ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУ ЖАСАҒАН КОМПАНИЯ
ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТАРТУ ЖАСАҒАН КОМПАНИЯ
Динара Мыңжасарқызы
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ – қазақ мұнай өндiрiсiнiң әлемдiк сахнадағы бет-пердесi ретiнде саналады. Себебi өз акцияларын Лондон қор биржасындағы еркiн саудаға алғаш орналастырған отандық компания биыл Еуропа, Таяу Шығыс, Африка елдерiнiң 79 компаниясы арасынан 41-шi орынға табан тiреп отыр. Ал бүгiнгi таңда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ Platts агенттiгiнiң бағалауы бойынша, әлемдегi 250 iрi мұнай компанияларының арасындағы жалпы рейтингте 101 орынды иеленген.
Компания өзінің негізін қалаған 2004 жылдан бері отандық мұнай өнімін әлемдік нарыққа шығарып, инвесторлардың санын көбейтуге айтарлықтай еңбек сіңірді. Әрине, елімізде қара алтынның бұл түрінің қайнар көзі осыдан жүз жыл бұрын табылса да, одан экономикалық тұрғыда пайда табу ісі Тәуелсіздік алған жылдардан бері қолға алынған болатын. Аз уақыттың ішінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ елімізді мұнайлы ел ретінде танытып, инвесторлардың тобын шоғырландыра бастады. Қарамағындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалдардың күшін біріктіру арқылы нәтижелі жұмыс істеген компания еліміздегі мұнай өндіретін көшбасшылардың алғашқы үштігінен орын алды. Компания көмірсутек шикізатынан мұнай мен газ өндіріп, кен орындарындағы қорларды сақтау мен дамыту барысында түрлі жұмыстарды атқаруда алдына жан салмай келеді.
Компания өз тапқан пайдасының қомақты үлесі арқылы еліміздің бюджетін де қамтамасыз етуде. 2011 жылдың қаңтарындағы жағдайға қарасақ, Ұлттық қорға түсетін салық түсімдерінің шамамен 16 пайызы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның еншілес және тәуелді кәсіпорындарының есебінен құйылып отырған. Одан бөлек өз жұмысшылары тұратын аймақтың әлеуметтік саласының дамуына айтарлықтай қаржы бөліп келетін компания Атырау және Маңғыстау облыстары тұрғындарын еңбекпен қамтамасыз етіп отырған ең ірі жұмыс беруші. Қазіргі таңда компанияның өндірістік филиалдарында 14 мыңнан астам адам жұмыс істесе, ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның Қазақстан бойынша еншілес, тәуелді және бірлескен кәсіпорындарында шамамен 24 мың маман еңбек етеді.
Бүгінде компания активінде соңғы жылдары жасалған сатып алуларды есептемегенде, 41 кен орны бар. Олардың ішінде ең ірісі – Өзен кен орны болып табылады. Мәселен Өзен кен орнында мұнай өндіру жұмысы 1965 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қазіргі қарқынмен қарасақ, мұндағы мұнай қоры әлі 26 жылға жететін көрінеді. Алайда кен орнын бөлшекті түрде модельдеу нәтижесіне қарағанда, қор мөлшерінің көлемі жұмыс барысында ұлғаюы да мүмкін. Айталық, осы Өзен кен орнында 2012 жылы 5,8 млн. тонна, ал 2013 жылдан бастап жаңа технологиялардың көмегімен 6 млн. тонна, одан әрі қарай өнімді 9 млн. тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін кен орындарына геологиялық-гидродинамикалық модельдеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Бүгінгі таңда геологиялық-гидродинамикалық үлгілер қолданатын кен ошақтарының өндірістік көрсеткіштері көтеріліп келеді. Мамандардың айтуынша, Шығыс Молдабек кен орнының 4 ұңғымасы бойынша өнім мөлшері жеті есеге артқан болса, Өзен кен ошағының бірнеше ұңғымасы бойынша 1,7 есеге, ал, 7 ұңғымасы бойынша 4,2 есеге жетіп отыр. Мұның нәтижесінде Забұрын кен орнынан өндірілетін өнім 8,3 есеге өссе, Ботақан кен орны бойынша мұнай өнімі 4,5 есеге артқан. Есесіне Досмұхамбет кен орнының бір ұңғымасы 7,6 есеге дейін өсім берген. Ал Өзен кен орнының қоры соңғы есеп бойынша 40 пайызға жетіпті. Бұл «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жанындағы Инженерлік орталығы жұмысының арқасында мүмкін болып отыр. Бұл орталық осыдан үш жыл бұрын Ақтау қаласында ашылған еді. Оның негізгі мақсаты – кәсіпорынның жұмысын ілгерілендіріп, белсенділігін арттыру болып табылады. Осы орталықтың арқасында ұңғымаларды салудың да сапасы едәуір артқан. Салыстырмалы түрде айтсақ, осыдан екі-үш жыл бұрынғы кезеңге қарағанда ұңғымаларды салу 13 тәулікке дейін қысқартылған көрінеді.
Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ инженерлер орталығында үш өлшемді моделді кеніш қондырғысы құрылған. Бұл арқылы мамандар кенішті өз көзімен көргендей әсер алады. Алдындағы компьютерді пайдаланып-ақ кеніште қандай құбылыстар орын алып жатқандығына қорытынды жасай алады. Мұндай жұмыстың нәтижесі Өзен кенішіндегі жер қойнауы қабаттарының құрылымы мен көмірсутек қорын нақтылай алды. Демек осы уақытқа дейін жеті ұңғыма қазылса, оның бүгінде алтауы ойдағыдай көрсеткішке қол жеткізіп отыр.
Компания бизнесінің негізгі бөліктерін барлау активтері, теңіз жобалары және таза ақшалай қаржы секілді компоненттер құрайды. Барлау активтері дегенде негізгі үш блокты айтпай кетуге болмас. Биыл бұл блоктар үш еселеніп, 24 ұңғыма бұрғылануда. Бұл жаңа мұнай кен орнының ашылуына септігін тигізді. Компания Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында теңіз жобасы туралы тың ізденістерді сарапқа сала отырып, арнайы меморандумға сәйкес, «ҚазМұнайГаз»ҰК-мен бірқатар блоктарды зерттеуді қолға алды. Нәтижесінде «Солтүстік теңіз» жобасы аясында алғашқы сынақ жұмыстарын бастап та жіберді.
Геологиялық-барлау шараларының арқасында мұнай қорын көбейтуге мүмкіндік мол. Ағымдағы жылдың өзінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның барлау блоктарының жалпы аумағы екі есеге өсті. Жаңа ұңғымалар саны үш есеге, ал бұрғылау тереңдігі төрт есеге артты. Әрине, бұл кезде жұмыстың атқарылу барысы да көңілден шықты. Қазір компания Оңтүстік Торғай, Арал, Сырдария және Солтүстік Қазақстан аудандарында геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуді қолға алмақшы. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның бас директоры Асқар Балжанов: «Біз мұның нәтижесінде мұнай қорын 400 млн. тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – дегенді жеткізді. Демек, бұдан компанияның алдағы үш жылдың ішінде 2 млрд. доллар шамасындағы қаржыны нақты қоры бар кен орнындағы өнімді тұрақты түрде өндіру мен қолдауға жұмсаса, ал шамамен 1 млрд. долларды геологиялық-барлау жұмыстарына көздемекші.
Естеріңізде болса, былтыр Директорлар кеңесі 2011-2020 жылдарға арналған он жылдық даму стратегиялық бағдарламасын бірауыздан қабылдаған болатын. Компанияның мұндағы мақсаты – алдағы он жылды акционерлік бағаны көтеруге арнау. Оған тек тиімділік көрсеткіші мен бизнес көлемі артқанда ғана қол жеткізуге болатынын ұмытпау керек. Компания ортамерзімдік даму бағытына ең маңызды деген төрт басымдықты алға қойды. Олар – нақты өндірілген активтердің экономикалық тиімділігін арттыру; геологиялық-барлау бизнесінің ауқымын кеңейту; теңіз және шельфте басталған жаңа операцияларға актив алу; Қазақстанда активтерді шоғырландыруды жалғастыру.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ он жылдан кейін әлемдегі ең ірі 30 мұнай өндіруші алпауыт компаниялардың қатарына қосылуды мақсат тұтады. Бүгінде компанияның алдында көмірсутегі шикізатының қорлары мен өндіру көлемін ұлғайту міндеті тұр. Оған қоса осыдан екі жыл бұрын Қазақстандағы теңдесі жоқ айрықша бағдарлама – аумақтық-бөлінген деректер банкі пайдалануға берілді. Аумақтық бөлінген деректер банкі (АБДБ) ақпаратпен қамтамасыз етудің сапасын арттыру, бұрғылау орындарының жұмысын жақсарту, мұнай өндірудің коэффициентін үстемелеу, еңбек ресурстарын басқаруды озықтандыру сияқты төрт бағытта жұмыс істейді.
Міне, әуелгі кезекте Атырау мен Маңғыстау облысы тұрғындарының әлеуметтік жағдайына алаңдаулы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қыруар шараларды еңсеріп тастады. Біз бұған дейін компанияның мұнайшылар үшін жасап жатқан игі шараларына тоқталған едік. Компания жыл сайын облыс әкімдіктерімен әлеуметтік әріптестік туралы келісім-шарт бойынша біраз жобаларды қаржыландырып келеді. Осы жылы таза пайдасының есебінен 200 млн. теңгеге Жаңаөзен қаласынан 850 әлеуметтік жұмыс орнын құрды, 813,5 млн. теңгеге 200 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қаржыландырды. Жалпы алғанда Әлеуметтік әріптестік бағдарламалары аясында Маңғыстау облысына акционерлік қоғам соңғы үш жылда 2,2 млрд. теңге бөлді.
Компания сондай-ақ жыл сайын коммерциялық емес ұйымдар мен жеке тұлғаларға қайырымдылық және демеушілік көмек көрсетумен қатар еліміз аумағында әлеуметтік-маңызды іс-шаралар өткізуге демеушілік жасайды. Тек биылғы жылдың өзінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 11 әлеуметтік жобаның жүзеге асуына демеушілік жасап, 700 млн. теңге бөлді. Осындай негіздегі игі шаралардың анық көрсеткіші ретінде компания былтыр «Алтын жүрек» Ұлттық қоғамдық сыйлығының «Жыл ұйымы» номинациясы бойынша лауреаты атанса, биыл компания «Парыз» президенттік сыйлығына ұсынылған болатын.