АЛМАТЫҒА АРМАН БОЛҒАН УНИВЕРСИАДА
АЛМАТЫҒА АРМАН БОЛҒАН УНИВЕРСИАДА
FISU Бағалау комитетiнiң мүшелерi үстiмiздегi жылы қазан айының 23-24 күндерi Алматы қаласының 2017 жылы Қысқы Универсиадаға дайындығын тексерiп кеттi.
Қазақстан биыл 2017 жылы өтетiн 28 Қысқы Универсиаданы Алматы қаласында өткiзуге өтiнiш бiлдiрген едi. Осы ұсынысқа байланысты Алматыға келген Халықаралық Бағалау комитетiнiң мүшелерi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмовпен кездесiп, құрметтi қонақтар шаһардың ең көрiктi жерлерiндегi спорт кешендерi: Солдатсай шатқалындағы Шаңғы-биатлон стадионын, «Медеу» мұз айдынын және тау-шаңғылы Шымбұлақ пен Халықаралық шаңғы трамплин кешендерiн аралап, көрдi. Сондай-ақ меймандар Алматының инфрақұрылымымен де танысып қайтты.
Бағалау комитетiнiң қорытынды сапары – Алматы – 2017 Тапсырыс беру комитетiнiң Қысқы Универсиаданы тұрақты және студенттiк спорт арқылы жалпы Универсиаданы дамытуға бағытталған бағдарламалары мен жобаларын таныстырудан тұрды.
Алматы Қысқы Универсиаданы өткiзуге лайық деп табылған үмiткер қалалардың қатарында. Өйткенi Алматы – елiмiздегi студенттер ең көп шоғырланған жер. Мұнда 186 мың студент бiлiм алуда. Дамыған спорттық және iлеспе инфрақұрылымдар тағы бар. Елiмiзде 2011 жылы өткен 7-қысқы Азиада ойындарын өткiзу барысында бiрегей спорт кешендерi салынып, қаладағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы, «Медеу» спорт кешенi мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенiне жөндеу жұмыстары жасалып, пайдалануға берiлмек. Ал спорттағы айтулы шараның бiздiң елiмiзде өтуi 2011 жылдың 29-қарашасында Брюссельде өтетiн FISU-дың штаб-пәтерiнде дауыс берудiң нәтижесiнде анықталмақ.
Маржан КЕҢЕСБАЙ