«ҚҰДАЙДЫҢ... АЛДЫНДА АНТ БЕРЕМІН»
«ҚҰДАЙДЫҢ... АЛДЫНДА АНТ БЕРЕМІН»
Өткен апта қырғызстандықтар үшiн ерекше екi оқиғамен есте қалды. Бiрiншiсi – 7 сәуiр революциясында құрбан болғандарға арналып тұрғызылған ескерткiштiң ашылу рәсiмi. Ескерткiш ереуiл кезiнде қаза тапқан боздақтардың сүйегi қойылған «Ата Бейiт» зиратында ашылды.
Бұрын бұл жерден 1937 жылы репрессияға ұшыраған қырғыздың мемлекет қайраткерлерінің бір шұңқырға көмілген мәйіттері табылған болатын, сосын бұдан үш жыл ілгері дүниеден озған әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов жерленген.
Осы оқиғаның алдында Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отынбаева сәуір көтерілісіне қатысқан мыңнан астам азаматты «Апрель революциясының халық батыры» деген сыйлықпен марапаттады. Бұл марапатталғандардың екінші легі. Көктемде, сәуір оқиғасының бір жылдығына қарата сыйлық алғаш тағайындалғанда осыншама адам аталған марапатқа ие болған.
Әлбетте, бұл сыйлықтың көп адамдарға беріліп жатқандығынан сәуір оқиғасына белсенді қатысқандарды ардақтаумен қатар, 7 сәуірді «бұл революцияны халық жасады» деген тұжырымдаманы негіздеуге әрекет жасалып жатқандай.
Екінші мәселе кейбір кісілердің таңдануын да туғызды. Жақында қырғыз парламенті 1 желтоқсанда ісіне кіріскелі отырған жаңа президенттің антының мәтінін талқылап бекітті.Талқының барысында Жоғарғы Кеңештің депутаты Чыныбай Тұрсынбеков: «Мен қызметке кірісер алдында Құдайдың және халықтың алдында мемлекет басшысына ұйғарылған құқықтарды әділетті атқаруға ант беремін…» деген сөздерді ұсынамын. Мұндай тәжірибе Ресейде де бар», – деп бастама көтерді. Депутат Шірін Айтматова (Шыңғыс Айтматовтың қызы): «Егер біздің болашақтағы президентіміз атеист болса қалай болады? Біз алдын ала келешектегі президентті дінге берілген адам болуын міндеттендіріп қоямыз. Бұл Конституцияға тура келмейді. Өзіміздің популистік идеяларымыз үшін біз саясатты дінге араластырып жатырмыз»,–деп әріптесіне қарсы шықты. Ал енді депутат Мықтыбек Абдылдаев президенттің ант беру мәтініне «өлкеден қашып кетпеуге уәде берем» деген сөзді қосып қойсақ қандай болады деп өз ойын ортаға салды. Ақырында, депутаттар үш оқылымнан кейін Чыныбай Тұрсынбековтiң жобасын қабыл алып, оны «Қырғыз Республикасының президентін және Қырғыз Республикасының депутаттарын сайлау туралы» конституциялық заңға кіргізетін болды.
Негізі, біреуге уәде, ант берудің ең ауыры – «Нан-тұз ұрсын, Құдай ұрсын, Құран ұрсын» деп аталады емес пе, халықтың көңілінен шықпаған екі экс-президенттің қылығына наразы депутаттар, сондықтан да осындай күтпеген шешімге келген сияқты.
Қазір Президенттің ант беру рәсіміне әзірлік жұмыстары аяқталып қалды. Іс-шара 1150 орындық Тоқтағұл Сатылғанов атындағы қырғыз ұлттық филармониясында өтпекші. Оған жиырма мемлекеттен жоғары дәрежелі қонақтар шақырылған.
«Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi