АНКАРА АЗА ТҰТУДА

АНКАРА АЗА ТҰТУДА

АНКАРА АЗА ТҰТУДА
ашық дереккөзі
180

Жiгi ажыраған жерге тiзерлей шөккен алып ғимараттар, топырақ астында жаншылған денелер, тастар мен кiрпiштер астынан көмек сұрап құмыға шыққан дауыстар, қираған үйлердiң үйiндiлерi, апаттың құрбаны болған балаларын iздеп, құлындаған дауысы құраққа ұшқан аналар… Жексенбi күнi ауыр зiлзаланы басынан кешiрген вандық түрiктердiң бүгiнгi ахуалы осы…

Өткен жексенбiде Түркияның оңтүстiк-шығысындағы Ван ауылында 7,2 балдық жер сiлкiнiсi болды. Жергiлiктi уақыт бойынша 13 сағат 41 минутта орын алған апат жүздеген адамның өмiрiн қиып, мыңдаған адам зардап шектi. Алғашқыда жер қыртысының 20 шақырымдық қашықтығында болған 7,2 балл сiлкiнуден кейiн бiрнеше рет қайталанған дүмпудiң ең күштiсi – 24 қазандағы 7 шақырымдық тереңдiктегi 6 балл. Түркияның құзырлы органдары тарапынан берiлген соңғы деректерге сүйенсек, апаттан қаза тапқандар саны – 366, жараланғандар – 1 301, қираған ғимараттар – 2 262. Өкiнiшке қарай, алғашқыда 100-бен басталған құрбандар саны сағат сайын өсiп отыр. Вандағы жер сiлкiнiсi Түркиямен бiрге Арменияның Ереванында, Әзiрбайжанның Нахчыванында, Иранның бiрнеше қаласына әсер еткен. Босфор университетiнiң сейсмологиялық обсерваториясының жетекшiсi Мұстафа Эрдик көз жұмғандар саны 1000 адамнан асатынын мәлiмдеген. Алайда мұны терiске шығарған түрiктердiң премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоған қорытынды шығаруда асығыстық танытпау қажеттiгiн көлденең тарта келе, Ван уәлилiгiне алғашқы жедел көмек ретiнде 3 млн. түрiк лирасы бөлiнгенiн айтты. Алайда, аймақтағы банк жүйесiнiң де зиян шегуi кесiрiнен қаржылық қолдауларды дер кезiнде алуда қиындықтар туындауда. Ван Сауда және өнеркәсiп палатасының басшысы Мирза Надироғлы алдағы 15-20 күнде борыштар қайтарыла бастайтынын жеткiздi. Бүгiнде айтып келмейтiн апаттан зардап шеккендерге көмек Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен ағылуда.

Дүйсенбi күнi ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президентi Абдолла Гүлмен телефон арқылы сөйлестi. Мемлекет басшысы Түркияда болған жер сiлкiнудiң салдарынан көптеген адамдардың құрбан болғанына байланысты көңiл айтты және апаттың салдарларын жоюға қажеттi көмек беруге дайын екендiгiн бiлдiрдi. Бiрақ АҚШ пен Израильдiң гуманитарлық көмегiнен бас тартқан Анкара Мәскеудiң ұсынысын да қабылдамай тастады. Иран, Ұлыбритания, Германия, Польша, Греция, Болгария, Қытай, Жапония, Грузия, Әзiрбайжан, Армения т.б. көмек қолын созуға мүдделi екендiктерiн бiлдiрген. Зұлматтан кейiн 1 сағат өткенде түрiктердiң Қызыл кресi апат аймағына 1162 палатка (барлық саны 13 мың), 1000 жылыту пештерi, 4250 көрпе, 500 басқа да алғашқы медициналық көмекке қажеттi заттар жолданғанын айтты. Ал құтқару операциясына 1584 құтқарушы, 491 медицина қызметкерi, 10 iз кесушi ит, 256 құрылыс техникасы мен құрал-жабдығы, 7 құтқарушы тiкұшақ, 3 әскери жүк тасушы ұшағы т.б. жұмылдырылған.Ресми деректерге сүйенсек, Түркияда орташа есеппен алғанда, жылына 20 мың рет жер сiлкiнедi (былтыр – 18 875). Олардың басым бөлiмi 1-2 балл арасында және түрiк топырағының 96 пайызы сейсмикалық тұрғыда қауiптi аймақ саналады. Өкiнiштiсi әрi сорақысы сол, жер сiлкiнiсi жиi қайталанатын Түркияда құрылыс нысандарының сапасы жиi сыр бередi. Мәселен, Вандағы апатта ажал құшқандардың басым бөлiгi ғимарат­тардың құрылысын салуда және қайта жөндеуден өткiзуде техникалық тұрғыда жiберiлген бiрқатар кемшiлiктердiң салдарынан болғандығы белгiлi болды. «Анадолы» ақпарат агенттiгiне сiлтеме жасаған «Yeni şafak» газетi: «Ван ауданында жерге шөккен 7 қабатты нысанның кiреберiстегi бағаналардың көлiк галереясы үшiн кесiлгендiгi белгiлi болды. Ерджистегi күл-паршасы шыға қираған оннан астам ғимараттарда да кiнәраттар бар. Өйткенi нысандардың iргетастарында апаттардан сақтайтын бетон қабаттары жоқ боп шықты. Түркия Дайын бетон бiрлiгiнiң басқарма төрағасы Айхан Гүлерйүздiң айтуынша, Вандағы шығын негiзiнен құры­лыс жұмыстарының сапасыздығы мен жауап­кершiлiктiң жоқтығынан» («Kolonlar kesilmiş, beton kalitesiz ьstelik denetleyen kimse de yok», 25.10.2011.) деп жазады. «Жығылған үстiне жұдырық», жер сейсмикалық тұрақсыз аймақтардағы жаңа ғимараттардың көпшiлiгi рұхсатсыз салынған.

Түркияның құрылыс компаниялары бiздiң елiмiздегi ғимараттар мен нысандарды тұрғызуға белсене араласуда. Мәселен, Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi Алматыдағы «Интерконтиненталь Алматы» (бұрынғы «Анкара»), Hyatt Regency (бұрынғы «Рахат Палас»), «Интерконтиненталь Астана» қонақүйлерi, Атыраудағы қонақ үй кешенi, Қазақстандағы «Рамстор» т.б. көптеген сауда кешендерi, Астанадағы бiрқатар үкiметтiк нысандар, Алматыдағы «Самал Тауэрс БТА» кешенi, Астана мен Атыраудағы тұрғынүйлiк кешендер, шағын аудандар, өндiрiстiк нысандар, Алматы – Астана жолының құрылысы т.б. салған. Мамандардың айтуынша, көпқабатты үйлердiң пайдалануға берiлу мерзiмi 3 айдан аспайтын көрiнедi. Қазақстанда жылдам салынған осындай ғимараттардың қауiпсiздiгiне кiм кепiл?!

27.10.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары