ЖЕГЕНДЕРI ЖЕЛКЕСIНЕН ШЫҚТЫ

ЖЕГЕНДЕРI ЖЕЛКЕСIНЕН ШЫҚТЫ

ЖЕГЕНДЕРI ЖЕЛКЕСIНЕН ШЫҚТЫ
ашық дереккөзі
261

Ағымдағы жылдың басынан бері Жамбыл облысында 440 қа жуық жемқорлық сипаттағы қылмыс тіркелсе, соның 368 і аса қауіпті қылмыстар санатына жатады. Өндіріспен аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың сомасы 1,1 миллиард теңге, оның 1 миллиард теңгесі қайтарылған.Сыбайлас жемқорлыққа негіз­делген қылмыстардың ең кең тарағаны пара алу және беру болып отыр. Биыл осындай 139 қылмыс тір­келіпті. Мәселен Жамбыл ауда­нындағы Полатқосшы ауылдық окру­гінің әкімі Д.Исмазов 6 жылға сотталды. Ол аудан тұрғындарының бірінен жер телімін бөлу үшін 145 мың теңге пара беруін талап еткен. Әкім осы теріс әрекеті үстінде ұсталды.

Пара берушілер де көштен қалып отырған жоқ. Тараз қалалық сотының үкімімен азамат К.Зулуфов 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айрылды. Оның кінәсі – Қырғызстаннан ел шекарасына контрабандалық тауарларын өткізу кезінде қаржы полициясы органдарына пара ұсынуы. Бұдан бөлек, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бо­йынша «Оң­түстік» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы Жамбыл филиалы бастығының міндетін атқарушы азамат үнемі қамқорлық жасап тұруы үшін қаржы полициясының бөлім бастығына 6 мың АҚШ доллары шамасында ақша ұсынған.

Сонымен бірге қызмет өкілет­тігін теріс пайдалану, бюджет қара­жатын тиімсіз пайдалану жә­не ұрлау деректері бойынша 42 қылмыстық іс қозғалған. Шу ауданында орналасқан жалпы білім беретін кешкі мектептің директоры есепшісімен бірігіп 7,8 миллион теңгені жымқырса, Сарысу аудандық Ж. Отарбаев атындағы орта мектептің директоры 1 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаржысын шімірікпестен қалтасына басқан.

Жалған кәсіпкерлік, заңсыз бизнес фактілеріне қатысты 322 қылмыстық іс қозғалған. Мәселен базарда еш кедергісіз сатылып жатқан кон­тра­фактілі дискілерді басып шы­ғарумен айналысатын үлкен цех табылды. Ол Тараздағы Сәтпаев көшесі, 17 үй, 23 пәтерде орналасқан екен. Келтірілген залалдың сомасы – 114 миллион теңге.

Облыстық экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қыз­меткерлері бұдан бөлек, салық тө­леуден жалтару дерегі бойынша – 14, экономикалық контрабанда бо­йынша 43 қылмыстық іс қозғаған. Тергеу ісі жүріп жатыр.

10.11.2011

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Жамбыл облысы

Серіктес жаңалықтары