ПРЕЗИДЕНТТIК МАРАФОН

ПРЕЗИДЕНТТIК МАРАФОН

ПРЕЗИДЕНТТIК МАРАФОН
ашық дереккөзі
290

Қырғыз Республикасының сайлауларды және референдумдарды өткiзу бойынша Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) президенттiкке үмiткер 20 адамды ресми түрде тiркеуден өткiзiп, 25 қыркүйекте сайлауға әзiрлiктiң алғашқы кезеңiн аяқтаған. Бiрақ тiзiмге iлiнбей қалған үмiткерлер Сайлау комиссиясын сотқа берiп, жеңiп шықты. Сөйтiп Сайлау комиссиясы тағы 4 үмiткердi тiркеуге мәжбүр болды.

Президенттiк қызмет орнын иелеуге ат салысу үшiн үмiткер кем дегенде 30 мың адамның қолын жинауға тиiс. ОСК қызметкерлерi жоғарыдағы жиырмадан басқа сегiз үмiткердiң жинаған қолдарын «құжаттары дұрыс толтырылмаған» деген себеппен жаратпай қойған едi. Сот үкiмiнен кейiн құжаттар қайта тексерiлiп, жиырманың қатарына тағы төртеу қосылды.

Сайлау комиссиясының сотта жеңiлiп қалуының қисыны бар. Мысалы, президенттiкке үмiткер Нариман Түлеев 135 мың 782 адамның қолын жинаған. ОСК қол қоюшылардың тiзiмдерi салынған папканы жеребе тәсiлiмен таңдап алып, қолдардың жалпы санын 30 мыңға жеткiзбей қойған. 100 мыңнан астам адамның қолын жоққа шығаруды ақылға сиғызу қиын, әрине.

Президенттiкке аттанғандардың артқы легi осылайша үмiткерлiкке талпынып жатса, қолына мандаттарын алған алдыңғы жиырманың кейбiреулерi әлi де кiбiртiктеуде. Қырғызға белгiлi тұлғалардың бiрi, Жоғарғы Кеңештiң депутаты, ресми түрде тiркеуден өткен Марат Сұлтанов үмiткерлiк мандатынан бас тартып, өзi және өзiн жақтағандар әлi үмiткер болып тiркеле қоймаған Нариман Түлеевке қолдау көрсететiнiн мәлiмдеген. Марат Сұлтанов президент болуға мүмкiншiлiгi молырақ үмiткерлер Алмазбек Атамбаев, Адахан Мадумаров және Қамшыбек Ташиевпен сөйлесiп көрiптi. Оған А.Атамбаевтың экономикалық, А. Мадумаровтың саяси ұстанымдары ұнамаған. Ал ендi Қ. Ташиевке «ол бiрiншi өзiнiң «Атажұрт» партиясының iшкi жағдайын тұрақтандырып алсын» деп көңiлi толмапты. Марат Сұлтановтың айтқанына қарағанда, талапкер бiрнеше топқа бөлiнiп, iштерiнен күштiрегiн алып шығатын сияқты. Өзi сол үрдiстi бастап отырған көрiнедi.

Марат Сұлтановтың «сенiмiн» соттасудың нәтижесiнде үмiткер мандатына ие болған Нариман Түлеев ақтамады. Ол да үмiткерлiктен бас тартатыны жөнiнде мәлiмдеме жасап жiбердi. Сөйтiп, 30 қазанда өтетiн президенттiк марафонның мәресi жақындаған сайын үмiткерлер азайып келедi.

Мұндай саяси науқан кезiнде мониторинг жүргiзушiлер мен сәуегейшiлер көбейiп кетедi емес пе? Бiр себептен олардың бағасына толық сенуге де болмайды. Өйткенi сұрау жүргiзу арнайы тапсырыс арқылы да болуы мүмкiн. Сондай сарапшылардың бiрi тiркелген жиырма үмiткердiң iшiнен Алмазбек Атамбаевқа 36,5%, Адахан Мадумаровқа 16,1%, Темiрбек Асанбековқа 7,6%, Өмiрбек Суваналиевке 6,5%, Қамшыбек Ташиевке 5,6% дауыстарды тартулап отыр. Сұрау-жауапқа 6 мың 866 адам қатысыпты.

ЖАҢА ЖЫЛДАН БАСТАП КАЗИНОЛАР ЖАБЫЛАДЫ

Жаңа жылдан бастап, Қырғызстанда құмар ойындарымен айналысатын мекемелер (казинолар мен ақша тiгiп ойнайтын әртүрлi автоматтандырылған ойын-сауық орындары) iстерiн тоқтатуға тиiс. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешi 29 қыркүйекте заң қабылдады.

Республикада бүгiнгi күнде 21 казино жұмыс iстеп келедi. Оның 14-i Бiшкекте. Тiркелген ойын автоқондырғыларының саны – 2063, есепте жоғын қосқанда 3500-дей. Республикалық бюджетке салық ретiнде казинолардан өткен жылы 403 миллион сом, ойын автоқондырғыларынан 84 миллион сом қаражат түскен. Жоғарғы Кеңеш бюджетке түсiп тұратын осындай мөлшердегi қаражатты басқа көздерден табуға Үкiметке тапсырма бердi.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Бақытбек Жетiгенов «Құмар ойыны мекемелерiнiң пайдасынан зияны көп. Жастар құмарға берiлiп, қарызға батқандары қылмыстық жолға түсуде, отбасы құрғандары бұзылып, ата-аналарын қайғыға салуда», -–деп тұжырымдама жасады. Жарыссөздерден соң «Қырғыз Республикасында құмар ойындары iстерiне тыйым салу жөнiндегi» Заң депутаттардың басым көпшiлiгiнiң дауыс беруiмен қабыл алынды.

Казинолар және автоматтандырылған ойын-сауық орындары жабылса жиырма мыңға жуық адам жұмыссыз қалады екен. Заң талқыланып жатқан күнi олардың үлкен шоғыры Жоғарғы Кеңештiң ғимаратының алдына жиналып, қарсылық ереуiлiн ұйымдастырды. Бiрақ бұл акция депутаттардың пиғылын бұра алмады. Осыдан бiрнеше апта бұрын құмар ойындарына азғырылған жастардың ата-аналары да ереуiлге шығып, депутаттардан құмар ойындарына қарсы заң қабылдауды үзiлдi-кесiлдi талап еткен болатын.

Осыдан оншақты жыл бұрын да Қырғыз Үкiметi құмар ойындарына тыйым салған болатын. Сонда ондай мекемелер iстерiн жасырын жүргiзiп, үкiмет рұқсат беруге мәжбүр болған. Тiптi олардың салығын мүлде жеңiлдетiп жiберген. Бұл жолы заң қабылданғанымен, оны iске асырудың тетiгi анық емес. Қазiр Жоғарғы Кеңешке сөзi өтпейтiн Үкiмет ендi қалай болар екен деп әлiптiң артын бағып отырған жай бар.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, «Түркiстанның Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi»

20.10.2011

Серіктес жаңалықтары