ОҢТҮСТIК ШЫҒЫСҚА

ОҢТҮСТIК ШЫҒЫСҚА

ОҢТҮСТIК ШЫҒЫСҚА
ашық дереккөзі
375

Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы тарихында Елбасы Вьетнам Социалистiк Республикасына тұңғыш рет ресми сапармен барып қайтты. 31 қазанда Вьетнам президентi Чыонг Тан Шангпен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам елiн Оңтүстiк-Шығыс Азиядағы маңызды саяси-экономикалық әрiптес ретiнде атап өттi.

«Біздің арамызда аса сенімді әрі жоғары деңгейде диалог болып өтті. Әңгіме барысында әрі қарайғы серіктестіктің басымдығы айқындалды. Қазақстан мен Вьетнам арасында шешілмеген мәселелер жоқ. Біз өзара қарым-қатынастың барлық мүмкін бағыттары бойынша бірлесе қимылдауға әзірміз. Біздің саяси және экономикалық дамудағы көзқарастарымыз ұқсас, қазір сауда-экономикалық қатынастарды арттыру мүмкіндіктері жетіп артылады», – деді Назарбаев кездесу барысында. Елбасының Ханойға ресми сапарына жоғары деңгейде баға берген Вьетнам президенті Чыонг Тан Шанг: «Сіздің біздің елімізге алғашқы сапарыңызды аса маңызды оқиға ретінде бағалаймыз. Бұл сапар біздің елдер арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастардың ары қарай дамуына серпін беретін болады», – деді.

Кездесу нәтижесі бойынша, екі жақты келіссөздерге қол қойылды. Оның ішінде үкіметаралық екі мәрте салық салудан босату, азаматтық және коммерциялық істер бойынша өзара құқықтық көмек, азаматтық авиация және туризм саласындағы қарым-қатынастар келісілген.

Даму жолы Қазақстанмен ұқсас келетін Вьетнам Социалистік Республикасы социалистік даму жолынан бас тартпаған азғана мемлекеттің бірі. Сондықтан да оның өткені мен бүгінінде Қазақстанмен ұқсас жағдаяттар көп. Отаршылдардың езгісіне қайыспай қарсы тұрған, Американың басқыншылығына төтеп берген Оңтүстік Шығыс Азиядағы шағын мемлекет соңғы жылдары экономикалық даму тұрғысынан адам айтса нанғысыз қарқынмен өсіп келеді. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам экономикасы мен индустриализация және халықтың әл-ауқатының соңғы жылдары 3,5 есеге артқанын атап өтті.

Екі елдің даму жолындағы ұқсастық оның әрі қарайғы қарым-қатынасына игі ықпалын тигізетіні сөзсіз. Келесі жылы Вьетнам астанасы Ханойда Қазақстанның елшілігі ашылатын болды.

03.10.2011

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары