ЕЛДЕСТIРМЕК – ЕЛШIДЕН...
ЕЛДЕСТIРМЕК – ЕЛШIДЕН...
Газетiмiздiң өткен сандарында Қытай Халық Республикасы Шыңжаң өңiрi Үрiмжi қаласындағы Қазақстанның паспорттық-визалық қызметiнiң төрағасы Қайыржан Кеңесұлымен сұхбат беретiнiмiз жайында уәде берген едiк. Бүгiн соны ұсынудың мүмкiндiгi туып отыр. Бiздiң әңгiмемiз виза берудiң қыр-сырлары және Шыңжаңдағы қазақтар жайында өрбiдi.
– Қайыржан Кеңесұлы, бiз екi күн бойына, осы паспорттық-визалық қызметтiң алдында бiраз нәрсенi бақыладық. Өткен көктеммен салыстырғанда, келушiлер саны бiршама азайған сынды. Жалпы, көпшiлiкке түсiнiктi болу үшiн, виза берудiң негiзгi тәртiбi жайында айтып өтсеңiз?– Осы көктемде виза алу үшiн кезекте тұрғандардың саны сегiз мыңға жеткенi және оның Қазақстанның бiраз ақпарат құралдарында шу болғаны мәлiм. Мен осы паспорттық-визалық қызметтi басқаруға келгеннен берi, өзгерген ең басты мәселе – елшiлiкте жұмыс iстейтiн адам санын екi есеге арттырдық. Бұрын күнiне жүзге жуық паспорт қабылданса, қазiр шамамен 180 адам қабылдаймыз. Қазiр осы қазан айынан бастап, нөмiр беру тоқтатылды. Нөмiр дегенiмiз, есiк алдында кезекте тұрған адамдардың паспорттық-визалық қызметке құжаттарын тапсыруға мүмкiндiк бередi. Егер нөмiр белгiлi бiр күнге берiлсе, сол нөмiр иесi дәл сол күнi Паспорттық визалық қызметке келiп құжатын өткiзуi тиiс. Сол күнге қанша нөмiр таратылса, сонша адам қабылдайды. Қазiр желтоқсан айына дейiнгi нөмiрлер таратылып бiттi. Бүгiннен бастап, нөмiр беру тоқтатылды. Желтоқсан айынан бастап, күнiне 300 адам қабылдауды жоспарлап отырмыз. Тағы бiр ескертетiн жағдай – жылдың он екi айында қалаған уақытына виза аштыруға болады. Мұны жұрттың көбi бiле бермейдi. Сол себептi де жаз айларында кезек көбейедi де, қыста мүлдем кезек болмай қалады. Сондықтан виза алуға мүдделiлердiң құлағына алтын сырға, қай уақытта болса да жылдың кез келген мезгiлiне виза аштыра алады.
Бұрын әр отбасы мүшесiнiң барлығы виза үшiн келетiн болса, қазiр бiр адам келiп барлығының құжатын өткiзiп кете алады, бiрақ осындағы делдалдар өздерiнiң тауып отырған табысынан айрылғысы келмейдi. Сондықтан визаға құжат өткiзетiн адамдарға «Паспортық визалық қызметтiң қызметкерлерi әрқайсысы келсiн, әйтпесе, бермеймiз деп жатыр» деп өтiрiк айтады. Олар келгеннен кейiн мына жерде «Сары май» дейдi т.б. да жатақтарына жатады, тамағын iшедi, олардың бизнесiнiң жүруiне жағдай жасайды.
– Есiк алдында бiраз адамдармен тiлдескен едiк. Олардың арасында бүгiн нөмiр алған, алайда үлгерiп келе алмаған адамдар бар екен. Жалпы күнi бойы құжат қабылдаудың мүмкiндiгi бар ма?– Бүкiл дүниежүзiлiк тәжiрибеде консулдықтар аптасына төрт рет, түске дейiн ғана жұмыс iстейдi. Бiз қазiр ол тәртiптi бұзып, бес күн қабылдаудамыз. Жаңа жылдан бастап, түстен кейiн екi қызметкер халыққа қызмет көрсететiн болады. Олар жаңағыдай кешiгiп қалған адамдармен жұмыс iстеп, олардың құжаттары дұрыс болған жағдайда, қабылдап алатын болады. – Сiз жаңа делдалдар туралы айтып қалдыңыз. Делдалмен күрес қалай жүрiп жатыр?– Ең әуелi бұл iстi өзiмiзден бастадық. Бiз өз қызметкерлерiмiздiң арасында делдалдармен сыбайластар бар ма, соны анықтауға кiрiстiк. Егер бiздiң арамызда делдалдармен сыбайластар болмаса, онда мың делдал болса да, бiзге тiсi батпайды. Сол арқылы олар өзiнен-өзi жоғалады. Қазiр паспорттық визалық қызметте 6 адам жұмыс iстейдi. Жақын күндерi Сыртқы iстер министрiнiң қолдауымен тағы екi қызметкер келмек. Бiрақ, жаңа да айтып өттiм, оңай олжаға етi үйренiп қалған делдалдар олжасынан айрылмаудың амалдарына көшiп жатыр. Олар халыққа терiс ақпарат бередi.
Сол себептi де осындағы халықты ақпараттандыру мақсатында арнайы кiтапша дайындап, халыққа тегiн таратып жатырмыз. Бұған 4 мың доллар жұмсалды. Тағы да он мың дана дайындап таратуды көздеудемiз.
Қазiр бiздiң қызметтiң жұмысынан бейхабар, алыс аудандардан келген кiсiлердiң басын шыр айналдырып, оларға анкетаны толтырып беремiз, құжаттарыңның көшiрмесiн жасап беремiз, тезiрек нөмiр алуға көмектесемiз деп ақшасын алып, ақыры ештеңе бiтiре алмай бiраз уақыттан кейiн амалсыздан қайтарып берiп жатқандар да, паспорттарын осында әкеп тастап, ақшасын бермей қарасын батырғандар да, тiптi, «пәленбай банкiден ашылған бәленбай есепшотқа пәленше ақша аударыңдар, оның пәленбай пайызы осы қызметтiң басшысына берiледi» деп сайрап жүргендер де бар көрiнедi.
– Егер алаяқ делдал қолға түссе, оған қандай шаралар қолданасыздар?
– Бiз қазiр делдалдардың тiзiмiн жасау үстiндемiз. Егер күдiктi қолымызға түссе, оларға беретiн жазамыз – әулетiмен, туған-туысқанымен қазақ визасын бермеу, олардың Қазақстанға келу еркiнен айыру. Бiз ақпаратты арнайы бланкiлерге қазақтар үшiн кириллица мен төте араб алфавитiнде қазақ тiлiнде жазып шығарып отырмыз. Ал қытайлар мен өзге ұлттар үшiн ағылшын және қытай тiлiнде дайындаймыз. Сонымен қатар қарапайым халық бiздiң қызмет жайындағы ақпаратпен таныс бола берсiн деген мақсатта осы Шыңжаң өңiрiнде қазақ тiлiнде шығатын 5 басылымға сұхбат бердiм. Бұрын Қытай үкiметi оған рұхсат етпеушi едi. Қазiр оған да мұрсат берiп отыр. Бұл ақпарат құралдарының iшiнде халыққа ең жетiмдiсi және таралымы молы – Шыңжаң қазақ радиосы. Сондай-ақ, жергiлiктi басылымдарға берген сұхбаттарымызды өзiнiң ресми таралымынан сырт 1 мың данадан сатып алып, осында келген адамдардың қолына берудемiз. – Виза қандай жағдайда кезексiз бе
– Бiз студенттерге, қайтыс болған адамдардың туыстарына (қандай да бiр шұғыл жағдай болуы мүмкiн), көшi-қон визасына өтiнiш берген адамдарға кезексiз виза беремiз. Бiрақ олардың қолындағы құжаттары жалған болмауы керек. Бiрақ кейбiр ағайындар визаны кезексiз алғысы келiп кейде, жалған әрекеттерге де барады. Оның басты себебi – қордаланып қалған кезектiң салдарынан. Егер мұндай кезек болмағанда, олар жалған айтуға бармас едi.
– Қайыржан Кеңесұлы, көпшiлiктiң айтуына қарағанда, мұндай проблемалардың туындауының ең басты себебi – қазақ визасының уақытының тым қысқарып кеткенiнде көрiнедi. Бұрын Қазақстанға кiру визасы жарты жылға және бiр жылға көп мәрте берiлiп келген болса, қазiр үш айға бiр және көп мәрте берiлетiн болыпты. Бұның уақытын созса, мұндай ұзын сонар кезек те пайда болмас едi дейдi жұрт. Сiз не дейсiз?
– Мұндай ұсыныстарды келгелi берi естiп келемiн. Бiз бұны Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгiне жолдадық. Жаңа жылдан кейiн бiр өзгерiстер болып қалады деген ойдамыз. Қазiр жаңа Ережелер қарастырылып жатыр. Егер визаның уақыты бiр жылға, көп мәртеге созылса, бiздiң де уақытымыз үнемделер едi, шығын да азаяр едi. Сонымен қатар, виза қазақтарға тегiн берiледi. Сондықтан болар үш рет виза бастырып, оны пайдаланбаған қандастарымыз да кездесiп жатыр. Сол себептi визаны тегiн бермеу жайында да ұсыныс жасап отырмыз. Мұндағы қазақтардың жағдайы жаман емес, олар виза үшiн 25 доллар таба алады. – Көшi-қон визасын алу үшiн қандай құжаттар болуы керек?
– Ең әуелi Қазақстан тарапынан көшi-қон шақыртуы керек. Ол жергiлiктi әкiмшiлiктердiң кепiлдiк қағазы, iшкi iстер министрлiгiнiң растауы, әйтеуiр анау-мынау құжаттары көп. Көшi-қон шақыртуын рәсiмдеушiлердiң саны жылдан жылға азайып барады. Биыл небәрi жетi отбасына көшi-қон шақыртуын бердiк. Көшiп бара жатқан азаматтың жеке куәлiгiн Қытай тарапы алып қояды. Және оның қолына «мына азамат Қазақстанға көшiп бара жатқан себептi жеке куәлiгi және үй кiтапшасы алынды» деген анықтама бередi. Осы маусым айының басында 305 жалған виза анықталып, оны жергiлiктi үкiмет орындарына арыз жазып ұсындық. Нәтижесiнде 4 қытай, бiр қазақ азаматы жалған виза жасаумен айналысатыны нақтыланды.
– Сiз бiр сөзiңiзде Үрiмжiдегi паспорттық-визалық қызметтiң Қазақстан темiр жолының бiр филиалы ретiнде жұмыс iстеп отырғанын айтып едiңiз. Осыны тарата кетсеңiз…
– Қытайдағы қазақтар негiзiнен осы Шыңжаң өңiрiнде шоғырланған. Бұрын олар Қазақстан визасын алу мақсатында, осыдан 4 мың шақырым қашықтықтағы Бейжiңге қатынайтын. Оларға көмек көрсету үшiн Үрiмжi қаласынан паспорттық-визалық қызметтi ашу қолға алынды. Бiрақ Қытай тарапы бұл өңiрде Консулхана ашуға рұқсат етпейдi. Өйткенi бұл саяси жағынан тұрақсыз аймақ. Егер Қазақстанға виза ашуға рұқсат етiлсе, онда орыстар, американдықтар жабыла аша бастауы мүмкiн. Бұрын Кеңес өкiметiнiң Үрiмжi, Алтай, Шәуешек, Құлжа және Қашқарда консулханалары болған екен. Қазiр олардың бәрiн әдейi ұстап отыр. Сол себептi де бiз Бейжiңдегi елшiлiктiң бөлiмшесi ретiнде емес, Қазақстан темiржолының филиалы ретiнде жұмыс атқарамыз. Бұған дейiн бiз «Эйр Қазақстан» әуе компаниясына қараған едiк. Ол компания тарап кеткеннен кейiн, Темiр жолға тiркелдiк. Бiзде дипломатиялық құқық жоқ, паспортымыз да дипломатиялық емес. Жарты жыл сайын тiркеуден өтемiз.
– Есiк алдында жолыққан адамдар осындай паспорттық-визалық қызметтi тағы бес аймақта – Алтай, Шәуешек, Құлжа т.б. аймақтарда ашу қажет деген ой айтты. Сiз бұған не дер едiңiз? – Жоқ, бiз осы паспорттық-визалық қызметтi сақтап қалсақ, соған да риза болуымыз керек. Ал әр аймақта мұндай орталықтар ашу – буынсыз жерге пышақ ұрумен бiрдей. Бiз олардың шаруасын реттеу мақсатында, олар визаға құжаттарын тапсырып кеткеннен кейiн, мекен-жайларын қалдырады. Бiз сол мекен-жайға хатпен жөнелтемiз. Сәлемдеменiң құны – ұзаса 20 юань (шамамен 4 доллар) болады. Бұл олардың Үрiмжiге келiп-кетуi шығынынан 20 есеге арзан. Әрi кепiлдiк хатпен жiбергеннен кейiн, паспорттары да жоғалмайды. Виза басылған паспорт қолдарына 5 күннiң iшiнде тиедi.
– Паспортын өткiзгеннен кейiн, виза қанша уақытта дайын болады?
– 5-7 күннiң iшiнде. Өйткенi бiз паспортын қабылдап алғаннан кейiн, паспорт арнайы тестiден өтедi. Қазiр бiзде ол аппарат бiреу ғана. Жұмысымыз қарқынды болу үшiн ондай аппараттың үшеуi болса жетiп жатыр. Сондай-ақ, Үрiмжi өңiрiнде интернет мәселесi проблема туғызып тұр. Ал бiздiң iсiмiз интернетпен тiкелей байланысты, бiр сағат интернет болмай қалса, 60 паспортқа виза жапсырылмай қалады. Кейде Сыртқы iстер министрлiгiнде ортақ «Бүркiт» жүйесi iстемей қалады. Осының бәрi бiздiң iсiмiзге кедергi келтiредi.
ҚАЗАҚСТАНМЕН БАЙЛАНЫС ЖЕРГIЛIКТI ҚАЗАҚТАРДЫҢ ТҰРМЫСЫНА ЕРЕКШЕ ӘСЕР ЕТТI
– Қайыржан Кеңесұлы, Шыңжаң өңiрiнде 15 жылдан астам уақыт қызмет атқарған екенсiз.
Жалпы, осындағы қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгi жайында атап өтсеңiз?
– Қытай елiнде орта есеппен 1,5 миллиондай қазақ тұрады. Соңғы жиырма жыл iшiнде Қазақстанға 200 мыңдай қазақ көшкен болар. Осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда, қазақтардың жағдайы жақсы. Бұнда өздерiңiзге белгiлi, Қытай ерекшелiгiндегi социализм салтанат құрған. Нарықты экономикаға бейiмделiп, бизнеспен айналысып жүрген қазақтар баршылық. Үрiмжi қаласында негiзiнен мемлекет қызметiндегi қазақтар мен қаламгерлер мен журналистер тiрлiк етедi. Олардың қатарын соңғы жылдары кәсiпкерлер толықтырып келедi. Қазақтардың көбi Алтай, Iле, Тарбағатай аймағында тұрады. Гансу өлкесiнде Ақсай қазақ автономиялы ауылы бар. Онда үш мың қазақ бар. Бейжiңнiң өзiнде 1,5 мыңдай қазақ тұрады.– Үрiмжiден өзге қазақтар тұратын қай өңiрлерде болдыңыз?
– Алтай, Бұратала, Құлжа, Шәуешек аймақтарында болдым. Жалпы қазақтың байырғы мал шаруашылығының орнына туристiк кәсiптi дамытуды қолға алып жатыр. Қазақтың қиiз үйлерiнде туристердi қабылдап, содан жақсы қаржы табады.
– Қытайда төлқұжатта қай ұлт екенi көрсетiле ме?
– Төлқұжатта көрсетiлмейдi, алайда жеке куәлiгi мен үй кiтапшасында мiндеттi түрде көрсетiледi. – Ал қазақтардың Қазақстанға көшуге деген пейiлi қалай?
– Қазақстанға көшуге жастар жағы ниеттi. Үлкен кiсiлер өздерi Қазақстанға үйлесе алмайтынын бiледi, бiрақ балаларын, немерелерiн Қазақстанға жiберiп, сол жақтан бiлiм алуына және қалуына жағдай жасауға талпынады. Қазақстанға барам дейтiн азаматтар өте көп. Бiрақ, паспорт рәсiмдеу бiраз қиынға соғады. Ең әуелi Қытай тарапы Қазақстаннан жеке арнайы шақырту және кепiл хат сұрайды. 2007 не 2008 жылы Қытайда паспорт заңы қабылданды. Онда: «Әрбiр Қытай азаматы шетелге шығатын ниетi болса, жергiлiктi қоғам қауiпсiздiгi мекемесiне арыздануына болады. Ол адамның жеке куәлiгi мен арызы негiзiнде сақшы мекемесi 15 күннiң iшiнде паспорт рәсiмделуi тиiстi»,–делiнген. Бiрақ бұл заңға қосымша Тибет және Шыңжаң өңiрiнiң азаматтары үшiн өзгеше талаптары бар. Соның ең бастыларын жоғарыда атап өттiм.
— Рахмет!
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ