ҚОС АРЫСҚА ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКIШ-ТАҚТА

ҚОС АРЫСҚА ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКIШ-ТАҚТА

ҚОС АРЫСҚА ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКIШ-ТАҚТА
ашық дереккөзі
235

Алаштың арыстары туралы айтылар ақиқат та, жазылмаған деректер де жетерлiк. Тарихтың ашылмаған сырлары да көп, қатпар-қатпар қуыстарында Алашқа қатысты айтылмаған жазбалар да көп.

Еліміздің, Алаш жұртының арыстай азаматтары қанды қырғында, репрес­сияның құрбанына айналып, сүйектері әр жерде шашылып, кейбірі көміліп, кейбірі көмусіз, іздеусіз, жоқтаусыз қалғаны жасырын емес. Талай-талай арыстардың сүйегінің қайда жатқанынан қазақ жұрты әлі де хабарсыз. Тірлік толқынымен арпалысып, елдікті, жұрттықты ұмытқан базбір кезеңдерде арыстарын жоқтайтын жұртта шама да болған жоқ. Ұлтымыздың жүрегіндегі жазылмайтын жара да осы, ұлдарының жаназасын шығарып, сүйегін арулап жерлей алмағандығы. Қазақтың дерті де осында, ұлт көсеміне айналған тұлғалардың сүйегінің қайда жатқанын біле алмауы.

Өткенімізді түгендеп, жоғалтқанымызды тауып жатқан тәуелсіз елдің маңдайына тағы бір қуанышты жазыпты. Дон қабірінде жатқан Алаш арысының бірі – Смағұл Сәдуақасовтың сүйегі туған еліне оралып, Сарыарқаның қойнауына берілгенін көзі қа­рақты оқырман жақсы біледі. Енді міне, екі бірдей арысымыз Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлы жатқан жерге ескерткіш-тақта орнатылды.

«2011 жылы 28 қазанда Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының басына ескерткіш-тақта орнатылды. Қазақ халқының 1937 жылы 27 қыркүйекте атылған айбынды ұлдары Мәскеу қаласындағы Донское зиратында №1 ортақ қабірге жерленген. Екі арысқа қойылған бұл ескерткіш – бабаларға ұрпақтарынан тағзым» деп жазылыпты «Абай кз.» ақпараттық порталының электронды пош­тасына жіберілген хатта. Хатты жолдаған Жанболат Баймұрынов деген азамат көрінеді.

Жалпы, Мәскеудегі Дон қабірстанында екі бірдей арысымыздың сүйегінің жат­қанын біліп, басына ескерткіш-тақтаның қойылуына мұрындық болған қарағандылық ғалымдар екен.

Қарағандының «Болашақ» университетінің ғалымдары «Карлаг» тарихына байланысты деректерді іздеп жүріп, Әлихан Бөкейханның жерленген орнын табады. Сөйтсе, 1937 жылы 27 қыркүйекте атылған арыстарымыз Мәскеу қаласындағы Дон қабірстанындағы №1 ортақ қабірге жерленген екен. Бұны дәлелдейтін нақты деректерді де тауыпты ғалымдар.

Бұл хабарды естіген «Болашақ» уни­верситетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұран Орынбасарұлы Дулатбеков өзі бас болып, 28 қазан күні қос арыстың басына ескерткіш-тақта орнатады.

Ескерткіш-тақтаның астына қазақтың ұлы ақыны Қасым Аманжоловтың:

«Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені?

Мен қазақтың баласы!» деген өлең жолдары ойылып жазылған.

Смағұлдың сүйегін елге қайырған ға­лымдарымыз қос арыстың да сүйегін елге әкелуді ойламады ма екен деген сауал тұрды көңілде. Өкінішке қарай, арыс­тарымыз ортақ қабірде жерленгендіктен, 5065 адамның күлі жатқан қабірден оларды алып шығу мүмкін емес көрінеді.

Ең бастысы, азаттықты аңсаған, тәуел­­сіздік жолында жандарын пида еткен арыстардың қабірінің қайда екені бел­гілі болды. Енді Алаш жұрты өзінің арыс­тарының сүйегі қайда жатқанын біледі, бастарына тәу етуге де мүмкіндіктері бар.

Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында екі бірдей арыстың басына ескерткіш-тақта қойылғандығын да жақсы ырымға баладық. Азаттық үшін күрескен азаматтардың рухы шығар елін, жұртын қолдап жатқан, бәлкім!

10.11.2011

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары