913
АУЫЛ – ТАУСЫЛМАЙТЫН ӘҢГІМЕ
АУЫЛ – ТАУСЫЛМАЙТЫН ӘҢГІМЕ
Әрбiр қазақтың, әрбiр дала баласының жүрегiнде бойтұмардай жатталған қасиеттi ұғым бар: ол – ауыл.
«Бiр әңгiме қозғашы ауыл жайлы, Одан артық әңгiме табылмайды»,– деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлаған ауыл жайлы әңгiме айту, кез келген далалықтың парызы. Менiң де туып-өскен ауылым – Бектөбе ауылы. Бектөбенiң тарихы да тым тереңде жатыр. Ауылдың аты «Бектөбе» аталуының да өзіндік тарихы бар. Ауылдағы үлкен аталарымыз бұл төңіректе сыр қып шертетін әртүрлі аңыз-әңгімелер көп. Солардың қатарында ауыл ақсақалдарының бірі – Мырхадыр Әбдіғаппаров пен Тұрысбек Берікбаев та бар. Ол кісілердің айтуы бойынша, Бектөбе ауылының өзіне тән тарихы бар. Ежелде біздің ауыл орналасқан жерге жақын маңда, Үлкен Бурыл деген жерде қалмақ ханының ордабасы болған екен. Сол қалмақ ханының шолғыншылары бір төбені белгілеп, үлкейтіп, тау етіп, тұрғызған екен. Ол төбенің биіктігі сондай, ұшар басына көз тастаған адамның төбесіндегі тақиясы түсіп қалатын көрінеді. Әуелде белгіленген төбе деп аталып, кейінірек осы төбеде әлгі қалмақ ханы бектерімен келіп, осында мәжіліс құратын көрінеді. Бектер бас қосатын әлгі төбені сол кездері «Бектөбе» деп атаса керек. Бұл төбенің ортасында зындан салыныпты. Осы төбені айналдыра салынған аумағы 400-450 гектардай жерді алып жатқан қорған болыпты. Тағы бір деректерде, Бектөбе – Тараз қаласына серіктес бекініс төбе деген мағынаны білдіреді екен. VII-VIII ғасырларда соғды тайпалары соққан көрінеді. Бекініс туралы араб жылнамашылары жазғандай, «Атлах» шайқасы кезінде арабтардың қорғаныс орталығы болған. 1219 жылы моңғол-татар шапқыншылығы кезінде Бектөбе қалашығы «Керуеншілерді қала ішіне жібереміз» деп алданып, жеңіліс табады делінген. Бүгінде Қаратөбе ауылдық округі аумағында үш елді мекен орналасқан. Халқының саны – Бектөбе ауылында – 2615, Қызылшарықта –1405, Бейтеректе – 580 адам тұрады. Орталығы – Бектөбе ауылы. Ауылымызда мешіт салынған, жанұялық дәрігерлік амбулаториямыз да бар. Мәдениет үйі, ауылдық кітапхана, балабақша, монша, наубайхана мен дүкендер халыққа қызмет көрсетуде.Ауылымыздан елге танымал азаматтар да түлеп ұшқан. Ауыл мектебінде білім алып, бүгінде үлкен ғалым атанған Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаев та біздің ауылдың түлегі. Сонымен бірге, бүгінде генерал атағын иемденіп отырған Көшербаев Рысбек ағамызды да ауыл халқы мақтан тұтады. Ауылымыздан сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсетіп елге аман-есен оралған ардагерлеріміздің есімдері де құрмет тақтасында жазулы тұр. Талай дарынды жастарымыз аудандық жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындармен марапатталып жүр. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» демекші, ауылымызды жоғары биіктерден, жақсы жақтарынан көрсететінімізге толық сенемін. Келешек біздің қолымызда! Ауылымызда береке-бірлік болса, барлық елде мереке болары хақ. Аман бол, ардақты ауылым!
24.11.2011
Назерке СӘНДIБЕК, Жамбыл облысы,
Амангелдi орта мектебi,
11–сынып оқушысы