«ҰЛЫ ДАЛА» ҰЛТТЫҢ СӨЗIН СӨЙЛЕМЕК
«ҰЛЫ ДАЛА» ҰЛТТЫҢ СӨЗIН СӨЙЛЕМЕК
Осыдан бiрер апта бұрын елiмiзде тағы бiр қоғамдық бiрлестiктiң тұсауы кесiлген болатын. Ұлт үшiн қызмет етуге даяр, әрдайым ұлттық мүдденi биiк қойып, елiмiздегi саналы ел азаматтарын тегi мен этникалық ерекшелiгiне қарамастан, ұлт үшiн, мемлекет үшiн қызмет етуге үндейтiн «Ұлы дала» деп аталатын қоғамдық қозғалыс қазақтың тiлiн, дiлiн, дiнiн, салт-дәстүрi мен тарихын сақтауға ерекше ден қоюды басты мақсат етiп отыр. Батыстың демократиялық құндылықтарын сақтай отырып, жұмыс iстеуге әзiр қозғалыстың алғашқы құрылтайы да болып өттi.
«Ұлы дала» қоғамдық қозғалысының iргесi осыдан үш жыл бұрын қаланған екен. Бiрақ, оның қызметi оңтүстiк өңiрмен ғана шектелiп қалыпты. 15 қазанда Жазушылар одағының Әдебиетшiлер үйiнде өткен «Ұлы дала» республикалық қоғамдық бiрлестiгi құрылтайында қозғалыстың жарғысы және бағдарламасы қабылданып, жетекшi органдарын анықтады. «Ұлы дала» – қоғам қайраткерлерi, ұлттық бизнес өкiлдерi, зиялы қауым мен жастарды, сондай-ақ азаматтық ұстанымын биiк қоятын жандардың басын қосуды мақсат етедi.
«Ұлы дала» Республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң өкiлдерi «Аталған ұйым қоғамдық пiкiрлердiң алтын өзегi мен прагматизмнiң құндылықтарына иек арта отырып, түрлi үндеулер мен көзқарастарда өз ұстанымына берiктiк танытып, этникалық немесе басқа да тегiне қарамастан «қазақ үшiн», «мемлекет үшiн» деген барлық ел азаматтарын бiрiктiрудi ойлайды. Күнi кеше ғана тұсауын кескен қозғалыс ұлттық либерализмдi дамытып, «озық консерватизм» идеологиясын насихаттаймыз дейдi. «Ұлы дала» бiрлестiгi Қазақстанның қазiргi жеткен жетiстiктерiн мойындап және Батыстың демократиялық құндылықтарын қабылдай отырып, қазақтың тiлiн, салт дәстүрiн, тарихын, ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, одан әрi дамытуды көздейдi.
Қозғалыс өкiлдерi «Бiз, ХХI ғасырдың барлық талаптарына жауап беретiн жаңа форматтағы ұлттық қозғалыстарға қоғамның сусап отырғанына сенiмдiмiз» дегендi алға тартады. Сонымен бiрге, «ұлы далалықтар»: «ҰЛЫ ДАЛА» қозғалысының саяси ұстанымы – либералдық консерватизм. Бiз халықтың таңдау еркi мен сайлау құқына, азаматтардың бостандықтарына даңғыл жол ашатын, әлемдiк тәжiрибеден өткен, озық либералдық идеялардың жақтаушысымыз. Сонымен қоса, мемлекет пен шаруашылықты басқарудың кез келген қалыбы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан саяси, әлеуметтiк, интеллектуалдық ойы мен ғұрпына мейлiнше бейiмделiп, соған қызмет етуi тиiс деп ойлаймыз. Өйткенi, ел мен жердiң төлтума болмысын ескермей, мемлекет пен ұлттың табиғи тұтастығын қамтамасыз етпей тұрып, Қазақстандағы жеке адам мен азаматтың құқығын қамтамасыз ету мүмкiн емес» дейдi.
Жарғысы мен бағдарламасы қабылданған «Ұлы дала» қозғалысының өкiлдерi «ҰЛЫ ДАЛА» қозғалысының мемлекетте тұрып жатқан барлық этнос өкiлдерiнiң құқықтары мен тiлдiк, мәдени, дiни қажеттiлiктерiне құрметпен қарайтынын да тiлге тиек етедi.
Гүлзина Бектасова