САЙЛАУ ДОДАСЫ БАСТАЛДЫ

САЙЛАУ ДОДАСЫ БАСТАЛДЫ

САЙЛАУ ДОДАСЫ БАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі
308

15 қаңтарда өтедi деп белгiленген Мәжiлiстiң кезектен тыс сайлауына дайындық қызу жүрiп жатыр. Елдегi саяси партиялардың барлығы дерлiк съездерiн өткiзiп, партиялық тiзiмдерiн бекiттi. Сөйтiп сайлауға барлық саяси күштер дайын екендiктерiн мәлiмдедi.

Мәжiлiстi таратудың бiр себебi ретiнде Елбасы Назарбаев оның бiр партиялы екендiгiн көлденең тартқан едi. Ендiгi негiзгi мақсат халықаралық қауымдастықтың талабы бойынша, демократияның негiзгi принциптерiне сүйенiп, Мәжiлiстiң кемiнде екi партиядан жасақталуы. Сондықтан қазiргi партиялар «Нұр Отаннан» кейiнгi екiншi орын үшiн бақ сынаспақ.

«Нұр Отаннан» – 127 үмiткер

Астанада «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс XІV съезі өтті. 850 мыңнан астам мүшесі бар, бүкіл ел бойынша 7 мың партиялық бастауыш ұйымдары қызмет ететін, 500-ден аса өңірлік филиалы мен қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс жасайтын Қазақстандағы ең ірі саяси партия өзінің басты форумына 619 делегат келді. Мұның сыртында жиынға орталық органдар мен ұлттық холдингтердің басшылары, қоғам өкілдері, Сенат депутаттары, дипломатиялық корпус пен үкіметтік емес, ұйымдардың жетекшілерін қосқанда 2 мыңнан астам адам қатысты.

«Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс съезінің күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. Оның біріншісі – «Қазақстан. Мақсаттар 2017. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты көшбасшы партияның Сайлауалды тұғырнамасын бекіту мәселесі болса, екіншісі — Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына партиялық тізімді бекіту болды. «Нұротандық» Сайлауалды тұғырнамада партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген нақты міндеттер көрініс тапқан. Елбасы Н.Назарбаев: «Нұр Отан» партиясының ХІV съезі біз үшін мерейлі меже – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі қарсаңында өтуде. Біз жасампаз жиырма жылда жүз жылға татитын ұлан-ғайыр жолды басып өттік. Арайлы азаттық арқылы қол жеткізген жетістіктеріміздің баршасында «Нұр Отан» партиясының сүбелі үлесі бар. Төңірегіне мұраттас серіктерім топтасқан партия тәуелсіздік жылдарында қоғамды жаңа жобаларға жұмылдыра білді», – деді.

Съезде «Нұр Отан» партиясынан парламент мәжілісінің кезектен тыс сайлауына депутаттыққа ұсынылатын 127 адамның тізімі оқылды. «Бұл тізімге енгізілген адамдардың барлығы партияның саяси кеңесінің бюросында мұқият қаралды. Олар елге белгілі, беделді адамдар», – деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин. Партиялық тізімде Дариға Назарбаева, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин, экс-сенатор Қуаныш Сұлтанов, бұрынғы ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменов, әнші Нұрлан Абдуллин, музыкант Жәния Әубәкірова, балуан Юрий Мельниченко, спортшы Ольга Шишигина, әнші Әлібек Дінішев, генерал Бақытжан Ертаев, боксшы Ермахан Ыбырайымовтар және Нұрғали Әшім, Мәулен Әшімбаев, Темірхан Досмұхамбетов, Мәжит Есенбаев, Ахметжан Есімов, Оңалсын Жұмабеков, Сергей Кулагин, Омархан Өксікбаев, Қанат Саудабаев, Серік Сейдуманов, Серік Үмбетов, Бақтықожа Ізмұхамбетов сияқты бұрынғы және қазіргі шенеуніктер де ұсынылды.

«Руханият» Мұхтар Шахановқа арқа сүйейді

Соңғы кездегі партиялардың қатарына қазақ зиялы қауымдарын тарту үрдісі мұнымен ғана шектелген жоқ. «Руханият» өздерінің басты қаруы және көзірі ретінде – Мұхтар Шахановқа иек сүйейтіндіктерін мәлімдеген. Қарашаның 30 ында съезін өткізген «руханияттықтар» да екінші орын үшін дәмелі екендіктерін ашық мәлімдеген. Қарашаның 24 і күні Алматыдағы «Жалын» журналының кеңсесінде көрнекті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Шаханов мәлімдеме жасап, «Руханият» партиясының қатарына көшіп, сол партияның атынан алда келе жатқан Мәжіліс сайлауы­на түсетіндігін айтты.

Жиынға Мұхтар Шаханов, Мұхтар Тайжан және «Руханият» партиясының төрағасы Серікжан Мәм­беталин қатысты.

Мұхтар Шаханов 2007 жылдан бері «Халық рухы» партиясын тіркей алмай жүргенін айта отырып, 100 мыңға жуық мүшесі бар партиясымен «Руханият» партиясына енетіндігін жеткізді.

– Бізге республикамыздағы өзге де саяси партиялардан Парламент сайлауына байланысты, бірлесе күресу туралы ұсыныстар түсті. Алайда біз ақылдаса келе «Руханият» партиясына тоқталдық. Себебі «Руханият» партиясының тізгіні Серікжан Мәмбеталин мырзаның қолына өткелі бері бұл партия жаңа бағыт ұстана бас­тады. «Руханият» партиясымен мемлекеттік тіл, ұлттық құндылықтар, ұлттық меншік, оралмандар мәселесі, Кеден одағы және қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелермен біздің мақсат-мүдделеріміз бір арнаға тоғысты. Біз осыған дейін де бірнеше рет бірлесіп іс-қимыл жасап, ұлттық мүдде тұрғысында сенімді серіктес екендігімізді дәлелдеген болатынбыз, – деді ол.

26 қарашада съезін өткізген «азаттықтар» «Жалпы­ұлттық социал демократиялық партиясы» атынан 57 адамның тізімін жасады. Олардың ішінде Тоқтар Әубәкіров, Болат Әбілов, Рысбек Сәрсенбай, Петр Своик, Ермұрат Бапи, Әміржан Қосанов, Диар Қонаев Балташ Тұрсымбай секілді тұлғалар бар. Партиялық тізімнен ЖСДП партиясының тең төрағаларының бірі Жармахан Тұяқбайдың да фамилиясын байқауға болады. Ұлттық ұстанымдары тұрақсыз, елдегі басты саяси оппозиция болып табылатын «Азаттықтардың» тіркелген «Жалпыұлттық социал демократиялық партия» атынан түсуі қаншалықты өзін-өзі ақтайды, ол жағы беймәлім. Оның үстіне оппозиция сайлаудан тыс уақытта өздерінің белсенділігін таныта алмады. Сондықтан олардың Мәжілістен орын алу алмауы екіталай. Қалай дегенмен де бұл сайлауда әлеуметтік мәселеден кейінгі көзір – ұлттық мәселе болатыны айқын бола бастады. Бұны партиялардың ұлттық лидерлерге иек сүйеуді көздегенінен айқын байқауға болады.

«Ақ жол» үмiткерлерiн ұсынды

Өткен жексенбіде «Ақ жол» демократиялық партиясы кезектен тыс Х құрылтайын өткізіп, сайлауалды тұғырнамасын бекітті. Құрылтайға партияның облыстық филиал төрағалары мен өкілдіктері қатысып, жарыссөз бойынша сөз алды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының басшысы Азат Перуашев өз баяндамасында партияның алдағы Парламент сайлауына ұсынған бағдарламалық жобасымен таныстыра кетті. «Дүниені өзгерткің келсе – өзіңнен баста» дейді халық даналығы. Осы ақиқатты басшылыққа алып, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы соңғы бес айдың ішінде өз қызметінің ұйымдық, кадрлық, идеологиялық, интеллектуалдық негізін түбегейлі жаңартуды жүзеге асырды және өз дамуының сапалық жаңа деңгейіне көтерілді», – деді партия басшысы. «Ақ жол» партия­сы озбырлыққа, тәкаппарлыққа, жүгенсіздікке және шектен шығушылыққа әрдайым оппозиция болды және солай болып қала береді. Біз әрбір қарапайым қазақстандықтың жеке қадір-қасиетін, құқықтары мен заңды мүдделерін барлық мемлекеттік органдар және кез келген деңгейдегі олардың басшылары тарапынан құрметтеуді талап етеміз. Сондықтан Парламентке өтіп, алдағы 5 жылда біз 10 басым міндетті шешу үшін жұмыс істейтін боламыз» – деп өз сөзін сабақтай түсті. Бұл міндеттерде әуелі мемлекеттілік, қазақ тілінің мәртебесі, либерализм, демократиялық республика, этностар мен діндердің тең құқықтылығы, білім мен мәдениеттің өсуі, нарықтық экономика, озық агроөнеркәсіптік және салық саясаты – бізге бағдар ретінде қызмет етуде. 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90 пайызының мемлекеттік тілді меңгеруіне қол жеткізу; жас ұрпақты тәрбиелеу ісін Қазақстанның ұлттық тарихына, қазақ тіліне және қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың тарихына, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау рухында жүргізу; Отандастарымызды тарихи Отанына қайтару жөніндегі көші-қон саясатын күшейту, бұл орайда экономиканың қажетсінуіне, өндіргіш күштердің орналастырылу сипатына және Индустрияландыру бағдарламасына сәйкес қоныстандыруға ынталандырудың теңдестірілген көзқарасын қамтамасыз ету. Сонымен қатар партияның сайлауалды тұғырнамасында қарапайым халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету; жұмыссыздықты жою және жұмыспен қамту мәселелерін шешу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және сот-құқықтық реформа; Қазақстанның әрбір үйінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету; экстремизм мен терроризмге сенімді тосқауыл қою, тегін және сапалы білім – барлық дарынды балаларға; қолжетімді әрі ізгілікті медициналық көмек, т.б. міндеттер мен талаптар қарастырылған.

Сонымен, Ақ жол» демократиялық партиясы алдағы Мәжіліс сайлауына 79 үміткер ұсынып отыр. Олар Мәжілістен 15-20 пайыз орын алатындығына сенімді. Атап айтқанда, үміткерлердің қатарында партия басшысы Азат Перуашев пен орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедовтен бастап, қоғам қайраткері Амангелді Айталы, жазушы Смағұл Елубай, ақын Исраил Сапарбай, Серік Тұрғынбекұлы, Ибрагим Иса, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, т.б. белгілі азаматтар бар.

Коммунистер жұмыссыздықпен күреседі

Алматыда «Қазақстан Коммунистік Халық партия­сы» да кезектен тыс VІ съезінде «Өз күшімізге нық сенеміз!» деп ұрандатып, сайлауалды бағдарламаларын қабылдады. Жиынға коммунистерді қолдап, еліміздің 14 өңірінен 64 делегат келіпті. Әуелі партияның сайлауалды бағдарламасын пысықтап, үміткерлердің тізімін бекітті. Ұсынып отырған бағдарламасында олар, әлеуметтік мәселелер мен жемқорлыққа баса назар аударып отыр. «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, партия жұмыссыздықпен белсенді түрде күреседі. «Жұмыссыздықтың орын алуы мен бағаның ауыздықталмай жатқандығын бағдарламамызға енгіздік. Яғни біздің бағдарламамызда 2,5 млн. халықты жұмыспен қамту, олардың мәртебесін өзгерту мәселе қамтылған. Бюджет саласынан қаражат алатын мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жалақыларын әжептеуір көтеру де басты назарда», – десе, ҚКХП ОК-тің хатшысы Владислав Косарев партия алдында тұрған мақсат-міндет­терге тоқталып, еліміздің жоғары заң шығарушы орга­нында өз өкілдерінің жоқ екенін, сон­дық­тан партия мүшелері Парламент Мәжілісі сайлауалды дайын­дық жұмысын жоғары деңгейде өткізуге мүдделі екендіктерін білдірді. Сон­дықтан да партия, біріншіден, биліктің өкілетті органда­рына, ең алдымен Мәжіліске қарапайым халықтың өкілдері кіруі үшін күреспек. Осы­лайша халықтық коммунистер өзде­рінің партия­лық тізімдеріне пар­тия хатшы­ларымен қатар, қатар­дағы коммунистерді де – мұ­ғалім, кондитер, дәрігер, экска­ваторшы, опера­тор­­ларды да енгізді. Олардың ара­сында әр ұлттың өкіл­дері – қазақ, орыс, украин, татар, т.б. бар. Съезд соңында сайлауалды тұғырна­ма бірауыздан қабыл­данып, 21 адамнан тұратын пар­тиялық тізім бекітілді

Патриоттар да Парламенттен үмiттi

Сенат депутаты Ғани Қасымов басқаратын «Патриоттар» партиясы сайлауалды бағдарламаларын қабылдап, Мәжіліске ұсынылатын үміткерлердің тізімін бекітті. 11 жылдық тарихы бар партия Мәжіліс сайлауына 22 үміткер ұсынып отыр. Бұл тізімді «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов бастап тұр. Сайлауалды бағдарламасында олар экологиялық қауіпсіздік, адам денсаулығы, ауылды көркейту сынды мәселелерді көтерген.

Дайындағандар Е.ҚҰМАР, Ж.ӘШIМ 01.12.2011

Серіктес жаңалықтары