АТИЛЛАНЫҢ ЕЛ БАСҚАРУ ӨНЕРІ

АТИЛЛАНЫҢ ЕЛ БАСҚАРУ ӨНЕРІ

АТИЛЛАНЫҢ ЕЛ БАСҚАРУ ӨНЕРІ
ашық дереккөзі
779

Батыс тарихшыларының ертеректе Атилланы қатыгез, соғысқұмар қолбасшы, мәдениет пен өркениеттің күлін көкке ұшырған жауыз ретінде сипаттаған кейбір сыңаржақ тұжырымдары осылайша жоққа шығарылған. Атилла, яғни Еділ патша заманында Ғұн халқы өзара қырықпышақ болып қырқысып жатқан еді. Сондай бейберекет ауыр кезеңде әлемді жаулап алу жайындағы оның жоспарын өз қасындағы қолбасшыларының арасынан да қолдаушылар тым аз болған екен. Соған қарамастан ұлы жеңістерге жеткен әлемдік деңгейдегі ірі көшбасшының басқарушылық шеберлігі мен таптырмас өнерін зерттеп тануды бүгінгі американдықтар өздеріне аса қажет деп тауыпты

Ендеше, даңқты патшаның кейінгі ұрпағы бола тұра біз өзіміз ата-бабаның ұлағатты өмірінен неге тағылым алмасқа. Олай болса, назар аударып көрелік. Атилла жастайынан жетім қалып, немере ағасы Рудилланың қолында өскені тарихтан мәлім. Тумысынан өжет те өткір Атилла ағасы Рудилланың жүргізіп келген саясатына қаршадайынан төзе алмады. Әсіресе, оның жат жұрт алдында еріген қорғасындай былқылдап, жас шыбықша иілген жалтақ іс әрекетіне, сол тұста жүргізген сыртқы саясатына ашық қарсы шығып, қатты сынға алды. Турасын айтқан туғанына жағушы ма еді. Ақыры одан қатты қысым көріп, небары 12 жасында Римнің ар-намыс сотының кепілдігіне жөнелтілді. Атилланың орнына ол жақтан Аэтус есімді бала ғұндарға кепіл ретінде беріледі. Аэтус – көшпенділердің осал тұстарын жіті зерттегендігімен тарихта қалған адам. Атилла кепілдікке барған кезінен Рим идеологиясына жантәнімен қарсылық көрсетіп, екі рет қашып құтылмаққа әрекет жасағанымен құтыла алмайды. Жүре келе ашық қайшылыққа баруды қойып, Римнің ішкі, сыртқы саясатын, армиясының артықшылықтары мен осал тұстарын зерделейді. Сонымен қатар шетелдік елшілер мен өкілдер арасындағы келіссөздерді, кездесулерді жіті бақылайды. Римдіктерден көшбасшылықтың қыр, сырларын және жазу-сызуды, іс қағаз жұмыстарын үйренеді. Шын мәнінде, Римнің ар-намыс сотында жүрген кезінде Атилланың көкейіне бүкіл әлемді жаулап алудың стратегиялық мотиві туған. Ер жеткен шағында ол өз елі­не оралады. Осы тұста ғұн аймақ­тары хан иесіне бағынбайтын, өз бетін­ше дербес тұрпатта болды. Атилла аймақбасылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, біртіндеп олардың сеніміне енді, бәрін өзіне тарта білді. Ағасы Блэда қайтыс болысымен Атилла хан тағына отырды. Оның қабылдаған әр шешімі орнықты, әділ де таза өміршең болғандықтан Атилланың абыройы халық арасында тез асқақтады. Атилла тұсындағы Ғұн империясының жорықтары таң қаларлық жеңістерге толы болған деседі. Бар болғаны 70000 әскері бола тұра темірдей тәртіп пен арадан қыл өтпестей ұйымшылдықтың арқасында өзде­рінен неше есе көп жаудың қолын үнемі тізе бүктіріп отырған. Ғұн армиясының бас­ты бәсекелесі римдіктер болатын. Бас­ты қарсыласының іргесіне келгенде соғыс тактикасын ғұндардың осал тұсына әбден қанық Аэтус жасап, жауынгерлерді аттан түсіріп, қолма-қол шайқасқа жұмылдырған. Әскери саясатқа жатжұрттық келімсекті араластырудың салдарынан ғұндар оңбай ұтылды. Аталмыш тарихи шайқас біздің жыл санауымыздан бұрын 451 жылы Каталоундағы Пламидада өткен. Ат құлағында ойнайтын көшпенді жауынгерлерде жаяу әскерлерге тән қандай соғыстық өнері болушы еді. 30000 сарбазынан айырылған ғұндарға Атилла еріксіз шегіну туралы бұйрық берді. Бұл оның алғашқы және соңғы жалғыз ғана сәтсіздігі болып тарихта қалған. Елге оралған ғұндар мақсатына жетуді мұрат етіп, әскери біліктіліктерін жетілдірді, тері киімдерін металмен көмкерілген сауытпен айырбастады. Екінші мәрте Римге қайта шабуыл жасағанда қарсыластары қатты абыржыды. Ендігі жерде оларға Аэтустың данышпандығы көмектесе алмайтын еді. Император Валентиниан қулыққа көшкісі келді. Сый-сияпат жасауға, тіпті өзінің туған қарындасын Атиллаға тарту етпекке бел байлады. Алайда ай десе ажары, күн десе көркі бар 300 аруды құшқан ғұн патшасының көңілін олай таба алу, алмасының өзі күмәнді жайт еді. Ақыры абыройы таудан биік, атағы жер жарған шешен Попэ Леонды жіберіп, Атилламен мәмілеге келмек болды. Онысы сәтті өткен еді. Алайда ғұнның даңқты патшасы мен римдік діндар екеуінің арасында қандай әңгіме өрбігені күні бүгінге дейін тарихта жұмбақ күйінде қалып отыр. Қалай болғанда да Атилла римдіктерге рақымшылық жасап, аттың басын атамекеніне қарай бұрған. Не үшін кері қайтты? Тарихшылар оны сан саққа жүгіртумен әлі күнге дейін әлектенуде. Бір тобы Атилланың жасы ұлғайып, өзіне деген сенімінің азайғанымен, жас кезіндегідей билік пен атақ-даңққа құмарлығының қайтуымен түсіндіреді. Енді бір тобы былай дейді: Атилла жауыздықты қаламайтын, мәмілегер, достықты қастерлейтін. Ол әсіресе Рим секілді сол тұстағы өркениетті елдермен тату болуды қалады немесе діндар Поптың терең білімін сыйлады, сөзге тоқтады т. с.с.Атилла еліне оралған соң, мемлекетті нығайтуға кіріскен. Бірде ол өзіне қарсы көтеріліс жасаған бір аймақбасын өлтіріп, оның ешкім тең келмейтін, жан біткеннен асқан сұлу қызын тоқалдыққа алады. Бұл қадамын айналасындағылар кәрілікке бой алдырмаудың таптырмайтын амалы деп дәріптейді. Алайда үйлену тойының ертеңінде ордадан қанға бөккен ханның мүрдесі табылады. Атилла өлімінің себебін де тарихшылар әртүрліше түсіндіреді. Жас ханым әкесінің өшін алды, өз балалары тақ үшін әкесін өлтірді, дүбірлі тойдан соң миына қан құйылды т. с.с. Ұлы ханның көшбасшылық жайындағы өсиеттері мынандай: біз – ғұндар басқарудың әр сатыларының бәрінде дарын қабілеті мен шеберлігі жағынан өзгелерден асып туған басшыларды ғана тағайындауымыз керек. Мықты басшы бір күнде пайда болмайды. Әр ғұн өзін өмір бойы шәкірт санап, барлық білім бұлақтарынан үздіксіз сусындасын. Біздің ұлт өмірлік дағдымен машық болып қалыптасатын шеберлікті меңгеру үшін адалдық пен батылдықты қастерлеуге тиіс. Әділетсіздікті түп-тамырымен жойып отырмаса, ол үнемі жамандықты шақырумен болады. Басшы адам жалғыздықпен, сенімсіздікпен, келеке-мазақпен үнемі бетпе-бет жүздесіп отыратындықтан төзімділік, сабырлылық аса маңызды. Алға жетелейтін арманың болсын. Биікке ұмтылмайтын, асқақ армансыз жауынгерді қанша қабілеті болса да басшылыққа қой­мағын. Ішкі ерік күшің берік болсын. Басшылықтың қай сатысында болсын, ел серкесі қиындықтың алдында тізе бүгуге, сенімін жоғалтуға болмайды. Алыс­ты болжап, ауыр жүкті тастамай көтеріп алып шығуға қабілетті болсын. Оған деннің саулығы, білектің қара күшінен бұрын ішкі жан дүниенің қуаттылығы маңызды. Басшы біреуге ұнау емес, мойындалуы тиіс және өзгенің жайын жақсы түсінетін, терең сезінетін болуы керек. Жат жұрттың мәдениетін, сенім-нанымын, салт-дәстүрін сезініп, түсінетін, бағалайтын адамгершіліктің болғаны абзал. Әр басшы шешімшіл болғаны бек жақсы. Қашан қозғалуды, қашан бөгелуді, ахуалдың барлық қырларын сезе отырып тез әрі дұрыс шешімді дер кезінде қабылдай білу. Күмәнданып, өзіне сенбей істі кейінге қалдыру артынан ергендерді адастырады және жауға жем етеді. Келешекті болжай білудің орны ерекше. Қолбасшы байқағыш әрі түйсікшіл сезімталдығымен әрекеттің жемісі мен салдарын алдын ала болжай білуі шарт. Уақыттың құнын білу – басшы үшін ат басындай алтынмен тең. Шешім кешікпей, озбай, дәл мерзімінде қабылдануы керек. Бәсекелесу қабілеті мығым болсын. Басшының ішкі арман, мүддесі жеңуге ғана бағытталады. Үнемі жеңіске жету мүмкін болмаса да, сын сағатта жеңуді талап еткін. Басшының өзіне деген сенімі зор болғай. Көшбасшы парызын, міндетін орындағанда өзіне сенімі аз болса кейінгілерге оның әлсіздігі дереу байқалады. Басшы өзінің де, қол астындағы жандардың да іс-әрекетін кім болса да түсіндіре алатын болуы тиіс. Әрдайым қолыңмен жасағаныңды мойныңмен көтергін. Сөзің мен ісің досқа да, дұшпанға да сенім ұялатсын. Сенімсіз басшыда ықпал болмайды. Мақсатқа жететін күш пен тұрлаулы табандылық болсын. Сақ сындыруға, алданып-арбалуға бой ұрмағын. Елге сүйеу болу үшін сенімнен өзің шыға білгін, өзгеге оны жүктей алғын. Жұртты артыңнан ерту үшін оларды аялай біл. Өзіңе бағынышты қарапайым жандарды ешқашан қорлама, қатесі болса кешіре біл, жасып жүрсе жігерлендір. Жазалауға асықпа, оны шарасыз кезде ғана еріксіз қолдан.Атилла өз тұсында ел басқарушыларды оқытатын мектеп қалыптастырғандығын аме­­рикалық ғалым, доктор В.Роберт өзі­нің ғылыми мақаласында ерекше атап көр­сетеді. Сонымен қатар ғұндардың ұлы­лығы өз халқының мүддесі үшін жеке бастарын құрбандыққа шала алатындықтары болғандығын Атилла қалыптастырған мектеп­тің жемісі дейді. Басшы ешқашан отбасы, ошақ қасының деңгейіндегі ұсақ-түйек іспен айналыспауы тиіс. Басқарушы тұлға ұстамды, өзіне сенімі нық, игіліктен үмітін үзбейтін көреген болса, жеңілсе де мойымайды, бар мүмкіндікті пайдалана білгеніне риза қалпында қала береді. Жеңімпаз болу үшін елден оқшауланудың қажеті жоқ, керісінше сенімге селкеу түсіретін дүлей күштерге тосқауыл болатын әлеуетті қуаттың, қажымас қайраттың, айнымас ар­манның, жасымас жігердің, қайтпас сенім мен қайсарлықтың орны айырықша. Өз мүмкіндігін толық пайдаланбаған адамды ешқашан ынталандырма, оған сый-сияпат жасама. Сен өзің жауаптанған ісің үшін өзгені жазғырма. Ал жан аямай еңбек етіп, елге мол табыс әкелген адамға өзіне лайықты ақысын дер кезінде беріп, топ алдында мадақта. Осылай деп артында өзінің өнегелі ісі мен өшпес өсиетін қалдырған Атилланың басқарушылық өнерін жіті зерттеген қазіргі америкалық ғалымдар мынандай тұжырымға келеді:Хан ретінде Атилла әлемдік деңгейде ойлайтын тұлға болған; Ұлыс, тайпалармен тығыз байланыс орната отырып, басқарушылық ілімін халықпен жіті сабақтастыруы сол кездің өзінде демократиялық ұстанымдардың болғандығын аңғартады; Атилла туа біткен психолог іспетті халықты өз маңына топтастыра білген; Қара қылды қақ жарған әділ тұлға болды; Шешім қабылдағанда асықпай жан-жақты зерделеп, ой елегінен өткізетін, ақылға салатын шебер басшы болды; Бұл дүниеге ғұн болып келгендігін мақтан тұтатын, оны өзгелерге мойындататын шынайы ұлтжанды патриот ретінде танылады. Расында, әр басшыда ұлттық мақтаныш болмаса өз елін қастерлей алмасы айдан анық. Әсіресе, қазіргі таңда сан жылдар бойғы отарлықтан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттер мен оның саяси лидерлерінің бойларынан осындай игілікті қасиеттер табылып жатса, ел болашағы баянды болар еді. Саясат және көшбасшылық саласын зерттеуші, ғалым Жеймс Доннели «Менеджмент ғылымдарының негіздері» атты кітабының кіріспесінде: «Атилланың бас­тан кешкен өмірі, оның тап болған проблемалары қазіргі американ менеджерлеріне де дәл бүгінгі күні кездесіп отырғандығы таңдандырады және назар аудартады» дей келіп, аталмыш монографиясының негізгі бөлімінде: «Атилла – шаруашылықтың алғыр іскері, тамаша мемлекеттік қайраткер және адам таңданарлықтай стратегияшыл саясаткер. Оның сан қырлы қасиеттерін танып игерудің мәні америкалық менеджерлер үшін орасан зор» – деп тұжырымдайды. Біз қызығып қарайтын батыстықтар ғұн көсемін осылайша бүкіл адамзатқа ортақ әлемдік қайраткер, көшбасшыға балайды. Ал өзіміз ше?! Менеджерлер даярлайтын қаптаған оқу орындарындағы ағылшын тілін білетін бірлі-жарымдарының өзі АҚШ-та қаны жерге тамбаған, бүгінде ұлттық басқару саясат пен менеджментке қатысты кез келген ағылшын тілді сайттан табуға болатын, біз сөз етіп отырған Атилланың басқару өнері жайындағы бағалы мәліметпен танысқандығына күмәнім бар. Қалай болғанда да, бізден озық делініп жүрген өркениетті қауым ата-бабамыздың өнегелі өмірі мен тұлғалық қасиетіне табынып отыр. Ал біз кімге табынып жүрміз?
08.12.2011
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, халықаралық журналист  

Серіктес жаңалықтары