ҚАЙТА ОРАЛҒАН “SPORT” ГАЗЕТІ

ҚАЙТА ОРАЛҒАН “SPORT” ГАЗЕТІ

ҚАЙТА ОРАЛҒАН “SPORT” ГАЗЕТІ
ашық дереккөзі
277

Қазақ елінің Тәуелсіздігіне 20 жыл толып отырған толайым күндері әр істің, әр саланың тарихының еске оралатыны заңды құбылыс. Сондай ұмытылмас істердің бірі – Қазақстан спорт баспасөзінің тұңғышы – республикалық «Спорт» газеттерінің дүниеге келуі. Алдағы есік қағып тұрған 2012 жылдың 1 қаңтарында бұл оқиғаға тура 53 жыл толады. Бұл жарты ғасырдан асқан уақыт аясында қазақ спорттық баспасөзі үлкен өзгерістерге ұшырады. Елімізде спорттық баспасөздер қатары өсті, олар алуан түрде өз оқырман, тыңдарман, көрермендеріне жетіп те жатыр. Бірақ сол бүкіл істің алтын бастауы болған тұңғыш спорттық баспасөзіміз – «Спорт» газеттерінің жөні басқа.

Рас арадағы 53 жылда «Спорт» газеттері де көптеген сапалық, мазмұндық өзгерістерге ұшырады: газеттің көлемі өсті, аты, құрылтайшылары өзгерді… бірақ газеттің жан-жүрегі, өмір-өзегі болар Оқырманы, өзгерген жоқ! Газеттер небір қиын кезеңді басынан өткізді. Тәуелсіздік алған жылдардың басында қиын экономикалық жағдайға орай газеттердің жылдап шықпай қалған да кездері болды. Әсіресе, қазақ тіліндегі «Спорт айдыны» аталған газетіміздің 2010 жылдың басынан 2011 жылдың екінші жартысына дейін шықпай қалуы елім, ұлтым деген сезімі бар әрбір басшы азаматқа сын болғанын жасырмай айтамыз. Міне, соның бәрі артта қалды. Спорт газеттері жаңаша бой түзеп, Алматыдан Астанаға көшіп, аттарын өзгертіп, енді қайта шығып жатыр, қадірлі оқырман. Газетіміздің қазақ тіліндегі атауын да спорт қойып, тек оны латын қаріптерімен өрнектедік, яғни, аты – «Sport». Мақсатымыз сол баяғы ұлттық сезімге байлауды – қазақ оқырманына, қазақ баласына ел, әлем спорты құпияларын жеткізіп, жеткіншек ұрпақтың қиялын ояту, тәрбие беріп, спорт әлеміне шақыру. Газетімізде ұлтымыздың саңлақ спортшылары, әлем спортының жұлдыздары жайлы қызықты мақалалар жарияланбақ, небір қызықты ұйымдастыру шаралары болмақ. Біз өз назарымызды әсіресе қазақ ұлты көбірек шоғырланған ауылдық жерлерге бұрмақпыз. Сондықтан да Сіздердің шаңырақтарыңызда келесі жыл бойы «Sport» газеті жатса деген арман бар бізде. Ол үшін Сіздер «Sport» газетін республикалық Каталогтың 59-шы бетінен тауып алып, бір жылға жазылуларыңыз керек. Катологтың бетіне дейін айтып, тәптіштеп жатқанымыз – газет 2 жылдай шықпай қалды, сондықтан республикалық Каталогтан түсіп қалды, Сіздер де ол жіптің ұшын таппай қаласыздар ма деген алаңдау.

Біздің индексіміз 64190 және 14190 (ұжымдар үшін).

24.11.2011

Н.ЖҮНIСБАЕВ,

«SPORT» газетiнiң Бас редакторы, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi

Серіктес жаңалықтары