ОТЫРАРДА ӨТКЕН ТОЙ

ОТЫРАРДА ӨТКЕН ТОЙ

ОТЫРАРДА ӨТКЕН ТОЙ
ашық дереккөзі
260

Өткен аптада ұлылардың мекенi атанған Отырар өңiрiнде күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың 140 жылдығы мен ұлт руханиятының ұстазы атанған Өзбекәлi Жәнiбековтiң 80 жылдығына арналған үлкен iс-шара өттi. Дүбiрлi тойға облыс қана емес, Астана мен Алматыдан және республиканың өзге де өңiрлерiнен қоғам, мәдениет қайраткерлерi, ғалымдар, жазушылар мен ақындар арнайы қонақ ретiнде шақырылды.

Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығымен тұспа-тұс келген қос тұлғаның мерейтойы ауданда жаңадан пайдалануға берiлген нысандардың ашылуымен басталды. Қонақтар алдымен аудан орталығы Шәуiлдiрге кiреберiсте орнатылған “Қобыз бен домбыра” композициясымен танысып, “Жiбек жолы” даңғылының ашылу салтанатына куә болды.

Тәуелсiздiктің жиырма жылдығына отырарлықтар үлкен дайындықпен келген екен. Жаңадан ашылған даңғылдың оң жақ бетiнде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердiң мүсiндерiмен айшықталған Тәуелсiздiк монументi көпшiлiктiң көңiлiн толқытты. Сонымен бірге Қ.Мұңайтпасов атындағы спорт кешенi алдында әлемге әйгiлi палуанның алып тұлғасы бой көтерiптi. Кіндік қаны Отырар өңірінде тамған, қазақтың атын әлемге танытқан күш атасының ескерткiшiне бүгiнгi ұрпағы гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсеттi. Спорт журналисi Несiп Жүнiсбаев, академик Әбдiрахман Омбаев ескерткiш алдында тебiрене сөйлеп, тереңнен ой қозғады. Осыдан кейін бабамыздың туғанына 140 жыл толуына орай қазақ күресiнен жасөспiрiмдер арасында өткен республикалық турнирдiң тұсауы кесiлдi. Турнирде еліміздің әр өңірінен келген сайыпқыран палуан­дар күш сынасты.

Салтанатты iс-шараға келгендер бұдан кейiн аудан орталығында бой көтерген көркем ғимараттар мен аллеялардың ашылу рәсiмiн тамашалады. Әуелі әйгiлi ғалым һәм ойшыл Әбунасыр әл-Фарабидiң мұражайымен танысқан көпшiлiк саялы саябақ iшiнде орын тепкен, ұлт рухының сардары Өзбекәлi Жәнiбековке арналған ескерткiштiң ашылу салтанатына куә болды. Ескерткіштің ашылуында Қостанайдан келген ғалым-ақын Нағашыбай Мұқатов бiр кездерi Торғай өңiрiнде басшылық қызмет атқарған Өзекеңнiң тың даланың мәдениетi мен тарихын қайта жаңғыртқан, ерекше бiр серпiн әкелген сәттерiн еске алды.

– Өзекең өз ғұмырында басшымын деп кеудесiн кермеген азамат едi. Жалпы, қазаққа осындай ұл сыйлаған Отырарға мың да бiр тағзым етемiн, – дедi ол.

Отырар өз ақындарын да естен шығармапты. Өзағамыздың ескерткiшiне тағзым еткен көпшiлiк сонау әл-Фарабиден бастап, бүгiнгi Бекарыс Шойбековке дейiнгi күре жолда күмбiрлете күй тартып, отты жырларымен найзағай ойнатқан ақын-шайырлардың аллеясын ашты. Оның ашылуында ақындар Мұхтар Шаханов, Темiрхан Медетбеков, Қасымхан Бегманов, Әселхан Қалыбекова iс-шараны жалынды жырмен өрнектедi.

Мерейтойда ашылған тағы бір нысан – көне тарих­тың көп жұмбағын шешiп кеткен Өзбекәлi ағамыздың мұражайы. Мұражайдың жанына Өзағамыз өз қолымен жасаған екi киiз үй тiгiлiптi. Оның ішінде рух сар­дарының тұрмыста қолданған көне бұйымдары, үй жабдықтары бар. Тебіреністі сәтте Өзбекәлі ағаның өзi құрған, бүгiнде өнер әлемiнде айшықты қолтаңбасымен әйгiлi “Адырна” фольклорлық ансамблi жиналған жұртшылыққа ән-жырдан шашу шашты.

Мәдени iс-шараға қатысушылар бұл күнi тек өнер туындыларына ғана сусындап қойған жоқ, ауданда қанат қаққан кәсiпкерлiктiң де жемiстi жұмыстарына қанық болды. Кәсіпкер Мырзахан Манапов Көкмардан ауылынан өз қаражатына сүт өңдеу цехын ашып, аудан халқын сапалы өнімдерімен қамтамасыз етiп отыр. Жиналған көпшiлiк тәулiгiне 5 тонна сүт өндiретiн кәсiпорынның тыныс-тiршiлiгiмен танысып, дайындаған тағамдарынан дәм татты.

Түстен кейiн аудандық мәдениет сарайында өткен қос алыптың құрметiне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференцияның танымдық тағылымы мол болды. Оны белгілі ғалым, профессор Құлбек Ергөбек жүргізіп отырды. Осы өңірдің перзентi, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Ш.Мырзахметов, Қазақстан кәсiподақтары федерациясының президентi С.Мұқашев, қоғам қайраткерi Д.Бопова, академик Ө.Айтбайұлы, ақын-жазушылар М.Шаханов, Н.Мұқатов, тағы басқалар Қажымұқан атамыз бен Өзбекәлi ағамыздың өткен өмiр жолынан сыр шерттi. Осында “Көне Отырар өркениетi”, “Рух сардары”, “Балуан баба”, “Отырар алқабының ақындары” атты кiтаптардың тұсаукесерi өтiп, ауданның жаңа Құрметтi азаматтарының есiмдерi белгiлi болды. Құрметті азамат атанғандардың қатарында Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң нұсқаушысы Б.Желдiкбаев, облыстық кәсiподақтар кеңесiнiң төрағасы Д.Шерiмқұлов, ғалым Ж.Паржанов, құқық саласының ардагерi Ж.Әбдiқадыров пен сауда маманы Ө.Зиятов бар.

Жалпы, тойға жиналған жұртшылық аз уақыттың iшiнде Отырар өңiрiне әр мен сән берген, кәсiпкерлерiн шыңдап, ұлыларын ұлықтаған аудан әкiмi Б.Сыздықовтың еңбегiн жоғары бағалады.Мәдени iс-шараның екiншi күнi қазақ күресiнен өткен республикалық турнир мен ұлттық ат спортының жарысы қорытындыланды.

10.11.2011

Нұрлан ҚҰЛБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары