СӘУКЕЛЕ ҚЫЗЫЛОРДА СИМВОЛЫНА АЙНАЛУЫ МҮМКIН
СӘУКЕЛЕ ҚЫЗЫЛОРДА СИМВОЛЫНА АЙНАЛУЫ МҮМКIН
Биыл республика деңгейiнде жан-жақты тойланатын Тәуелсiздiктiң 20-жылдығына аймақтардың қосар үлесi қомақты. Бұл ұлы дүрмектен Сыр елi де қалыс қалар емес.
Соңғы жылдары Қызылорда облысы орталығы түрленіп, түлеп келе жатқаны байқалады. Қорқыт Ата кешені, «Ақ Отау» құрылысы, «Сыр ана» жобалары қаланың қайталанбас қалыбын танытады. Мұнда түрлі спорт кешендері де бар.
Әсіресе, спорттық-сауықтыру қалашығының жобасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Қыркүйек айында осы қалашықтағы жабық теннис орталығының ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын. Тәуелсіздік тойы қарсаңында осы қалашықтағы мұз айдыны, спорт сарайы пайдалануға берілмек. Ал одан соң балаларға арналған спорттық-сауықтыру алаңқайы, модульді аквапарк, мұз айдыны, картодром, қонақ үй құрылысы басталады.
Облыстық бюджеттен қаланы абаттандыру жұмыстарына жарты миллиард теңге қаржы бөлінген. Ал жобаның жалпы құны төрт жарым миллиард теңгеден асады.
500 гектардан астам жер аумағында орналасқан жаңа «Астана» ықшамауданында биік зәулім үйлер, әкімшілік ғимараттар, Достық үйі, Шығармашылық үйі салынады. Бұл ықшамаудандағы құрылыстардың кейбірі қазірдің өзінде пайдалануға беріліп жатыр.
Ал «Сыр ана» ескерткіші қаланы қақ жарып өтетін Сырдария өзеніне бағышталады. Жаңа көпірдің жанынан ашылатын ескерткіш ұлттық нақышымен жолаушыларды тәнті ететін болады. Өйткені жоба авторлары ескерткіш қазақ әйелінің бас киімі – сәукелені бейнелейді деп жоспарлап отыр. Бұл кешен қаладағы ең биік мұнараға айналмақ. Қазақстанның елордасы Ақмолаға жаңадан көшкен кезде салынған Бәйтерек кешені бүгінде Астана символына айналғандай, Сәукеле ескерткіші де Қызылордадағы танымал нысанға айналуы ғажап емес.
Сонымен қатар, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кешені жанынан мешіт, қонақ үй, мейрамхана салып, туристер жиі келетін орынға айналдыру көзделіп отыр.
Қызылорда облысы – архитектуралық келбеті ғана емес, демографиялық құрамы, этнографиялық сапасы бойынша қазақылықтың шырайы кетпеген аймақтардың бірі. Бұл облыста тұратын басқа ұлт өкілдері мемлекеттік тілде еркін сөйлейді.
Тәуелсіздіктің 20-жылдығына орай облыста ұлты басқа азаматтар арасында мемлекеттік тіл білімінен байқау өткізілді. «Тіл – халықтың жанын танудың кілті» деп аталатын байқаудың жеңімпазы Сырдария ауданы, Тереңөзек аулының тұрғыны Кирилл Денисов атанды. Осы елдімекеннің тағы бір тұрғыны Кристина Полякова екінші орынға ие болды. Ал үшінші орынға облыс орталығының тұрғыны Елена Федотова лайық деп танылды. Енді Денис қараша айында Алматыда өтетін республикалық байқауда бақ сынап көрмек.