МҰНАЙҒА БАЙМЫЗ, ЖАНАРМАЙҒА ЖАРЛЫМЫЗ

МҰНАЙҒА БАЙМЫЗ, ЖАНАРМАЙҒА ЖАРЛЫМЫЗ

МҰНАЙҒА  БАЙМЫЗ, ЖАНАРМАЙҒА ЖАРЛЫМЫЗ
ашық дереккөзі
214

Өткен демалыс күндерiнен бастап Алматы қаласындағы жанар-жағармай станцияларының барлығы дерлiк қолма-қол ақшаға АИ-92 және AИ-80 маркалы бензиндi сатудан бас тартуда. Мұндай жағдай соңғы кездерi қаламызда жиiлеп бара жатқаны жасырын емес. Шевченко-Мұқанов, Төле би–Байзақов және Райымбек пен Байзақов көшелерiнiң қиылысындағы қаладағы ең iрi «Гелиос» жанармай бекеттерiнде болып, жағдайды өз көзiмiзбен көрудiң мүмкiндiктерi туды.

Райымбек және Байзақов көшелерінің қиылы­сындағы «Гелиос» бекетінің менеджерімен тілдесіп үлгердік. Оның айтуынша, «Гелиос» бекетіне тиесілі бензиндер орта жолда қаңтарылып тұр екен. Демек Ресейден келуі тиіс мұнай өнімдері жетпей жатыр.

Жалпы, елдегі бензин тапшылығының тарихы біраз уақытқа кетеді. Биыл көктемнен бері жанармай мәселесінің шу шығарғаны мәлім. Бұл мәселеге Премьер-министрдің өзі араласып, ең өтімді АИ-92 маркалы бензинді 106 теңгемен сату және бензин экспортына уақытша шектеу қоюды қолға алған болатын. Дегенмен Үкіметтің реттеуіне қарамастан бензин тапшылығын жою мүмкін болмай тұр. ҚазТАГ агенттігінің мәлім­деуіне қарағанда, Шымкентте соңғы 2-3 ай бойына АИ-92 маркалы бензин барлық жанармай бекеттерінде тапшылыққа айналған. Облыс орталығындағы «Синойл» бекеттерінде АИ-80 және АИ-92 маркалы бензиндер мүлдем жоқ, ал «ҚазМұнайГаз» бекеттерінде бензин тек талонмен сатылуда. Солтүстік Қазақстан облысында мұнай өнімдерінің тапшылығы 2011 жылдың басынан Ресейден әкелінуі тиіс бензиннің өз уақытында жеткізілмегендігінен болып отыр.

Агенттіктің мәліметіне сенсек, аталған өңірге жеткізілуі тиіс бензиннің 87,7 пайызы жеткізілмеген. Өскеменде көптеген жанармай бекеттері жоғары октанды бензинді тек талонмен сатуда. Еліміздің батыс өңіріндегі жағдай да осыған ұқсас. Бұл проблема қашан шешімін табады, ол жағы беймәлім.

БЕНЗИН ӨНДІРУ 8 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН

Статистика жөніндегі агенттіктің 9 қарашадағы ақпаратына сүйенсек, 2011 жылдың қаңтар-қараша айларында өндірілген бензин былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 8 пайызға азайған. Биылғы он ай ішінде 2,3 миллион тонна бензин өндірілген. Қазір Қазақстанның барлық өңірлерінде бензин тапшылығы айқын сезіліп отыр. Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың айтуына қарағанда, бұл мәселенің туындауы – елдегі мұнай өндіруші зауыттардың аздығынан көрінеді. 2014 жылы отандық жанар-жағармай бекеттерін модернизациялау туралы бағдарлама жүзеге асырылмақ.

РЕСЕЙДЕН КЕЛЕТІН БЕНЗИН ОРТА ЖОЛДА ТҰР

Қазақстан үкіметі бензин тапшылығын болдырмау үшін Ресей Федерациясынан 50 мың тонна жоғары октанды бензин сатып алуды жоспарлаған болатын. Қазан айының басында Премьер-министр «ҚазМұнайГаз» компаниясына осы бензинді сатып алуды тапсырды. Ресей бензинінің алғашқы легі Қазақстанға келе де бастады. Дегенмен, кейбір ақпарат көздерінің мәліметтеріне қарағанда, бұл бензинді әкелуде де үлкен проблема туындап отырған сынды.

Кейбір ақпарат көздеріне сенсек отандық өнім де, импорт та бензин тапшылығын жоя алмайды екен. Биылғы импорт – 800 мың тоннаға жеткен. Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда ресми түрде 3 миллион 250 мың автокөлік тіркелген. Жыл сайын автокөліктердің саны 8-10 пайызға артып отыр. Күн сайын Қазақстан автокөліктері – орта есеппен 10 мың тонна бензин жұмсайды екен. Демек Ресейден әкелінетін 50 мың тонна бензин, бар болғаны бес күнге жетеді.

P.S. Демек Қазақстан мұнай қоры жағынан алдыңғы қатардағы мемлекеттердiң бiрi болса да, iшкi нарықты мұнай өнiмдерiмен қамту жағынан дәрменсiздiк танытып отыр. Мұнай көп, бензин жоқ. Тәуелсiз сарапшылардың айтуынша, ресми Астананың көздегенi бiреу – бензин бағасын Ресеймен теңестiру. Қазiргi шенеунiктердiң уәжiне сенсек, сонда ғана iшкi рынокты бензинмен қамту мүмкiн көрiнедi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары