ДІНДІ БЕТПЕРДЕ ЕТІП...
ДІНДІ БЕТПЕРДЕ ЕТІП...
Тараздықтарды табанынан тік тұрғызған оқыс әрі қайғылы оқиға қарашаның 12 жұлдызында орын алған еді.
Қатыгез қарақшы Мақсат Көшкінбайұлы Кариевтің жантүршігерлік жауыздық әрекеті қаланың 1-мөлтек ауданында азамат Т. Забировтың «Мазда-626» автокөлігін тартып мініп, оның қол-аяғын байлап тастап кетуінен басталған. Одан кейін «Мәке» аңшылық дүкеніне баса-көктеп кірген қарақшы күзетші Вячеслав Федосенконы атып өлтіріп, дүкенге кездейсоқ кірген Нұрғали Оразбақовты жарақаттаған. Жәбірленуші сол жарақаттан көз жұмды. Дүкеннен «Сайга» және «СZ» мылтықтарын іле шыққан қарақшы «У дяди Вити» дүкенінің маңында Р.Садықовтың «ВАЗ-21099» автомашинасын тартып мініп кеткен.
Аңшылық дүкеніндегі оқиғадан хабар жетісімен қылмыскердің ізіне түсіп, оның жолын тосқауылдаған полиция аға сержанттары Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовті жайратып салған ол одан әрі Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің әкімшілік ғимаратына келіп, гранатомет пен автоматтан оқ жаудырған. Абырой болғанда, мұнда ешкім зардап шеккен жоқ.
Ол жерден тез ізін суытқан қылмыскер облыстық драма театры ғимараты жанында автомашинаны қалдырып, соңына түскен атты полиция сержанттары Данияр Құрманбаев пен Мәлік Молдақасовты атыс қаруымен жаралап, Қазыбек би көшесіне қарай қашқан. Бұл кезде жаяу жасырынған оның артынан жол полициясы қызметкерлері қуып келе жатқан. Олар қылмыскерді орталық гастроном алдында қуып жетіп, екіжақты атыс басталып кетеді. Атыс кезінде қарақшы жарақаттанады. Полицейлер де жарақат алады. Сержант Самат Алашов санынан, взвод командирі, капитан Ғазиз Байтасов кеудесінен. Ғазиз өзінің ауыр жараланғанына қарамастан, жаралы лаңкесті қарусыздандыру, айналадағыларды оның автоматтан жаудырған оғынан қорғау мақсатында оны құшақтай бергенде, жанкешті қойнындағы жарылғыш құрылғыны іске қосып жіберіп, қатты қопарылыстан екеуі де тіл тартпай кеткен.
Ал сол күні ҰҚК-нің екі қызметкерін М. Кариев оны діни лаңкестік әрекетінен күдіктеніп аңдып жүрген жерлерінде, өзінің үйінің қасында-ақ қапыда оққа байлаған екен. Айналасы үш сағатқа жуық уақыт ішінде жеті өмірді жалмаған қанды оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Бұл мәліметтерді журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген ОІІД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Марат Шәдетханұлы Қожаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 1977 жылы 16 қаңтарда Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында дүниеге келген Мақсат Кариев 1995-1997 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері қатарында шұғыл әскери қызмет атқарған кезінде жақсы мерген болғаны сипатталады. Ол әскерден кейін еш жерде жұмыс істемеген, не оқымаған. Бірақ осыған дейін Алматы, Көкшетау, Атырау және Астана қалаларында болып үлгерген. Қаруға қол жеткізу мақсатында күзетшілік қызметке орналасқысы келген екен. Алайда біліктілік емтиханын тапсырмаған көрінеді. Сонан соң Тараз қаласына келіп, шешесінің үйінде тұрып жатқан. Отбасы, балалары да бар.
Журналистердің «лаңкестің осынша адамды қыруына мүмкіндік бермей, реті келген бір сәтте неге «шаруасын» бір-ақ оқпен бітіре салмаған?», – деген сұрағына полковник: «Ол өте жырынды айлакерлікпен адамдар көп шоғырланған жерлерде «тірі қалқанды тасалап жүрді», – деп уәж айтты.
Осы оқиғаға орай қаламызға республика Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Қалмұхамед Қасымов келді. Облыс құқық қорғау органдары басшыларымен шұғыл жиын өткізген министр облыс әкімі Қанат Бозымбаевпен бірге қаза тапқандардың отбасыларында болып, қайғыларына ортақтасып көңіл айтты. Дене жарақатымен ауруханада жатқандардың көңілдерін сұрап, оларды жылы лебізімен жігерлендіріп қайтты.
Қызмет бабында ерлік көрсеткен Ғазиз Байтасов қаза тапқан орын қоршалып, онда марқұмның портреті қойылды. Ел тыныштығы мен адамдар өмірін қорғауда құрбан болған қаһарман тәртіп сақшысының әріптестері мен қарапайым халық суреттің айналасын гүл шоқтарына көміп тастады.
– Қылмыскер өлді. Дегенмен оқиғаның себеп-салдары, дәлелдері анықталып жатыр, – деген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған басқосуда полиция полковнигі Марат Қожаев. – Бұл ретте бізге қарапайым халықтың тигізер көмегі көп. Әзірге, жанкештінің намаз оқып, діндар адамның бетпердесін жамылғанымен мінезі қызба, сөздері былапыт, тіпті ішкілік те ішетіні белгілі болып отыр.
Осы оқиғаның ертесіне белгісіз біреудің «теміржол бекетіне бомба қойылды» деген жалған ақпараты жолаушылар мен тұрғындарды әжептеуір әбіржітіп, құқық қорғаушылар мен төтенше жағдай қызметкерлерін әуреге салды. Абырой болғанда, бәрі де тыныш.
Жуырда Ақтауда болған лаңкестік әрекетті халифат жауынгерлері мойнына алған. Осыдан кейін «жанкештінің артында дем беруші біреулер тұрған жоқ па екен?», – деген күдік оралады ойға…
Лаңкес өзін-өзі жарып өлді. Жалпы, «Ол жалғыз өзі әрекет етті» ме? деген сұрақ әркімнің-ақ көкейінде тұр. Оның жауабын тез және де сөзсіз табу – халық сұранымы, қоғам мүддесі. Адамдар арандап қалуға, үрейленуге жол бермеуі тиіс. Әсіресе интернеттегі иін тірескен кейбір мәнсіз мәлімдемелерге мүлде сене беруге болмайды.
Тараз қаласы