ӘЛЕУМЕТТIК ЖАУАПКЕРШIЛIК БӘРІНЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ

ӘЛЕУМЕТТIК ЖАУАПКЕРШIЛIК БӘРІНЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ

ӘЛЕУМЕТТIК ЖАУАПКЕРШIЛIК  БӘРІНЕН ДЕ МАҢЫЗДЫ
ашық дереккөзі
315

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ елiмiздегi мұнай және газ өндiретiн алғашқы үштiкке кiретiн компанияның бiрi әрi бiрегейi. Компания негiзiн 2004 жылы қаласа да, небәрi екi жылдан кейiн-ақ акциясын қазақстандық және Лондон қор биржасына шығарып үлгердi. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ-ның iрi активтерi негiзiнен Маңғыстау және Атырау облыстарына тиесiлi. Өйткенi компания әу бастан аймақтың инфрақұрылымын дамытып, көптеген әлеуметтiк жобаларды қаржыландыру арқылы жергiлiктi тұрғындардың өмiр сүру сапасын арттыруға өз үлесiн қосып келедi.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ соңғы жылдары Атырау және Маңғыстау облысының әкімдіктерімен бірге әлеуметтік әріптестік орнатудың нәтижесінде келіссөзге қол қойған болатын. Осы құжаттардың мақсаты – құрылыс, жөндеу және әлеуметтік нысандарды қайта құрылымдау, сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамтамасыз етіп, жайлы әрі тиімді еңбек шартын жасау. Компанияның 2010 жылы қайырымдылық қызметі үшін «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығының «Жыл ұйымы» атты номинациясы бойынша лауреат атануы тектен-тек емес. Оған дәлел боларлық мысалдар да аз емес. Мәселен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қыркүйек айында Кас­пий теңізі жағалауындағы «Кендірлі» демалыс аймағынан балаларға арналған 250 орындық «Ақбөбек» орталығының құрылысына 1 млрд. 169 млн. теңге бөлді. Мұнда адам жанына керектінің бәрі бар. Атап айтқанда, асхана, спорт залы, жазғы бассейн, амфитеатр және 300 орындыққа лайықталған спорт алаңы балалардың демалысын тиімді өткізуге әрі салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізеді. Компания Жаңаөзен қаласында тұратын 2 мыңдай баланың демалуын толыққанды қамтамасыз ете алады. Ал бұл үшін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жаз мезгілінде балаларға 150 млн. теңге шығындайды.

«Кендірлі» демалыс аймағының жанындағы ескі ғимаратты қайта жөндеуден өткізуге 373 млн. теңге бөліп, балшықпен емдейтін судай жаңа медициналық-оңалту орталығы ашылды. Компания мұнымен қоса аумақтағы ескі ғимараттардың бәрін күрделі жөндеуден өткізіп, инженерлік желілер мен жылу құрылғылары құралдарын түгелдей жаңалады. Мұның бәрі компанияда және оның еншілес өндірістік филиалдарында еңбек ететін жұмысшылар үшін жасалып отырғаны анық. Жыл сайын ұжымдық келісім-шартқа сәйкес, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ-ның 3300 жұмысшысы осы орталықтан тегін ем алады. Айталық, компания бір адамның он күндік ем қабылдауына 154 мың 600 теңге қаражат жұмсаса, ал жалпы жұмысшылардың денін сауықтыруға бюджеттен бір жылға шамамен 510 млн. теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың қарашасынан емдеу-сауықтыру орны алғашқы емделушілерін қабылдады.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Маңғыстау облысының әкімдігімен әріптестікті нығайта түсіп, көптеген бағ­дарламаны қаржыландыруға қолын созып келеді. Биыл компания өзінің таза түсімдерінің есебінен бірқатар жобаларды қаржыландырды. Мәселен 200 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына 813,5 млн. теңге; Жаңаөзен қаласындағы арнайы киім тігетін «Жанарыс» тігін фабрикасын қамтамасыз етіп, оралман-әйелдерге қосымша жұмыс беру үшін 703,5 млн. теңге; Жаңаөзен қаласынан 850 әлеуметтік жұмыс орнын ашуға 200 млн. теңге; «Төңірекшің» жеріндегі қосалқы шаруашылықты 500 гектарға кеңейтуге – 40 млн. теңге; сондай-ақ Сенек елді мекені тұрғындарын «Сауысқан» және «Түйе-Су» кен орнын ауыз сумен қамтамасыз етуге – 20 млн. теңге көзделген. Ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Маңғыстау облысы әкімдігімен қол қойған әлеуметтік серіктестік бағдарламасын жүзеге асыруға соңғы үш жылда шамамен 2,2 млрд. теңге бөлді.

Компанияның ең маңызды әлеуметтік жауапкершілігіне қолайлы еңбек шартын қамтамасыз етіп, өз жұмысшыларына ыңғайлы демалыс ұйымдастыру жатады. Осы мақсатқа байланысты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту үшін 2009-2012 жылдарға арналған бағдарлама қабылданып, жұмыс істеп жатыр. Биыл осы бағдарлама аясында бірқатар жобалар жүзеге асып, тұрғындардың игілігіне берілді. Мәселен 510 орынға лайық­талған шаруашылық-тұрмыстық сегіз кешенге 540 млн. теңге; 200 орындық үш ас­ханаға – 354 млн. теңге; 150 орындық он топтық құрылымға оператор блогына – 268 млн. теңге қарастырылды. 2009-2011 жылдар ішінде аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға шамамен 4,5 млрд. теңге бөлініп, жиырма нысан салынды.

Ал Атырау облысындағы Доссор елді ме­кенінен мұнайдың көзі табылғанына 100 жыл толғанын дүйім жұрт атап өткені белгілі. Осы мереке қарсаңында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ 80 орындық «Ботақан» балабақшасының құрылысын қаржыландырды. Балабақша соңғы үлгідегі заманауи құралдармен, жиһаз бен ойын алаңқайымен жабдықталған. Ауласы жасыл желекпен көмкерілген. Нысанның жалпы құны 180 млн. теңгені құрады.

Компания мұнымен қоса облыстың мәдени шараларына да бастамашы болып келеді. Мақат ауданы, Доссор елді мекеніндегі Доссор мұнайының 100 жылдық мерейтойының кең көлемде аталып өтілуіне қолұшын берді. «Мұнайшы» мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, арнайы залдарын кеңейтті. Инженерлік желілер ауыстырылып, сахна, үлкен зал, дәліз қайта жөнделді. Оған компания 127 млн. теңгесін шығындады. Нәтижесінде мәдениет үйі жергілікті тұр­ғын­дар мен қала қонақтарының рухани ордасы­на айналып сала берді. Сондай-ақ, биыл «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ «Каспий: мұнай және мәдениет» атты фотоальбомын қаржыландырып, жарыққа шығарды. Фотоальбом Доссор мұнайының 100 жылдығына, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына, Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы мен Құмкөл мұнайының 25 жылдығына арналып отыр. Тіпті, мұнда Маңғыстау және Атырау облысы мен Ресейдің Астрахань облысы аумағында алғаш жүргізілген ғылыми-публицистикалық экспедициялардан хабар беретін материалдар бар. Оған Мұрат Әуезов, Бақытжан Қанапьянов, Сәтімжан Санбаев, Марат Сембин, Ғаділбек Шалахметов, т.б. атсалысқанын айта кету керек. Мұның өзі тұнып тұрған тарих пен мәдениет. Әрине, компания салауатты өмір салтын ұстануға үлкен мән беріп келеді. Доссор елді мекенінен денешынық­тыру-сауықтыру кешенін толыққанды күрделі жөндеуден өткізді. Көрермендерге арналған мінбер мен спортшылар шынығатын тренажерлік залдарын қалпына келтірді. Одан бөлек футбол алаңы да заман талабына сай жабдықталып, жолдың бәрі асфальттенді. Сол сияқты Доссордағы төрт мектептің ауласына бес спорт алаңын салып берген компания балаларға қуаныш сыйлады. Мұндай шараларға алпауыт компания 210 млн. теңге бағыттады. Дәл осы іспеттес игі көмек Атырау облысына қарасты 6,5 мың тұрғыны бар Миялы елді мекеніне де жасалды. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 150 млн. теңге бөлді. Мұнда да спортқа әуес жандарға қажеттінің бәрі бар. Ал биыл компания облыстағы басқа де елді мекендерден тағы бес денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын қаржыландырды. 301,5 млн. теңге көзделген кешенді орталықтар Индер ауданының Есбол, Махамбет ауданының Алмалы және Жылыой ауданының Жаңақаратан, Ақсай елді мекендерінде бой көтерді.

Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ биыл Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде 1 млрд. теңге бөлді. Бұл қаржы Зеленов және Тасқала аудандарындағы елді мекендерде тұрғын үй салу құрылысына берілді. Компания бұдан бөлек жыл сайын коммерциялық емес ұйымдар мен жеке тұлғаларға да қайырымдылық көмек көрсетіп келеді. Ең бастысы, балалар үйі мен мектеп-интернаттарына қаржылай қолдау көрсету шараларына қатысуының өзі неге тұрады? Сондай-ақ соғыс және еңбек ардагерлері, жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер мен көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалмақ емес. Компания мәдениет пен спортты қолдау барысында жетім және тұрмысы нашар отбасынан шыққан талантты жастардың денсаулығын түзеуге де айтарлықтай қол созуда. Ал жалпы, биыл «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ демеушілік және қайырымдылық шараларға көмек ретінде шамамен 700 млн. теңге шығындады.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Бұл компанияның өз қарамағындағы жұмысшыларының еш уайымсыз еңбек етуіне қолайлы жағдай туғызатыны айтпаса да түсінікті. Жұмысшылардың өздері тұрмақ, олардың отбасы да осы игіліктерді пайдаланып отыр. Әсіресе демалыс кезінде отбасымен бірге Каспий теңізінің жағалауындағы «Кендірлі» демалыс аймағында жатқанға не жетсін? Теңіздің саф ауасымен тыныстап, бір мезгіл денсаулықты күткен де жөн шығар. Ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мұнайшылардың осы үдесінен толықтай шығып отыр десек артық айтқандық емес.

01.12.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары