ҚАРАШАДА ҚАЙТА АШЫЛҒАН БАЛАБАҚША

ҚАРАШАДА ҚАЙТА АШЫЛҒАН БАЛАБАҚША

ҚАРАШАДА ҚАЙТА АШЫЛҒАН БАЛАБАҚША
ашық дереккөзі
190

Күздiң қара суығын ала келген алғашқы айы қарашаның 1-iнде Алматы қаласының Алмалы ауданындағы №8 балабақша күрделi жөндеуден соң, бүлдiршiндерiмен қайта табысты.

Өткен көктемде, сәуір айында күрделі жөндеуге жабылған балабақша бүгінде адам танымастай жаңа бейнеге ие болған. 5 ай бұрын таныс апайлары мен достарын қимай-қимай қоштасып, бейтаныс бақшаларды жатырқай қарсы алған бүлдіршіндер көзтаныс тәрбиешілерімен қайта табысып, достарымен қауышқанына мәз. Жаңа стильде салынған ойын алаңын көрген балдырғандардың қуанышында шек жоқ. Қазақстан Әнұранын ерекше шабытпен шырқаған сәбилердің бал-бұл жанған жүзін көріп, «Не деген бақытты едің, келер ұрпақ?», – деп Қасымша толғанғың келеді. Бұған дейін балабақшада тәрбиеленушілер саны 270-тің айналасында болып келген болса, енді 350-ге жетіп отыр. Тиісінше, балабақшадағы 8 топтың қарасы 13-ке дейін артқан.

Балабақша меңгерушісі Күлдархан Карибаева балабақшамен қайта қауышқан бүлдіршіндерді құттықтай отырып, олардың келешегінің жарқын болуы бүгіннен басталатынын айтты:

– «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан болсын» депті дана Ахмет Байтұрсынов. Баласын аялаған елдің, данасы ардақталады. Бала біздің болашағымыз, олардың еліміздің, жеріміздің шынайы патриот болуына балабақшалардың қосар үлесі зор. Болашақ бүгіннен, балабақшадан басталады, – деді ол.

Осы рәсімге қатысу үшін арнайы келген Алмалы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнәр Кожабергенова да арнайы құттықтау сөзін сөйлеп, балдырғандардың болашағының жарқын болуына тілектестігін білдірді. Ата-аналар той сәнін қазақы шашуымен шырайландырды.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен орайласып, аталған балабақшаның 30 жылдығы да аталып өтілмек.

03.10.2011

«Түркiстан-ақпарат»

Серіктес жаңалықтары