БЕЛ КЕТКЕН СОҢ, БАРМАҚ ШАЙНАП...

БЕЛ КЕТКЕН СОҢ, БАРМАҚ ШАЙНАП...

БЕЛ КЕТКЕН СОҢ, БАРМАҚ ШАЙНАП...
ашық дереккөзі
236

Адам өмірінің ең бір мәнді мақсаты сәби сүйіп, ұрпақ жалғастыру десек, табиғат сыйлайтын осы бақыттан қағылып жататын кісілер көп қазір. Қоғамымыздың түйінді түйткілдерінің бірі – бұл. Әлемде 150 миллион ер адам эректильді дисфункциямен сырқаттанса, біздің елде бұл дертке жарты миллион азамат шалдығыпты. Қазақстан бойынша 24 000 ер адамдардың 56 пайызы түрлі формадағы эректильді дисфункциямен ауырады екен. Ал Алматыдағы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметінше, жастарымыздың 20 пайызы бала туу қабілетінен айырылған. Әсіресе, 18-25 жастағы бойжеткендерде бедеулік жиі кездесетін көрінеді.

Жалпы, «Сәби сүю бақытынан айыратын сырқат неден туындайды, одан айығудың жолы қандай?» деген сауалдар әркімнің де көкейінде жүрген болар. Көптеген дәрігерлер бедеулік пен белсіздіктің себептерін жас кезеңнен денсаулықты күтпеуден көреді. Бұл дерттің дәл қазіргі таңда кең етек жаюының бір себебі – бүгінгі бойжеткендеріміздің бабымен бой түзей алмауы. Расында да мықыны мен кіндігін ашып, кеудесін тар киіммен құрсаулай киінетін сәнқой қыздардан көшеде көз сүрінеді. Ал темекі мен сыраға әуес қаракөздеріміз өз келешегін өзі улап, тұншықтырып жатқанын, сірә, байқай бермейді-ау, шамасы. Сондай-ақ, дәрігерлер қауымы ерлер денсаулығына да зор мән берілмей жүргенін ескертеді.

Орын алған олқылықтың аз да болса, орнын толтыратын амалдар да болады. Бала сүйе алмаудың қиындығынан шығар, амалдарды ұсынып жүргендердің бірі – биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова. Салтанат Берденқызының айтуынша жаратылыстағы барлық жаны барлардың ішінде адамдарда жүкті болу қабілеті өте төмен. Дертке дауа іздеген медицина ғылымдарының кандидаты Салтанат Берденқызы жасанды ұрық жасап, балалы болудың да бәріне бірдей сәті түсе бермейтінін айтады. Мұндай әдіспен жүкті болу 20 жастағы келіншектерде 15-20 пайыз болса, 40 жастағы әйелдерде 5 пайыз ғана. Ұрықты шыны құтыда қалыптастыру тәсілінің тәжірибесі ерлердің 5 пайызында мүлде ұрық болмайтынын көрсеткен. Көбіне белсіздік ерлерде 30 жасқа дейінгілерде кездессе, 30 жас­тан кейінгілер ішімдіктің немесе сол секілді жағымсыз әрекеттердің кесірінен кеселге килігетін көрінеді. Жасанды ұрық жасаудың өзі балалы болу бақытына 100 пайыз кепілдік бере алмайды, тек 95 пайыз бедеулік пен белсіздікті жеңе алады.

– Балалы болу бақытынан айыратын сырқатқа кей жағдайда адам өзін-өзі апарады. Мәселен ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу, жасанды түсік жасату, келеңсіз әрекеттерге бару – басты себеп. Ал жасанды ұрық жасау әдісіне біраз кісілердің қаржы жағынан да мүмкіндігі бола бермейді. Айталық, Израильде мұндай амалға жүгінетіндерге үкімет 2 балалы болғанға дейін тегін қызмет көрсетеді. Ондағы мақсат – халқының санын көбейту үшін. Кең байтақ жері бар қазаққа да демографияны арттыру үшін осындай бір бағдарлама керек. Біздің елде де мұндай жеңілдікке 100 пайыз болмаса да 30 пайыз мүмкіндік бар ғой, – дейді «Экомед» медициналық орталығының ғылыми директоры Салтанат Берденқызы.

Кейбіреулерге жаратылысынан, енді біреулерге күтінбеуден пайда болатын бедеулік пен белсіздікті екінші қырынан, яғни діни наным тұрғысынан қарастырып көрсек, табиғат сыйлаған сәби сүю бақытын тәрк еткен көкек аналардың кесапаты да секілді. «Адам бойына бітетін бала – Жаратқан берген сый» дейді халық сенімінде. Сол сыйды біле тұра қолмен өлтіріп, түсік жасату немесе баланы тастанды ету – кесірлі іс емей, немене? Әр нәрсенің екі жағы болатыны тәрізді кеселге шипа іздеген әдіске «Жаратушы ғана беретін баланы қолдан қалай жасайды, бұл – күпірлік» деген де теріс түсінік бар. Негізінде, Алла Тағала әрбір ауруды жібере отырып, оның емін де қоса береді дейді. Сөзімізге арқау болып отырған осы амалды қолданысқа әкелген Салтанат Байқошқарова: «Алла адамға ақыл, сана, денсаулық берді, соны пайдаланып, ары қарай ізгі іс жасау – адамның қолында. Тіпті, бұл әдістің өзі 100 пайыз сәтті шыға бермейтінін айтып жүрміз», – дейді. Яғни сәттілік Жаратушының жарылқауынан деп түсінейік.

САУ БАЛА ӨТЕ АЗ ТУЫЛАДЫ

Балалы бола алмаудың шаңырақтың шайқалуына да бірден-бір себеп болатынын, талай жұбайлардың ажырасуына ықпал ететінін көріп те жүрміз. Бүгіндері жас аналар арасында құрсаққа біткен шарананы сақтай алмау сырқаты да басым. Сондай-ақ, қазір дүниеге келетін нәрестелердің жартысынан астамы бас сүйегінің қан қысымымен, кемістікпен туылады. Ал бірқатар аналарымыз өз күшімен босана алмай, операция пышағының көмегіне жүгінеді. Бұл да бір індет.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың бүгінге дейінгі 9 айында Жамбыл облысында жасөспірім бойжеткендер арасында 223 бала босану тіркелген. Ал 130 балауса қыздарымыз жасанды түсік жасатқан. Дені сау сәбидің туылуы қазіргі күнде 10-15 пайыз ғана болса, жүкті болу жасындағы әйелдердің 70-80 пайызы ауруға шалдыққандар, 30 пайыз келіншектер мүлде тууға болмайтын жайға жетіпті. Еліміздегі отбасылардың 25-30 пай-ызы нәрестелі болудан қағылған. Дәрігерлердің айтуынша, құрсақ көтеріп, өз күшімен дені сау баланы дүниеге әкелудегі қауіптің түбі қан аздықтан басталады екен. Ал сәбилердің дені сау туылмауы, әрине әке мен анасының денсаулығының қалыпсыздығынан. Соңғы кездері даун аурумен туылатын балалар көп кездеседі дейді мамандар. Сәбилердің мұндай сырқатқа тумысынан ұшырауы әкесі мен анасының жыныс жолдарының ауруына шалдығуынан болады екен. Дәрігерлер қауымы бозбалалар мен бойжеткендер отау құрғанда отбасын жоспарлауды ескермейтінін, үй болуды тек үйленумен ғана толығатын шаруа­дай көретіндіктерін айтады. Қан аздықпен бала күннен күресу керектігін ескертеді ақ халаттылар.

Басты байлықтан байқаусызда айрылып қалып, жаратылыстың сыйынан құр қалмаудың қамын күйттеген жөн-ақ. Табиғаттың тартуынан тарықтырмасын деңіз.

10.11.2011

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары