САҒАТТЫ САҒЫНУ

САҒАТТЫ САҒЫНУ

САҒАТТЫ САҒЫНУ
ашық дереккөзі
342

Серік БАЙХОНОВ

Оның алғашқы сын мақалаларын жоғарғы сыныпта оқып жүрген кезімде мерзімді баспасөз бетінен кездестіріп қалып жүрдім. Ал ең бірінші мақтау сөзді сол кездері КазГУ-де оқитын жерлес апайым, ақын Қатира Жәленовадан естіген едім. Қатираның сөзіне қарағанда – үлкен сыншы, сыншы болғанда біздің елден шыққан ағамыз Мұхамеджан Қаратаевша жазады. Мұхаңды ауылға келген кезінде көргенмін, сол сәттен бастап мен үшін сыншы дегенің қас-қабағы түксиген, түсі суық, кескен теректей кеспелтек адам болуы тиіс секілді көрінетін.

Жетпісінші жылдың жазында қазіргі Абылайхан көшесінің бойындағы баспасөз үйіндегі «Лениншіл жасқа» келіп, ең бұрыштағы кабинеттің есігінен сығаладым. Төрде шалқайып отырған, шашы иығына түскен қыр мұрынды атжақты жігіттің Оралхан Бөкей екенін танып тұрмын. Есіктің көзінде момын қозыдай томпиған домалақ қара жігіт бетіме бір қарап қойды да, менің Орекеңе қадала қарап қалғанымды сезіп, алдындағы қағазына қайта шұқшиды. Мен болсам баса көктеп төрде отырған бастықтың алдынан бір-ақ шығыппын.

– Мына аяқпен басып кетсең… өлтіресің ғой… Нешінші размер киесің өзің? – деді бас-аяғыма бажайлап қарап шыққан Орекең.

– Қырық алты…

– Әңгіме әкелдің бе, өлең әкелдің бе?

– Өлең…

– Онда мына Сағатқа бере ғой…

Қағазға шұқшиып отырған жігітке жалт қараппын. Көзәйнегі мұрнының ұшына ілінген жылы жүзді Сағат атты сыншы біздің Мұхаңа тіптен де ұқсамайтын еді. Сол жолы тастап кеткен өлеңдерімнің бірі арада бір жеті өткенде «Абитуриенттер жырлайды» деген айдармен жастар газетінің бетінде жарқ ете түскен.

Араға жылдар салып сол Сәкеңмен, қазақтың белгілі сыншысы Сағат Әшімбаевпен қоян-қолтық араласып, бірге қызмет жасаймын деп кім ойлаған.

Сағат жөнінде әңгіме болғанда, көз алдыма ең алдымен сексен алтыншы жылдың сол бір денені де, жүректі де қарыған аязды күндері келеді. Көпшіліктің «желтоқсан оқиғасы» өз бағасын алған жоқ» деген сөзіне толықтай қосыламын. Осынау көптеген көңілдерге қаяу салып кеткен күндердің тарихи бағасын беру түгілі, сол оқиғаның ащы шындығы да айтылмаған секілді.

«Желтоқсан оқиғасы» кезінде «… өзін саяси мекемеде жұмыс істейтін басшы қызметкерге лайық ұстамағаны үшін» айыпталған Сәкеңнің басына үйірілген бұлттың қай жақтан келгенін ешқайсымыз білген жоқпыз. Өйткені бұрын-соңды Сәкеңнің деңгейіндегі жауапты қызметкерді өзі басқаратын мекеменің жалпы партия жиналысына салу фактісі сол кездегі партия тұрмысы тәжірибесінде ұшыраспаған болуы керек.

Қазақ теледидары парткомының мүшесімін. Партия мүшелерінен мүшелік жарна жинау менің міндетімде болғандықтан шығар, жоғарыдан келетін құжаттардың көпшілігі алдымен менің қолымнан өтеді. Сол күні кезекті партком отырысының күн тәртібін қарап отырып, өз көзіме өзім сенбедім. Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Әшімбаевтың жеке ісін қарауымыз қажет екен. Сәкең тек қана қазақ теледидары ұжымының басшысы ғана емес, комитет құрамына кіретін төрт мекеменің үйлестірушісі. Сондықтан коммунист ретінде біздің бастауыш ұйымның есебінде тұрады дегенмен, бізден басқа ұйымдардың пікірімен де санасуымыз қажет. Орталық жақтан келген «айыптау құжатын» бізге жіберіп тұрып, комитет төрағасының өзі бізден басқа ұжымдардың алдын-ала өз келісімін бергені жөнінде астарлап жеткізсе керек. Ол қандай келісім, басшымыздың кінәсі не деген сұрақтар жауапсыз қалған. Партком отырысы болатын күні өзіме сырмінез партком мүшелерінен сыр тартып көрсем, көпшілігінің ойы бір жерден шығады. «Бұл біздің құзырымыздағы мәселе емес. Сондықтан жоғары жақтың ұсынысымен келіспей болмайды.» Ол қандай келісім, ол қандай шешім, басын ашып айта алатын бірі жоқ.

Ойлана келе ұжым басшысының пікірін білу қажет екенін сездім. Ол кездегі басшымыз – Рафаэль Бәйкенұлы Жұмабаев ауруханада емделіп жатқан. Теледидар директоры да партком мүшесі, сондықтан ең алдымен бірінші басшының пікірін білу үшін жұмыстан соң ауруханаға тарттым.– Келгенің дұрыс болды. Сенен естідім деп ешкімге айтпаймын. Қалай дегенде де коммунистің тағдырын парткомның отырысы емес, коммунистердің жалпы, жиналысы шешеді ғой… Жалпы жиналыстың отырысына қалай да келемін, – деді Рахаң.

Партиялық жұмыста ысылған басшымыздың ойы дұрысқа шығып, парткомның шешімі екіұшты болды да, бірер күннен соң коммунистердің жалпы отырысына жиналдық. Ә дегеннен жиналыстың ұжым басшысының, яғни Рахаңның сценарийі бойынша өтетіні бірден байқалып қалды. Мінбеге негізінен басқа ұлттың өкілдері көтеріліп, көпшілігі Сәкеңді қорғаштай сөйлеп жатты. Өзіміздің қазақтардан Сәкеңе қарсы сөйлегендер де табылды. Ол кезде қазағынан орысы басым ұйымның шешімін жалпы дауысқа салғанда, Сәкеңнің «партиялық тәртібінің» жайы біршама жұмсарып сала берген.

Бұл оқиға «маңдайында меңі бар» көкеміздің жариялылығынан кейін партия үйінің мызғымас кенересіне сызат түсе бастағанынан хабар бергендей еді. Мен болсам, көп ұзамай жоғары партия мектебіне оқуға кеттім. Дос-жарандар бұл қылығымды түсіне алмай бас шайқағанмен, өз есебім түгел. Жазушылар одағының билеті қалтамда, жаңа жерде теледидардың «адам өлтіретін» жұмысында алатын айлығымнан біржарым есе көп стипендия аламын. «Жазып-жазып тастайтын» мұндай уақытты партия мектебінен таппағанда, қайдан таппақпын.

Партиядан бедел кете бастаған кез. «Жыланды үш кессең де, кесірткедей әлі бар» деген сөз расқа айналды, біржарым жылдан соң жаңадан құрылып жатқан теледидар ұжымына бірлестік директоры болып оралдым. Көп ұзамай Сәкеңнің де бағы жүріп, комитет төрағасы қызметіне тағайындалды, ел Үкіметінің мүшелігіне өтті.

Екі мыңдай адам жұмыс істейтін үлкен ұжымда КСРО Жазушылар одағының мүшелері бес-алтау ғанамыз. Оңашада Сәкеңе: «Жазушылар одағының бөлімшесін ашсақ қайтеді?..» деп қыңқылдап қоямын. Өзімше, сол бөлімшені басқарып, Министрге бастық болмақ ойым бар. Әсілі, сол жылдары теледидарда істейтін Жүрсін Ерман екеуміздің нанымыз жүрді. Әзірге басшы болмасақ та, қосшымыз.

Жүкең екеуі Жезқазғанға сапарлап қайтқан соң, Қызылордаға баратын болып, қасына мені ертті. «Арал, Арал деп қоймаушы едің… Аралыңды көрсетіп қайтшы…» деді жеделдеме кезінде. Қызылордадан облыстық теледидар ашпақ ойы барын, одан қалды қолы тиіп жатса, Қорқыт атаның басын көргісі келетінін айтты. Жолшыбай:

– Ауылыңды білесің ғой… Егер ойымыз орындалып жатса… теледидар үшін қандай ғимаратты алғанымыз дұрыс, – деді бетіме сыр тарта қарап.

– Саяси ағарту үйі сыңғырлап тұр… Бірақ бізге бере қояр ма екен?..

– Береді… Бермей көрсін… Мына жаман ағаң Үкімет мүшесі болып тұрғанда, бермей қайда барады?..Бара сала сол Саяси ағарту үйінде жиналыс өткізді. Жиынға облыс, қала басшылары келді. Мен де қарап қалмай, аудандарда тұратын радио хабарын таратушыларды шақырып қойғанмын. Көпшілігі өзімнің кешегі достарым. Үкімет мүшесінің көзіне түсіп қалсын деймін ғой баяғы.

…Сәкең мінбеден сөйлеп тұр. Сөйлегенде анда-санда кідіріп, бір мезет ойланып алатыны бар еді, сондай бір сәтте:

– Сәке, Югославияны айтпадыңыз ғой… – деп әзілдеймін.

– Тыныш отыр, Байхонов… Егер тағы бір рет сөзімді бөлетін болсаң… Алматыдан бір-ақ шығасың…

– Одан да осында тастап кетпейсіз бе?

– Дұрыс айттың… Егер ағаларың мына ғимаратты беріп жатса, осында тастап та кетуге болады…Сәкең көсіле сөйлеп тұр.

– Осы сапарымда Сыр бойынан жақсы бір сөз үйреніп барамын… «Тоғай аралаған – тыңшы, ел аралаған – сыншы болады» деген…

Залдың артқы жағында Қазалы ауданында радио хабарын таратушы болып істейтін сықақшы ағамыз Балтабай Тәжімбетов отырған. Көптен бері сағынып жүрген ағамды: «Экологиялық қауіп аймағы ретінде Арал мен Қазалыға машина болмаса да, мотоцикл беріп қалуы мүмкін» деп жиналысқа келуге әрең көндіргенмін. Байқаймын, облыс орталығындағы дос-жарандарымен қауышқан серілеу ағамыздың ұйқысы қанбаған ба, қалғып-мүлгіп отыр.

– Тоғай аралаған кім болады, Балтеке?.. – деймін оятқым келіп.

– Тоғай аралаған үйші болады да…

– Тыныш отыр дедім ғой мен саған… Әйтпесе, қазір Алматыдан бір-ақ шығасың…

– Мен кетіп қалсам, космодромға сізді кім ертіп апарады?

– Тыныш отыр дедім ғой мен саған… Жер бетіндегі тірлікті тауысып, екеумізге космодром қалып еді…

Жиналыс біткен соң қонақүйге тарттық. Сәкең салқын су қабылдайтын болып, бөлмесіне кетті де, мен балконға шықтым. Радио хабарын таратушыларым да жеткен екен. Алдын-ала уәде бойынша, қонақүйге бір-бірлеп кіріп жатыр. Тұтас жиналған соң, «бұйырған дәмді» ортаға алып, тойды бастап та жібергенбіз. Өлең оқылған жерде тыныштық болушы ма еді, дабырлаңқырап кетсек керек, кенет есік сарт етіп ашылды да, ішке… иә… Үкімет мүшесі… иә.. Сәкеңнің өзі кіріп келді. Асып-сасып, орнымыздан тік көтеріліп, сап түзей қалыппыз.

Сәкең жанымызға келіп, мына сапқа сынай қарап тұрып қалды.

– Бұларыңды қалай түсінуге болады?.. Немене, ақынбыз деп тұрсыңдар ма?.. Ақынбыз дейді ғой маған барып… – Сөйлегендегі әдеті бойынша аз-кем үзіліс жасап алды. – Ал мені ақын емес, жазушы емес деп кім айтты?.. Орталарыңа неге шақырмайсыңдар?.. Менен жасырып…

Үстімізден ауыр жүк сыпырылып түскендей жеңілдеп сала беріппіз. Қазақтың атақты сыншысы Сағат Әшімбаевтың көзіне түсіп қалудың сәті келгенін біліп Балтабай мен Жеткерген бастаған «радио хабарын таратушы ақындар» өлеңді бұрқыратты-ау сол күні…

Күн батар шақта екеуміз дария жағасына бардық. Үлкен суды көргісі келген шығар десем, жағаға жете асығыс-үсігіс шешіне бастады. Дариядағы судың жағдайын білем, аңтарылып тұрып қалыппын. Бұлақтан басқа өзен көрмеген елдің баласының обалына қалмау үшін маған да лайлы суға түсуге тура келген.

…Қорқыт атаның кесенесінде Сәкеңнің қатты толқығанын байқадым. Жападан-жалғыз арлы-берлі жүріп алды. Келгенде қарасам, екі қосуыс тас жинап алған екен.

– Ауылыңа келгелі менің арағымды ішуден қолың босамады… Жүрсінді сараң ба деп жүрсем, сен оның қасында Қарабайдың өзі екенсің… Бірақ бабаның басына әкелдің ғой, сондықтан кешірем… – деді жымиып.

Кештетіп қайтып келеміз. Жолшыбай бензин құятын колонканың қасына тоқтағанбыз.

Бензоколонкалардың жаңадан жекешелендіріле бастаған кезі еді.

– Жұрт сені пысық деп жүр ғой… Пысық екеніңді білейін, мынаған тегін бензин құйғызып бере аласың ба? – деді Сәкең бетіме қулана қарап.

– Ауыл ғой… Құйғызатын шығармыз…

Бензин құйып алып жолға шыққан соң, Сәкең бетіме сыр тарта қараған.

– Беделсіз емес екенсің… Жаңа әлде заправщиктің құлағына сыбырлап жатыр едің?.. Не айттың сонда?..– Не айтушы ем… Ана машинада қазақ теледидарынан «Қарыз бен парыз» хабарын жүргізетін Әшімбаев деген ағаң отыр» дедім…

vСенген-сенбегенін қайдам, мына сөздің Үкімет мүшесінің құлағына жағып кеткенін көздерінен көріп тұрдым.

Содан бері қаншама су ақты. Бүгінде елге танымал үлкен банктің ғимаратына айналған екінші аппараттық студиялық кешеннің жанынан өткен сайын көз алдыма өзіммен жылдар бойы бірге жұмыс істеген әріптестерім мен достарым келеді. Солардың арасынан мрамор тепкішектермен асыға басып көтеріліп келе жатқан Сәкеңді де көргендей болам. Қашанғы әдетімен әлдеқайда асығып бара жататын секілденеді… Мұрнына түсіп кеткен көзәйнегінің үстінен мына дүниеге ойлана көз тастап, таңдана қарап тұратын секілденеді…

Енді бүгін ойласам, Сәкеңнің, Сәкең қатарластардың саналы ғұмыры ғасыр тоғысында қазақ елі өз таңдауын жасаған шешуші кезеңмен тұспа-тұс келіпті. Желтоқсан оқиғасы кезіндегі таңдау. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы таңдау. ГКЧП деп аталған төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің ылаңы кезіндегі таңдау. Тайғанақ тіршіліктің жаңа жолайрығында тұрып өмірлік идеалдарды қайта таңдау кім-кімге де оңай тимегені анық.

Ең бастысы, әрбір ісін жүз ойланып, мың толғанып барып жасайтын Сағат өз таңдауын ешқашан атүсті жасамаған болуы тиіс.

Әдебиетші ретінде де, азамат ретінде де алашордашы ағаларды алғашқылардың бірі болып қабылдаған, желтоқсан оқиғасы кезінде басын қауіп-қатерге тіккен Сәкеңнің кезекті таңдау Мұстафа Шоқайға түскен кезде қатты қиналғанын көзіміз көрді. Қандай да бір табиғи құбылысқа өзінің өмірлік позициясы тұрғысынан қарап үйренген адамға ғана тән қасиет. Студияға бір топ білгіштерді жинап алып, бұрын-соңды баға берілмеген қиын мәселелердің төңірегінде қым-қиғаш айтыс ұйымдастырған кездерде алдына қойған мақсаты – жұртшылықты сендіру ғана емес, ең алдымен өзін-өзі сендіру, өзі үшін бұлыңғыр мәселенің басын ашып алу екенін кейіннен сездік қой. Ол кезде жалғыз Сәкең ғана емес, жаңа соқпақ, жаңа сүрлеуге түскен халқымыз үшін де бұлыңғыр мәселелер аз емес-тін.

Дәл осындай «тар жол, тайғақ кешуде» саясат пен идеологияның темірдей ауыр салмағы шығармашылық адамының нәзік жүрегін жаныштап кетсе де өзі білсін…

24.11.2011

Серіктес жаңалықтары