МҰРАЖАЙДАҒЫ МҰҢЛЫ БАЛАЛАР

МҰРАЖАЙДАҒЫ МҰҢЛЫ БАЛАЛАР

МҰРАЖАЙДАҒЫ МҰҢЛЫ БАЛАЛАР
ашық дереккөзі
246

«Жерде жетiм жыласа, көкте перiште күңiренедi» деген сөз бар қазақта. Қазiр мұны айтуға қорықсақ та, қоғамның өзi соған алып келуде. Тiптi, өзiмiздiң қаракөздер де iштен шыққан шаранасын тастап кете баратын жағдайға жеткен. Ресми деректерге сүйенсек, елiмiзде қамқорлықсыз қалған жетiмдердiң саны 38 мыңнан асып кеткен көрiнедi.

Өкiнiштiсi сол, олардың көбi ата-анасы бар жетiмдер. Оларды тұл жетiм деу­ге де ауыз бармайды. Бiрақ ата-анасы бас тартқан соң жетiм емей немене? Ата-ананың мейiрiмi мен ыстық ала­қанын сезбей өсiп жатқан балаларға қуаныш сыйлаудан артық сауапты iс жоқ шығар бұл пәниде. Бұл сауапты iстi азаматтық борышы ретiнде санайтын «Ел-шежiре» қоғамдық қоры бұған дейiн №1 балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерiн Есiк қаласындағы жаңадан ашылған мұражайға апарып, көне тарихымыздан сыр шертетiн жәдiгерлермен етене жақын таныстырған болатын. Ал жақында қоғамдық қор №8 мектеп-интернаты тәрбиеленушiлерiнiң Алматы қалалық музейiн тамашалауына үлкен мүмкiндiк жасады. Бiр қалыпты өмiрден жалыққан балалар мұражайдан кезiнде ата-бабамыз тұтынған құрал-жабдықтар мен әр түрлi заттарды көрiп қана қоймай, қолымен де ұстап жатты жамырасып. Бiр-бiрiн «Мынаны қарашы, ананы қарашы» деп қызықтыра түскен балалар бiлмегенiн мұражай қызметкерлерiнен сұрап қояды. Ал оларға мұражай мамандары бар бiлгенiн ынты-шынтысымен түсiндiруге тырысып, бiлiм нәрiмен сусындатты. Өз кезегiнде «Ел-шежiре» қоғамдық қорының төрағасы Дидахмет Әшiмханұлы интернат тәрбиеленушiлерiне ағалық лебiзiн бiлдiрiп, келешекте елiмiздiң белдi де белсендi азаматы болып өсу үшiн мәдениетiмiз бен тарихымызды терең бiлу керектiгiн қаперге салды. «Әрине, сендер бұған дейiн де әр түрлi мәдени ошақтарды аралап көрген шығарсыңдар. Бiрақ солардың iшiнде мұражайды көбiрек тамашалаған дұрыс. Бұл сендердiң ой-өрiстерiңдi шарықтатып, дүниетанымдарыңды кеңейте түседi», – дедi қор төрағасы.

Бұдан кейiн балалар 28-Панфиловшылар саябағына барып, мәңгiлiк алауға бас идi. Тәрбиешi апайларымен бiрге суретке түсiп, мәз болған олар өнерiн де ортаға салды. Бiрi ән айтып, би билесе, тағы бiрi тiл, тәуелсiз ел туралы өлеңдi жатқа айтты. Бос уақытын ұтымды өткiзген №8 мектеп-интернат тәрбиеленушiлерi «Ел-шежiре» қоғамдық қорының өкiлдерiне алғысын айтып, қолдарын бұлғап қалды.

27.10.2011

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары