ЖАМБЫЛДА ЖЕМҚОРЛЫҚ кемитiн емес

ЖАМБЫЛДА ЖЕМҚОРЛЫҚ кемитiн емес

ЖАМБЫЛДА ЖЕМҚОРЛЫҚ кемитiн емес
ашық дереккөзі
241

«Облысымыздағы Тәртiптiк кеңес жұмысының биылғы ерекшелiгi талаптың күшейтiлуiнде болды. Жылда бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс орындарында кемшiлiктер анықталса, кiшi қызметкерлер ғана қатаң жазаланады да, жоғары лауазым иелерi жеңiл-желпi жазамен өтедi деп Тәртiптiк кеңеске сын айтып жататын. Бұл жылдың 9 айында мемлекеттiк қызметшi заңнамасы бойынша Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы М.Әсiлбеков, сыбайластықпен заңға қайшы келетiн әрекеттерiмен Жамбыл облыстық Кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасының бастығы Е.Дүкенбаев пен Құрылыс, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Р.Байтелиев тәртiптiк жазаға тартылды. Сондай-ақ, биыл тарихымызда бiрiншi рет қызметiнен босату жазасын қолдандық», – дедi Жамбыл облысындағы Тәртiптiк кеңестiң төрағасы Әзiмхан Сатыбалдин облыс әкiмдiгiнде өткен Кеңес отырысында.

Есептi мерзiм iшiнде Тәртiптiк кеңестiң ұсынысымен 101 тұлға жауапкершiлiкке тартылған. Олардың iшiнде 61 адам жемқорлықпен құқық бұзушылыққа жол берген.

Сатыбалдин Тәртiптiк кеңестегi биылғы жылдың ерекшелiгi деп атаған қызметiнен босату жазасы 3 қызметкерге қолданылған. Ал 19 адам атқаратын қызметiне толық сәйкес еместiгi жөнiндегi ескерту алған. Тәртiптiк жазаға тартылғандардың iшiнде 8 ауылдық округ әкiмдерi мен мемлекеттiк мекеме, коммуналдық кәсiпорынның директорлары, мектеп директорлары, балабақша меңгерушiлерi бар.

Ерекше атап кетер өкiнiштi нәрсе – мемлекеттiк лауазымдардағы кейбiр қызметкерлер мемлекеттiк тiлдi бiлмей, тест тапсыра алмады. Иә, Тәртiптiк кеңестiң бұл отырысынан осындай да көңiлдi қынжылтар жайтты естiдiк. Жалпы, бұл жылдың есептi кезеңiнде облысымыздың мемлекеттiк органдары 178 бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдарға конкурс жариялаған. Оған 620 үмiткер қатысқан. Аттестациялау кезiнде мемлекеттiк қызметшiлердiң 996-сы қатысып, 695-i өткен. Ал 301-i бiлiктiлiк таныта алмапты. Ә.Сатыбалдиннiң айтуынша, 10 сұраққа да дұрыс жауап бере алмайтындар бар көрiнедi. Және бiразы өзiнiң ана тiлiн бiлмегендiктен де сынақтан өте алмайды екен. Өткен жылы да тест сынағынан өткендер 68-69 пайыздық деңгейдi көрсетiптi. Осы көрсеткiштен мемлекеттiк қызметшiлер аса алмай отырса да, оқытуға қаржы қарастырылып-ақ жатыр. Айталық, осы мақсатқа биылғы жылы бөлiнген 45,2 миллион теңгенiң 33,4 миллионы есептi мерзiм iшiнде игерiлiптi.

Қамар РАХМЕТУЛЛИНА

20.10.2011

Серіктес жаңалықтары