып, жиналыстарда жасайтын баяндамаларын біреуге жаздырып, дайындатпайтын. Баяндаманы да, газеттерге кеден өмірі жөніндегі мақалаларды да өзі жазатын. Содан кейін газетке шығаратын материалдарын маған беріп тұрып: «Мен өзіме тиісті жұмысты бітірдім, ал қалғанын өзіңе тапсырдым» дейтін. Содан кейін мен ол мақалаларды қазақшаға аударып, қазақ және орыс тіліндегі басылымдарға шығаратынмын. Біз екеуміздің өмірге деген көзқарасымыз, айтар әңгімеміз бен пікіріміз өзара үндесіп жататын. Тіпті, екеуміздің туған күнімізде бір күнде – 7 қаңтарда болатын.
1992 жылдың қараша айында көршілес Қытай еліндегі «Алашанькоу» кеденінің басшылығы біздерді арнайы кездесуге шақырды. Иван Алексеевич қасына мені ертіп алды. Кеден қызметі және жұмыс барысындағы проблемалар бойынша ой бөлісіп, проблемаларды талқылап, тәжірибе алмасып болған соң, үлкен дастарқан мәзіріне жиналдық. Дастарқан тізгінін асаба ретінде «Алашанькоу» кедені жүк бөлімі бастығының орынбасары Смайыл деген қазақ жігіті қолына алды. Ол қазақ, орыс және қытай тілдерінде еркін әрі таза сөйлейді екен. Сөз арасында Смаиыл Иван Алексеевичтен: «Сіз хохолсыз ба?» деп сұрады. Ол болса: «Жоқ, мен казакпын. Ал менің мына қасымдағы әріптесім Бекен – қазақ» деді күліп. «Кешіріңіз, – деді Смайыл, – сонда сіз Краснодар ма, әлде Дон казагысыз ба?» дегенді естігенде Смайылдың соншалықты білімділігіне таңырқап, аузымды ашып қарап қалдым. Иван Алексеевич болса таңырқаулы жүзімен: «Дон казагымын» деп жауап берді. Сол сәтте Смайыл: «Иван Алексеевич, онда мен сіздің құрметіңізге Дон казактарының халық әнін айтып берейін» деп қоңыр дауысымен әуелете жөнелгенде, екеуміз шалқамыздан түсе жаздадық. Иван Алексеевичке қарасам, Дон казактарының халық әнін Қытай елінде алғаш естігендіктен бе, рахаттана тыңдап, көзіне жас келіп, көңілі босап отыр екен. Ән бітісімен орнынан ұшып тұрып, Смайылдың бетінен сүйді, қытайлық әріптестерге рахметін айтты. «Отан оттан да ыстық» дейді ғой халқымыз. Мен сол кезде-ақ оның жүрегінің бір бұрышында Отанына деген бір сағыныш сезімінің лаулап жанып жүргенін аңғардым. Осыдан кейін іле-шала тағы бір қытай кеденшісі сөз алып: «Жаңа Смайыл Иван Алексеевичтің құрметіне Дон казактарының халық әнін айтса, енді мен Бекен әріптесіміздің құрметіне қазақтың халық әні «Бипыл-айды» орындап берейін» деді. Қытайлық әріптесім «Бипыл-айды» нақышына келтіріп, барша тамырымды балқыта отырып шырқады. Шынымды айтсам, сол сәтте менің де көңілім ерекше толқып, жүрегім тебіреніп кетті. Біз бұл сапардан көп нәрсені көңілімізге түйіп қайттық. Қонақ күту мәдениеті жағынан қытайлық әріптестерден де біраз нәрсе үйренгеніміз өтірік емес. Қайтып келе салысымен Иван Алексеевич кеден ұжымында Қытай тілінде сабақ өткізу мәселесін қолға алды. Соның нәтижесінде кейбір жігіттеріміз қытайша әжептәуір еркін сөйлейтін дәрежеге жетті.
Иван Алексеевич Красуленконың басқаруы кезінде бір де бір кеденшінің үстінен арыз-шағым түскен жоқ, бір де бір кеденші қылмыстық жауапкершілікке тартылған емес. Кеден ұжымындағы ауызбіршілік өте жоғары деңгейде болды. 1992 жылдың корытындысы бойынша «Достық» кедені Республика кеден органдары арасында кеден саласындағы контрабандаға және басқа да құқық бұзушылықтарға қарсы күресте бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ 1995 жылы ақпан айында қазақша күрестен кеденшілер арасында өткізілген бірінші Республикалық спартакиадада «Достық» кеденінің балуандары басқа кедендерде қызмет істейтін бұрынғы Еуропа, Әлем чемпиондарының жамбасын жерге тигізіп, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл жетістік те сол кездегі үлкен ауызбірліктің белгісі еді.
Өмір болған соң, оның ащысы мен тұщысы және ақиқаты мен әділетсіздігі қатар жүреді. 1995 жылы Иван Алексеевичтің нақақтан жүрегіне жара салған мына бір оқиға әлі күнге дейін менің көз алдымнан кетпейді. Иван Алексеевичтің өз Отаны – Ресейге кетуге жиналып жатқанын естіген «Дружба» стансасының көлік прокуроры тырнақ астынан кір іздеп, ойламаған жерден кеденге тексеру жүргізді. Түймедей нәрсені түйедей етіп дабырайтып, оның үстінен қылмыстық іс қозғап, қаматып тастады. Прокурордың бұл әрекетіне бүкіл кеден ұжымы түсінбей, наразы болды. Себебі Иван Алексеевичті шығарып салу салтанатына арналған дастарханға келіп тұрып, өзінің ақ тілегін айтқан прокурордың мына қылығын түсіне алмадық. Иван Алексеевичті қамаған күннің ертесінде полициядағы жүрегінде иманы бар таныс жігіттер арқылы арнайы рұқсатпен онымен жүздесіп шықтым. Ол мені көре салысымен көңілі босап кетті. «Сен мені білесің ғой. Бұның бәрі жалған. Ертең-ақ ақталып шығамын», – деді. Мен оны құшақтап, сабыр сақтауға шақырдым, қолымыздан келген көмекті аямайтынымызды айттым. Өзімнің де денем тітіркеніп, көзіме жас келді. Аз күннің ішінде әжептәуір жүдеп кетіпті. Дереу камерасына өзі керек деп өтініш білдірген заттарын кіргіздіріп бердік.
Ертесі күні көлік прокурорының алдына бардым. (Белгілі себептермен атын атамауды жөн көрдім). «Сіз оның адал да таза адам екенін білесіз ғой. Сізге жасаған зияны жоқ, тырнақ астынан кір іздеп не қыласыз, еліне ренжімей қайтсын» деп араша түсуге тырыстым. Алайда прокурор өз айтқанынан қайтпады. Сол күні Иван Алексеевичтің қорғаушысы кәріс жігіті келді. Іспен танысып болған соң, қорғаушыны біз қонақ еттік. Қорғаушы Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процессуалдық кодекс талаптарын білу жағынан өте сауатты екен. Әңгіме арасында бізге қылмыстық істің негізсіз қозғалғанын және көп ұзамай Иван Алексеевичтің толықтай ақталып шығатынын айтты. Қорғаушының айтқаны тура келді. Иван Алексеевич ақталып шықты, таққан кінәлардың бірде-біреуі дәлелденбеді, іске қатысы бар деген бірде-бір куә Иван Алексеевичтің мүддесіне қарсы жауап берген жоқ. Сол кезде кейбіреулер оған: «Үстіңізден негізсіз қылмыстық іс қозғап, жазықсыз қамауға алған прокурордың үстінен неге арызданбайсыз?» деген еді. Ол сонда: «Өйтіп ұсақталғым келмейді. Уақыт әлі алда ғой, әркімге өз жазасын Құдай береді», – деді.Иван Алексеевич біреудің қуанышына да, қайғысына да шын ниетімен ортақтаса білетін азамат екенін талай мәрте дәлелдеді. 1995 жылы «Қорқаулар түнде жортады» атты детектив жанрындағы тырнақалды кітабым баспадан шықты. Сол кезде оның менің қуанышыма ортақтасып: «Сен біздің мақтанышымызсың»,– деп шын көңілден құшағына тартып, қуанғанын айтсаңшы. «Дружба» стансасында оның ұйымдастыруымен әлгі кітабымның тұсаукесер рәсімі өткізіліп, салтанатты түрде дастарқан жайылды және ұжым атынан маған ат мінгізілді. Осындай сый-құрметті, осындай дос көңілді қалайша тебіренбей еске аласың? Бұл біздің шынайы достығымыздың, бір- бірімізге деген риясыз адал көңіліміздің белгісі еді. Біздің осындай қарым-қатынасымызды көре алмай, ішіне шынашақ айналмай жүргендер де болды, әрине. Ол үшін біреуді кіналауға да болмайды. Себебі кейде өзіңнің ет жақын туысың да өзіңді көре алмай қалатын кездері болады. Бұл – өмір заңдылығы емес пе?!
Бірде Иван Алексеевич шұғыл түрде бір қағаздарды Алматыға жіберу керек болды да, оны жеткізуді сол кездегі жүк бөлімінің бастығы Әлихан Өмірбековке тапсырды. Ол кезде жігіттердің көбісінде жекеменшік көліктері жоқ болатын. Әрдайым өзіне тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын Әлихан Алматыға өз көлігімен шықты. Жолда кетіп бара жатып, көлігінің оң жақ қанаты мен есігін соғып алады. Соған қарамастан тиісті қағаздарды бас кеден басқармасына айтылған уақытында жеткізеді. Бұл жағдайды естіген Иван Алексеевич мені шақырып алды да: «Әлихан Алматыға менің тапсырмамды орындаймын деп бара жатып, көлігін соғып алды емес пе. Оны жөндеуге қанша ақша шығарыпты, сен соны білші. Мен сұрайтын болсам ұялып, айтпауы мүмкін. Сондықтан да көлігін жөндеуге кеткен ақшасын қайтып берейін, әйтпесе ұят қой»,– деді. Иван Алексеевичтің аузынан осы сөздерді өз құлағыммен естігенде мен оны тағы бір қырынан танығандай болдым. Бұндай әділдік пен адамгершілік қасиетті қолына билік тізгінін ұстаған кез-келген азаматтың бойынан кездестіре бермейсің, әрине.
Иван Алексеевич отбасымен Ресейге біржолата көшер алдында бүкіл кеден ұжымы оны үлкен сый-құрметпен шығарып салды. Бір-бірімізге бауыр басып қалғанымыз соншалық, жақын-туыс адамдардай қимай қоштастық. Кейбір жігіттер көздеріне жас та алды. Шығарып салу кезінде маған арнайы сөз берілді. Мен өз тілегімді білдіре келе сөзімді: «Амандық болса, кедендегі қызметіміз жайлы талай көркем шығармалар жазармын. Сол кезде менің ең басты және ең жағымды кейіпкерім Сіз боласыз, Иван Алексеевич. Сізді біз ұмытпаймыз, Сізді тарих ұмытпайды», – деп аяқтадым. Иә, бүгінгі мына шағын естелігім соның мөлдір бастауы деп ойлаймын.
Иә, Ресей кеденінің тарихы бірнеше ғасырларды құрайды. Соған қарамастан 1991 –1993 жылдары Қазақстан кеден органдарында басқа ұлттың өкілдерінен тұратын мықты кадрлар резерві қалыптасты. Сол кездері Қазақстан Республикасының кеден органдарында әртүрлі басшы қызметте болған В.А. Борисенко, В.Н. Пономарев, А.А. Синюкович, И.Лукьянов генерал-майор дәрежесін алса, С.В. Лапченко генерал-лейтенант дәрежесіне дейін көтерілді. Бұл азаматтар генерал шенін Ресейге барып алса да, олардың бәрін Қазақстан кеден мектебінің тәрбиеленушілері деп мақтанышпен айтуға болады. Біздің жүрегімізде солардың бірі және бірегейі ретінде мақтанышпен әрдайым И.А. Красуленконың орны бөлек тұрады.
Талай тарихты ішіне бүккен және атақты «Аңырақай» шайқасының куәгері болған Жоңғар қақпасына қоныс тепкен «Дружба» стансасы мен ондағы «Достық» кеденінің бүгінгі келбеті өркениет талабына сай адам танымастай өзгерген. Кеденшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да осыдан 20 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Біз ол кезде болашақта кедендік тексерудің техникалық құралдарының озық үлгісіне жататын тауарларды жеткізуді автоматты түрде бақылау (АСКДТ), инспекциялық тексеру кешені (ИДК), «Янтарь» қондырғысымен, электронды пломбалармен және әуежайларда жолаушылар декларацияларын автоматты түрде толтыруға мүмкіндік беретін кеден дүңгіршектерімен жұмыс істейміз деген ой қаперімізге де кірмеген болатын. Кеден жүйесінің жұмысы түгелдей жаңаландырылып, жұмыс процестері түгелдей автоматтандырылады деп ойладық па? Қазіргі уақытта «Дружба» стансасында арнайы кеденшілер ғана тұратын үлкен қалашық бой көтерген. Керек жағдайдың (монша, қыстық доп алаңы, бильярд залы, балалар ойнайтын орын, т.б.) бәрі жасалған. Кедендік инфрақұрылым жақсарып, кеденшілер кызмет көлігімен де жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілген. Бір кездегі қираған қалашықтың орны күн өткен сайын гүлденіп, шаһардың келбеті замана талабына сай сәулеттене түсуде. Алайда, қыстың қақаған аязы мен бет қаратпайтын боранында аядай екі бөлмеде, вагондарда бүрісіп отырып жұмыс істеген сәттерімізді, қызмет көлігінсіз 4-5 шақырым жердегі жұмысқа күнделікті жаяу барып қайтатын кездерімізді, екі бөлмелі үйде он жігіт ың-шыңсыз, тату-тәтті тұрған уақытты біз әрдайым жүрек тебірене еске аламыз. Тіпті, кеңес үкіметі тараған алғашқы қиын жылдары «Дружба» стансасындағы жалғыз азық-түлік-дүкенінде карточкалық жүйе болатын. Біз жергілікті тұрғын ретінде тіркелмегендіктен, кеденшілерге дүкеннен сары май, колбаса сияқты тамақтар және арақ сатылмайтын. Біздің ауыз бірлігімізді, ерік-жігерімізді шыңдаған сол бір кездерім үшін тағдырыма мың да бір ризамын. Шіркін, уақыт неткен жүйрік десеңші! Биыл 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы кеден органдарының құрылғанына да жиырма жыл толады екен. Осы орайда, қытаймен шекарада орналасқан кеден тарихы жөнінде сөз қозғалар болса, «Достық» кеденінің алғашқы іргетасын қалаған Иван Алексеевич бастаған он шақты жігіттің атына да ешбір жаман сөздер айтылмайтынына сенімдімін. Себебі «Достық» кеденінің бүгінгідей биік дәрежеге жетуіне, аяғынан қаз тұруына және ондағы кадрлар резервінің қалыптасуына теңізге тамған тамшыдай болса да өзіміздің қосқан үлесіміздің барлығын мақтанышпен айта аламыз.
Қазақстаннан кеткен соң Иван Алексеевич Санкт-Петербург кеден басқармасында қызмет етті, одан кейін «Мурманск» және «Балтика» кедендерінің бастығы болды. Қазіргі уақытта еңбек демалысында. Осы орайда, Иван Алексеевичтің тағы бір үлкен адамгершілік қасиетінің биіктігі мынада –Қазақстаннан көшіп кеткеніне 17 жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін бізбен телефон арқылы хабарласып, аман-саулық сұрасып, әр мереке сайын құттықтап тұруды да ұмытпайды. Бұл да бір үлкен мәдениеттілік пен парасаттылықтың мектебі екені сөзсіз.
Міне, біз білетін генерал-майор Иван Алексеевич Красуленко ізгі ниетті, азамат деген атына шаң жұқтырмаған осындай жан. Осы орайда орыстың ұлы жазушысы Михаил Шолоховтың «Донда жүрсем казакпын, Қазақстанға келсем қазақпын» деген әдемі бір қалжыңы еске түседі. Қазақстан кеденінде біраз жыл туған ағалы-інідей, тонның ішкі бауындай араласып, қызметтес болған, өзін Дон казагымын деп айтатын орыс жігітін әрдайым зор құрметпен еске алып қоямын. Және де Даниэл Бурстиннің: «Настояшая слава – это когда ваше имя ценится дороже, чем ваша работа» деген ұлы сөзі Иван Алексеевич сияқты азаматтарға арнап айтылғандай. Иә, ол менің кеденге келгендегі алғашқы ұстазым, ол менің генералым.