«ОРДАБАСЫ» ЕЛ КУБОГЫН ИЕЛЕНДI

«ОРДАБАСЫ» ЕЛ КУБОГЫН ИЕЛЕНДI

«ОРДАБАСЫ» ЕЛ КУБОГЫН ИЕЛЕНДI
ашық дереккөзі
146

Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында жиырмасыншы рет сарапқа салынған кубок Шымкенттiң «Ордабасы» командасына бұйырды. Алматыдағы орталық стадионда Қостанайдың «Тобылын» 1:0 есебiмен ұтқан команда өз тарихында тұңғыш рет ел кубогiн иеленiп, жанкүйерлерiн қуантты. Жексенбi күнi жеңiмпаздарды Шымкент әуежайынан облыс әкiмi Асқар Мырзахметов бастаған спорт жанкүйерлерi қарсы алып, оларға құрмет көрсеттi.

Иә, бұл сәттi Оңтүстiк жұртшылығы ұзақ күттi. Жыл сайын турнир кестесiнiң соңында немесе ортаңғы бөлiгiнде салпақтап жүретiн команда соңғы жылдары өз ойын өрнегiн таба бастады. Өзге клубтардың намысын қорғап жүрген Қ.Әшiрбеков, Ф.Ирисметов, А.Нұрғалиев сынды Шымкент футболының түлектерi командаға қайта оралды. Шетелден де тәжiрибелi ойыншылар шақырылды. Кезiнде Мәскеудiң «Спартагында» ойнаған бiлiктi бапкер В.Пасулько жаттықтырушы болып келдi. Командада өрлеу басталды. Кубок жолындағы бәсекелерде қарсыластарының бәрiн айқын басымдылықпен жеңiп шыққан «Ордабасы» ақтық сында былтырғы ел чемпионы «Тобылды» тобықтан қақты. Бастапқы минуттарда қостанайлықтар жиi шабуылдаған. Бiрақ жiгiттер сыр бермедi. Алаңға бой үйретiп алды да, қарсыластарының қақпасын қарауылға ала бастады. Сол ұмтылыстардың бiрiнде А.Трайковичтiң пасын тиiмдi пайдаланған М.Мұхтаров 40-минутта баспен гол соғып, «Ордабасыға» жеңiс сыйлады. Қазақстанның футбол федерациясы басшыларының қолынан алтын медаль мен ел кубогiн қабылдап алған «Ордабасы» футболшылары Алматыға арнайы барған жанкүйерлерiне алғыс айтып, iлтипат бiлдiрдi.

Жеңімпаз команданы қарсы алған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов:

– Бүгiн бiздiң облысымыз үшiн тарихи күн. Сүйiктi командамыз тұңғыш рет Қазақстан кубогiн жеңiп алды. Бұл жiгiттердiң ерен еңбегi мен төккен терiнiң арқасында келген жеңiс. Келесi жылы суперкубоктi ұтып, ұлттық бiрiншiлiкте жүлделi орынды алуларыңызға тiлектеспiн. Ол үшiн барлық жағдай жасалады, — деді.

Бас бапкер Виктор Пасулько: «Бiздiң жiгiттерде мiнез бен жеңiске деген жiгер бар. Жанкүйерлердiң қолдауының арқасында ұттық. Бұйыртса, келесi жылы Еуропа лигасында табысты ойнауға тырысамыз», – дедi.

Команда капитаны Қайрат Әшiрбеков: «Бұл жеңiстiң кездейсоқ емес екенiн дәлелдеймiз. Еуролига бәсекелерiнде сүйiктi қаламыздың атын танытуға бар күшiмiздi саламыз», – дедi.

Байрақты бәсекеде намысты қолдан бермей, биiкке бастар жолды адас­пай тапқан «Ордабасының» жеңiстi жолы үзiлмегей!

Ғабит САПАРБЕКОВ

Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары