ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖӘРМЕҢКЕ

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖӘРМЕҢКЕ

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖӘРМЕҢКЕ
ашық дереккөзі
324

Күз мезгiлi – жәрмеңкенiң қызатын шағы. Бұл күндерi кәсiбiн өрге домалатып жүрген шаруа қожалықтары мен қарапайым диханшылар отандық азық-түлiк өнiмдерiн арзан бағамен сатуда. Жақында ғана елiмiздiң әр облысының шаруалары Астана төрiне ауылшаруашылық өнiмдерiн әкелiп, халықты қуанышқа бөлеп едi.

Ал Жаңаөзен қаласында «Тиімді баға – берекелі дастархан» ұранымен күз ырыздығына қарық қылатын азық-түлік жәрмеңкесі өтуде. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Маңғыстау облысы әкімшілігінің қолдауымен отандық өнім өндірушілердің тауарларын өз бағасымен Жаңаөзен қаласына жеткізуге мүмкіндік туғызды. Әрине бұның азық-түлік бағасының тұрақтануына өз септігін тигізетіні сөзсіз. Алғашқы азық-түлік жәрмеңкесі Құрбан айт мейрамының қарсаңында екі күн бойы жұмыс істеді. Ал Жаңаөзенде мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да өтіп тұрмақшы. Жаңаөзендіктер жыл соңына дейін кем дегенде 5 жәрмеңкенің куәсі болады.

Тәуелсіздік алаңына, «Рахат» ықшам ауданы мен «Жібек жолы» базарына жиналған Жаңаөзен қаласының тұрғындары негізінен қой еті, тауық еті, картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз, қант, күнбағыс майы, күріш, тұз, ұн өнімдерін тікелей отандық өндірушілердің өзінен арзан бағаға сатып алуда. Мәселен бір айға шамамен 10 тонна қой еті жеткізіліп, оның бір келісі 1000 теңгемен сатылуда. Ал бұл кезде Жаңаөзен қаласының базарларында қой етінің бағасы – 1350 теңгеге шарықтап тұрған. Сондай-ақ жәрмеңкеге келісі – 410 теңге тұратын 20 тонна тауық еті де жеткізілді. Салыстырмалы түрде айтсақ, жергілікті базарда тауық етінің бағасы – 490 теңге екен. Жаңаөзен қаласы тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Себебі олар бұған дейін картоптың бір келісін 80 теңгемен алып жүрсе, шаруа қожалықтары оларға 60 тонна картопты 58 теңгемен-ақ саудалауда.

Азық-түлік өнімдері негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарынан жеткізілді. Тіпті бұл кезде жергілікті тауар жеткізушілер де жұмысқа кірісіп кетті. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның қаржысы өнім өндірушілерден азық-түлік сатып алуға, оларды сақтау үшін тоңазытқыш камераларымен жабдықталған арнайы қоймаларды жалға алуға жұмсалды. Айта кету керек, компания қаншама сатушыны, көлік жүргізушіні жұмыспен қамтамасыз етіп, жәрмеңке орындарын саудаға қажетті құралдармен жабдықтады. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Маңғыстау облысы әкімдігімен өзара серіктестік орнатып, бұдан былай да аймаққа азық-түліктің түрін көп мөлшерде әрі үнемі отандық тауар өндірушілердің бағасымен жеткізуді ұйымдастыру шараларын қолға алды.

10.11.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары