«ҮЙ ТҮБІНЕН ҮЙІРЛІ ҚАСҚЫР ҰЛЫП...»

«ҮЙ ТҮБІНЕН ҮЙІРЛІ ҚАСҚЫР ҰЛЫП...»

«ҮЙ ТҮБІНЕН ҮЙІРЛІ ҚАСҚЫР ҰЛЫП...»
ашық дереккөзі
177

Данияр АШИМБАЕВТЫҢ «Казахи за независимость не боролись»

(«Время», 26 сәуір) атты мақаласына орай

Иә, бір зарлы ақынның «Үй түбінен үйірлі қасқыр ұлып, Сырттандарым қорада жатты бұғып» деп басталып:

Өтер бұл шақ атаға, балаға сын,

Алла жетім-жесірді аяласын.

Алла ғана аясын,

Білемін тек

Иә, бір зарлы ақынның «Үй түбінен үйірлі қасқыр ұлып, Сырттандарым қорада жатты бұғып» деп басталып:

Өтер бұл шақ атаға, балаға сын,

Алла жетім-жесірді аяласын.

Алла ғана аясын,

Білемін тек

Мына заман қазақты аямасын, – деп аяқталатын өлеңі еске түседі. Сонша зарлайтындай басыңа не күн туды, елімізде тыныштық, үрпек сары, ақкірпік дейсің бе, қырғыш тұмсық жалпақ бет, қысыкөз дейсің бе, 130 әлде 140-тан астам ұлт өкілдері мәре-сәре ғұмыр кешіп жатыр деуіңіз де мүмкін-ау. Дұп-дұрыс. Бірақ Қазақстандағы кейбір басылымдардың, әсіресе «Время», «Свобода слова», «Централ Азия монитор» сияқты орысша газеттердің соңғы кездегі небір бүйректен сирақ шығаратын материалдарын оқып отырып, амалсыздан «апыр-ай, мыналар бір бәлені бастаған жоқ па?», «мынау деген қазақты бір-біріне өшіктіру, қазақ арасына іріткі салудың, алауыздық туғызудың әрекеті емес пе, бұның ақыры не болар екен» деген үрей бойыңды билейтінін қайтерсің.

Жалпы, орыстілді кейбір басы­лым­дардың «Қазақстанда орыс тіліне қысым көрсетілуде», «орыстар көшіп кетуде», «бәрімізді қазақша сөйлеуге күштеп көн­дірмек» деген сыңайда көлгірси байбалам салатыны, біресе өзге ұлттардың ендігі күні не болар деп өтірік мүләйімситіндері талай жылдан бері жалғасып келеді. Айтып-айтып қояр дейтінбіз. Бірақ жағдай онан сайын өршіп бара жатқан сияқты. «Время» газетінің биылғы 26 сәуірдегі санында Данияр Ашимбаевтың «Казахи за независимость не боролись» деген «тұжырымын» тақырып етіп алған «пікір» шықты.

Осы Ашимбаев сияқтылар «ұлттық патриотизм», «ұлттық салт-дәстүр», «ұлт­тық идея» дегенді естісе, кірпідей жиырыла қалатыны несі дейсіз ғой?! Мәселе, олардың қай мектепте, қай тілде, қай ортада өскеніне тікелей қатысты. Бұл жерде оның газетке білдірген «пікірлерінің» өзі, интеллектуалдық қарымы қарғаның адымындай қысқа, ой-өрісінің «тереңдігі» тобықтан аспайтын, яғни қазақша айтқанда, басшылыққа да, қосшылыққа да келмейтін жайдақ сөз тіркестері екенін аңғартып алады. Яғни «тротуарное краснобайство» немесе көше баласының сөзуарлығы деуге келіңкірей ме, қалай?! Әйтпесе, оның «… без административного ресурса у нас никто победить не может – будь ты трижды космонавт, дважды герой и четырежды миллионер» деп заулата жөнелуінің өзі-ақ сол көшеуи сөзуарлықтың білгіші ғана екенін көрсетіп тұрған жоқ па?! Одан әрмен ол біздің адамдарға «важны регалии – доктор наук, академик восемнадцати академий, почетный гражданин, заслуженный донор…» – деп сайқымазақ бозбаланың стилімен тағы шұбырта жөнеледі. Біз бұл әлгі Ашимбаевтың туған тілі, діні, ділі, салт-дәстүрге қатысты ұлттық намысы туралы айтқымыз кеп отырған жоқ, атағы жер жарған ғұлама саясаткерлер де ең алдымен өз ұлтының сондай кемел тұлғаларының алдындағы жауапкер адам ретінде сезінуден бастайтыны ғылымда да, тәжірибеде де дәлелденген еді ғой деп сұрағалы отырған жоқпыз. Бізді ашындыратыны, оның айтуынша қазақтардың «национальное возрождение», яғни «ұлттығымызды қайта қалпына келтірейік» деуі еш мағынасыз нәрсе деген «данышпандығы». Оның ойынша, қазақта қалпына келтіретін ешнәрсе де жоқ, яғни болмаған. Өйткені оларда көшпенділер мәдениеті ғана бар. «Соған қарамастан, – дейді ол, – тарихшылар қазақтар қалалар салған, доңғалақты ойлап тапқан», – деп жазады дей келіп, оған «паровой двигательді» де жасапты-мыс дегенді өзі қосып, кекетпек болады. Яғни Даниярлар қазақ ешқандай қала салмаған деп сенеді, доңғалақты ойлап тапқан, ең алғаш атқа бас үйретіп мінген де қазақтың арғы аталары дегенге сенбейді, сенгісі де келмейді. Данияр сияқты «өркениеттілер» сонау Еуропаға мәдениет пен өнер апарған Еділ патша да, қалың қытайды уысында ұстаған ғұндар да емес, яғни қазақтың арғы аталары емес, керісінше Киевская Русь деуі де мүмкін. Бірақ Даниярдың әлгіндей «асфальтный паренек» лексиконымен ділмарсып, киіз үй мен «мобильный телефонды» салыс­тырып сөйлеп тұрғанына қарап, бір жағынан осындайларды аяйсың да. Өйткені олар Ресей тарихшыларының тек орыс халқын, тек Ресейді ең ұлы мемлекет етіп көрсетіп, бүкіл тарихтың ботқасын шығарған жазбаларынан көбірек «білім алғандар». Өйткені білетіні тек орыс тарихшыларының жазбалары. Олар Едігені, одан беріде Мәскеудің қақ төріне ту тіккен Мамайды, Иван Грозныймен шайқасқан Нәріктің ұлы Шораны білмегені былай тұрсын, әл Фарабидің әлемдік ғылымға қандай үлес қосқанын да мойындай қоюы екіталай.Оларға Бируни жердің Күнді айналатынын Коперниктен 500 жыл бұрын ашқан десең, оған да сенбей, өзіңді күлкіге айналдырғысы келуі де мүмкін. Жалпы, олардың ұлтшыл-патриоттарды жұртқа жеккөрінішті етіп көрсетуге ұмтылысының өзі өрелерінің тайыздығы. Қазір көптеген елдерде ұлтшыл патриоттардың беделі артып келеді. Кеше ғана РФ-ға президент болып сайланған Путин де ұлтшыл-патриотизмді көзір қылғанын көзіміз көрді. Жириновский саяси сахнаға шыққалы бері орысшыл-ұлтшылдықты көкке ту етіп көтеріп жүр. Данияр қазақ интеллигенциясы, әсіресе олардың ұлтшыл-патриоттығы туралы не айтпайды дейсіз. Оның бәрін келтірмей-ақ қоялық. Бірақ «Время» тілшісінің орағытып-орағытып келіп, ақыры «тәуелсіздік үшін күрестің болмағаны бүгінгі национализмнің бой көрсетуіне әкелді деп есептейсің бе?» дегендей арандатушылық сұрақ қойып, Данияр-қазақтың аузына сөз салып беруі «бірлігі жарасқан елдің» газетінің журналисі қоятын сауал ма? Біріншіден, ол бұл жерде «национализм» сөзін жағымды райда емес, керісінше қазіргі қазақтар арасындағы келеңсіз қылық ретінде айтып отыр. Екіншіден, ұлтшылдық онша қауіпті, қорқынышты көзқарас емес. Ол әрбір өркениетті елде – Францияда, Англияда, Германияда, т.б. бәрін де бар, заң рұқсат ететін қоғамдық қозғалыс, партия. Ол әлем үрейленіп отырған шовинизм немесе сионизмнен өткен қатерлі нәрсе емес. Ол – ұлтжандылық, ұлтшылдық, яғни өз ұлтын сүюшілік қана. Міне, осы жерде Данияр-қазақ тағы да көсіле жөнеледі. Даниярдың айтуынша, бүгінде Қазақстандағы ең қиын проблема «шала-казах» проблемасы екен. Бүгінде ұлтты түнектен «мракобесие» және «мамбетизмнен» сақтап тұрған шала-қазақтар екен. Сонда қазақша таза сөйлейтін, ұлтым, тілім, жұртым, дінім ертең не күйге түсер екен деп өзегі өртеніп жүрген азаматтар елді түнекте, надандықта, Даниярша айтқанда, «мракобесие» мен «мамбетизмде» ұстағысы келетіндер болғаны ғой. Мен сияқты орыстілді, мен сияқты «цивилизованный» болмадың деп өз қандастарын дәл бұлайша кемсіту, өзгенің ығына дәл бұлайша жығылу орыстілді қазақтардан басқаларда бар ма, жоқ па, білмейміз. Бірақ бір чечен не бір өзбек немесе әзірбайжан пәленбай мың тиражбен шығатын газет бетінде өз ұлты туралы дәл осылай сөйлеуі мүмкін емес. Жапонияда ана тілін білмесе бірге туған бауырын да жапон деп есептемейтінін, тек Қазақстанда ғана Даниярлар аузына келгенін айта беруге ырық беріліп қойғанын білмейді деп пе едіңіз? Біледі. Билік басында тек қазақтар отыр, яғни «мононациональная власть» деп күйінеді Данияр. Ау, бәленің бәрін білгенде ол Ресейдің үкімет басында, не Госдумасында РФ құрамындағы ұлттардың көбінің бірде-бір өкілі жоқ екенін, қалың қазақ тұратын Орынбор, Саратов, Астрахань облыстарында бірде бір қазақ мектебі не бірде-бір қазақ балабақшасы да жоқ екенін білмей ме? Данияр мырза Ресейдің бұнысы қалай деп ойланып көріп пе?! Қайдам… Екіншіден, Данияр айтып отырған биліктегілердің көбі нағыз орыстілділер, яғни, осы Даниярдың о жақ, бұ жағындағылар.

Даниярды тыңдап отырсаң, оның ата-бабасы қазақ деген отаршылдардың аяусыз езгісінде күн кешкен екен деп қаласыз. Ол қазақтың жоғын жоқтап, ұлттық санасын оятамын деп жүргендердің бәрі қолына не ысқырық, не «үлкен дөңгелек мөр» тимей қалған, бұйрық-жарлыққа қол қоюға хақы жоқ, бұрын арыз-шағым, өсек-аяң жазумен шұғылданған, көпшілігі қазақ филологиясының мамандары дейді. Сірә, «обрусевший инородец в большей степени шовинист, чем сам русский» деген сөздің жаны бар-ау. Әйтпесе Данияр ұлтшыл-патриоттарды «бұлар тарихымызда колонизатор (отарлаушы. – М.К.) деп жүргендерден де зиянды роль атқарған адамдар» демес еді ғой. Заңғар ақын Мұхтар Шаханов «шіріген жұмыртқалар» деп осы Данияр сияқтыларды айтты ма екен, кім білсін, бірақ кейбір орыстілділер бүгінгі қазаққа кез-келген колонизатордан да, шовинистен де қауіпті болып бара ма деп қорқамыз. Өйткені қазір жалпы қазақты «шала казах», «мамбет казах», националист, «таза казах», «тенгрист казах», «исламист казах» деп, «бөліп ал да билей бер» саясатын жүргізуші жымысқылардың айтағына еретіндер көбейіп барады. Ал орыстілді «Время» сияқты газеттер осындай «пікірлер», айтқыш Даниярларды сөйлетіп қоятын жаңа тәсілді жақсы пайдаланып жүр.

Жалпы, кейбір космополит, нигилистер қанша жерден өздерін «сауатты» қып көрсетпек болғанымен олардың ойының тайыздығы, тіпті сөйлеген сөздері логикадан мақұрым, әлгінде айтқанымыздай, жәй ғана «тротуарное краснобайство» екені қылтияды да тұрады. Әйтпесе, ұлтшыл-патриоттардың «біздің мәдениетіміз» дегенін де мазақ қып, «біздің мәдениетіміз» деген не ол? Ендеше банктерді жауып, мобильниктерді (ұялы телефондарды – М.К.) лақтырып тастап, бәріміз қайтадан киіз үйлерге көшіп барайық», – деп ыржалақтап ділмарсуына қарап, Даниярды кім деуге болады. Баяғыда ұлы әдебиетші Писарев: «Орыстың Рафаэль Сантиі болғаннан гөрі орыстың етікшісі болған дұрыс» деген екен. Сол айтқандай, логикасының түрі осындай Данияр сияқтыларға айтар сөздің де обалы бар.

Өз басым бір ұлттың екінші бір ұлтты кемсітіп, надан, ақымақ деп, анекдоттың обьектісі етіп мазаққа айналдыруын жан-тәніммен жек көремін. Ондай өрескел әдет тек орыстарда ғана бар. Бұл ауру оларда кешегі Кеңес Одағы кезінде «великий русский народ» деген есерлік аурумен ауырудан бастап пайда болды. Орыстар сол кезде армянды, қазақты, өзбекті кемсіткен неше түрлі анекдоттар шығарды. Әсіресе, чукчалар бұл мазақтың басты кейіпкеріне айналды. Өзі пір тұтатындардан асып Данияр қайда барсын, ұлттық мәдениет, ұлттық сана, ұлтшыл-патриотизм дегендердің бәріне сайқымазақ тілмен әлгіндей неше түрлі «соққылар» беріп келіп, ол да өзінің «ғылыми-философиялық», «антимамбеттік», «өркениеттілік», «білімділік» пікірлерін: «Я бы все эти национальные изыс­кания выразил так. Представьте: северные олени проходят стадию национального возрождения, пытаются восстановить исконные традиции оленеводства и активно ведут античукотскую деколонизацию, не понимая, что оленеводство является традицией чукчей, а не оленей», – деген «данышпандықпен» аяқтайды. Ендеше осы жерде бұғының орнына қойды, чукчаның орнына қазақты қойып көрсеңіз, Ашимбайдың түлкікөз немересі (әлде жиені) не айтқысы келіп отырғанын бірден түсінесіз. Ал небір білімді тарихшылардың, тіпті саналы орыс ғалымдарының өздерінің айтуынша да, қазақ отар-отар қой айдап, ауыздығымен алысқан тұлпарды тақымында ойнатқан заманда солтүстіктегі көршілеріміз жалаңаш тәніне тері жамылып, қолына таяқ алып орманда аң қуалап жүрген. Шошқа бағуды да кейін үйреніпті. Ендеше, бүгінде бұрынғы таза орыс қалпымызға, ұлттық дәстүрімізге қайта оралайық деп жүрген орыс ұлтшылдарына Ашимбаев не айтар еді. Ол чукчаның орнына орысты, бұғының орнына шошқаны мысалға келтіруге жүрегі дауалар ма еді? Екіншіден, Ашимбаев «мамбет» деген қандай қазақ, «шала казахтар» бізді құтқармақ болып жүрген «мамбетизм» деген қауіп – қандай қауіп? Әлде бұл белгісіз бір «шіріген жұмыртқалардың» шірік сөзі ме? Қалай десең де, орыстілді газеттер соңғы уақытта қазақты «нағыз қазақ», «шала қазақ» деп жікке бөлетін осындай материалдар жариялауды жиілетті. Олар осылайша қазақтың арасында жоқ нәрсені бар етіп, соған әлдекімдерге төрелік айтқызған болады. Және сол қулығымызды қазақтар түсінбей отыр деп ойлай ма, әлде өйтіп-бүйтіп қазақтардың арасына от сала берейік дей ме, ол жағы жұмбақ. Олар, әсіресе қазақтың ұлтшыл-патриот азаматтарының қазағым, ұлтым, тілім, дінім деген әрбір іс-әрекетін қоғамға қатер төндіретін әрекеттер деп көрсетуге тырысады. Және Қазақстанда ғана орыстілді газеттер ұлтшыл-патриот деген сөзді соншалықты қорқынышты нәрсе етіп көрсетуге тырысуда. Бұл қайткенде, ұлтым, қазағым деген азаматтардың аузын аштырмаудың қитұрқы тәсілі. Олар осы бір шолақ қулықтарын жүзеге асыру үшін «қазақша қақпайтын» орыстілділерді көп сөйлетеді, яғни қазақты қазақтың өз аузымен ұрғызады. Әйтеуір, осының бәрі қазақ арасына іріткі салу, алауыздық туғызу үшін жасалып жатқанына өз басым күмәнданбаймын.

Енді, тағы бір дүниеге – «Свобода слова» газетінде Анна Руденко дегеннің «қазақ бірлігін» ойлап, өздері айтып отырған «взрывоопасная тематикаға» тағы да өздері айтқандай, «осторожно» келген түріне көз салып көріңізші (15 наурыз, 2012). Ол да қазақша онша «қақпайтын», орысшамен ауызданған «Web- издатель» Джанибек Сулеевке былайша сұрақ қояды:

«В последнее время мы наблюдаем обос­трение противоречий между так называемыми «нагыз-казахами» и «шала-казахами».

Анна Руденко қазақтар арасындағы мұндай «обострениені» – ушығуды қайдан көріп, қайсысына араша түсіпті? Әлде, қазақтар «нағыз қазақ», «шала қазақ» болып қырылысып жатқанда араға әскер, полиция түсіп тоқтатқанына куә болып па? Орыс газеттерінде бір-біріне егіз қозыдай ұқсас осындай «мәселелер» көтерілуі кездейсоқтық деп есі дұрыс адамды алдарқату еш мүмкін емес. Осының бәрі орыстілді журналистердің қазақтың ауызбірлігін, татулығын ойлағаннан, қазақтардың арасында әлдебір араздық, тіпті қақтығыстар туып кетуі мүмкін-ау деген уайым-қайғысынан туған десеңіз күлкіге қаласыз. Тарихтан белгілі мынадай тәжірибе бар: Отаршыл елдер өздерінің отаршылдық мүддесін жүзеге асыру үшін және сол елдегі ұлт-азаттық қозғалысын басу үшін сондағы рулық-тайпалық бөлінушілікті пайдаланады. Ал отаршылдық жүйе күйреп, отар елдер тәуелсіздік алғаннан кейін империалистер өз үстемдігін одан әрі сақтау үшін енді сол елдің өз ішінде әртүрлі тілдік, діни, жершілдік алауыздықтарды ойлап табады. Мұндайда әлгі бұрынғы отар елдің туған тілінен, ұлттық санасынан алыстап кеткен азды-көпті сауаты бар космополит, нигилист азаматтары пайдаланылады. Қазір алаш арасында трайбализмнің бой көрсетуіне де кейбір отаршылдардың жел беріп, ушықтырып отырғаны себеп болуы да мүмкін. Олай дейтініміз, қазақ қазақ болғалы ру мен ру, жүз бен жүз болып қырқысыпты немесе соғысыпты деген бірауыз дерек жоқ тарихта.

Біздің айтпағымыз біреу: Қазақ жерінің асын ішіп, ауасын жұтып, бүкіл игілік-байлығын қазақтың өзінен артық пайдаланып, осы елде тіршілік етіп отырған кейбір орыс бауырлар шынымен бауыр, шынымен бірлігі жарасқан, шынымен тату-тәтті өмірді қалайтыны рас болса, ең алдымен олар сол киелі ел ішіндегі, қазақ ұлтын біресе анау шаласы, мынау тазасы деп көсемсуден, біресе орыс пен орыс тілі қысым көріп жатыр, орыстар көшіп жатыр деген сияқты шайтани қулықтардан ада

болуы керек.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары