1114
ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ЕРЕКШЕ БЕТТЕРI
ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ЕРЕКШЕ БЕТТЕРI
Ресейдегi Ақпан төңкерiсi қазақ даласындағы ұлт-азаттық күрестiң қоламтасын қозғап, саяси ой-санаға ұшқын тастады, дүр сiлкiндiрдi. Әр қиырда бiрiнен соң, бiрi қазақ съездерi өте бастады. Бәрiнiң мақсаты – бұрынғы патшалық билеу жүйесi күйрегеннен кейiнгi жерде қазақ халқының жағдайы қандай болмағын талқылау, бүкiл ұлттың басын қосатын ортақ бағдарлама қалыптастыру едi.
Кеңес дәуіріндегі тарихи әдебиеттерде бұл съездердің бәрі большевик саясатына қарсы, ұлтшылдар мен «халық жауларының» жиындары деп бағаланып келді. Шынында, бұл съездерде большевик, социализм… деген сөздер жоқ, тек қана ұлт бірлігі, оның амандығы мен келешегі туралы адал ниеттен шыққан пікірлер айтылды. Өзге ұлттарға, басқа мемлекеттік, саяси құрылымдарға қарсы бағытталған әңгіме болған жоқ. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін осы бір «облыстық съездер» деп аталған саяси-ұйымдастыру шараларының бағасы толық берілмей келеді. Ақиқаттан аттамай пайымдайтын болсақ, қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы саналы, саяси қадамдары, көтерілген баспалдақтары осы съездер еді. Бүгінгі ұрпақ мұны жан-жақты білуге тиіс. 1917 жылғы 2-8 сәуір күндері Орынборда Торғай облыстық қазақ съезі өтті. Онда Ресей конфедерациялық мемлекет болуға тиіс. Қазақстан оның құрамындағы демократиялық, парламенттік республика. Халық билігінің демократиялық көрінісі ретінде ауылдық, болыстық, уездік және облыстық азаматтық комитеттер сайлау жолымен құрылуға тиіс екендігі жарияланды. Съезді «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов сөз сөйлеп ашты және съездің төрағалығына сайланды. Торғай облысының губернаторы Эверсман съезді құттықтап сөз сөйлемек еді, бірақ құлаған өкіметтің өкілі ретінде оған сөз берілген жоқ.Съезд қабылдаған қорытынды қарарда кешікпей жалпы-қазақ съезін өткізу қажеттігі жазылды. Жалпықазақ съезінің бағдарламасын әзірлеу, өтетін күні мен орнын тағайындау үшін сегіз адамнан бюро сайланды. Оның құрамына: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейдәзім Қадырбаев, Омар Есенғұлов, Имам Әлімбеков, Есен Тұрмұхамедов және Керей Тұрымов сайланды. Бір атап өтетін жағдай, бұл съезге қазақтың тұңғыш дәрігер қызы, кейін Ташкент университетінің медицина факультетін бітірген Аққағаз Досжанова да қатысты. Бұдан кейін, 1917 жылдың сәуірдің 19-22 күндері Орал қаласындағы цирк үйінде Орал облыстық қазақ съезі ашылды. Оған 800 адам қатысқан. Бұл съездің төрағалығына Том округтік соты прокурорының орынбасары болып істейтін Жаһанша Досмұхамедов бірауыздан сайланды. Съезд төрағасының ұсынысымен азаттық жолында құрбан болған қазақ азаматтарының рухына дұға бағышталды.Съездің қарарында: «қазақ халқы демократиялық республика идеясын қолдайды, ерекше федеративтік-демократиялық құрылымды жақтайды… аз халықтардың өз келешегін өзі анықтауына құқығы бар» екендігі атап көрсетілді. Жер мәселесі жөнінде: «облысқа сырттан қоныс аудару тоқтатылсын, жерді бөтенге беру тоқтатылсын, қазақ жерлерін ешкім тартып алуына жол берілмейді, арендаға берілмейді, салық қаржылары қазақтардың пайдасына қалдырылсын, ал бұрын қоныс аударып келгендер сол жерлерге иелік ете берсін, қазақтар олармен тату көршілік жағдайда тұратын болсын», деген қағидалар жазылды.1917 жылғы сәуірдің 25-нен мамырдың 7-не дейін Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ съезі өтті. Съезді дайындаған – белгілі Алаш қайраткері Ережеп Итбаев бастаған ұйымдық комитет. Оған Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Омбы және Петропавл уездерінен 250 делегат қатысты. Съезд төрағалығына заңгер Айдархан Тұрлыбаев, орынбасарлары болып Ережеп Итбаев пен Міржақып Дулатов, хатшылығына Мұхтар Саматов, Асылбек Сейітов және Тоқбаев сайланды. Бұл съезге Мағжан Жұмабаев қатысып, ол 7-8-мамырда Мәскеудегі бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайлануына байланысты, Омбыдан жедел жүріп кетті.Съезде соның алдында ғана өткен Орынбор және Орал қазақ съездерінің қараған мәселелері мен қабылдаған құжаттары талқыланды. Атап айтқанда: Қазақстанның барлық аймақтарында билікті қолына алатын қазақ комитеттерін құру, жалпықазақтық және жалпымұсылмандық съездер өткізу, Ресей Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау мәселелері сөз болды.Қорытынды мәжілісте он адамнан Омбы облыстық қазақ комитеті құрылды. Оның төрағалығына Айдархан Тұрлыбаев сайланды. Семей облысы қазақтарының 200-ге тарта делегат қатысқан съезі сәуірдің 27-сі мен мамырдың 7-сі аралығында Семейде өтті. Съездің төрағасы Жақып Ақбаев, орынбасарлары Халел Ғаббасов пен Райымжан Мәрсеков, төралқа мүшелері Әлімхан Ермеков пен Мұстақұм Малдыбаев болды. Съезді Шәкәрім қажы құттықтады. Павлодардан, Бөкей ордасынан, Омбыдан, Томнан, Орынбордан, Ташкенттен жеделхаттар келді, Әлихан Бөкейханов өз атынан құттықтады. Мұнда да жалпыұлттық қазақ съезін өткізу туралы басқа облыстық съездердің шешімдері қолдау тапты. Съезд қарарына: «Ресейді мекендейтін халықтардың бостандығын, теңдігін және туысқандығын қамтамасыз ететін құқықтары баянды етілуге тиіс; әрбір халық өзінің ұлттық, тұрмыстық, мәдени, экономикалық, тарихи-жағрапиялық ерекшеліктеріне сәйкес саяси өмірін құруға құқылы» екендігі жазылды. Қазақтың дербес саяси партиясын құру және оның мақсаты демократиялық федеративтік-парламенттік республика болуы мақұлданды. Алдағы Бүкілқазақтық съезге делегаттар болып: Григорий Потанин, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Халел Ғаббасов, Мұқыш Боштаев, Турағұл (Абайұлы) Ибрагимов сайланды. Семейде өткен бұл съездің бір маңызды өзгешелігі – онда жалпықазақтық съезді Петропавл қаласында өткізу жөнінде шешім алынды. Бұл шешімнің алынуы да тегін емес. Петропавл қаласының орналасуы, қатынасқа ұрымталдығы, Омбыға жақындығы, т.с.с. шарттар еске алынған болса керек. Егер бірінші жалпыұлттық қазақ съезі Петропавлда өткендей болса, Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш астанасы Орынбор емес, Петропавл қаласы болатыны әбден мүмкін. Бұл шешімнің қалайша тез өзгеріп, жалпы қазақ өкілдерінің басын қосуға неге Орынбор таңдалды деген сұраққа бірден жауап бере алмаймыз. Сонымен, жалпы қазақ съезі 1917 жылғы 21-шілдеде Орынбор қаласында ашылды. Оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана облыстарынан және Бөкей қазақтарынан өкілдер қатысты. Съезд төрағасы – Халел Досмұхамедов, орынбасарлары – Ахмет Байтұрсынов пен Әлмұхамед Көтібаров, хатшылары – Міржақып Дулатов пен Асылбек Сейітов. Қаралған мәселелердің ішінде ең негізгісі Ресей мемлекеттілігі және оның құрамындағы Қазақстанның тағдыры болатын. Бұл орайда «… А.Байтұрсынов пен М.Дулатов «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынды, ал, Ә.Бөкей-ханов «демократиялық, федеративтік және парламенттік Россия республикасының құрамындағы» қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуын қалады… съезд басым көпшілікпен Ә.Бөкейхановтың ұсынысын қолдады». «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 31-шілдедегі санында жарияланған съезд қаулысы «қазақ облыстары ұлт жігіне қарай областной автономия алуға тиіс», деген редакцияда берілген». Жер мәселесі жөнінде съезд делегаттары: «Қазақ жерлері ешкімге, ешқандай жолмен берілмейді. Қазынаның жері дегеннің бәрі қазақтың жері болғандықтан, иесіне қайтарылсын», деген мәмілеге келді. Бүкілқазақ съезі облыстар бойынша Ресей Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін бекітті. Шын мәнінде ең жоғарғы билік құрылымын белгілейтін бұл ұлы жиынға қазақ халқының ең беделді әрі білімді ұлттық көсемдері сайлануға тиіс деген шешім алынды. Олардың арасында: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Ы.Жайнақов, М.Шо-қай, С.Қожанов, Б.Құлманов, Г.Потанин… сияқты аса көрнекті қайраткерлер болды. Ақмола облысынан сайланғандар: Тұрлыбаев Айдархан, Сейітов Асылбек, Итбаев Ережеп, Жанайдаров Сейілбек, Тілеулин Жұмағали, Дүйсенбаев Рақымжан, Жұмабаев Мағжан, Абылаев Сұлтанмұхамед, Меченбаев Сыдық (фамилиясы қате жазылған болуы керек. – З.Т.), Күсемісов Салмақбай, Болғанбаев Хайретдин.1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында саяси ахуал нағыз ұлттық, тәуелсіздік сипатына ие болып, бүкіл халықтың мүддесі көтерілген бұл съездер жөнінде осынша баянды әңгіме етуіміздің мәнісі неде? Солардың қорытындысы ретінде Орынборда өткен Бүкілқазақ съезі қазақ халқының тарихында өте-мөте маңызды, бұрын болмаған және енді қайталанбайтын оқиға. Құрылтай жиналысына ұсынылатын кандидаттардың тізімін бір ғана «Алаш» партиясының тізімі деп атаған жөн» деген сөздерге назар аударайық. Басқаша айтқанда, бұл тізімге кірген адамдар «Алаш» партиясының атынан ұсынылған кандидаттар екендігінде күмән бар ма? Жоқ.Міне, осылайша, сол бірінші съезде Құрылтайға депутаттыққа кандидат болып қазақ атынан ұсынылғандар тізіміндегі қызылжарлықтар: Айдархан Тұрлыбаев, Ережеп Итбаев, Жұмағали Тілеулин, Салмақбай Күсемісов, Хайретдин Болғанбаев, әрине, жеке бөліп көрсетеміз – Мағжан Жұмабаев, «Алаш» партиясының іргесін қалап, шаңырағын көтерушілер екенін дәлелдейміз. Әйтпесе, әлдебіреулер толық білмегендіктен, кейбіреу білсе де, айтқысы келмегендіктен, сол Мағжанды немесе Жұмағалиді «Алаш» қозғалысына қатысқан еді, «Алашордада» қызмет істепті», деп бәсеңсітуге бейім тұрады. Мұны оқыған бүгінгі жастар жағы, жазығы қанша, осылай екен деп сенеді. Бүкілқазақтық Алаш съезі, ІІ съезд, «Алаш съезі» деп аталған екінші жиын 1917 жылғы 5-13 желтоқсан күндері Орынборда өтті. Бұл қазақ халқын тұтастыққа, бірлікке шақырды. Партия болып, топ болып жіктелуге қарсы, бірлік үндеуін М.Дулатов пен А.Байтұрсынов жазды. Съездің қаулысынан үзінді келтірейік: «…Бүкіл қазақ-қырғызды билейтін өкімет керектігін ескеріп, съезд бірауыздан қаулы қылды: І. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері, бірыңғай іргелі халқы – қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына Ұлттық-жерлі автономия құруға; ІІ. Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын;ІІІ. Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт Кеңесін құруға. Мұның аты – Алаш Орда болсын. Алаш Орданың уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алаш Орда бұл күннен бастап, Қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады». Алаш Орданың төрағасы — Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. Ұлт кеңесінің құрамына 15 адам сайланды. «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22-қаңтардағы санында осы съездің жұмысына байланысты Ә.Ермековтің «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген мақаласы басылды. Онда: «Желтоқсанның 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды». Әлбетте, «Алаш» туын көтерушілердің бірде-біреуін кемітуге болмайды. Олардың әрқайсысының өз орны бар. Егер белгілі-белгісіз себептермен кейбіреулеріне қазір құрмет көрсетілмей жатса, біреулерін оздырып, біреулерін ұмытып жатсақ, ол – біздің кінәміз. Бәлкім, етектен тартар қазақшылығымыз болар. Іздеушісі барлар, бұрыннан ауызға ілініп қалғандар тарихтың мәре-төбесінен орын алып отыр. Ал, кейбіреулері шаң басқан архив сөрелерінде әлі де өз кезегін күтуде. Бірақ, мұндай жағдайда «өлі арыстаннан – тірі тышқан артық» бола алмайды. Саналы ұрпақ бұл кемістіктің орнын толтырар. Азаттық, тәуелсіздік жолында шейіт болған аталарымыздың әруағы разы болсын десек, соларды жарыққа шығарайық. Сіз оқып отырған мына жазбалар сондай талпыныстың бір нышаны деп біліңіз. Міржақып Дулатовтың сол кездегі мына сөздерінің құны әлі түскен жоқ: Кешегі қара күндерде,Жұлдызсыз, айсыз түндерде,Жол таба алмай сенделіп,Адасып Алаш жүргенде,Бұл күнгі көп көсемдер,Сұраймын, сонда қайда едің?!Зарқын Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры