5982
МАЛ-ЖАН АМАН БА?
МАЛ-ЖАН АМАН БА?
Қазақтың бағзыдан келе жатқан амандасу салтындағы «Мал-жан аман ба?» деп «малды» «жаннан» бұрын қойып сөйлейтiн дағды бекер пайда болған жоқ, сiрә. Күн көрiс көзi негiзiнен мал шаруашылығы болған кезде қалыптасқан сөз тiркесi «малы күйлiнiң жаны түгел болады» дегендi меңзесе керек. Кеңес дәуiрiндегi колхоздастыру, кәмпеске, аштық, саяси қудалау сияқты науқандарының салдарынан қазақ төрт түлiк малдың киесiнен айрылып қала жаздап, шаруасын әрең оңалтты. Тәуелсiздiк алып, дербес ел болған соң өрiстегi мал санын көбейтуге, оның iшiнде асыл тұқымды мал өсiруге қайта ден қойды.
Ресми деректер Қазақстандағы қазіргі таңдағы мал басы тәуелсіздік алған жылдардағы көрсеткіштің жартысынан енді асқанын айғақтайды. Қазіргі таңда республикадағы мал шаруашылығының дамуы тоқсаныншы жылдардағы көрсеткішке жақындап қалды. Тоқсаныншы жылдары елде 10 миллион ірі қара болса, қазір ірі қара шамамен 6 миллион бас. Ал уақ мал басы тоқсаныншы жылдардағы отардың жартысына енді жақындады, ал егіс көлемі жиырма жыл бұрынғы көрсеткіштің 61 пайызын ғана құрайды. Дегенмен, бұл күйінетін емес, сүйінетін дерек біз үшін. Өйткені жекешелендіру науқанынан соң көп қазақ қолдағы малын пышаққа жығып, базарға шығарды. Малдың күшімен баласын оқытты, ал жұмысы да, табысы да шамалы тұрғындарға мал әрі тамақ, әрі киім болды. Есесіне, республикадағы мал басы күрт азайды. Етті, сүтті ірі қараның, жібектей жүні бар уақ малдың сапасы төмендеп, қатары сиреді. Соңғы жылдары ғана республикадағы мал шаруашылығының қайтадан оңала бастағаны байқалады. Былтырғы жылдың деректеріне жүгінсек, елде 787 шаруашылық нысаны асыл тұқымды мал өсірумен айналысады екен. Оның 67-і – асыл тұқымды зауыт, ал 720-ы асыл тұқымды шаруашылық саналады.Бұл шаруашылықтардың ішінде сүт өнімдерін өндірумен 114 нысан айналысады, оның 13-і – асыл тұқымды зауыт. Ал ет өндіру бағытында 117 нысан жұмыс істейді, олардың 15-і – асыл тұқымды зауыт.Елде асыл тұқымды қой басын көбейтуді 290 шаруашылық иелері қолға алған. Сондай-ақ жылқы өсіретін 177 асыл тұқымды шаруашылық бар, оның 17-і – жылқы зауыты. Түйе өсіру саласындағы 36 нысанның бәрі де асыл тұқымды шаруашылықтарға жатады. Қазіргі таңда елде төрт түлікке қоса марал өсіру ісі де жанданып келеді. Марал бағумен айналысатын 5 шаруашылық бар, ал 1 шаруашылықтың бұғы өсірумен аты шықты. Құс шаруашылығында да асыл тұқымды құс санын көбейту талпыныстары бар. Бұл салада 17 шаруашылық жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал басын көбейтуге қажетті шаралар жасалып жатыр. Осы саясаттың арқасында республикада мал басы мен құс санының артуы байқалады. Жалпы, республикада 2010 жылы асыл тұқымды ірі қара басы 171 269-ға жеткен еді, оның ішінде сүтті және сүтті-етті бағыттағы 94588 бас, етке арналғаны – 76681 басты құраған. Асыл тұқымды қой саны 1048367 болса, жылқы саны 49502, ал Зеңгі баба тұқымы 12198-ге, ал құс саны 597136-ға жеткен.Мал шаруашылығы саласы Қазақстан үшін дәстүрлі шаруашылыққа жатады. Республикадағы малдың 90 пайызы жеке азаматтарға тиесілі. Қазақ азаматтары ірі қара мен уақ мал басын өсіруді қолға алып, жер-жерден ферма ашып, ата-баба кәсібін жаңғыртуға көшті. Қазақтың мал шаруашылығы дәстүрін кеңінен қайта жаңғырту халықтың экономикалық жағдайына, тұрмыстық салты-дағдысына, рухани бет-бейнесіне де оң ықпал етіп жатқанын байқау қиын емес. Елде ірі қара малдың санының өсімі байқалады. Қазіргі таңда өрістегі мал саны 6959,1 мың басты құрайды, қой және ешкі саны – 20953,7 мың, жылқы– 1554,9 мың бас, түйе саны –173,9 мың.Мал шаруашылығын дамытуда қажетті заңдарды қабылдау, инфрақұрылым құрумен қатар біртіндеп халықаралық стандарттарға көшу де маңызды. Ата-баба кәсібін жаңғыртамын деушілерге мемлекеттен арнайы несие бөлінеді. Бұл үшін шаруаларға сатып алатын малдың өзі кепілге қойып, ферма ашуға мүмкіндік бар. Биылдың өзінде 40 000 мал басын ұстауға арналған жаңа фермерлік шаруашылықтар ашылды. Мұның бәрі Қазақстанда мал шаруашылығының өркендеп дами бастағанының дәлелі. Қыркүйек айында Қостанай облысында ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен өткізілген кеңесте Елбасы мал шаруашылығындағы бетбұрыс пен жаңашылдықтың маңызын айрықша атап өтті. «Мал шаруашылығын дамытып, біз Ресей Федерациясының нарығына шыға аламыз. Олар қазір бір ғана Бразилияның өзінен 800 мың тонна ет сатып алып отыр» деді Президент. Нарықта бір тонна ет құны төрт тонна астықтың құнымен тең. Президент тапсырмасына орай, 2020 жылға қарай ауылда еңбек өнімділігін төрт есе арттыруда мал шаруашылығының үлес салмағы қомақты болуы керек. Мал басының көбеюі республикада ауылшаруашылық өндірісін дамытуға ықпал етуде. Ет-сүт өнімін өндіру көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2011 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда елде ет өндірісі 1,4 пайызға артып, 328,0 мың тоннаны құраған, ал сүт өндіру көлемі 1,3 пайызға көбейген, бұл 853,1 мың тонна. Мемлекеттік бағдарламалар аясында мал шаруашылығын дамыту үшін бірқатар серпінді жобалар қолға алынды. Халықаралық талаптарға жауап беретін, қазіргі заманға сай инфрқұрылымы бар бордақылау алаңдарын ұйымдастыру бойынша қолға алынған жобадан күтер жаңалық көп. Жергілікті ет өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өнім сапасын жақсартуды, ет өнімдерінің экспорт көлемін көбейтуді көздейтін бұл жоба бойынша «жайылымнан – дастархан басына» жүйесін енгізу жоспарланған. Сонымен қатар, Алматы облысы, Кербұлақ ауданында жоспарланған сүт және сүт өнімдерін өндіру жоспарланған серпінді жоба бойынша бұл мегаферманың қуаттылығы 110 мың тонна сүт, 220 мың тонна сүт өнімдері, 15 мыңға жуық ірі қара мүйізді мал болады деп болжанған. Бұған қоса, Солтүстік-Қазақстан облысында, Петропавл қаласында және Ғ.Мүсірепов атындағы, Тайынша және Аққайың аудандарында рапстан май және шикі сүт өндіру бойынша өндіріс құру жобасы да назар аударуға тұрарлық. Рапсты қайта өңдеу бойынша зауыттың қуаттылығы жылына шамамен 180 мың тоннаға дейін, элеватордың қуаттылығы 400 мың тонна рапсқа дейін ұлғаяды. Қоспажем зауытында тәулігіне 200 тонна жемшөп өндіріледі, сондай-ақ мал санын 30 мың басқа жеткізу жоспарланған. Ал Raimbek компаниясының тобы серпінді жобалар аясында жеміс-жидек, сүт пен басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау, бөліп тарату және экспорттау бойынша тікелей ықпалдасқан құрылым құру жобасын ұсынды. Алматы облысы мен Жамбыл облысын қамтитын жоба бойынша бастапқыда 3 мың гектар аумақта бау-бақшалар мен жидектіктерді құру, кейін оларды 10-12 мың гектарға дейін кеңейту, әрқайсысында 2200 мал басы бар 4 ірі-тауарлы сүт фермасын ашу жоспарланған. Қазақтың жері әу бастан мал өрбітуге қолайлы. Мысалы, республикадағы ауыл шаруашылығына арналған жердің жалпы аумағы 222,6 млн. гектар болса, оның 85 пайызы жайылым жерлер. Бұл 189 млн. гектарды құрайды. Ал пішендік жер көлемі 5 млн. гектар. Биылғы жылғы мол егістен мал шаруашылығына қажетті мол жем-шөп дайындауға болады. Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, биыл бір жарым жылдық қор дайындалады. Табиғи жер бедерінің өзі төрт түлік малды көбейтуге жаратылғандай болғандықтан да, қазақ үшін мал шаруашылығын дамыту ертеден келе жатқан ұлттық кәсіпке айналды. Ұлттық кәсіптің экономикалық тиімділігін ғана емес, мәдени-этнографиялық астарын ұмытпағанымыз абзал.
03.10.2011
Гүлбиғаш Омарова