ҚАЗАҚ КИНОСЫ – АПТА БОЙЫ ЛОНДОНДА

ҚАЗАҚ КИНОСЫ – АПТА БОЙЫ ЛОНДОНДА

ҚАЗАҚ КИНОСЫ – АПТА БОЙЫ ЛОНДОНДА
ашық дереккөзі
167

Кез-келген елдiң өткенi мен бүгiнi оның мәдениетiнен анық аңғарылып тұрады. Бұл оның рухани айнасы iспеттес. Ал күллi әлемге жиырма жылда жасап жатқан дүниемiздi паш ету – нағыз қазақ мәдениетi мен өнерiн бағалайтындардың қолынан ғана келетiн шаруа. Осындай игi iстердiң басы-қасында жүретiн «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» АҚ «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен қазан айының 24-30-ы аралығында Лондонда қазақ киносының апталығын ұйымдастырды. Әрине, мұндай мәдени-рухани шара Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында әрi әлеуеттi компанияның IPO нарығына шыққанына 5 жыл толуына орай жүзеге асқанын айта кету керек.

Өз акциясын әйгілі Лондон қор биржасында саудалап жүрген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еуропалық аудиторияға қазақ елінің мәдениеті мен тұрмыстық салт өмірін де жіті таныстыруды жөн санады. Себебі Қазақстан – тек табиғи ресурстарға ғана емес, сонымен қатар өзіне тән ұлттық белгілерімен ерекшеленетін рухани құндылықтарға да бай мемлекет. Міне, осыны дәлелдегісі келген компания қазақ киносы арқылы еуропалық аудиторияны тәнті етті.

Лондондағы қазақ киносының апталығы кинематография саласындағы бірқатар ауқым­­ды оқиғалармен тұспа-тұс келді. Атап айт­қанда, әйгілі әнші әрі актриса Мадонна мен Кира Найтлидің қатысуымен өт­кен екі британдық кино фестивалі, сон­дай-ақ ирандық, корейлік және ресейлік кинофестивальдері де бірін-бірі толықтырып, тұманды Альбион аспанын ерекше нұрға бөледі. Бір қуанарлығы, лондондық кө­рер­мен қауымның қазақ киносына деген қы­зығушылығы мен құрметі жоғары екен. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Лондон халқының бұған дейін қазақтың классикалық музыкасына құлақ құрышын қандырып жүргені мәлім. Тіпті Ұлыбритания жерінде өз өнерлерін тұрақты түрде көрсетіп жүрген қазақстандық орындаушылар ұжымы үлкен бағаға ие болғанының өзі неге тұрады?! Алайда біздің отандық кино Англияда кең ауқымда көрсетіле қоймаған еді. Содан ба екен, қазақ киносын тамашалауға келген көрермендердің саны көп болды. Ұлыбритания астанасындағы қазақ киносы апталығының ашылуына «Қазақфильм» киностудиясының продюсерлер мен режиссерлер тобы, сондай-ақ британдық киносүйер қауымға тарту етілген фильмдердегі басты рөлдерді сомдаған белгілі актерлер қатысты. Олардың қатарында Берік Айтжанов («Ликвидатор», «А нүктесіне оралу», «Мұстафа Шоқай»), Карина Абдулина («Мұстафа Шоқай»), Қарлығаш Мұхамеджанова («Ликвидатор», «А нүктесіне оралу») секілді қазіргі отандық фильмге үлес қосып жүрген талантты буын өкілдері бар. Кино апталығында «Қазақфильм» киностудиясы мен фестиваль ұйымдастырушылары таңдап алған түрлі жанрдағы әр уақытта түсірген 12 фильм көрсетілді.

Қазақ киносы апталығының шымылдығы қазақтың тарихын, ұлттық бет-бейнесін, болмысын көрсететін шоқтығы биік классикалық туынды — С.Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі мен белгілі актер Асанәлі Әшімовтiң актерлік шеберлігі барынша ашылатын Шәкен Аймановтың «Транссібір экспресі» фильмімен ашылып, жақында ғана экранға жол тартқан Егор Михалков-Кончаловскийдің «А нүктесіне оралу» фильмімен жабылды. Естеріңізге сала кетсек, «А нүктесіне оралу» фильмі қыркүйек айында Қазақстан атынан «Шет тіліндегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» киноакадемиясының сыйлығына ұсынылған болатын. Әрі бұл 3 D форматындағы алғашқы отандық фильм.

Айтпақшы, Рүстем Әбдіраштың Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық, жастық шағын суреттейтін «Менің балалық шағымның аспаны» фильмін де еуропалық көрермен жылы қабылдады. Фестивальге режиссердің Кореяда өткен «Шығыс және Батыс. Классика және Авангард» халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған «Сталинге сыйлық» фильмі де қатысты. Шара аясында елімізде біраз дауға айналған Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі де көрсетілді. Былтыр аталмыш фильм Монакода өткен қайырымдылық кинофестивальде бас жүлдені, ал Нью-Йоркте өткен Еуразия кинофестиваліне ең үздік операторлық жұмыс үшін сыйлықты жеңіп алған болатын.

Қазақ киносының апталығында Қазақ­стандағы 30-жылдардағы тарихи жағдайды көрсетіп, сол кезеңдегі қазақтың басынан өткерген өмірін шынайы суреттейтін Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық» кинокартинасы; аты аңызға айналған ақын, композитор Біржан Қожағұловтың өмірі жайлы түсірген Досқан Жолжақсынов пен Рымбек Әлпиевтің «Біржан сал» фильмі; қазақтың жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресін бейнелейтін режиссерлер Т.Теменев, С.Бодровтың «Көшпенділер» тарихи фильмі; режиссер Сатыбалды Нарымбетов түсірген «Мұстафа Шоқай» кинокартинасы; былтыр Мәскеуде өткен детективті фильмдер фестивалінде «Детективті фильм» номинациясы бойынша арнайы сыйлықты жеңіп алған «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі, дәл осы тақырыпта түсірілген Ақан Сатаевтың «Ликвидатор», «Адасқандар» мистикалық триллері де көрермен көзайымына айналды. Әсіресе, лондондық көрермен қауым Асан­әлі Әшімовтің образы мен мінезі астасқан актерлік шеберлiгіне ерекше тамсанып, тәнті болды. Отандық кинематография фестивалін өткізуді Ұлыбританияның біріккен әмірлігін­дегі және Солтүстік Ирландиядағы Қазақстан Елшілігі бірауыздан қолдады. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Қайрат Әбусейітов мырза «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның IPO нарығына шыққанына 5 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған қазақ­стандық кино апталығының ашылуына келген қатысушылар мен қонақтарды жылы қарсы алып, Қазақ халқын Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтады. «Ағылшын фильмінен ағылшынды, немістің фильмінен немісті, орыс фильмінен орысты іздейсің. Әрине, осы тұрғыда олардың қазақ киносынан қазақты іздейтіні заңдылық. Менің­ше, қазақ киносынан қазақтың ұлттық бейнесі мен болмысы көрініп тұрды», – деп сөзін сабақтаған Қайрат Әбусейітов мырза компанияның Лондон қор биржасына шыққан күннен бергі қызметіне оң баға беріп, осындай ауқымды мәдени шараны ұйымдастырғаны үшін үлкен алғысын білдірді. – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қазақ киносының фестивалі арқылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени байланыстардың дамуына тың серпіліс жасады. Әрине, бұл Лондонда өткен алғашқы отандық кинофестиваль емес. Десек те, мұның орны бөлек. Өз басым ағылшын елінде қазақ киносын көргенімді, ешқашан ұмытпайтын шығармын», – деді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Қайрат Әбусейітов мырза.

Бір айта кетерлігі, фестифальге дейін қазақ киносы апталығының жарнамасы британдық Financial Times, Evening Standard, Time Out, The Sunday Times, Metro, Pulse UK, City AM, Kommersant UK сынды ірі басылымдарда жарық көрсе, ал күн сайын 3 миллион адам қатынайтын Лондонның ірі метро стансаларында «Көшпенділер» фильмінің бас кейіпкері түскен постерлер ілінген. Тіпті Британ Кинематография Институтының «Sight and Sound» деп аталатын беделді басылымының соңғы санында «Қазақфильм» киностудиясының бүгінгі күні қол жеткізген жетістіктеріне арналған мақала жарық көріпті. Онда аталмыш киностудияның еуропалық көрерменге экзотикалық дүниелерден басқа, сапалы, заманауи фильмдерді де ұсынып жатқандығы тілге тиек етілген.

Қазақ киносының апталығы Лондонның орталығында орналасқан британдық ірі «Apollo» заманауи кинотеатрлар желісінде өтті. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның IPO нарығына шыққанына 5 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған қазақ киносы апталығының тұсаукесерінде сөз алған «Apollo Piccadilly Circus» кинотеатрының бас менеджері Том Дим: «Біздің көрермен қазақтың классикалық және заманауи тұрғыда түсірілген ұлттық фильмдерін өте жылы қабылдады. Қазақтанның киноөндірісі саласынан қазақтың тарихы мен ұлттық ерекшелігін ғана емес, оның жарқын болашағын да көре білдік. Сондықтан да кино фестивальді ұйымдастырушылардың батылдығы мен қайырымдылығы үшін шексіз алғысымды жаудырғым келеді» дегенді бекер айтқан жоқ. Себебі алты күн бойы көрсетілген қазақтың маңдайалды фильмдері ағылшын көрермені тарапынан лайықты бағасын алып, ерекше ықыласқа бөленді.

10.11.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары