ЖАБЫРҚАП ӨТКЕН ЖАРҚЫН ЖАН

ЖАБЫРҚАП ӨТКЕН ЖАРҚЫН ЖАН

ЖАБЫРҚАП ӨТКЕН ЖАРҚЫН ЖАН
ашық дереккөзі
260

Осыдан екі-үш ай бұрын Жазушылар одағының бір жиынында мен әдеттегідей залда оңашалау отырған едім. Кенет менің атымды атап біреу алыстан қол бұлғап, «Қасыңызға отыруға бола ма екен» – деп жақындай берді. Көзім бұлдырап, өң-басын анық көре алмадым. Жақын келгенде барып байқадым. Нұрқасым екен. Мен оған таңырқап:

– Ей, сен қашаннан бері менің алдымда мұншалықты сыпайы бола қалғансың? Соған қарағанда түбінде жаман адам болмассың, – деп сөзімді әзілге бұрып едім. Ол да соны күткендей:

– Сондай «адам» болайын деп келдім қасыңа, – деп қасыма тізе бүкті. Бетіне қарасам көзі күлімдеп, жымиып күледі. Мен де ішімнен «мына қылығыңа қарағанда бір қуанышың бар-ау шамасы» деп отыра бердім. Кенет қолындағы дорбасынан бір кітапты алып, маған ұсынып:

– Мынаның ішінде өзіме жақсылық жасаған адамдар жайында естеліктер бар. Қалағаң жайлы да, – деп қойды. – Осы данасын өзіңе ұсындым.

– Жарайды, – деп, мен кітапты қолыма алып, алғашқы бетін аштым. – Қолтаңбаң жоқ қой, – деп едім, ол:

– Сен, қолтаңбаны қайтесің, ала берсейші, – деді. Сосын сәл мүдірді де:

– Осындай келесі кітапқа сені де жазсам деген ойым бар. Құдай қаласа, сонда қолтаңбаммен берермін, – деді. Мен оған таңырқап қарап:

– Сонда мен туралы не жазбақсың? – деп күлдім.

Ол өз сөзін әрі қарай жалғай берді.

– Баяғыда екеуміз Қалағаңның қарауында істеп жүргенде, мен саған аз уақыт бастық болып едім ғой, – дей бергенде, ойыма бір жәй түсе кеткені:

– Сен сонда қатты қуандың-ау. Менің сондағы «Неменеңе жетісіп отырсың?» деген сауалыма:

– Неменеге жетіспеймін: ешкімге ба­ғын­байтын, керек десе Қалағаңа өз сөзін тыңдата алатын, басасау Сейфоллаға да бастық болғанбыз демеймін бе жүрген жерде деп айтқаның әлі есімде. Содан кейін мен сенің қандай жан екеніңді білгім келіп, сенің екі-үш повесің мен төрт-бес әңгімеңді сын көзбен оқығаным бар. Сонда сенің оңай шағылатын жаңғақ еместігіңді біліп, іштей ырза болғанмын. Оны саған қалай айтуды ойлап-ойлап ертеңіне:

– Әй, Нұрқасым, ішің толған бұрқасын, бірақ оны сыртқа шығаруға әлдекімнен қорқасың! – дегенімде, сен түнеріп, үн-түнсіз отырып қалған едің. Күлдіргім келіп әрі-бері әрекет жасап едім, бірақ сенің қабағың ашылмай қойды. Сосын мен еріксізден сенің шығармаларыңды оқып, қатты ырза болғанымды айтып, әзер дегенде жүзіңді бермен бұрғандай болып едім, бірақ сен сонда да толық шешілмей кеткенсің. Сен шынымен де үлкен жазушысың, тек күйкі тірліктің жетегінде кететінің бар екен. Жалпы, ол кемшілік бәрімізде де бар. Болмаса, сен арғы беттен келген небір «мен мықтымын» деп жүрген жазушылардан әлдеқайда биіксің. Және сенің әрбір шығармаңа Қытай табиғатын, қала берді ондағы адамдардың тірлігін шынайы берудегі шеберлігіңе әбден көзім жеткен. Жалпы, адамзат баласының күйбең тірлігін жайып көрсетуге әбден машықтанған екенсің дегім келген. Бірақ сен оған түсінбедің, әлі түсінбей келесің, – дегенімде, қасымда жаңа ғана күліп отырған Нұрқасымым қайтадан жабырқай қалыпты. Мен іштей тағы ренжітіп алдым-ау деп, дереу:

– Қой, енді. Өзің бастаған соң, есіме тү­сіп кетіп еді, – деуім мұң екен, ол жұлып ал­ғандай:

– Менің де айтпағым осы еді. Бірақ қара басқанда кейін түсіндім ғой. Сен сол үш ауыз сөзбен менің бүкіл тағдырымды түй­індеп айтқан екенсің. Бірақ сол замат маған сондай ауыр тигені рас. Сол кезде менің шығармаларым жайлы жақсы пікір білдіргеніңе онша мән бермеп едім. Мен алпыс жасқа толғанда сенің арнау өлеңіңді оқып, өз-өзімнен көңілім босап, сондағы мінезіме өкініп, дәл бүгін қасыңа сұранып келіп отырғаным да сол еді. Енді сен не десең, о де, – деп қарап тұр. Мен де сол замат:

– Бұл сонда кешірім сұрағаның екен ғой, – деп езу тарттым. – Жарайды, кешірдім. Бірақ мен туралы жазбай-ақ қой. Мен саған Өте­жан емеспін. Кедір-бұдырын келістіріп айтатын. Оны «Бір түрлі адам» деп тамаша жазғаның рас. Өтежанның өзі де риза. Саған сол үшін де рахмет! – деп едім, ол:

– Сен қызықсың. Сен туралы жазсам, маған материал толық жетеді. Ең бастысы, сенде арамдық жоқ, ашығын айтасың. Былай қарапайым болғанмен реті келгенде адуынды, арқалы жансың. Және кімнің кім екенін білмей, артық сөз айтуға жоқсың. Оның үстіне Қалағаң сияқты үлкен ағаларымыздың өзі сені ерекше сыйлап өткендігі сонша, сені тіпті арқа сүйеу қылатындай еді.

– Сен оны қайдан білесің? – деп қалып ем, ол:

– Сені жұмыстан шығарып жібергеннің өзінде, бір апта көрмесе, өзіңе машинасын жіберіп алдыртып, сыраханаға кететін едіңдер ғой. Ондай бақыттың мына менде бірі де болған жоқ. Болса кәне… Сонда да мен Қалағаңды қатты жақсы көрдім.

– Ол енді біздің бір өңірден болған­ды­ғы­мыздан шығар, – дедім мен.

– Бір өңірдің адамдарын да көріп жүрміз ғой. Сіздерде басқаша, – дегенде мен әзілдеп:

– Сен енді сізге көштің бе, оны Қалағаңа айтсаң жарасар, бірақ маған олай дегенің…

– Қойшы енді, онда тұрған не бар. Жалпы, менің байқағаным, сыйлас адамдардың құдыретті қуаты мол сияқты болып елестейді қашанда.

– Оның рас. Талайларды көріп жүрміз ғой,– дедім мен де.

– Сенің де ағаң үшін істеген істеріңде шек жоқ. Бұл енді тіріде сыйласқанның ақысы болар. Қалағаң әруағы сені де, бізді де қолдап жүрсін.

Осы кезде жиналыс та өз мәресіне жетіп қалған еді. Мен Нұрекеңе қарап:

– Енді қалғанын кафеде жалғастырмаймыз ба? – деуім мұң екен:

– Жалғастырсақ жалғастырайық, тек жүз грамм ішетін болсаң… – деп және күлді.

– Ондай болса, қоя қояйық, – дедім.

– Көңілің соқпай тұрса, жарайды, – деп қош­тасып кете бардың.

Арада бір-бір жарым айдай уақыт өткенде, аса жайсыз хабар күздің суық желіндей көңілімді жауратып жіберді. Оның үстіне сол кездесудің соңғы кездесу екенін қайдан білейін, жазған басым. Білгенде де не істей алушы едім? Сондағы алыстан қол бұлғап: «Қасыңызға отыруға рұқсат етіңіз!» – дегені көз алдыма еріксізден қайта оралғандай болды. Мұндай қайталанбас тағдырға не дерсің.

Әй, Нұрқасым, Нұрқасым,

Ішің толған бұрқасын,

Күш-қуаттың кені еді,

Тағдырыңның емі еді,

Сенің өлмес бейнең деп

Шығармаңды ардақтап,

Халқың саған сенеді.

Міне, Нұрқасымның өмірден өткеніне қырық күннен асып барады. Тағдырдың ісіне амал қанша.Топырағың торқа болсын, жабырқап өткен жарқын жан.

Сейфолла ОСПАН

Серіктес жаңалықтары